Әдебиеттанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы 60 жаста

217

Әдебиеттанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы 60 жаста - adebiportal.kz

Қазақ руханияты мен әдебиеттану ғылымында өзіндік орны бар тұлғалардың бірі Дихан Қамзабекұлы бүгін асқаралы алпыс жасқа шығып отыр.
 

Әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Дихан Қамзабекұлы өзінің саналы ғұмырын қазақ әдебиеті тарихын, Алаш мұрасын, ұлттық руханият пен елдік сананы зерттеуге арнап келеді.

Дихан Қамзабекұлы 1966 жылы 19 маусымда Түркістан облысы, Түлкібас ауданында дүниеге келген. Жоғары білімді Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтында алып, кейін ғылыми-зерттеу және жоғары білім саласында еңбек жолын жалғастырды. Ол әдебиет тарихы, алаштану, ұлттық баспасөз және рухани жаңғыру мәселелерін терең зерттеп, қазақ ғылымының дамуына елеулі үлес қосты.

Ғалымның негізгі зерттеу бағыты – Алаш қайраткерлерінің әдеби, тарихи және қоғамдық қызметін зерделеу. Дихан Қамзабекұлы Алаш қозғалысын тек саяси құбылыс ретінде ғана емес, қазақ халқының рухани оянуының, ұлттық санасының қалыптасуының маңызды кезеңі ретінде қарастырады. Оның еңбектерінде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Смағұл Сәдуақасұлы сынды тұлғалардың идеялық мұрасы кеңінен талданады. Смағұл Сәдуақасұлының мұраларын жинақтап бастырып, осы көрнекті тұлғаның өмірі мен шығармашылығы туралы ғылыми-зерттеу диссертациясын жазып қорғады. Сөйтіп Смағұл Сәдуақасовтың рухани мұраларын ғылыми айналымға енгізді.

Дихан Қамзабекұлының «Смағұл Сәдуақасұлы», «Алаш және әдебиет», «Алаштың рухани тұғыры», «Руханият», «Пайым», «Омбының Алаш дәптері» сияқты еңбектері қазақ әдебиеттануы мен тарих ғылымы үшін құнды зерттеулер қатарына жатады. Бұл еңбектерде автор ұлт зиялыларының ой-пікірін, ағартушылық қызметін, әдеби мұрасын және мемлекетшілдік ұстанымын ғылыми тұрғыдан саралайды.

Шығармашыл тұлға Дихан Қамзабекұлының шығармаларында ұлттық мінез, тарихи сана, адамгершілік, елдік мұрат мәселелері көрініс табады. Оның публицистикалық мақалалары мен әдеби зерттеулері, фильм сценарийлері оқырманды, көрерменді өткен тарихқа құрметпен қарауға, ұлттық құндылықтарды сақтауға және тәуелсіз елдің рухани негізін нығайтуға үндейді.

Дихан Қамзабекұлы ғылыммен қатар білім беру және қоғамдық қызмет саласында да белсенді еңбек етіп келеді. Ол жоғары оқу орындарында қызмет атқарып, жас ғалымдар мен студенттердің ғылыми ізденісіне бағыт-бағдар берді. Сонымен бірге ұлттық баспасөз саласында да жауапты қызметтер атқарып, қазақ сөзінің қоғамдағы беделін арттыруға үлес қосып келеді.

Ғалымның еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Ол «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Құрмет», «Барыс», «Парасат» ордендерінің иегері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі атанды. Бұл марапаттар оның ғылымға, әдебиетке және ұлттық руханиятқа сіңірген еңбегінің айқын дәлелі.

Қазіргі таңда «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры қызметін атқарып келе жатқан Дихан Қамзабекұлы – қазақ әдебиеттануы мен алаштану ғылымының дамуына зор үлес қосқан көрнекті ғалым, қаламгер және қоғам қайраткері. Оның еңбектері ұлт тарихын тануға, Алаш мұрасын ұлықтауға және жас ұрпақтың бойында елдік сана қалыптастыруға қызмет етеді. Сондықтан Дихан Қамзабекұлының ғылыми және шығармашылық жолы – ұлттық руханиятқа адал қызмет етудің жарқын үлгісі.

«Әдебиет порталы» асқаралы алпыс жасқа шығып отырған академик Дихан Қамзабекұлын құттықтай келе, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, ғылым мен қызмет жолында асқар асулар тілейді!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan