Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ
/
Әйел және әдебиет...

Әйел және әдебиет

10.03.2026

489

Әйел және әдебиет - adebiportal.kz

Жанып кете жаздаған «Лолита»

1953 жылы Владимир Набоков «Лолита» атты романының қолжазбасын  ауласындағы ошаққа  апарып, өртей бастайды. Ол «бұл роман өмірімді күйретеді» деп алаңдаған еді. «Тақырыбы  тым ауыр, тілі өте жұтаң» деп ойлағаны да рас. Сол сәтте әйелі Вера ауладан шығып жатқан түтінді байқап қалып, жүгіріп барып, оны өшіре бастайды. 

Ол жанып кете жаздаған қолжазба парақтарын жалыннан суырып алады. Көп өтпей күйеуін осы шығармасын аяқтауға көндіреді. Аттай желіп арада екі жыл өте шығады. Жанып кете жаздаған «Лолита» Парижде жарық көреді. Кітап болып шыққан соң, тез таралыптіпті көптеген елдерде тыйым салынды, бірақ әдебиет сыншылары тарапынан  «ұлы туынды» ретінде танылды. Күлге айнала жаздаған сол роман бір отбасының өмірін түбегейлі өзгертті. Бүгінге дейін коллекционерлер Набоковтың түпнұсқа қолжазбасын сатып алғысы келеді. Сол баяғы кей парақтары күйіп кеткен қолжазба табылса, біраз ақшаға сатылары анық. Бұл жағдай бізге ұлы өнерді кейде тек бір адамның іс-әрекеті  сақтап қала алатынын түсіндіретін бір ғана мысал. 

Маркеске сенген Мерседес

Гарсия Маркес 18 ай тапжылмай жұмыс бөлмесіне отырып, «Жүз жылдық жалғыздық» романын жазуға кіріседі. Ал оның әйелі Мерседес үй иесін де, сыртқы әлемді де күйеуінен алыстатып отыруға барын салыпты. 

1966 жылдың соңында романын аяқтаған кезде, Мерседес күйеуіне былай деп тіл қатады: – Романыңыз ақыры  аяқталды ма? Біз қазір басқаларға 12, 000 доллар қарызбыз. Габо (Маркестің лақап аты) «Жүз жылдық жалғыздық» романын аяқтаған соң, 700 беттік қолжазбасын алып, әйелі екеуі Аргентинадағы баспаға жіберу үшін поштаға барады. Қалталарында бар болғаны 45 песо ғана. Бұл ақша тек қолжазбаның жартысын ғана жіберуге жететін. Сонда Мерседес үйіне кері қайтып барып, пеш пен өзі қолданатын фенді базарға апарып сатады. Пеш – олардың үйіндегі ең маңызды заттардың бірі болатын, өйткені Габо кез келген жағдайда жаза алатын, бірақ суыққа төзімсіз еді. Ол сол заттарды сатып, 50 песо жинайды да, қалған қолжазбаны пошта арқылы жібергізеді. 

Сол кезде Мерседес күйеуіне қарап: – енді тек біз жіберген кітап нашар болмай шықса игі едідеп сәл ғана езу тартады. «Табысқа жеткен әр азаматтың артында бір қайсар әйел тұрады» дегенді осындайда еске алған дұрыс шығар.  

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan