Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Әдебиет хақындағы һашиялар...

01.06.2017 6618

Әдебиет хақындағы һашиялар

(Екі-үш жыл көлемінде әлеуметтік желіге жариялаған

әдебиет туралы ойларым)

Қаламды жүрекке, жүректі ақиқатқа малып ап жазу керек.

***

Шындықтан асқан көркемдік жоқ.

***

Тілдің ұшы мен жүректің ішін шатастырмайық.

***

«Әңгіме жазуға шамам келмей, амалсыз роман жазудамын» деген сөзде шындық жатыр. Қысқа-нұсқалап жазу – шын таланттың ісі. Ойдан құралған том-том өтіріктердің дәуірі өтті. Енді шындықты алтын арқау қылған әдебиеттің кезі келді.

***

Бықсып өмір сүрген адамнан жанып тұрған өлең шықпайды.

***

Сөз майын тамызып жазудың бір шарты-көз майын тауыса іздену.

***

Шындықты білетіндер көп, мойындайтындар аз, онымен өмір сүретіндер санаулы.

***

Жүректің ішінен шыққанды қолдың ұшымен жөндеуге болмайтынын неге ұқпайды осылар?!

***

Оқырманның жетегінде кетсе, ақынның өлгені, Тыңдаушының жетегіне ерсе, әншінің өлгені. Өнер жетекке ермеу керек, керісінше жетелеу керек. Қайда? Ақиқатқа.

***

"Сөйлемдегі өмір мен сөйлемнің өмірі бірікпегесін – тірі тіркес тумайды. Өмірдің тамыр солқылы мен сөйлемнің тамыр солқылын лингвистикалық проза ғана қоса алады".

(Асқар Сүлейменұлы)


Мақалда осы екі өмір де (сөйлемдегі өмір мен сөйлемнің өмірі) қапысыз беріледі. Алғашқысы-қылыш, соңғысы-қын сияқты. Қылышы алтын, қыны күміс болса кәні.

***

Жүректің тоқтап қалуынан да қауіпті нəрсе - жүрек ішіндегі өмірдің тоқтап қалуы дүр.

***

Ақын мақтау естігенде жараланады, мақтанға сенгенде, өледі.

***

Мақтау, көпірту бар, даттау, қаралау да бар. Тәкенше талдау, Жүсіпбекше жіліктеу қайда?

Егер оқыған кітабы түсініксіз, тілі ауыр боп келсе, оны терең, мықты деп жататындар бар. Толстойдың айтуы бойынша: "Таза бұлақтың түбіне дейін айдан анық, күннен жарық болатыны сияқты нағыз терең нәрсе анық әм түсінікті болмақ дүр."

***

Толстойдың "Соңғы тұрақ" деген әңгімесінің түйіні мынау: Жүректің тыныштығы- ең үлкен нығметтердің бірі. Пахомның бұрын малы жоқ еді, бірақ жүрегі тыныш болатұғын. Қазір оның малы көбейді, бірақ жүрек тыныштығынан айрылып қалды.

***

Толстой шығармаларында алтын арқау боп өріліп отыратын мына екі ерекшелікті байқауға болады: «Кейіпкердің ішкі "тілі" (внутренная речь) һәм ішкі әлемдегі арпалыс әрекеттерді сол әрекеттердің сыртқа шыққан белгілері негізінде талдау». Адамның жүзінде болған кез-келген өзгерісті тамыршыдай тап басып, оны ішкі әлеммен байланыстыруда Толстойға тең келетін шебер табу қиын. Толстойдың қай шығармасында болмасын, адамның ішкі жан дүниесіндегі толғаныстар, адамның өз-өзімен болған күресі сыртқы оқиға желісінен гөрі басым мәнге ие екенін аңдаймыз.Бірақ бұл басымдық сюжет желісінің тартымдылығына ешқандай көлеңке түсіретін басымдық емес. Қайта Толстой әңгімелерінің оқиға желісі адамды өзіне ғана тән қарапайым қайырлы өрнегімен баурайды. Ішкі "тіл" - негізінен Толстойдың өз тілі, өз тұжырымдары. Солай екеніне Толстой күнделіктерін мұқият зерделеу арқылы көз жеткізуге болады. Мысалы, «Исповедьтегі» тұжырымдары «Воскресениедегі» кейіпкерлер тілінде жүр.

***

Мұхтар Əуезов Абайдың қара сөздерін сыртқы сипаты жағынан Л. Толстойдың "Круг чтениясына" ұқсатқан. "Круг чтения" - Кеңестік дəуірде 80 дана ғана болып басылып, тек таңдаулы адамдарға ғана берілген кітап. (Толстойдың осы кітабын студент кезімде маған қазақтың береке тапқыр бір қызы сыйға берген еді.) Толстойдың "Байлық деген тезек сияқты: үйілген сайын сасиды, шашылса- жерді тыңайтады" деген сөзін осы кітаптан алған ем.
Əуезов 38- қара сөздің Абай қолжазбаларындағы атауы "Ғақлиат тасдиқат" (Мүрсейітте "Китаби тасдиқ") екенін айтады. Бұл -өз алдына бөлек дүние. 1933 жылғы жинаққа "38-қара сөз" деген атпен енгізілген.
Шығарма түгіл тарихта өз атымен қалмаған адам қаншама. Бізге керегі - заты!

***

Бір-екі ай бұрын «Кеңес дәуіріндегі көркем қиялға малынған шығармалардың көпшілігі қазір қадірінен айрылды. Көркем қиял. Орыстар оны "художественная фантазия" дейді. Өтірікке жабылған жыртық шапанды осылай атаған. Əдебиетке көркем қиял керек. Мысалы адамзаттың бəрінде болатын сезімді, қылықты т.б. типтік образды ашу үшін қолдану. Бірақ қиялды тарихи тұлғаға апарып таңуға болмайды. Қолына қалам ұстаған адам осыны ажырата білу керек. Əйтпесе қиялдаймын деп жүріп қиянатқа барады» деп жазған едім. Дәл осы ойымды құптайтын сөзді К.Н.Ломуновтың «Лев Толстой» атты кітабынан тауып алдым: Осы кітаптың 98-бетінде Толстойдың мынадай сөзі берілген:«Когда я пишу историческое, я люблю быть до малейших подробностей верным дейсвительности». Осындағы «историческое» дегені жалпылау мәнінде қолданылып тұр, ол тарихи уақиға болуы мүмкін, адам я жер-су аты т.с.с. болуы да мүмкін. «Быть верным до малейших подробностей» оңай шаруа емес. Ол ізденісті талап етеді. Мұқағали бұл ұстанымды өз күнделігінде «В жизни не знаю, в поэзии не врать» деп өрнектеген. «В поэзии не врать»- Мұқағалидың ақындық кредосы болған. Поэзияны тек қиял қуу, өтірік шаптығу деп ұғынатындар да аз емес. Бауыржан Момышұлының : «Шығармаларымда ойдан құралған бірде-бір кейіпкер, бірде-бір эпизод жоқ» дегені де осы. Бердібек те осыны ұстаған. Ол былай дейді: «Ақиқатты айтқызбайды, өтірікті жазғым келмейді». Оралхан: «Жазушылық – шындықтың соңына шырақ алып түсудің бірден-бір жолы».

***

Сәбит Мұқанов соғыс кезінде елге келген Бауыржанды Жамбылға ертіп барады. Бауыржан өзіне сығырая қараған Жамбылдың сынап отырғанын байқап қарт жырауға қабағын түйіп ежірейе қарағанда Жамбыл:"Мына қызыңды... түсі тым суық екен, батыр болса болар" дейді. Жамбыл өзінің сынаған сауалына Бауыржанның берген жауабына риза боп: "Әй, балуан, мынауыңның түрінде ғана емес, тілінде де бірдеңе бар екен, қоныңдар" дегені аңдап қарасам Бауыржан Момышұлының тұлғасына тұтас берілген баға екен. Баукеңнің негізгі қырлары батырлық пен жазушылықтан тұрады. Жамбыл бұны сонау жылдарда-ақ тап басып танып, бағалап қойған екен. Біздің том-том кітаптарын оқып зорға пайымдағанымызды "дүния сырын көп жұтқан кәрі кеуде" бір сығырая қарап, бір сауал беріп-ақ түйіндей салған.

***

«Алма ағаштың гүліндей-ау,
Текеметтің түріндей-ау.
Өтіп дәурен бара жатыр
Сіз бен бізге білінбей-ау
»

Алғашқы екі жол жай ұйқас үшін ғана алынған құсап көрінгенмен, олай емес. Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиеттанытқышта» дүниені екіге бөледі:

1. Жаратылған дүние;
2. Жасалған дүние.

«Алма ағаштың гүлі» жаратылған дүниеге жатса, «текеметтің түрі» адам қолынан шыққан өнер дүниесіне жатады. Өлеңнің «Алма ағаштың гүлімен» басталуы да әділетті. Әділет- әр нәрсенің өз орнында тұруы болса, бұл- әрі сұлу, әрі әділетті өлең. Осылай жүйелеп келіп, адамзат баласына дәуреннің «білінбей өтіп бара жатқанын» ескертіп қоюы һәм шын һәм сұлу шыққан. Қаншалықты әдемі болғанмен алма ағаштың гүлі бір күні солады, текеметтің түрі оңады, білінбей өтіп бара жатқан дәурен де сол. «Тас бұлақтың суындай сылдырап тұр». «Іші- алтын, сырты-күміс» деген осындай-ақ болар.

***

Мен: Сіз бір сұхбатыңызда Сұлтанмахмұт классик емес деген мазмұнда пікір айттыңыз. Себебі не екен?


Мекемтас: Мен Махамбетті айттым.
Мен: "Аңыз адам" журналының Сұлтанмахмұтқа арналған нөмірінде Сұлтанмахмұт туралы да осындай пікір айтқансыз.
Мекемтас: Мен бір нәрсе жайлы айтсам, оны бір негізге сүйеніп айтам.Классик болу үшін 2 талап бар:
1. Ол ақын бұрын соңды ешкім айтпаған идеяны айту керек.
2. Сол идеясын бұрын ешкімде болмаған өзіндік формамен беруі керек.
Егер мен бір ақынды классик емес десем, осы екі талап толық болмағасын айтам. Себебі осы.

***

"Тұрфанда су тапшы болғандықтан, Уәйіс хан өзі егіншілікпен айналысып арықтан су алғызбай, құдық қаздырып, содан су тартып, есістікті суаратын.Аптап ыстықта хан өз жалшыларымен бірге су тартқанын талай көргенбіз. Егінінің көлемі шағын болатын... Ұстаған түйенің жүнін өзі күзеп, шешесі Сұлтан Хатунға алып барып беретін. Ал шешесі жүн иіріп, ханға көйлек пен шалбар тоқып беретін. Хан солардың үстінен хандық шапанын жамылатын"("Тарих-и- рашиди" 101-бет)

"Әмір Хұдайдад тоқсан жыл билік құрған. Осыған қарамастан ешқашан табын-табын малы да, отар-отар қойы да болмаған. Мінетін аты да болмай қалады екен. Көшіп-қону кезінде ағайындарының атымен көшетін болған.Оның иелігінен түскен табысы мұсылман тұтқындарын құтқарып қалуға жұмсалатын... " ("Тарих-и- рашиди" 101-бет)

***

Тағдыр жебесіне шыдас берер сауыт жоқ.

Мұхаммед Хайдар Дулати

***

Біреуді алдау- жаман нәрсе. Бірақ ең сорақысы- өзіңді өзің алдау.

Л. Толстой

***

Шындық- Мұхит. Өтірік- шалшық су. (Өзімнің Толстойдан өңдеп алғам). Аз күн көз алдағанмен, жерге су боп сіңіп, көкке бу боп ұшып жоқ болады.

***

Тарих əркімді өз орнына қояды. Оған бір ғана дəлел-Мұқағали Мақатаев. Мұқағалидай ойшыл, суреткер ақын сирек кездеседі. Оны біз кезінде ең болмаса қатардағы ақын ретінде құрметтей алмадық. Ол мені құрметтемедіңдер деп ешкіммен айтысқан, тартысқан жоқ. Өзінің пəктігімен, нəзіктігімен, өзінің мақсатына деген сенімділігімен қазір тірі жүргендерден мың есе биік тұр.

Бауыржан Момышұлы

***

Тексіз жерден қыз алсаң, перзентің толмас аршынға.

(Апамнан жазып алғам)

***

Адамның нағыз өмірі жүрек ішінде жүріп жатады. Жүрегі былғанған адамнан таза өмір үлгісін іздеу бос əурешілік болмақ.

***

Біреулер жырыменен сарай салып,
Біреулер жырыменен ін қазады.
Мұқағали.
Теория ғой мынау.

***

1909 жыл мен 1987 жылға дейінгі аралықта Абайдың шығармалары 27 дүркін басылып шыққан. Факт.

***

Лев Аннинскийдің "Асқар" деген Сүлейменұлы хақындағы естелігін оқып шықтым. Жанарым жасқа шыланды. Екеуі жолыққанда Асқар 24 жастағы жігіт екен. Лев айтады:" Асқармен бар болғаны екі-ақ рет жолықтым. Онда ол 24 жаста еді. Содан бері мыңдаған адамдармен жүздестім, пікірлестім, бірақ сол жүздесулердің ізі, əсері қалған жоқ. Ал Асқармен болған бір ғана сұхбаттың əсері жадымнан өшкен жоқ" деп. Тағы Лев: " Ол кез келген проблеманы өзінің жеке проблемасы деп қабылдайтын немесе мүлде қабылдамайтын еді" депті.

Өмір нұрын ғұмырының соңында сезіне бастаған асқақ тұлға туралы тамаша естелік екен.

***

Тарих əркімді өз орнына қояды. Оған бір ғана дəлел-Мұқағали Мақатаев. Мұқағалидай ойшыл, суреткер ақын сирек кездеседі. Оны біз кезінде ең болмаса қатардағы ақын ретінде құрметтей алмадық. Ол мені құрметтемедіңдер деп ешкіммен айтысқан, тартысқан жоқ. Өзінің пəктігімен, нəзіктігімен, өзінің мақсатына деген сенімділігімен қазір тірі жүргендерден мың есе биік тұр.

Бауыржан Момышұлы

***

Бауыржан Момышұлының Асқар Сүлейменұлы туралы айтқаны: "Бұл жігіттің өзі жіңішке болғанымен, пікірлері жуан". Асқардың Бауыржан туралы айтқаны: "Наивный человек".

***

Интернетте "Баукең жасы үлғайған кісілерді шал, қария, ақсақал, абыз деп төртке бөліпті" деген жазба жүр. Бауыржан Момышұлының жарыққа шыққан дүниелерін бір кісідей оқыдым. Ешбір еңбегінде бұндай жолдар кездестірген емеспін. Осыны қаншалықты рас екенін Мекемтас ақсақалдан сұрадым. Сөзбе- сөз жауабы мынау болды:

"Бірде ауылдан Баукеңді іздеп бір топ шал келді. Мен Баукеңе:"Сізді іздеп бір шалдар келіп тұр" деп ем, Баукең: "Ей, сен дұрыстап айтсайшы. Шал деген болады, ол- өз үй ішінен аса алмайтын адам. Үй ішінен асып, ағайын-туысқа қамқор болса, оны қария дейді. Бүкіл ауылдың қамын жегенді Ақсақал дейді. Бұны шатастырмағын" деді. Абыз дегенді айтқан жоқ. Ол сауатсыз журналистердің айтып жүргені ғой."

***

Интернетте Бауыржан Момышұлы туралы бірнеше дерек берілген жазба жүр. Қатесі баршылық. Факт деген уысыңа ізденіспен түсетін нәрсе. Ол асыққанның уысына түспейді. Мен де біраз деректерді дереккөздерін көрсете жазайын деп шештім:

1. Бауыржан Момышұлы 1924-28 жылдары Шымкентте жетіжылдық мектепте оқыған. Осы кезде бұл кісі Жүсіпбек Аймауытовты көрген, тек көріп қана қойған жоқ, дәрісін тыңдаған.

(Әзілхан Нұршайықов "Ақиқат пен аңыз" 24-25-беттер. "Бауыржан батыр", 147-306-беттер)

2. Бауыржан Момышұлы Ораз Жандосовтың хатшысы боп 6 ай қызмет істеген.
(Бауыржан Момышұлы "Айтылмаған ақиқат", 192-бет)

3. 1941 жылы 26 қазанда Момышұлы батальон командирі кезінде қоршаудан шығып 690 адамды, 18 артиллерия жегінін, 30 пәуескені аман- есен алып келді.
(Ә. Нұршайықов "Ақиқат пен аңыз" 263-бет)

4. 1941 жылы 5 желтоқсанда Момышұлы ұрыс үстінде жаралы болды. Соған қарамастан ұрыс даласынан кетуден бас тартып полкты жаралы күйінде озі басқарды.
(Ә. Нұршайықов " Ақиқат пен аңыз" 265-бет)

5. 1943 жылы Момышұлы соғыстан Алматыға емделуге келді. Осы сапарында (1944 жыл) ол ғылым академиясында 36 сағаттық лекция оқыды.
(Психология войны" 285-бет).


6. Түнде диктовка жасайды. Осы диктовкаларының бірінде маған Баукең 1948 жылы Мағжанды өз көзімен көргенін айтты.

(Мекемтас Мырзахметұлының өз аузынан жазып алдым. Бұл диктовка әлі сақтаулы тұр)


7. Баукең "За нами Москва" шыққанда 18 000 рубль гонорар алды. Ол кезде Волга машинасы 6200 сом тұратын.

(Мекемтас Мырзахметұлынан жазып алдым)


8.Баукең 207 рет тікелей бетпе-бет ұрысқа қатысқан. Соның әрбірінің картасы бар. Ол екі чемодан болып үйде тұр.

(Мекемтас ақсақалдың өз аузынан жазып алынды)


9. Е. Бекмаханов Мәскеуде докторлықты қорғағанда Баукең Москвада той жасап берді.

(Мекемтас ақсақалдан жазып алдым)

***

"Ақынмын деп қалай мен айта аламын,
Халқымның өзі айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін
Шекпен жауып, өзіне қайтарамын".

Осы шумақ арқылы Мұқағали өзінің ақындық лабораториясын ашып отыр. Негізді қайдан алғанын, арқасын неге тірегенін айтып отыр. Ол -"қазақтың дәл өзіндей қарапайым" қазақтың қара өлеңі.
Сол кезеңде (қазіргі кезде де мәз емес) қоғамға үлгі ретінде таңылған бастауын Грек-Рұмнан алған орыс әдебиеті өзі үшін табан тірер негіз емес екенін ақын былайша өрнектейді:
"Қалқам,
Мен Лермонтов, Пушкин де емес,
Есенинмін демедім ешкімге мен". Бұны да түсіне білген, ұға білген жөн дүр!

***

Бүгінгі сұхбаттан үзінді.

Мархабат Байғұт:

Аудандық газеттен облыстық газетке ауысқан кезім еді. Бас редактор шақырып ап:

- "Восход" қонақүйінде Бауыржан Момышұлы жатыр екен. Содан барып сұхбат алып келесің?- деді. Үлкендердің ешқайсысы барғысы келмеген. Шошып кеттім. Баукеңнің журналистерді "қарсы алғаны" туралы талай естігенбіз. Амал жоқ баруға тура келді.

Барсам Шардара жақтың бір топ адамы Баукеңе арнайы сəлем беруге келген екен. Баукең:

- Сен кімсің?- деп гүр ете қалды.

- Мен "Оңтүстік Қазақстан" газетінің корреспонденті едім, -дедім.

- Вы корреспонденты дураки. Потому что обманываете народ! - деді Баукең түсін суытып. Мен не айтса да көнемін деп бекініп отырмын. Тек мына шардаралықтар кетсе деп отырмын. Бір кезде олар кетті. Мен:

- Аға,- деп бастай беріп ем:

- Қайдағы аға?! Мен саған аға емеспін, атамын,- деді Баукең ызғарлы үнмен. Мен:
- Біз жақта əкесінен жасы кішіге аға, əкесінен жасы үлкенге ата деп сөйлейді. Сіздің жасыңыз менің əкемнен кіші ,- дедім. Осы сөзден кейін Баукеңнің жүзі жыли бастады. Айтқан сөзім ұнады шамасы. Сұхбаттасып қайттым. Сол жүздесуден кейін, ойдан құрап жазуды бірден тоқтаттым. Баукеңмен болған бір ғана кездесу қатты әсер етті.

***

Толстой өзінің ішкі толғаныстарын, тапқан жаңа ойларын, мұңын, зарын күнделігіне әкеп запыран ғып төгіп отырған. Адамның ішкі әлемінде болған өзгерістер оның бүкіл сыртқы ортасына тәсір етеді. Адамның сыртқы келбеті оның ішкі әлемінің құзырында.. Әлемге әйгілі «Война и мир» романына кейін келе суық көзбен қараған мусанниф күнделікке аса зор мән береді. Күнделіктің басты тақырыбы - Толстой. Оның жүрек іші. Бұл туралы 1985 жылы Мәскеу қаласының «Художественная литература» баспасынан шыққан 12- томда (427-бет) дәл айтылған: «В центре дневника- сам автор, его мысли и чувства, суровый самоанализ...»

1880 жылғы Толстойдың дүниетанымында болған өзгеріс оның бүкіл шығармашылығына, соның ішінде күнделігіне де түбегейлі өзгеріс бедерін салады.
Толстой күнделікке жан сырын бүкпесіз ашады. Адам жанының ең терең қатпарына жасырынған, өзіне де айтуға ауыр, тіпті ұят сырларын күнделік бетіне аяусыз ақтарып төгіп отырған.

Шындық жолы – ауыр жол. Толстой шындықты іздеу, табу жолында отбасымен, қоғаммен, тіпті өзімен де қақтығысқа түсіп отырады. Ол үшін шындыққа жету, ақиқатты танып, оны өміріне айналдыру-ең ізгі мұрат. Осы ізденістің үдесінен шығу үшін ол ешкіммен, тіпті өзімен де компрамиске барған жоқ. Жүрек ішінде болған осы алапат айқас Толстойдың күнделік беттерінен көрініс береді. Толстой үшін күнделік - шығарма яки көркемдік ізденіс емес, ол- оның өмір бедері, ішкі жанайқайы, жан дауасы.

***

Лев Толстойдың 7 жасар Захар Шевцевке жазған хаты: «Сүйкімді балақай, саған бүгіннен бастап өміріңнің соңына дейін барлық адамдарға: әкеңе, анаңа, бауырларыңа, аула сыпырушыға, өмір жолыңда кезіккен барлық адамдарға бар ынта-ықыласыңмен мейірімді болуға кеңес беремін. Бұл оңай емес. Бұған жазуға, оқуға, скрипкада, фортепьянода ойнауға үйренгенің сияқты үйренуің керек. Бірақ бұл ғылымдарды үйренесің, сонымен оларды үйрену аяқталады, ол мейірімділікті үйренудің соңы жоқ. Әрі ешқандай ғылымнан қайырымды болудан алған ләззатты ала алмайсың. Сен мейірімді болған сайын жаның да жадырай түседі, айналаңдағы адамдар да сені тереңірек сүйетін болады. Өтінем, осылай жаса. Әр минутта мейірімді болу керектігіңді есіңнен шығарма».


Аударған Абай Қалшабек

***

Шындықты айту құдды тоқыманы жақсы тоқу, шөпті епшілдікпен ору, жазуды әдемілеп жазу сынды. Бұлар тек көп тоқып, көп орғанның, көп жазғанның ғана уысына түсетін нығметтер дүр. Қанша тырысқаныңмен, қайта-қайта айналыспаған істі жеріне жеткізе істей алмайсың. Сондықтан шындықты айту үшін, оған өзіңді үйрету керексің. Ал бұған өзіңді үйретпек үшін кішкентай істің өзінде тек шындықты айтуың керек.
(Л.Н. Толстой)

Аударған Абай Қалшабек

***

«Пушкин незаметно для себя составил одну из лучщих своих книг- собрание писем, груду золотых слитков русского слова, раскошный фейерверк алмазных искр... Гений во всем , Пушкин гений и в своих письмах.» (Н.О. Лернер. Проза Пушкина. Пг- М., 1923ж 108-бет) Пушкин хаттарын Лернер құйма саф алтынға теңейді.


Балқожа бидің оқудағы немересі Ибрахимге өлеңмен жазған хаты еске түседі. Өлеңмен жазылған бұл хат- қазақ әдебиетіндегі эпистолярлық жанрдың хас үлгілерінің бірі.

Толстойдың бүкіл хаттары туралы айту- қиын шаруа. Хаттарының өзі 31 том кітапты құрайды. Тек бір В.Г.Чертковпен жазысқан хаттарының өзі 5 том кітап.
Толстой кімдерге хат жазды, кімдермен хат жазысты. Хат жазысқан , жазған адамдарының ішінде 7 жасар баладан (1909 ж7 23 наурыз, шығ. Жин. 19-20 –том 661- бет ) бастап, Ресейдің патшасы да бар. Мысалы1902 жылы екінші Николайға жазған хаты. (шығ жинағы.Москва. «Худ. Лит.» баспасы. 502-бет. 1910 ж 9 қаңтар). Бас кесіліп кетсе де шынды айтуды ұстанған Толстой патшаны сынап, оны өмірі туралы терең ойланып, адамдыққа бет бұруға шақырады. Әлемнің барлық түкпіріндегі шетелдіктер, туыстары (400 хат), қарапайым еңбек адамдары, шаруалар, қиын жағдайға түскен жандар... т.с.с. Бұлардың бәрі Толстойға хат жазып, жауап алған адамдар. Хаттарын оқи отырып, заңғар тұлғаның өмір жолын, үзік-үзік сырларын, көзқарасын, тіпті, сенімін де аңғаруға болады. 1910 жылы, қайтыс боларынан бірнеше күн бұрын баласына жазған хаты: «Те усвоенные тобою взгляды дарвинизма, эволюции и борьбы за существование не обьяснят тебе смысла твоей жизни и не дадут руководства в поступках, а жизнь без обьяснения ее значения и смысла и без вытекающего из него неизменного руководства есть жалкое существования. Подумай об этом. Любя тебя, вероятно накануне смерти, говорю это.. » Хаттан оның Дарвинге, оның «іліміне» деген көзқарасы, әкенің баласының өміріне алаңдаушылығы мен ыстық махаббаты аңғарылады. Мәскеулік жеті жасар Захар Шевцевқа жазған хатына (1909 ж7 23 наурыз, шығ. Жин. 19-20 –том 661- бет ) назар аударып көрейік: «Советую тебе, милый мальчик, всю жизнь с нынешнего дня и до смерти учиться изо всех сил тому, чтобы быт как можно добрее со всеми: с няней, с папой, мамой, братьями, дворником, со всеми, с кем только сходишься. Это не совсем легко, этому надо учиться, так же, как учиться читать, писать, играть на скрипке или на фортепьяно. Только тем всем наукам выучишься – и конец, а этой науке конца нет. И, главное, ни от какой науки нет такой радости, сколько от этой; что дальше учишься , самому веселее и веселее, и все вокруг тебя все больше и больше любят. Пожалуйста, сделай так. Всякую минуту помни, что тебе надо быть добрым».

***

Сұрақ: "Қазақ қалай орыстандырылды?" деген еңбегіңіз қай кезден басталды?
Мекемтас Мырзахметұлы: - Əуезовтің жұрт білмейтін көмбелері бар. Мен соны көрдім,оқыдым. Мен қарастырған мұраларын үш топқа бөлуге болады:

1. Қолжазбалары.
2. "Ақын аға".
3. "Абай жолы".


Орыстандыру саясаты туралы қолжазбаларында ашық айтылады. "Ақын ағада" əлсіздеу көрінеді. Ал "Абай жолында" одан да азайтқан. Бірақ Мұқаң кейінгілер ізденсе тауып алуға болатын жолды көрсетіп кетті. Еңбегім осы мұраларды зерттеуден басталды. "Абай жолының" өзінде сендер түсіне алмайтын, сендер көре алмайтын талай жұмбақ жатыр.

***

Соңғы екі жыл көлемінде Мекемтас Мырзахметұлы ағамызбен бірнеше рет арнайы барып сұхбаттастым. Әр адамның өзінің терең меңгерген саласы болады ғой. Менің білуімше, Абайтану тарихын, қазақтың қалай орыстандырылғанын, Бауыржан Момышұлын бұл кісіден артық білетін адам қазір жер бетінде жоқ. Сұхбаттарды мұқият қағазға түсіріп отырдым. Мынау сол сұхбаттардан шағын үзінділер:

"Бір күні Баукең: "Орынборды алған Ленин. Оның себебі Орынборда түрік интеллигенциясы қалыптаса бастады",- деді".

***


"Бір күні Баукеңмен кино көріп отырдым. Мен "немістер оңбаған" деген ем, Баукең:"Олай емес, немістер оны орыстардан үйренген",- деді." "№1 Шовинист-Ленин" деп отыратын. Бәріміз күн көсем деп жүрген адам туралы бұл сөзді қабылдау маған ауыр тиетін.

***

"Бектің материалдарын қызы бермей отыр"

"Баукеңнің бар мұраларын жинадым. Енді Ресейдің, Кубаның мұрағаттарындағы мұраларын ақшаға сатып ала алмай отырмыз. Германияның архивтерінде де бұл кісінің жазбалары бар деп ойлаймын".

***

"Біз басқа халықтардың алдында жалаңаш қалыппыз".


***

"1501 жылы Мәмлүктер "Шахнаманы" аударыпты"


***

"Дауани - Дауан деген жерден шыққан ғалым. Абай 5 нәрседен қашық бол, 5 нәрсеге ғашық бол дегенін содан алған".


***

"Мүсірепов Баукеңнің қазасына келгенде: "Бұл жазғанның бізден артықшылығы - алтыншы сезімі бар еді ғой",- деді."

***

"Қонаевтан "Баукең қайтыс болғанда, неге бармадыңыз?"- деп сұрадым. Қонаев:"Араға бір адамдар кірді. Қателік менен болды",- деді".

***

"Болыста 2000 үй, 4 би, 12 ауыл болады".

***

"Саналы түрде ірі адамдардың ұрпағын қалдырмады"

***

"Оқығаным көз алдымда 10-15 минуттай сурет боп тұрады".

"Халқымыз 3 алфавитте жазып отыр".

***

"Баукең бауырмал еді. Оқымаған кітабы жоқ. 1865 жылы басылған Құраны бар еді. Соны Баукең маған берді"

***

Жақұт жұмбақтар

Жаны таза халықтан таза, саф өнер шығады. Оның "қылған өнері ғаделеттен шықпайды." Мына ғасырлардың иісі сіңген кәрі жұмбақтарға қараңызшы. Жұмбақтығы өз алдына, үйлесімі сылдырап аққан тау бұлағындай. Мықты болсаңыз шешіп көріңіз!


Қанатсыз құс маңып барады,

Көзінен жасы тамып барады

***

Жүгіре, жүгіре жүкті болды.

Тал басында түндіксіз отау.

Егеубайдың екі ұлы ерегесіп келеді,

Төлеубайдың төрт ұлы төбелесіп келеді.

Тал басында түндіксіз отау.

***

Тау астында төрт бала,

Кезек-кезек ойнаған.

Төрт баланың қолына

Төрт айды әкеп байлаған.

Аспанда ұшып жүрген алты торғай,

Өмір бақи жүреді жерге қонбай.

Қырда қылыш жарқылдайды.

Жеті-сегіз бір туыс
Жұбын жазбай жатады.
Бір-бірінен айрылса,
Жыртылады шапаны.

Бір тауды мекен еткен отыз бөрі,
Он кісі отызының жұмыскері.
Сол таудың ортасында бағлан қозы
Масайрап секіреді ары-бері.

Қара қой қораға кірді, құйрығы тыста қалды.

***

Алдыңғы апта Астанаға барғам. Арқада жұмыс істейтін Нұрбек бауырым Дінмұхамед Қонаев ақсақалдың "Ақиқаттан аттауға болмайды" деген кітабын сыйлады. Бұл мен үшін үлкен сый. Кітапты оқып болған соң "Қонаев өз саласының білгірі, жақсы көрген адамын есі кетіп мақтамайтын, жек көрген адамын жер жебіріне жете ғайбаттамайтын, бұл мəселеде орта жолды ұстанған дана кісі екен. Халық ауыз əдебиетінің інжу-маржан саф үлгілерінен терең сусындаған жан екен" деген тұжырым жасадым. Енді осы кітаптан асты сызылған бір-екі үзінділерді ұсынайын:

"Ақиқатын айтам деп, адалдықтан аттау келіспейді. Атқа мінген əкімнің үзеңгісін тең баспағанын бетіне бассаң бас, бірақ тарихқа, тарихпен тағдырлас халыққа қиянат жасама.

Ар-ожданына ақау түсіргісі келмеген адам иманын жолдас етеді, ол үрейден іргесін аулақ етеді.

Қанмен дарығанды қасиеттемесең, қадірің болмайды. Өнер де тəрбиені сүйеді. Оқи жүрмесең, тоқығаныңды ұмытасың.

***

Қазір не жетпейді дегенде, бізге осы бір жан-тəнімен берілгендік, ынта-ықылас, ыждаһаттылық жетіспейді. Ең бастысы, ертеңге деген сенім жоқ.

***


Тегінде қосшылардың көш басшысына қарап сап түзейтін əдеті ғой.

Риддер кенішінің директоры кезінде екі қабатты үй бергенде Қонаевтың айтқаны:
"Екі қабат үйге түгел жайғасатындай атым бəйгеден келген жоқ. Маған қисаң екінші қабатын бер, ал бірінші қабаттағы екі бөлмеге осы кеніште үйсіз-күйсіз жүрген біреулер бар шығар. Соған бер,- дедім".

***


Құдай бермеген баққа жармасқанмен болмайды.

Жақсы кітап-бір ғұмыр.

Қайрақсыз пышақ өткір болмайды.

Жігіттің сөзі өлгенше өзі өлсін.

Көптің мінезі-сəуірдің бұлтындай.

Дария көрмеген бұлаққа таңқалар деген нақыл бар.

***

Шала молда шарқ етер, төңірегі қарқ етер.
Əзірге осы

***

"Бес ғасыр жырлайдыдағы" Бұқар жыраудың өлеңдерін оқып тамсанып отырмын. Тек ақын ғана емес, білімді һəм данышпан екен деп түйдім. Абайдың:
"Шортанбай, Дулатпенен Бұқар жырау,

Өлеңі бірі жамау, бірі құрау",- деген сынын Əуезов:"Бұл өлеңде Абай бұлардың ақындығын сынап отырған жоқ",- дейді. Сонда нені сынады? Оны өздеріңіз Əуезовтен оқып алыңыздар)). Мен Бұқардың өлеңдерінен əр қатары мақал болардай інжу-маржан мысалдар берумен шектелейін:

"Хандар киген қамқа тон,
Шүберек болар тозған соң.

Доңғалақ арба жүре алмас
Қос арысы сынған соң.

Ежелгі дүшпан ел болмас,
Көңлінде тұтқыр кірі бар.

Кісі ақысын көп жеген
Арам емей немене
Іштегі сыр Аллаға мəлім,
Сыртыңдағы қулығың
Амал емей немене.

Би жігітке жарасар
Халқына тиген пайдасы.

Қой бітерде қотаншы ит
Бөріге қой бермейді.

Құдайдың бергеніне тоймасаң,
Көрерсің сонда теперіш.

Алла деген ар болмас,
Ақтың жолы тар болмас.

Ханның жақсы болмағы-
Қарашының елдігі.
Қарашы халық сыйласа,
Алтыннан болар белдігі.

Атасыздан би қойсаң,
Босанбас аузы парадан.

Қара арғымақ арыса,
Қарғы адым жер мұң болар.
Есіл көзден нұр тайса,
Бір көруге зар болар.

Хайырсыз итке мал бітсе,
Аңқаң құрып келгенде
Саумал бермес ішерге.

Айтар болсаң Алланы айт,
Таңертең азан шақырған
Даусы сұлу молланы айт.

Үй артында төбешік
Ерттеп қойған ат болар.
Қариясы кімнің бар болса,
Жазулы тұрған хат болар.

Ақсам батпай түн шықпас,
Ажал жетпей жан шықпас.
Етекті кессең жең болмас,
Ежелгі дұшпан ел болмас.

Іштен қыңыр туғанды
Тезге салсаң түзелмес.

Құм жиылып тас болмас,
Құл жиылып бас болмас.

***

Ғаділдігін Шаушаруан ғаділге жеткерген,
Жомарттығын Хатымтай жомарттан өткерген.

Абай Қалшабек


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар