Аймауытов театры Астанада өнер көрсетті
Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры 6-7 қазан күндері Астана қаласына гастрольдік сапармен келіп, Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театрының сахнасында үш қойылым ұсынды.
Ертіс-Баян өңірінің театры гастроль барысында Данияр Салимзяновтың балаларға арналған «Көңілді Роджер» ертегісін, Сәкен Сыбанбайдың «Балам, қашан келесің?..» драмасын және Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығы негізінде сахналанған «Ұждан» әфсанасын сахналады.
Театрдың бүгінгі репертуарындағы бұл үш қойылым жанрлық жағынан да, көтеретін мәселесі тұрғысынан да әр алуан. «Көңілді Роджер» — достық, еркіндік пен батылдықты дәріптейтін шытырман оқиғаға құрылған ертегі. Қоюшы режиссері – Жангелді Садықов. Қойылымдағы Теңіз Төбеттері мен Теңіз Мысықтарының қазына жолындағы тартысы балаларды қызықты оқиғаларға жетелеп қана қоймай, бір-біріне сену, қорқынышты жеңу, достықтың қадірін түсіну секілді ұғымдарға назар аударады.
Ал Сәкен Сыбанбайдың «Балам, қашан келесің?..» драмасы – адам мен адам арасындағы жауапкершілік, ата-ана мен перзент арасындағы үзілген байланысты арқау еткен психологиялық туынды. Жұлдызбек Жұманбай қойған спектакльдің өзегінде алты тағдырдың бір ғана үмітпен – «бүгін келеді» деген сеніммен өмір сүріп отырған сәті жатыр. Бір мекенге тоғысқан кейіпкерлердің әрқайсысының өз өкініші, өз жарасы бар. Олардың күткені – перзенттері. Бірақ сол есік ашылғанда табалдырықтан кім аттайды деген сауал спектакльдің драмалық түйінін құрайды.
Гастрольдік бағдарламаның салмақты туындыларының бірі – Шәкәрім Құдайбердіұлының философиялық ой-толғамдары негізінде сахналанған «Ұждан» әфсанасы. Инсценировка авторы – Нүркен Тұрлыбек, режиссері – Азамат Ниғманов.
Қойылым Шәкәрім шығармашылығындағы ар, ұят, ынсап, намыс ұғымдарын бүгінгі қоғамның рухани ахуалымен сабақтастыра қарастырады. Адамдық қасиеттердің әлсіреуі, мейірімнің азаюы, ар таразысының салмақсыздануы – спектакльдің негізгі өзегіне айналған. Шәкәрімнің «Осы жұрттың, байқаңыз, беті қалай, / Қайда қаңғып барады осы қазақ?» деген сауалы спектакльдің идеялық арқауын айқындай түседі.
Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының тарихы 1938 жылдан басталады. Тәуелсіздік жылдарында қайта түлеген театр 1990 жылғы 7 желтоқсанда М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясымен шымылдығын қайта ашты. 1992 жылы өнер ұжымына Жүсіпбек Аймауытовтың есімі берілді.
Театр сахнасында қазақ драматургиясының таңдаулы шығармаларымен қатар әлем классикасының туындылары да қойылып жүр. М.Әуезовтің «Қаракөзінен» У.Шекспирдің «Король Лиріне», А.П.Чеховтің «Шағаласынан» Еврипидтің «Медеясына» дейінгі шығармалар театр репертуарының ауқымын кеңейтті. Тәуелсіздік жылдарында театр сахнасында 160-қа жуық қойылым көрерменге жол тартқан.
Соңғы жылдары театр ұжымы республикалық және халықаралық театр фестивальдерінде де табысты өнер көрсетіп келеді. 2023 жылы Мәскеу облысының Мытищи қаласында өткен «Подмосковные вечера» фестивалінде «Үздік ансамбль» номинациясын иеленсе, Оралдағы театрлар бәсекесінде «Король Лир» спектаклі «Үздік сценография», Көкшетаудағы байқауда «Венециялық егіздер» қойылымы «Үздік режиссерлік қойылым» аталымына ие болды. 2024-2025 жылдары Қазақстан театр сыншылары бірлестігінің жүлдесінде де бірнеше номинация бойынша марапатталған.
Бүгінде Жүсіпбек Аймауытов атындағы театр Арман Темірбектің басшылығымен, Әділет Ақановтың көркемдік жетекшілігімен толағай табыстарға жетіп жүр.
Павлодар театрының елордадағы бұл сапарын – Ертіс-Баян сахнасының ізденісін Астана көрерменіне таныстырумен қатар, ұлттық драматургия мен театр өнерінің бүгінгі тынысын көрсетуге мүмкіндік берген мәдени байланыс деуге болады.
