Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Әдебиеттегі топан су тақырыбы...

10.04.2024 1181

Әдебиеттегі топан су тақырыбы 12+

Әдебиеттегі топан су тақырыбы - adebiportal.kz

Ықылым заманнан талықсып жеткен көне аңыздың бірі – Нұқтың кемесі туралы аңыз. Нұқты Нұқ қылған да, оның кемесін әр таудың басына қайырлатып, қасиетті кеме, құтқарушы кеме дегізген де – Топан судың жер бетін басуы еді. Жер жаһанды топан су басатын осы бір әпсана – бабадан балаға жеткен, бүкіл діндерді қамтыған, адам баласына ортақ аңыз. Топан су туралы үрейлі аңыздың не үшін осыншама көп айтыла беретінін дін ғұламаларының өзі нақты түсіндіріп бере алмайды. Топан су аңызы ауыздан ауызға таралып, әдебиеттің көне үлгісі аңыз ретінде бүгінге жетіп отыр.

Санадағы топан су қорқынышын кейбір ғалымдар нәрестенің ана құрсағында жатқан шақтағы, шарана суына тоғытылған күйінен туындаған бейсана естелігі деп де түсіндіреді. 

Топан су аңызы – бұл адам баласының өмір сүру барысындағы табиғат анамен бетпе-бет келген ең үлкен текетіресі десек те болатындай. Ежелгі заманнан бастап адам баласы бүгінгі күнге дейін үздіксіз табиғатты тану мен оны игерудің басқышын басып келеді. Адам баласы неше түрлі қорғаныс киімін киіп, техникалық аппараттарды іске қосып шыңға өрмелеп, теңіздің түбіне түскенімен, мына жұмыр жердің тынысын әлі күнге дейін толық меңгеріп, ауа райы құбылыстарын мүлде бағындыра алмай келеді. Құпиясын қойнына бүккен жер мен теңіз түбінің адам баласының санасы жете алмас өз мистикасы бар. Адам баласы нені дұрыс танымайды содан қорқады және соған бағынады. Адам баласының техниканың тетігіне мінген сайын жаратылыстың сырынан алыстап бара жатқанын көріп отырмыз. Соңғы он жыл көлемінде әлемде табиғаттың тыныштығы кетіп отыр, адам дәрменсіз . Адамзат табиғат алдында кезекті рет тізесін тағы да бүгеме оны алдағы уақыт айқындап жатар.

Жалпы әлемде тосын апаттар жайлы неше түрлі әдеби кітаптар жазылып, кинолар түсірілген. Швециялық жазушы Микаэль Ниемидің «Тоспа» деген романы тау басына неше күн үздіксіз жаңбыр жауғандықтан, тоспаға жиналған судың деңгейі барынша көтеріліп, соның кесірінен тоспа жарылып, соңы үлке апатқа ұласады. Ал, американ жазушысы Дэвид Коуптің «Аврора» шығармасында күн дауылының кесірінен бүкіл жерде электр желісі істен шығады да әлемді қараңғылық жайлайтын туралы жазылады. Тағыда америкалық Ларри Нивен мен Джерри Порнельдің «Люцифер балғасы» дейтін шығармада алып комета жерге соғылып, соңы кинодан көргендегідей алып толқындардың қаланы толықтай шаюы мен теңіз суының буға айналатын уақиғасын баяндайды. Адамзаттың басына төнген мұндай ауыр қатерден соң адам баласына жаңа күрестің парағы ашылады. 

Бұл секілді шетелдік авторлардың шығармаларын тізбектеп жаза берсеңіз әзір бүгін тауыса алмайсыз. Ал мұндай апаттар туралы батыс елдері қаншама кино түсірді. Мысалға «2012» деген әлемді кезекті топан су басатын киноны көрмеген адам кемде кем шығар.

Қазақ әдебиетінде де табиғаттың тосын мінезін суреттейтін алғашқы шығарма деп Атырауда өмір сүрген Қашаған жыраудың (1841-1929)  «Топан» («Жем суының тасқыны») атты жыры бар. 1900 жылғы Жем суының көктем кезінде, дәл биылғыдай аяқ асты көтеріліп, ұйқыда жатқан халықты басып қалатын сәтін суреттейді. Шығармада заманның қария сұпысы алдын болжап, болар қауіпті ескертеді. Жырау ол жерін былай жырлайды:  

«Су тасады жындай» деп,

«Байтақ жатқан халыққа

Бəле келед мұндай» деп. –

Қосқұлақ сұпы Аманбай

Алты күн бұрын өтулі

Елі-жұртын аралап,

Айтқан екен шамалап:

«Елді бүлгін шалад» деп,

«Топан су тасып ағад» деп.

«Бəле келед тұлданған

Кер заманға қырындап, –

Айдың басы қауіп» деп,

Білікті шалдар айтыпты

Оқиғадан бұрынды-ақ.

Тыңдаған бірақ жан бар ма,

Шалдардың сөзін ырымдап?!

Қапыда жатқан, қазіргідей алдын ала ескертетін дабыл жоқ заман, тек қара дауыл ғана үй-үйді жұлмалап, ысқырып тасқын келеді,- қаш, деп естірткендей жағдай болады. Топан көктемде сең бұзылып жатқан шақта келгендіктен алып, таудай сеңдерді бұлттай үйіріп, қаңбақша домаланып, алдынан кезіккенді жапыра, қиратып өтеді. 

Садақа айтты сасқанда-ай,

Көкке суды шашқанда-ай,

Зілмəңкенің басынан

Мұз жапырып асқанда-ай.

Мылтықтың атқан оғынан

Бір де осал тимеді –

Құтылмады қашқандар

Екпінмен мұздар соққанда.

Кəршөндіктегі мастардың

Кеудесі кетіп, бас қалды,

Түкірігі жерге түспеген…

Жырды мұқият оқып шықсаңыз, Жем суының тасуынан адам шығынының аз болмағанын аңғарасыз.

Біреулер қалды атасыз,

Біреулер қалды анасыз,

Біреулер қалды баласыз,

Біреулер қалды жалғыз қарасыз... деп жырлайды. Ол кезде қазіргідей қай бір бетон болмаса күйдірілген кірпішті үй бар дейсіз. Мақтанса балшық кірпіш болар. Жыраудың қолына домбыра алғызып, жыр толғатқан бұл топанның жай тасқын болмағанын әр жолын жүргізіп оқыған сайын сезініп отырасыз.  

Бұл өзі ұзақ жыр. Жырдың басы ел туралы, ертедегі ел басқарған ер туралы, қазақтың сол кездегі жағдайы туралы, патша үкіметінен көрген қазақтың қысымы туралы толғайды. Бұл жыр Қашағанның халықтың қарғын судың құрсауына қалып, қаншама мал-мүлік пен дүниесі, бала-шағасынан айырылып қалған ағайынның көңілін сергіту үшін, көңіліндегі кірбеңін тарқату үшін толғаған жыры екенінен хабар бергіміз келеді. 

Мейілінше тарихи тақырыпты өндіре жазған қазақ прозашылары жер сілкінісі, топан су, қалың қар мен қуаңшылық туралы қалам тербеген жазушылар жоқтың қасы десек те болады. Тек көзге басқандай өз дәуірінің дүлдүл ақыны, онда да тағы поэзия жанырында жазылған Тайыр Жароковтың 1937 жылғы «Тасқын» атты еңбегі айта кетеміз. Автор бұл шығармасында толықтай тасқын жайлы емес, қысқа бір тарауын ғана арнаған. Сол сюжетте жиырмасыншы ғасырдың басындағы Алатау етегіндегі Алматы қаласының тосыннан келген селден зиян шегіп аяғы қасіретке ұласқанын жаза кетеді. Автор бас кейіпкер тағдырының қайғысын қоюлақтан, басына жетімек кеп кигізген сел туралы былайша баяндай кетеді:

Алатау сілкінгендей дірілдеді, 

Тұрғандай күн күркіреп бір үн келді! 

Лақылдап қара тасқын тас лақтырып, 

Көк топан, жер сілкінте дүрілдеді. 

 

Орғып су, мың бүктеліп, тоқсан толқып, 

Талқандап көпірлерді, қамал қырқып, 

Тастарды мың жасаған мөңкіткендей, 

Лақтырды допша қағып жұлқып-жұлқып!...

Тау басынан құлап аққан селдің кішкентай ғана кейіпкердің өзі мен анасын үйінен жұлқа жөңкіп ағады. Асау толқын бала мен ананы осы жерде екіге айырып, анасын су екпінімен тасқа соғып майып қылдырады да, бас кейіпкер Қайсар аман қалғанымен жетімдік деген өмірді өзіне енші етеді. Ана мен баланың басынан кешкен бұл селдің суына тоғытыла арпалысқан сәтін ақын өте шеберлікпен жеткізіп суреттейді.

Батыс өлкенің бізге дейін де неше мәрте суға кеткенін бір құдай ғана мәлім. Атыраудың ежелгі Хазар теңізінің тағанында отырғанынан ба, Қашаған жырау жырлаған 1900 жылғы Жем өзенінің тасқынын тағы бір Атыраулық ақын Аманқос Ершуов (1943-2019) ағамыз да «Топан су» деген поэмасымен таңбалап өтіпті. Бір оқиғаны екі дәуірдің екі ақыны жырлауымен ақ сол жолғы Жем тасқынының кесапаты ғасыр өтсе де, қазіргі елімізде болып жатқан жағдаймен қабаттаса санамызда қайта жаңғырып отыр.

Талайлар кетті кебінсіз,

Талайлар қалды көмусіз

Талайлар қалды енесіз,

Талайлар қалды күйеусіз.

Желкілдеген жастардың,

Талайы қалды өмірсіз.

Қоңырауларын қағатын,

Күймелер қалды жегусіз.

Жылқышылар бағатын,

Жылқысы қалды тебінсіз.

Жерден өнім алатын,

Егінші қалды егінсіз... деп  толғайды. 

Биылғы қарғын су апаты солтүстік өңір мен батыс өлкені шарпып отыр. Бүкіл ел болып, халық болып су қатерінің алдын алуға барынша күрес жүріп жатыр. Телеарна, радио, әлеуметтік желілер қарғын судың астында қалған халықпен бірге тілектес екенін жазып, айтып, хабарлап ақпараттық тұрғысынан көзден таса етпеудің алғы шартын жасап отыр. Адамзаттың мәңгілік тақырыбы - топан су, міне біздің өміріміздің де проблемасы екенін кезекті рет дәлелдеді. Нұқ кеме жасап құтылса, біздің ынтымақ, бірлік, тілектестік сынды ортақ кемемізбен бұл жолғы тасқын суды да жеңіп шығатынымызға кәміл сенеміз!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар