Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
«Әдебиет танытқыштың» ұлттық әдебиеттанудағы орны...

28.03.2022 7663

«Әдебиет танытқыштың» ұлттық әдебиеттанудағы орны 12+

«Әдебиет танытқыштың» ұлттық әдебиеттанудағы орны - adebiportal.kz

«Әдебиет танытқышпен» танысқаннан кейін қазақ зерттеушілері қазақ əдебиет теориясының басты терминдерін Ахмет Байтұрсынұлы қалыптастырған деп бір ауызды қорытынды жасаған. Ахмет Байтұрсынұлы: «Нəрсенің жайын, күйін, түрін, түсін, ісін сөзбен келістіріп айту өнері – бұл сөз өнері. Қазақша – асыл сөз, арабша – əдебиет, еуропаша – литература»,- дейді де осы өзі айдар таққан асыл сөздің басқа ғылымдардан айырмашылығын былай деп нақтылайды: «Алдыңғы өнердің бəрінің де қызметін шама-қадарынша сөз өнері атқара алады. Қандай сəулетті сарайлар болсын, қандай сымбатты я кескінді сүгіреттер болсын, қандай əдемі əн-күй болсын, сөзбен сөйлеп, сүгіреттеп көрсетуге, танытуға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді».

А.Байтұрсынұлы Бакуде түркітанушылар құрылтайында сөйлеген сөзінде: «Басқа түріктер «əдебиет тілі араб, парсы сөздерімен шұбарланса, көркем болады» дегендіктен, екінші, өз тілдерінен пəн сөздеріне лайық сөздер іздеуге ерініп, дайын пəн сөздерді ала бергендіктен, түпкі ана тілі мен əдебиет тілі бөлектеніп, өз сөздерін жат сөздер жұтып, жойып жіберу дəрежеге жеткен... Қазақ жат сөзге əуестенбей, пəн сөздерін өз тілінен жасауға тырысты» – деп жүргізіліп жатқан жұмысты айтады. Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш» оқу құралында өнертану, әдебиеттану, фольклортану салалары бойынша 327 терминді айтып, талдау барысында пайдаланған. Қазақ әдебиеттану ғылымында терминдер жүйесінің жасалуына Ахмет Байтұрсынұлының еңбегі ұшан теңіз екенін осы санның өзі-ақ дәлелдейді. Кемеңгер ғалым енгізген термин сөздердің қазіргі қазақ әдебиеттануында 60-ы (18%) осы күнге дейін қолданыста бар. Ал Ахмет Байтұрсынұлы ойлап тапқан терминдердің 267-сі (80%) қазір пайдаланылмайды.


Ахмет Байтұрсынұлының термин ойлап тапқанда ұлттық таным-білікке жақын сөздерді пайдаланғанына «шешен сөз» деген терминнің түрлерін санамалауы дәлел. Зерттеуші шешен сөздерді: саясат шешен сөз, билік шешен сөз, қошамет шешен сөз, білгір шешен сөз, уағыз шешен сөз деп бөлікке бөлген. Шығарманың құрылысы туралы «Байымдаманың зор мүшесі төртеу: бастамасы, ұсынбасы, баяндамасы, қорытпасы»,- деп түйіндейді. Ахмет Байтұрсынұлы қара сөз бен дарынды (көркем) сөздің көтерер жүгін: «Қара сөз əдебиетте пікір, сүлде түрінде айтылады. Дарынды сөзде пікір сурет түрінде шығады яғни, сүлде үстіне өң, ажар, жан, мінез, қылық беріліп, тұрпайы тұлға, түс, бітім, тірі нəрсе болып шығады. Сондықтан да дарынды сөз – көркем сөз деп аталып, қара сөздер – жалаң сөздер деп айтылады».


Жалпы өнер түрлерінің, оның ішінде әдебиеттанудың болмысы туралы пайымдаулар Аристотель, Əл-Фараби, Гораций, Буало, Гегель, Лессинг, В.Г.Белинский, Н.Г.Чернышевский, М.Ломоносов, В.Г.Тредьяковский т.б ғалымдардың еңбектерінде айтылады. А.Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш» оқу құралында жоғарыда айтқан ғалымдардың ғылыми пікірлерімен тоқайласатындай ой-тұжырымдарын қазақ оқушысына өз ана тілімізде жеткізіп берді. «Асыл сөз» атауында сөз өнеріне деген құрметпен бірге, үлкен талап та бар. Зерттеуші кез келген шығармада болуы керек дүниелер қатарына тақырып, жоспар, мазмұн, түрді жатқызады. Шығарма тақырыбы айтылатын пікірге байланысты алынатынын айтады. Асыл сөз жазушы баяндайтын оқиғасын қай ретпен жазатынын жоспарлайды, яғни ол жоспар. Шығарманың тақырыбынан басқасы мазмұн болады. Мазмұнда байқалатын негізгі түрлерге «əуезе», «əліптеу», «байымдауды» көрсетеді. Шығарма түрі оны жазушының оқиғаны қай түрде баяндауына байланысты деген пікір ұсынады. Зерттеуші сөз өнерінде пайдаланатын зат – сөз дейді де, сөздердің қосындысын «тіл» деп атайды. Шығармадағы ақын тілін «айрықша өң беріліп айтылған сөз» деп, аса көңіл бөліп ерекшелесе, əншейін тілге «өң берілмей, жай айтылған сөз» деген анықтама береді. Автор: «Ақын тілімен сөйлегенде, сөзге айрықша өң берілгендіктен лебіз көрнекті болып шығады. Әншейін тілмен сөйлегенде сөзге өң берілмегендіктен, лебіз сида, жалаңаш боп шығады», - дейді. Адам дұрыс сөйлеуі үшін, сөзі мағыналы, мәнді болуы үшін әр сөздің мағынасын білумен бірге, жалғау, жұрнақтардың қойылу тәртібін білуі керектігін ескертеді. Сөздерді дұрыс орналастыру, оларды мағынасына қарап құрастыру сөйлемдегі ойдың дұрыс берілуіне қызмет ететінін айтады. Зерттеуші тіл тазалығын қатаң сақтау керек екенін айтып өтеді. Сөйлегенде тіл таза болуы үшін мынандай талаптар қояды:

— Ескірген сөздерге жоламау;
— Жаңадан шыққан сөздерден қашу;
— Өз тілінде бар сөздің орнына басқа жұрттан сөз алудан қашу;
— Жергілікті сөздерге, яғни бір жерде айтылып, бір жерде айтылмайтын сөздерге жоламау.

«Әдебиет танытқыш» оқу құралында Ахмет Байтұрсынұлы: «Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт, өз тілінде жоқ деп, мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін араластыра-араластыра, ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей, айырылып қалуы ықтимал. Сондықтан мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерін, ғылым кітаптарын қазақ тіліне аударғанда, пән сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек», – деп ескертеді де, сол талапты осы еңбегінде орындап шығады.

Ахмет Байтұрсынұлы лирика тегін «толғау» деп алып оған жеке анықтама береді. Эпосты - «әуезе» деп алып, оны да тармақтайды. Драманы – «айтыс-тартыс» деп алып, олардың әрқайсысына анықтама түсінік береді. Ол анықтамалар мен түсініктемелердің бүгінгі қолданыстағы әдеби-теориялық тұжырымдамалардан көп айырмашылығы жоқ. Қазіргіше лирика, Ахмет Байтұрсынұлыша толғау, оны автор мынандай түрлерге жіктейді: саф толғау, марқайыс толғау, налыс (мұңайыс) толғау, намыс-таныс толғау, сұқтаныс толғау.

Әлемдік сында өзіндік орны бар Б.Г. Белинский «Поэзияны тегіне және түріне қарай бөлу» атты еңбегінде лирика табиғаты туралы лириканың мылқау түйсікке тіл бітіретінін, образ беретінін айтады. Сол образдар кеуденің қысымынан көркем өмірдің жаңа бір елесін жасайтынын, әр сөзге өзгеше өмір беретінін айтады. Адамды жұбататын да, қуантатын да, ашуландыратын да, ренжітетін де бір ауыз сөз екенін, сондықтан да, лирика рухани өмірді байыту құралының бірі екенін ақындар естен шығармау керек дейді. «Әдебиет танытқыш» оқу құралында толғау жанры туралы мынандай ой айтылады. Толғаушы адам ішкі әлеміндегі дүниелерді тысқа шығарғанда тыңдарманды да сол көңіл күйге түсіре алуы керек екені ескерілуі сөз болады. Толғау жанры іш қазандай қайнаған уақытта шығатын жүректің лебі, көңіл құсының сайрауы, жанның тартатын күйі деген пікір білдіреді зерттеуші. Толғауда ақын бір өзінің көңілінің күйін емес, ортаның, қалың көпшіліктің көңіл күйін білдіруі керек екені ескертіледі.


«Әдебиет танытқыш» оқу құралында толғау жанры туралы: «Әр нәрсені саңлап, санамызға алған уақытта ол нәрселер турасындағы ұғымдарымызға көңіл кіріспей тұрмайды. Адам дүниедегі көрген-білген нәрселерін байқап, тек пікірлеп, тек саңылаулап қана қоймайды. Ол нәрселермен қатар адамның көңіліне күй жасалады. Адам көрген-бірген нәрсенің я ісінің біріне күйінеді, біріне сүйінеді, бірінен сескенеді, бірінен шошынады. Сезіліп тұрған тысқарғы ғаламмен, сезіліп тұрған ішкергі ғаламның екі арасы санаға келіп түскен жерде жыртылып айырылғысыз болып бірігеді» деген ой айтылады.


А.Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыштың» «Толғау түрлері» деген бөлімінде толғау болмысына қойылатын шарттарды ішкі шарты және тысқы шарты деп бөліп-бөліп нақтылар талдайды, әр қайсысына сипаттама береді. А.Байтұрсынұлы толғау көңілдің түрлі күйін әдемілеп айтуы, оның іші сырты келісті болуын шығарушы үнемі есте сақтап, сұлу жырлар тудыруы керек деген талап қояды. Яғни эмоциялық басымдықты сақтап, жанрды түрлендіруі керек дегенді айтады. Толғау үлгілері деп мысалға Абайдың «Адамның кейбір кездері», С.Сейфулинннің «Жолдастар» өлеңдерін, «Маса», «Оян, қазақ» кітаптарынан өлеңдер алған.

А.Байтұрсынұлы қазіргі қолданыстағы повесть жанрына «ұзақ әңгіме» деп атау берген. Автор Мұхтар Әуезовтің «Оқыған азамат», Смағұл Садуақасовтың «Қалайша кооперация ашылды», «Автономия», Міржақып Дулатовтың «Қызыл қашар», Бейімбет Майлиннің «Айт күні» туындыларын ұзақ әңгімеге қосады. «Әдебиет танытқыш» оқу құралында автор поэмаларды да әуезе, қазіргіше айтқанда эпос түрлеріне жатқызады. Оған мысал ретінде мына шығармаларды келтіреді: Шәкәрім Құдайбергенұлының «Жолсыз жаза», «Қалқаман – Мамыр», Мұхаметжан Сералиннің «Топжарған», Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баяны». Осы әуезеге кейіпкерлері тарихта болған адамдарға арналған поэмаларды да кіргізіп, оны аңыз деп атаған. Оған: Абайдың «Ескендір», Мағжан Жұмабаевтың «Қорқыт», «Орман патшасы», А.С.Пушкиннің «Данышпан Аликтің ажалы» шығармаларын жатқызған.


Қазіргі тіліміздегі драмаға, айтыс-тартыс деп атау бергенін жоғарыды айттық. Енді сол драманы былай жіктейді.


Бірінші мерт, яки әлектегі тартыс (трагедия);
Екінші сергелдең, яки азапты тартыс (драма);
Үшінші арамтер, яки әурешілік (комедия).


Оқу құралының ішінде зерттеушінің оларды ықшамдап: әлектеніс; азаптаныс; әуреленіс деп те атайтын жерлері бар.
А.Байтұрсынұлы әлектеніс, азаптаныс, әуреленістердің өзіндік ерекшеліктерін, ондағы тартыс түрлерін, кейіпкерлер болмысын толықтай жазып өтеді. Тіл айшықтары – көрнектеу, меңзеу, бейнелеу, алмастыру, кейіптеу, бернелеу, əсірелеу тілдің əуезділігін артыратынына көптеген мысалдар келтіреді. Ахаң қазақтың жазба әдебиетінің тарихын жіктегенде діндар дәуір және ділмар дәуір деп бөледі. Ділмар дәуірді сындар дәуір деп тармақтай келе, оның бастауы Абай,- дейді. Қазақтың жазба әдебиетінің «діндар дәуір» деп аталған бөлігіне сол тұста көп жазылған қисса, хикаят, мысал, насихат (үгіт), мінажат, мақтау, даттау, айтыс, толғау, термелер жатады деген тұжырымдама жасайды. Ал «дімар дәуір» өкілдерінің ұстанымы бірінші кезекке тіл көркемдігін қоюы деген ой айтады. Қазақ əдебиеттану ғылымының темірқазығы «Əдебиет танытқыш» оқу құралында А.Байтұрсынұлы жазба әдебиетті дәуірлегенде діндар дәуір, ділмар дәуір, сындар дәуір деп бөлді дедік қой. Енді сол дәуір шығармалары қандай, оларды жазушылардың ұстанған бағыты қай бағыт деген сұрақтарға жауап іздеген.

Алғашқы діндар дәуір бағытында жазушылар өздерінің діни бағытта жазылған шығармаларында жаратушыны, пайғамбарларды асқақтата суреттеп, оқырманды қиял әлеміне жетектейтінін айтады. Яғни қиял дегеніміз, әлемдік әдеби терминмен айтқанда «романтизм». Сонымен діндар бағыттағы жазылған туындыларда діни-моральдық романтизм басымдығын зерттеуші зерделеген. Кеңестік дәуір әдебиетінде қолданыста болмаған тәуелсіздіктің арқасында ғылымға қайта оралған діндар дәуір жанрларының түрлері мінәжат, намыс толғауларын А.Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш» зерттеуінде талдап өтеді. Мінәжат жанрын М.Х.Дулатидің «Тарих-и Рашиди» (ХІҮ-ХҮІ ғ.) еңбегінен көреміз. «Тарих-и Рашидин» кітабының соңын автор Алла Тағалаға мінәжат айтумен аяқтайды. Қазақ әдебиеттануына арналған ғылыми - әдеби зерттеулерден мінәжат жанры туралы «Әдебиет танытқыш» алғашқы болып жазған. Діни-моральдық романтизм маркстік-лениндік әдіснама бойынша айтсақ, реакцияшыл кертартпа романтизм деп аталған.

Ділмар дәуір деп – классикалық романтизм үлгісінде жазылған шығармалардың дәуірін айтып отыр. Ал зерттеушінің сындар дәуір дегені әдебиеттегі сыншыл реализм әдісімен жазылған шығармалардың дәуірі. А.Байтұрсынұлы жазба әдебиетті тарихи кезеңдер бойынша хронологиялық жолмен бөліп отырған жоқ, шығарма қай көркемдік әдіспен жазылды, соған қарата жіктеген сияқты. Зерттеуші Абай шығармаларын сындар дәуір әдісімен жазылған жазба әдебиетке жатқызады. Ж.Смағұлов пікірі бойынша: «А.Байтұрсынов әдебиет тарихын тарихи кезеңдерге бөліп отырған жоқ, әдеби дамудың заңдылығына орай көркемдік әдіс тұрғысынан дәуірлеп отыр. Олай болса, Абайға дейінгі ақын-жыраулар, әнші ақындар шығармашылығы реализммен дамып келді де, сыншыл реализмге ауысты деген пікір туындайды». Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ өлеңінің құрылымына байланысты көптеген тың ойлар айтқан. Зерттеуші қазақ өлеңінің құрылысына буын, ағым, толқын, жорғақ деген атаулар беріп, олардың өзіндік заңдылықтарын талдайды. Еңбекте өлеңнің кестесі жасалады. Өлеңнің шумақ, тармақ, бунақ құрылыстары сарапталады, айтылған жіктеулердегі ырғақ, сөз әуезі, қазіргіше интонация туралы сөз болады. «Әдебиет танытқыш» оқу құралында өлеңдегі әуезділік туралы, оған қойылатын талаптар жөнінде де өз ойын айтады. Зерттеуші сөз әуезділігі және сөйлеу әуезділігі болатынын да айтады. Сөз әуезділігі деп сөздегі дыбыстардың құлаққа жағымдылығы, жағымды болып естілгені дейді. Ал сөйлеу әуезділігі болуы үшін сөйлеген кезде сөйлемдердің құлаққа жағымды болуын ескеру керек екені ескертіледі. «Сөздің үні құлаққа жағымды болуы – дыбыстарының тізілу түрінен, сөйлеудің үні құлаққа жағымды болуы - сөйлемдерінің тізілуі түрінен»,- деп айтып кетеді зерттеуші.

Зерттеуші буын екпіндерінің арасы тым жақын келсе, немесе алыс келсе әуезділігіне кемшілік болады дейді. Сөйлеу әуезділігі бірыңғай қысқа сөздерден құралса да не бірыңғай ұзын сөздерден құралса да бұзылатынын ескертеді. Сөйлеу әуезділігі сөйлемдердегі сөздердің үндері орайласуынан да болады дейді. Сөйлеу әуезділігін келістіру сөйлеушіден де, жазушыдан да үлкен шеберлікті талап ететінін, оның екінің бірінің қолынан келмейтінін ескертеді. Зерттеуші өлеңдердің бәрін әуезді сөйлеу деп ұғады. Сөз кестесін келтіріп, құлаққа жағымды құрастырған сөйлемдерді автор өрнекті сөйлемдер деп атайды. Екпін табиғаты туралы қызықты ойлар айтады. Қазақ тіліндегі екпінді басқа елдердегі сөздердің екпінімен салыстыра келе, қазақ тіліндегі буын екпінінің француз тіліндегі екпінге ұқсап сөздердің аяғына келетінін айтады. Автор қазақтың поэтикалық тілінде дауыс ырғағы буын санымен өлшенетінін дәлелдейді. Буын санына негіз еткен силлабикалық өлең жүйесі басқа да түркі тілдерінде, ал еуропа тілдерінің ішінде, француз тілінде қолданылады. Сөз көңілге ұнап, реттілігін сақтап, өлеңге айналған кезде сағаттың жүргені сияқты, тамырдың соққаны сияқты, дауыстың бір түрлі ырғағы болатынын айтады.

Зерттеуші өлең ырғағына «жорғақ» деп атау берген. Ол қазіргі қолданыстағы бірнеше буыннан тұратын, бунақ ұйқасы, оны қазір ырғақты топ деп атап жүрміз. «Өлең ырғағы жорға жүрісінің тайпалуы, теңселуі сияқты екінші өңді ырғақ болады, бунақ дегеніміз өлеңді айтқанда сезілетін дауыс толқынының соқпа-соқпасының арасы», - дейді. Ө жазуға ыңғайлы, қабілетті поэтикалық тілдер мен өлең жазуға ыңғайсыз тілдер болатынын да айта келіп, оларды үшке бөледі:


1.дауысты дыбыстарда ұзын-қысқалық бар тілдер;
2.екпін буыны бірыңғай келетін тілдер;
3.екпін буыны бірыңғай келмейтін тілдер.


Сонымен қатар, зерттеуші мақал-мәтелдің тақырыптары өте көп екенін айта келе «салтсанасына сәйкес пікірлерді келтесінен келтіріп, өлең түрде ұйқастырып айту – тақпақ болады. Тақпақ қысқара-қысқара маңызданып барып мақалға айналып кеткен де жері бар. Мақалдарды құрастырып қосып айтқанда, мақалдар тақпаққа айналып кететін де жері бар» деп мынадай мысалдар келтіреді:

Ата- ананың // қадірін
Балалы // болсаң // білерсің,
Ағайынның // қадірін
Жалалы // болсаң // білерсің.
Ақ дененің // қадірін
Сырқаулы // болсаң // білерсің,
Дәулетіңнің // қадірін
Мал кеткенде // білерсің.
Тіршіліктің // қадырын
Жан кеткенде // білерсің,
Аңдып жүрген // дұшпанды
Тап жеткенде // білерсің.


Келтірілген мысалдан буын санының бірдейлігінен, дыбыстардың ұқсастығынан да, сөздердің қайталануынан да ырғақты, бунақты ұқсастық байқаймыз. Төрт тармағы тақпақ та болады. Екі тармағы мақал да бола алады. Екі тармақ бір ойды білдіріп тұр. А.Байтұрсынұлының жорғаның тайпалуындай деген өлеңге қоятын талабы осы төрт тармақтан тұратын тақпақтарда орындалып тұр. Мақал мен тақпақтың ара жігі туралы: «Мақал да тақпаққа жақын салт-санасына сәйкес айтылған пікірлер. Тақпақтан көрі мақал маңызды, шыни келеді» деп, төмендегі мысалдарды келтіреді.

Дауыл болмай // жауын болмас,
Жауын болмай // қауын болмас.
Екі дау болса // ауыл болмас,
Ауыл болса да //тәуір болмас.
Өзіңнен тумай // ұл болмас,
Сатып алмай // құл болмас.


Талдауға алынған мақалдардың буыны сегіз-тоғыз, бунағы екі, тармағы екі болуының ұқсастығымен қоса, тармақтардың өте ұқсас сөздерге аяқталуы да оларды өлеңге жақындатып тұр. Зерттеуші мақал мен мәтелдің ерекшеліктерін айта келе: «Мәтел дегеніміз кезіне келгенде кесегімен айтылатын белгілі-белгілі сөздер. Мәтел мақалға жақын болады. Бірақ мақал тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылады. Мәтел ақиқат жағын қарамай, әдетте сөз есебінде айтылады» деп, мысалдар ретінде төмендегі мәтелдерді келтіреді.


Адасқан // қаздай,
Рудан // аздай.
Қызым // үйде,
Қылығы // түзде.
Қызым, // саған айтам,
Келінім, // сен тыңда!

Ахмет Байтұрсынұлы шумақтың түрлеріне, ондағы тармақтардың санына да тәптіштеп мысалдар келтіреді. Өлең шығарғанда ол әуезді болуы үшін тармақтардың көлеміне, бунақтардың орналасу орнына көңіл аудару керек екенін ескертеді. Қазақ өлеңді жыр деп атайды дейді де, олардың дені екі бунақты тармақтан тұрады деп мысал келтіреді:


Мінсіз таза// меруерт,
Су түбінде // жатады.
Мінсіз таза // асыл сөз,
Ой түбінде //жатады.
Су түбінде // жатқан зат,
Жел толқытса // шығады.
Ой түбінде // жатқан сөз,
Шер толқытса// шығады.


Автор өлеңдеpдегі «сөйлеу әуезділігі» мәнеpлеп оқуығанда тармақтардың арасында кідіріс болып, бунақтардың өз ара байланысының бүтіндігі жырдың дұрыс шыққанын көрсетеді дейді. «Әдебиет танытқыш» оқу құралында қазақ өлең құрылысын жан-жақты зерттелген, терең ғылыми пайымдаулар сөз болған. Қазақ поэзиясында өлең жүйесі буын санына негізделетіні айтылған.


Айгүл Ісімaқовa әлем мойындаған әдебиет теоретигі М.М.Бахтиннің «Вопросы литературы и эстетики» еңбегіндегі әдеби – теориялық ұстанымдары мен А.Байтұрсынұлының «Әдебиет тaнытқыш» оқу құралындағы тұжырымдар, талдауларды салыстыра отырып, зерттеген нәтижесін жазды. Онда екі ғылыми еңбектің ұқсас екенін, қазақ теоретигінің еңбегінің теориялық қағидаттарды ұсынуда, талдауда еш кемшілігі жоқ екенін ашып береді. Қaзaқ әдебиеттaну ғылымындағы «Aхмет Бaйтұрсынұлының «Әдебиет тaнытқышы» зерттеуінің ара салмағы туралы арнайы зерттеу еңбек жазған Ұлан Еркінбaев: «Ғалым еңбекке әдебиет теориясының ірге тасын қалаған қондырғы деген баға береді. Р.Нұрғaли Aхмет Бaйтұрсынұлының «Әдебиет тaнытқыш» оқу құралының қaзір бізге жеткен, біз талдап жүрген нұсқасының соңғы беттері жыртылғaндықтaн, еңбек толық емес екенін ескертеді. Қазіргі тілмен айтқанда драманы Aхмет Бaйтұрсынұлы үшке бөлген. Оларға әлектеніс, aзaптaныс, әуреленіс деген атау берген. «Әдебиет тaнытқыш» оқу құралында бірінші – әлектеніс пен үшінші әуреленіс тaлдaнaды, aл екінші – aзaптaныс жоқ,- дейді. Болaшaқтa «Әдебиет тaнытқыштың» толық мәтінін тaбу міндеті тұрғанын айтады.

Профессор Р.Нұрғaли: «Тaғы бір мәселе әр түрлі жaнрлық формaлaрды тaлдaп болғaннaн кейін A. Бaйтұрсынұлы әр жерде бұлaрды нұсқaлықтың пәленше нөмірлерінен қaрa деп ескертеді. Ендеше «Әдебиет тaнытқыш» оқулық, оның хрестомaтиясы – нұсқaлығы дa болғaн ғой. Қaзіргі дерек бойыншa ол жaриялaнбaғaн секілді. Әлде қолжaзбa күйінде aрхивтің бірінде жaтыр мa? «Мәдениет тaрихы» деген еңбек бітіргені белгілі – ол дa жоқ»,- дей келе Aхмет Бaйтұрсынұлының «Әдебиет тaнытқыш» еңбегі туралы зерттеулер тоқтамауы керек екенін айтады. Және де ғалым «Әдебиет тaнытқыштағы» терминдерді ғылыми айналымға енгізіп, әдебиет теориясының терминдерін қазақыландыру керек деген, - пікірін де білдіреді.

«Әдебиет тaнытқыш» зерттеуі уақыт сынынан мүдірмей өткен қазіргі рухани сұранысқа жауап бере алатын құнды еңбек дегіміз келеді


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар