Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Акутагаваның әңгімесі...

05.08.2022 6640

Акутагаваның әңгімесі 14+

Акутагаваның әңгімесі - adebiportal.kz

Жапонның классик жазушысы Рюноске Акутагава жайында естімеген ел болмаса керек. Әсіресе әдебиеттің айналасында жүргендер қаламгер шығармашылығына таңдай қағудан жалығар емес. Өзіндік сырлары бар туындалары бір төбе. Ол жайында әлем әдебиетінің ірі өкілдері жазды. Соладың бірі аргентиналық прозаик, ақын Хорхе Луис Борхес Акутагава туралы мынадай пікір айтады: «Акутагавада Шығыс пен Батысты нақты бөлу мүмкін емес сияқты және терминдердің өздері бір-бірін жоққа шығармайды: семиттердің мұрасынан шыққан христиан діні бүгінде Батысты сипаттайды. Дегенмен мен Акутагаваның тақырыптары мен сезімдері шығыстық та, ал поэтиканың басқа әдістері батыстық деген пікірмен дауласпас едім. Сонымен, «Кэса мен Морито» және «Расемон» туындыларында біздің алдымызда әртүрлі кейіпкерлер айтқан бір сюжеттің бірнеше нұсқасы бар – «Сақина мен кітапта» Браунинг қолданған қимыл бар. Керісінше, жасырын қайғы-қасірет, сыртқы келбетке назар аудару, жанасудың жеңілдігі маған кез келген аударманың сөзсіз шығындарымен, терең жапон ерекшеліктерімен көрінеді. Акутагава беттерінде ерекше және қорқынышты әлдене билік етеді, бірақ бұл оның стилінде емес, онда ол әрқашан мөлдірлікті сақтайды». Ал әдебиеттанушы Амангелді Кеңшілікұлы жапон классигі жайында мынадай пікір айтыпты: «Акутагава әдебиеттегі жолы бірден болған жазушылардың қатарынан. 1915 жылы алғашқы жарық көрген «Расемон қақпасы» және «Мұрын» әңгімелерімен-ақ ол жапон прозасының хас шебері Сосэки Нацумэнің ыстық ықыласына бөленген жалғыз жапон жазушысы болды. Сән қуған прозаиктердің соңынан ілесіп кетпей, ағысқа қарсы жүзіп, сөз өнеріндегі өзгеше әлемін жасаған Нацумэні бір нәрсеге таң қалдыру қиын еді».

Жапон прозаигі Рюноске Акутагава шығармашылығымен алғаш таныстық «Расемон қақпасы» арқылы басталған. Бұлтсыз күнде аяқ астынан төпелеп құйған жаңбырдай әсер етіп еді. Жақында жазушының «Мұрын» атты әңгімесін қайтадан оқып шықтым. Әлемге танылған классик жазушы осы екі туындысымен-ақ әдебиет есігінен алшаң басып кірген көрінеді. Бір жағынан күлкі шақыратын, сөйте тұра адамды ойға жетелейтін «Мұрын» әңгімесі жайлы кеңірек тоқталғымыз келеді.

Дзэнти есімді монахтың ұсқынсыз мұрны жайындағы әңгімеден Чехов шығармашылығына біртүрлі ұқсастық білінеді. Бірақ атмосферасы басқа. Соған қарағанда, әр жазушының мінезі жазған туындысында қалып қоятындай. Чехов жұмсақтау болса, Акутагава аяусыз. Содан болар, жапон жазушысының кейіпкерлері шарасыз мүсәпір күйде, тағдыр тауқыметін тартқан жандар бейнесінде көрінетіні. Әйтсе де, «Чеховта да солай ғой» деуіңіз мүмкін. «Шенеуніктің өлімі», «Қораптағы адам», Алтыншы палата», айта берсе көп. Бәрінде де кейіпкерлер шарасыз күйде қалғандар. Біздіңше, ерекшелік мынада: Чехов кейіпкерлеріне жай ғана субъект ретінде қарайды да оларды әжуалайды. «Шенеуніктің өлімі» әңгімесінде де солай. Червяков есімді кейіпкер театрда отырып түшкіріп жібереді. Түшкірік адам еркінен тыс ойда-жоқта келеді емес пе? Бірақ кішкентай шенеунік өзінің осы әрекетіне қатты қысылады. Себебі өзінен алдыңғы қатарға жайғасқан «генерал Бризжалавқа түшкірігім шашырап кетпеді ме екен?» деп қатты алаңдайды. Оның бұл әрекеті оқырманды күлкіге қарқ қылуы әбден мүмкін. Бірақ Червяков өте қорқақ, аянышты адам. Бұл әрекетінің соңы оны өлімге жығады. Осыдан Чеховтың кішкентай адамдарының ішкі халін аңғарамыз. Суреткер кейіпкерлерінің әрекеттері арқылы кемшіліктерін бетіне басады.

Ал Акутагава кейіпкерлерінің жан әлеміне тереңірек үңілетін сияқты. «Мұрын» әңгімесінде осы нәрсе анық көрінген. Икэнудағы монах Дзэнти өз мұрнынан құтылудың амалын ойлап күнелтеді. Негізінде ол дүниелік заттарды ойламауға тиіс еді ғой. Монах болса бұл дүниені тәркі етіп, басқаша ғұмыр кешуге тиісті болатын. Бірақ ол жатса да, тұрса да тек бір ғана нәрсені ойлайды: өз мұрнынан арылу.

Акутагава адамды пенде ретінде сипаттайды. Ол қанша жоғарымен байланыс орнатуға тырысқанымен, пенде болып қалатынын меңзейтіндей. «Мұрын» әңгімесінде осы бір ерекшелікті байқаймыз. Ғибадатханаға келген күллі адамның, шәкірттерінің де алдында күлкіге қала беретін монахтың ішкі сезімі арқылы ол адам болмысының ең астыңғы қабаттарына үңіледі. Монахтың ішкі жан дүниесінде дін өз жайына қалып, бірінші орынға оның мұрны көтеріледі. Бұл жерде мұрын жай ғана жазушының таңдап алған тәсілі болуы мүмкін. Оның орнында бас, көз немесе аяқ болуы да ықтимал ғой. Басты мәселе – адамның ішкі қалыбы. Адам идеал болуға талпынған сайын құрдымға кететінін меңзейтіндей. Акуагава монхты былайша сипаттайды:

«Икэнудағы монах Дзэнтидің мұрны жайлы бәрі білетін. Ұзындығы бес-алты сун мұрын ерін мен иек астынан төмен салбырайтын да әрі оның түбінен де, ұшынан да жуандығы бірдей көрінер еді. Сонымен, оның бетінің ортасында шұжық тәрізді ұзын нәрсе ілулі тұрды.

Монах елуден асқантұғын әрі бүкіл өмірінде, ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейін, найдодзегубудың жоғары дәрежесіне ие болған ол өзінің осы мұрнына бола қатты қайғырды. Әрине, қазірдің өзінде бұл тақырып оны өте аз мазалағандай кейіп танытты. Бұл жайдан-жай емес еді.

Ол бүкіл ой-пікірін Будда Амиданың жанындағы болашақ өмір сүруге арнауы керек дін қызметкерінің мұрны туралы алаңдауын орынсыз деп санады. Өз мұрны бұны қаншалықты мазалайтынын біреу болжамаған шығар деп көбірек уайымдады. Күнделікті әңгімелесу кезінде ол сөздің мұрын жайына айналуынан қатты қорқатын...».

Жалпы қандай дінде болсын адам о баста жаратылған болмысын қабылдауға тиісті еді. Бірақ бұндағы бас кейіпкер монах бола тұра өзінің мұрнын қабылдай алмайды. Бәлкім, оған шәкірттерінің күлкі етуі ауыр тиген шығар. Не болмаса, бүкіл адам бұның ғана мұрнын сөз етуден қорыққан болар. Бұл масқара халден арылу үшін ол өзіне ұқсас адам іздейді. Егер сондай мұрны ұсқынсыз жанды тапса көңілі орнына түсетін еді.

«Монах әрқашан басқа адамдардың мұрындары туралы қатты алаңдады. Икэну ғибадатханасы көбінесе арнау рәсімдері, уағыздар және тағы да басқа осындай жоралғылар жасалатын ғибадатханалардың бірі-тұғын. Ғибадатхана ішінде түгелдей ұяшықтар салынған, бұл жердегі моншаларда күн сайын су жылытылатын. Келушілер – монахтар мен қарапайым адамдар өте көп еді. Монах бұл адамдардың жүзіне бағудан шаршамайтын. Ол ең болмағанда өзінікіндей мұрны бар бір адамды табамын деп үміттенді, сонда оған жеңілірек болар еді...».

Монахтың ішкі көңіл күйін Акутагава өте ашық суреттейді. Бұл үшін оны айыптаудан аулақ. Адам болған соң ондай кемшілік болуы заңды сияқты көрінеді. Тіпті жоғары дәрежелі дін қызметкерінің өзі осалдық танытқанда жай адам қалай болар еді деген ой турады. Бірақ адамның адамдығы оның діни мәртебесімен не болмаса лауазымымен шектелмейді екен. Монах Дзенти – Акутагава жасап шыққан тип. Ол бір ғана адамның болмысы емес. Ішкі жан дүниесі құлдыраған адамдар жетіп-артылады. Жазушы осындай адамдардың ортақ типажын жасағандай. Сондай жандардың психологиялық күйіне дендеп еніп, оқырманға көрсеткен.

Жалпы Акутагава шығармашылығында кейіпкер жалғыздығы мәселесі де анық көрініс береді. Адамның сыртқы кемшілікеріне мән беруінің сырын ашады. Егер ішкі күйің тыныш болмаса, қанша жерден сыртқа мінсіз көрінгеніңмен, жүрегің орнықпайтынын меңзейді. «Мұрын» әңгімесіндегі бас кейіпкер Дзэнти де содан азап шегеді. Оның ұсқынсыз мұрнына бола күйінуінің сыры әріде жатыр. Өз-өзіне көңіл толмаушылық, өзгенің пікіріне тәуелділік мәселелері ашылған.

Монах Дзэнти өз мұрнын «емдеудің» амалын іздейді. Ол үшін ұсқынсыз мұрынмен өмір сүру азаптың азабы еді. Бір жағынан, тамақ ішкен сайын шәкірттеріне жүгінуі де өзіне ыңғайсыздық туғызатын. Себебі өз бетінше тамақтану қиын еді. Ұзын мұрны қайта-қайта тамаққа түсіп, мазаны кетіретін. Сол үшін де ол шәкірттерін қалаға жіберіп, ем іздейді. Қуанышқа орай, бір шәкірті монахтың мұрнын емдеудің тәсілі барын біліп келеді.

«Монах, күтілгендей, мұрын туралы сұраққа мүлдем бейжай қараған кейіп танытты әрі аталған әдісті бірден қолданып көргісі келгенін де білдірмеді. Екінші жағынан, ол шәкіртті тамақ ішкен сайын алаңдатудың өзі үшін өте жағымсыз екенін, өтіп бара жатқандай боп, ақырын атап өтті. Жүрегінің түкпірінде шәкірті өзін осы әдісті қолданып көруге көндіреді деп күткен еді. Ал шәкірт болса монахтың бұл қулығын тамаша түсінді. Ол бұл қулыққа қаншалықты жиіркенсе де, монахты соған жүгінуге мәжбүрлеген сезімдер оған анағұрлым күшті әсер етіп, жанашырлығын оятты. Монахтың күткеніндей, шәкірт ұстазының осы әдісті қолданып көруі үшін барын сала бастады. Монах ақыр аяғында шәкіртінің жанын салып жалбарынуына көнгендей кейіп танытты».

Әңгімені оқып отырып, монахтың шарасыз күйіне әрі айлалы әрекетіне таңдана түсесіз. Оған бәрібір сияқты кейіп танытады. Осыған қарап, монахтың ішкі әлемі қаншалықты құлдырағанын білуге болатындай. Акутагава кейіпкерінің әрбір әркетіне мән береді. Тұтас бейнені жасап шығарады. Монах Дзэнтидің болмысын анық ашады. Оның ішкі әлемінде нендей хәл орын алғанын көрсетеді. Шынында да, монах барлығы сияқты ет пен сүйектен жаратылған адам. Өзін қанша жерден мінсіз дін қызметкері көрсеткенімен, оны алаңдататын дүниелік нәрселер бар. Ең біріншісі – оның мұрны. Бұл «дерттен» айығу үшін тіпті мұрнын табанға таптатуға да көнеді.

«– Осы қайнағаны жеткілікті.

Монах миығынан күлді. Ол бұл тіркесті біреу-міреу естіп қалса, әңгіме мұрын туралы екені үш ұйықтаса ойына кіріп-шықпас еді деп түйді.

Қайнаған суға күйген мұрын бүрге шаққандай қышып мазаны кетірді.

Монах ыдыстағы тесіктен мұрнын суырып алды. Әлі де буы шығып тұрған мына мұрынға шәкірт екі аяғымен төпелеп, бар күшімен тепкілей бастады. Монах мұрнын тақтай еденге қойып жатқан-ды, оның көз алдында шәкірттің аяғы жоғары-төмен қозғала берді. Шәкірт анда-санда монахтың тақыр басына жанашырлықпен қарады да, сұрады:

– Ауырмай ма? Дәрігер қатты таптауды ескертті. Ауырып тұр ма?

Монах ауырмағанының белгісі ретінде басын шайқағысы келген. Бірақ оның мұрнында шәкіртінің аяғы тұрған-ды, басын қозғалта алмады. Сосын көзін жоғары қадап, суықтан жарылған шәкіртінің өкшесіне қадала қарады да ашулы дауыспен жауап берді:

– Жоқ, ауырмайды».

Бұл диалогты оқыған соң монах қалайша өзін соншалық төмендетуге келісім берді екен деген ой келеді. Бірақ оның есіл-дерті ұсқынсыз мұрыннан құтылу болды ғой. Сондықтан жаны ауырғанына қарамай шәкірті айтқан тәсілді жасайды. Соны жасаған соң ұсқынсыз мұрнынан құтылатынына сенеді. Әйтсе де, бәрі басқаша болды. Ол ұсқынсыз мұрыннан арылғанымен, елдің күлкісіне қалудан құтыла алмайды. Демек, мәселе мұрында емес екен. Монахтың мұрны кішірейіп қалыпқа келсе де жұрт оны күлкі етуін тоқтатпайды. Жазушы адамның ішкі жағдайы дұрыс болмай бәрі бекершілік екенін меңзегендей. Енді монах бұрынғы мұрнын қайта аңсай бастайды.

«...Олар ешқашан дәл бұлай өрескел күлген емес» деп күбірледі монах оқтын-оқтын киелі кітапты оқудан көзін ала бере тақыр басын бір жаққа қисайтып. Осы кезде біздің сымбатты жігітіміз жақын жерде ілулі тұрған Вишвабху бейнесіне бейжай қарап тұрып, бірнеше күн бұрын мұрны қаншалықты ұзын болғанын есіне алды да, мұңайып ойға батты: «Енді мен бұрынғы гүлденуінен жасырынып, кедейлікке ұшыраған адам сияқтымын...». Өкінішке қарай, монах не болып жатқанын түсінуге дәрменсіз еді».

Соңына қарай бастапқы ойдан айныған адам бейнесін Акутагава шебер жасаған. Монах бұрынғы мұрны әңгіме аяғында қайта қалпына келген кезде қатты қуанады. Былай қарағанда қызық сезім. Өзінде бардың бағасын білуге де кейде құрбандық керек болады екен. Акутагава «Мұрын» әңгімесі арқылы бізге көп нәрсені ұқтырғысы келгендей. Ол әлем әдебиетінен сусындаған, жапон мәдениетін терең білген жазушы. Борхес айтқандай, «Акутагава ағылшын, неміс және француз әдебиетінен қанып ішкен; оның кандидаттық диссертациясының тақырыбы Уильям Морристің шығармашылығы болды; ол үнемі Шопенгауэр, Йейтс пен Бодлерге қайта оралып отырды. Оның алдына қойған басты міндеттерінің бірі – өз халқының салт-дәстүрін жаңаша, психологиялық тұрғыдан түсіндіру еді». Бүгінде классикалық туындыларына қарап-ақ, жазушы өз міндетінің үдесінен шыққанын білуге болатындай.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар