Әйгілі Мо Янь Алматыда

135

Әйгілі Мо Янь Алматыда - adebiportal.kz

2026 жылдың 22 маусымында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен әлемге әйгілі қытай жазушысы, Нобель сыйлығының иегері Мо Яньмен кездесу басталды. 

Әдебиетсүйер қауым, студенттер, ғалымдар мен қаламгерлер қатысқан бұл жүздесу қазақ руханияты үшін елеулі мәдени оқиға болды.

Мо Янь – қазіргі қытай әдебиетінің ең көрнекті өкілдерінің бірі. Ол 2012 жылы әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын иеленіп, қытай әдебиетін әлемдік деңгейге көтерген қаламгер ретінде танылды. Жазушы шығармаларында ХХ ғасырдағы Қытай қоғамының күрделі тағдырын, қарапайым адамдардың өмірін, ұлттық болмысты, тарихи жадыны және адам табиғатының қайшылықтарын шебер суреттейді.

Кездесуді қаламгер өзінің шығармашылық жолы, жазу машығы, әдебиеттің қоғамдағы орны және қазіргі әлемдегі жазушы жауапкершілігі туралы ойларымен бастады. Әсіресе ұлттық әдебиетті әлемге таныту мәселесіне тоқталып, әр халықтың төл мәдениеті мен рухани тамырынан ажырамауы қажет екенін атап өтті. Оның пікірінше, әдебиет – халықтың тарихи жадын сақтайтын ең қуатты құралдардың бірі.

Шара аясында қазақ тіліне аударылған «Халық халі» және «Сарымсақ жыры» кітаптарының таныстырылымы өтеді. Бұл туындылардың қазақ оқырманына жол тартуы – екі ел арасындағы мәдени байланыстың нығаюының жарқын көрінісі. Аударма әдебиет арқылы қазақ оқырманы қытай қоғамының рухани әлемімен жақынырақ танысып, әлем әдебиетінің үздік үлгілерін ана тілінде оқу мүмкіндігіне ие болып отыр.

Қазіргі жаһандану дәуірінде әдеби байланыстар халықтарды жақындастыратын маңызды көпірге айналып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Мо Яньнің Қазақстанға келуі мен қазақ оқырмандарымен жүздесуі тек әдеби шара ғана емес, мәдени дипломатияның да маңызды көрінісі болды. Мұндай кездесулер жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, әлем әдебиетін тереңірек тануға мүмкіндік береді.

Қазақ әдебиеті де бүгінде әлемдік әдеби кеңістікке шығу жолында. Сондықтан Мо Янь сияқты халықаралық деңгейдегі қаламгерлердің тәжірибесі мен шығармашылық ұстанымдары отандық әдеби орта үшін де үлкен мектеп болмақ. Әлемдік әдебиеттің үздік өкілдерімен сұхбат құру, олардың шығармашылық лабораториясымен танысу – ұлттық әдебиеттің дамуына ықпал ететін маңызды факторлардың бірі.

Мо Яньмен өткен бұл кездесу қазақ әдеби қауымының жадында ұзақ сақталатын тағылымды басқосу ретінде бағаланары сөзсіз. Әдебиет арқылы халықтар арасындағы рухани байланыс нығайып, мәдениеттер сұхбаты жаңа деңгейге көтерілді. Қазақстан оқырманы үшін бұл – әлемдік әдебиеттің ірі тұлғасымен жүздесудің сирек мүмкіндігі ғана емес, әдебиеттің шекара талғамайтын құдіретін тағы бір мәрте сезінген ерекше күн болды.
Фотосуреттер ақын Өміртай Еділханұлының жеке мұрағатынан алынды

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan