Шыңғыс Айтматовтың мұрасы тек Қырғызстан мен Түркі әлемінің ғана емес, бүкіл адамзаттың ортақ рухани қазынасы. Жазушы шығармаларында көрініс тапқан адамның қадір-қасиеті, Отанға деген сүйіспеншілік, тарихи жадыға адалдық және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік сияқты құндылықтар бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бұл жайында Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова Халықаралық Ыстықкөл форумында айтты.
Қырғыз Республикасында Шыңғыс Айтматов атындағы 40-шы мерейтойлық Халықаралық Ыстықкөл форумы жұмысын бастады. Биылғы форум қырғыз халқының ұлы жазушысы, ойшылы әрі гуманисі Шыңғыс Айтматовтың туғанына 100 жыл толуына арналып отыр.
Өз сөзінде профессор Ақтоты Райымқұлова Ыстықкөл форумының Еуразия кеңістігіндегі ең беделді зияткерлік алаңдардың бірі екенін, оның мемлекет қайраткерлерін, ғалымдарды, дипломаттарды, мәдениет өкілдерін және халықаралық сарапшыларды қазіргі заманның өзекті мәселелерін талқылау мақсатында бір арнаға тоғыстырғанына тоқталды.
Сөз барысында Ақтоты Райымқұлова форум қатысушыларын Түркі мәдениеті және мұрасы қоры жүзеге асырып жатқан жобалармен таныстырды. Әсіресе түркі халықтарының бай тарихи-мәдени мұрасын сақтау, насихаттау және келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған бастамаларға, сондай-ақ цифрландыру, инновациялар, ғылым және білім беру салаларындағы жобаларға ерекше назар аударды. Аталған жобалар қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайында гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға және Түркі әлемінің орнықты дамуына ықпал ететінін жеткізді.
Іс-шараның салтанатты ашылу рәсіміне Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Айта кету керек, форумның ашылуы аясында қатысушылар «Ата-Бейіт» мемориалдық кешеніне барып, көрнекті қырғыз жазушысы әрі ойшылы Шыңғыс Айтматовтың жарқын рухына тағзым етіп, оның қабіріне гүл шоқтарын қойды.
18–21 маусым аралығында өтетін форумға Нобель сыйлығының лауреаттары, халықаралық ұйымдардың басшылары, дипломатиялық корпус өкілдері, әлемге әйгілі жазушылар, беделді тарихшылар мен халықаралық бестселлерлердің авторлары, Түркі мемлекеттері мен өзге де шет елдердің жазушылар одақтарының жетекшілері мен көрнекті өкілдері, сондай-ақ мәдениет, өнер және ғылым қайраткерлері қатысуда.
Түркі мәдениеті және мұрасы қорының баспасөз қызметі
