Академик Абдылдажан Акматалиевпен кездесу өтті
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында қырғыз әдебиеттанушы ғалымы, академик, филология ғылымдарының докторы, профессор Абдылдажан Амантурович Акматалиевпен кездесу өтті. Жиынға кафедра профессорлары мен оқытушылары, магистранттар, докторанттар және Қырғызстаннан келген ғылыми қызметкерлер қатысты.
Абдылдажан Акматалиев – Қырғызстанның көрнекті әдебиеттанушыларының бірі. Ғылыми зерттеулерінің негізгі бағыттары қырғыз әдебиетінің тарихы, фольклортану, «Манас» эпосы, Шыңғыс Айтматов шығармашылығы және түркі халықтарының әдеби байланыстарын қамтиды. 2013–2017 жылдары Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті қызметін атқарған. 2017 жылдан бастап Шыңғыс Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтын басқарған.
Ғалымның ғылыми мұрасында 74 монография, 17 өлеңдер жинағы және 1000-нан астам ғылыми мақала мен кітап бар. Оның жетекшілігімен 101 ғылым кандидаты мен докторы, профессорлар даярланған. Еңбектері әлемнің 30-дан астам елінде танылған.
Ғалымның белгілі еңбектерінің қатарында «Чингиз Айтматов и взаимосвязи литератур» (1991), «Значение творчества Ч. Айтматова в процессе взаимообогащения национальных литератур» (1994), «Космос Айтматова – Человек и Вселенная» (1995), «Древняя общетюркская литература» (2001), «Чингиз Айтматов: Человек и Вселенная» (2013) атты зерттеулері бар. Сондай-ақ оның жетекшілігімен қырғыз әдебиетінің жеті томдық тарихы әзірленіп, мемлекеттік сыйлыққа ие болған.
Ғылыми еңбектері үшін Қырғыз Республикасының ғылым және техника саласындағы мемлекеттік сыйлығын екі мәрте иеленген. «Манас» орденінің II және III дәрежелерімен, «Данакер» орденімен, Қазақстанның II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталған. 2017 жылғы ТМД-ның «Достастық жұлдыздары» сыйлығының және 2023 жылғы Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты.
Кездесу барысында ғалым қазақ әдебиеттану ғылымының өкілдерімен ұзақ жылдар бойы қалыптасқан байланысына тоқталып, Рахманқұл Бердібаев, Зейнолла Қабдолов, Тұрсын Жұртбай, Шәкір Ибраев және басқа да қазақ ғалымдарымен арадағы ғылыми қарым-қатынасын еске алды.
«Біз осы көпірде келе жатырмыз. Мынау сіздермен бірге біз де ұласып бара жатырмыз», – деді ол қазақ-қырғыз ғылыми сабақтастығы туралы.
Сонымен қатар Шыңғыс Айтматовтың Қазақстанмен әдеби және мәдени байланыстарын зерттеу мәселесін қозғады. Қазіргі уақытта Қырғызстанда «Айтматов және Қазақстан» энциклопедиясын әзірлеу жұмыстары басталғанын айтып, қазақстандық ғалымдарды ортақ ғылыми жобаға қатысуға, зерттеу мақалалары мен тың деректер ұсынуға шақырды.
Кафедра профессоры Болат Қорғанбек өз сөзінде қазақ-қырғыз әдебиеттанушылары арасындағы көпжылдық ғылыми байланыстарды еске алып, Абдылдажан Акматалиевтің ортақ әдеби мұраны зерттеу мен екі елдің ғылыми ынтымақтастығын дамытудағы еңбегін атап өтті. Ғалымның еңбекқорлығын, қарапайымдылығын, бауырмалдығын және жас зерттеушілерге деген ықыласы жайлы айтты.
Кездесу соңында Қырғызстаннан келген жас манасшы «Манас» эпосынан үзінді орындады. Қырғыздың дәстүрлі эпикалық өнерін танытқан бұл орындау жиынның мазмұнын толықтыра түсті. Басқосу соңында академик Абдылдажан Акматалиевке құрмет көрсетіліп, шапан жабылды. Кездесу барысында айтылған естеліктер мен пікірлер әдеби байланыстардың тарихы тек кітаптар мен ғылыми мақалаларда ғана емес, ғалымдардың бірлескен жұмысы, ұстаздық сабақтастығы, жеке қарым-қатынасы арқылы да қалыптасатынын аңғартты.
Жауынбай Жылқыбайұлы
