Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
СӨЗ ДАУЫСЫ
/
Дала заңдары - Конституция негізі...

29.08.2025 616

Дала заңдары - Конституция негізі 6+

Дала заңдары -  Конституция негізі - adebiportal.kz

Үш мыңжылық тарихымызда Ұлы Даладағы өмір сүру салтына үйлескен құқықтық ережелер қалыптастыра алған халықпыз!

ҚР Конституциясының бірінші бабының бірінші тармағында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған. 

Арналып Отаныма бар ізгі әнім,

Өмірлік орындалып парыздарым,

Қорғалса абыройым, ар-ұжданым, –

деп ақын Абдрахман Асылбек жырлағанындай, Ата заңда көрсетілген бұл ұғымдар – қазақстандық атанған жиырма миллионнан астам халықтың ел аумағында еш алаңсыз, бейбіт өмір кешуінің заңдық кепілі.

Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Ата заңы қабылдануының 30 жылдық белесінде халқымыздың көнеден кешеге дейінгі дәстүрлі конституциялық тарихына шолу жасауды мақсат тұттық. 

Конституция деген сөздің өзі латынның constitutio – «құрылым» деген сөзінен шыққан, мемлекеттің негізгі заңы, яғни елдегі барлық өзге заңдарға қатысты жоғары заңды күшке ие заң немесе заңдар тобы дейтін ұғымға саяр болсақ, мұндай заң біздің мемлекеттілік тарихымызда молынан болғанына тарих куә. 

Олар – «Шыңғыс ханның Ұлы жасағы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Тәуке ханның жеті жарғысы». 

«Ұлы Қытай қорғанына қанша ғасыр болса, оны тұрғызуға мәжбүрлеген көшпелі жұрттың мемлекеттілік тарихы да соншама ғасыр» деген түсінік бар. Сондықтан да біз мемлекеттілігіміздің арғы бастауын ғұн, сақ, үйсін, қаңлы заманынан алуға толық құқығымыз бар. Аталған мемлекеттердің де өз тұтастығын қамтамасыз ету үшін құқықтық қағидаттарға сүйенгені анық және ол туралы нақты айғақтар әзірге жоқ. Тек көрші елдердің елші, барлаушы-жиһангездерінің жазбаларында там-тұмдаған деректер кездеседі.

Атап айтқанда ежелгі қытайлық, римдік тарихшылардың жазып қалдыруынша ғұндарды шаньюй (тәңірқұт) билесе, ол ақсақалдар кеңесі мен халық жиналысының шешімдеріне тәуелді болғандығы және ауыр қылмыс жасағандарға өлім жазасын кесетіні айтылады. Ал ұсақ қылмыс жасағандарға бетін тілу жазасы жүктелген. Қазақтың «бетің тілінгір» деген қарғысының түпкі сыры осы бір жазада жатқаны анық.

Ұланғайыр Ұлы Далада салтанат құрған Түрік қағанаты дәуірінен сақталып жеткен заңдар жинағы болмағанымен, Орхон даласында сақталған тас ұстын мәтінінің өзі жол-жобалы елдің нұсқасынан хабар беріп тұрғандай:

Түрік халқы үшін

Түнде ұйқысыз жорттым.

Күндіз күлкісіз жорттым.

Інім Күлтегінмен бірге

Екі шад бірлесе отырып,

Өліп-тіріліп елдікті орнаттық, - 

деген жолдардан түрік елін билеушілердің сол заманда қағанатты заңға бағынған, бақуатты мемлекет етіп құра алғанын көреміз. Мемлекеттің қуаттылығы – заңға бағынған тәртіпке тікелей байланысты екені қай заманда да дәлелденген аксиома.

Н.Я.Бичурин аудармасы бойынша «Тхань әулетiнiң тарихы» деп аталатын қытайлық жылнамада түркiлердiң күнделікті өмірде орын алып жататын қылмыс-қайшылықтардың алдын алу үшін ұстанатын мынадай жаза түрлері айтылған екен. «Бүлік тудыру, сатқындық жасау, кісі өлтіру, біреудің әйелімен ойнас болу, шідерлі атты ұрлау – өлім жазасына кесіледі.»

Міне елдің ішін бірлік-берекеге келтіру үшін осындай қатал жосықты ұстанған Ұлы Далада билік жүргізген Түрік қағанаты осындай қатал тәртіп пен жазаны қолданған екен. Қытайлық жылнамада белгіленген бұл жаза түрлері кейінгі кезеңдердегі еуропалық жиһангездердің жазбаларында да айна-қатесіз кездесетіні – ғасырлар мен дәуірлер алға жылжығанда Ұлы Даладағы жол-жосықтардың кезегімен салтанат құрған мемлекеттерде сақталып отырғандығының дәлелі болады. «Плано Карпинидің шығысқа сапар естелігінде: «Оларда ұрлық, қарақшылық, тонаушылық атымен жоқ. Үйлеріне ешқашан құлып салмайды. Малына бөтен мал қосылса тиісті орынға мәлімдейді, солайда мал иесі малын еш қиындықсыз тауып алады. Олар ерекше меймандос, кедейлерінің де пейілі кең болады. Олар керемет көмпіс болады, бірнеше күн ашыла сала әндетіп жүре береді. Олардың әйелдерінің пәктігі сондай, ешқашан бөтен еркекпен өсегі болмайды, кейде ермек үшін еркектері бұралқы әзіл, бәдік қалжың айтады», - делінгені де бағзы қағидаттардың «Ұлы Жасақпен» кепілденуі арқылы көрініс табуы еді.

Ұлы Далада ғасырлар бойы әрекет жүзінде болып келген әдет-ғұрып, қағидаттардың нақты заңдық ұстаным түрінде алғаш тарих сахнасында бедерленгені – 1206 жылы Шыңғыс ханның басқаруымен, түркі-монғол ақсүйектерінің Ұлы Құрылтайында қабылданған «Ұлы Яса» немесе «Шыңғыс ханның «Ұлы жасақ» заңы. Біртұтас қуатты көшпелі феодалдық мемлекеттің алдағы кезеңде Еуразия құрлығының орасан зор аумағын жаулап алуына темірдей тәртіпке құрылған осы заң жол ашты деуге болады.

Бұл заңда көрсетілген тармақтарда біздің халықтарымыздың қанына сіңген тәрбие негізі жатыр: Атап айтқанда, 3-тармақта: «Баласы әке-шешесін, жастар жасы үлкендерді, әйелі ерін тыңдамаса заң бойынша жазаланады», - деп міндеттелген. Ата-ананы, үлкендерді, ерін сыйлау деген ұғымдар бір отбасының ғана емес, бүкіл елдің ынтымағы, бірлік-берекесінің қайнар көзі екендігін сол дәуірде-ақ бағалай білген. Ал 16-тармақта: «Соғыс-шайқас кезінде олжаға сұғынбаңдар. Соғыс біткен соң бөлісу керек», - дейді. Халқымыздың бойындағы «бүлінгеннен бүлдірге алма» дейтін ынсапшылдық, қанатыншылдықтың көрінісі ғой, бұл. 

18-тармақта «Жарлық, нұсқаусыз өртеп-қиратуға және тұтқынға түскендерді өз бетімен жазалауға, азаптап қинауға әрекеттенген жағдайда өліммен жазаланады» деп көрсетілуінің өзі жауынгерлер мен халықтың тонаушылықпен шұғылданбауына, тұтқынға түскендерге адамгершілікпен қарау туралы бұл тармақтың 1949 жылы қабылданған «Әскери тұтқындар құқығы туралы Женева конвенциясымен үндесіп жатқанын көреміз.

22 тармақта: «Барлық адамның жұмысы бірдей. Бай мен кедей, бекзада-кедей деп алалауға болмайды» деп көрсетілуін қазіргі Қазақстанның Конституциясындағы: «Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең.» деген 14 баптың бірінші тармағымен үндес дейміз және ол заманда да адамдар арасындағы таптық теңсіздік мәселесін шығармауға мән берілгенінің айғағы. 

«Ұлы Жасақ» – Қазақ хандығы дәуіріндегі «Қасымханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Тәуке ханның жеті жарғысы», хандық дәуірден кейінгі «Абақ керей ережесі немесе «Төрт би төре заң» сияқты жол-жосықтарға негіз болды. 

«Қасым ханның қасқа жолы» атты заңнамалық жол-жосықтың иесі – Қазақ хандығының ең құдіретті хандарының бірі болған Қасым Жәнібекұлы (1445-1521). Қасым хан турасында: «Әз Жәнiбектiң тоғыз ұлы болыпты. Оның бiрi – Қасым хан. Бұл тақты Сарайшықтан көшiрiп Ұлытауға орнатыпты. Қазақты қатарға қосып кеткен осы Қасым хан. Қазақ ортасында «Қасым ханның қасқа жолы» делiнетiн сөз үлгi, қасиет болып қалды», - деп жазған екен кезінде ұлт ғұламасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. «Қасым ханның қасқа жолы» деп қазақтың ауызекі әңгімелерінде, аңыздарында кездесетін бұл заңның осылай аталуы да бекер емес. Қасқа жол – дегеннің өзі – қазақтың ұғымында әбден «даңғылданған, адастырмас тура жол» деген мағынаны беретінін ескерсек, бұл – бағзыдан «Ұлы Жасаққа» сұлбаланып, одан соң Қасым хан тұсында Қазақ хандығының нығаюына қызмет еткен сара заң деген сөз. 

Осы ретте мемлекет өмірінде әрекет жүзіндегі Жарғы заңдарына діннің ықпал-әсері туралы ескеруге тура келеді. Себебі мемлекет өмірінде діннің ықпалы өте зор. Арғы дәуірлер мен Шыңғыс хан заманында Ұлы Далада сан түрлі діндер өзара бірде тату, бірде қату, қатар өмір сүрді. Ұлы Дала тұрғындарының негізгі бөлігі тәңірлік ұстанымда болғаны, одан кейінгі заң нормалары да далалық дәстүрден тамыр тартқаны, кейінгі кезеңдерде осыдан болып қайшылықтар туындағаны туралы жазба деректер де баршылық. 

Академик Әлкей Марғұлан «Қасым ханның қасқа жолы» туралы жазбасында былай дейді: «Өзiнiң мазмұны бойынша, бұл заңның түбегейлi идеясы ежелгi әскери-демократия арнасына барып тiреледi. ХV ғасырдың соңында – ХVI ғасырдың басында Бұхардың ишан-қазылары қазақ өлкесiне дiни үгiт таратып, «ежелгi Жарғы заңын қалдырыңдар. Ол көкке табынған дiнсiздiктiң iсi, оның орнына шариғат қағидасына ауысыңдар. Ант бергенде «көк соқсын» деп айтпаңдар, «құран соқсын» деп, құранды бастарыңа көтерiңдер» – деп үгiттейдi. Бiрақ, халық бұқарасы оған селқос қарап, көп заман шариғат қағидасына ойыса қоймады. Уақыттың көбiн мал бағумен өткiзген халық бұқарасы шариғат қағидаларын өте қиын деп ойлады», - деп атап көрсетеді. Шыңжандық зерттеуші Ұлан Бапайдың «Төрт би төре» кітабында да 1836 жылы қабылданған «Абақ керей ережесі немесе төрт би төре заңы» бойынша қазақ билері жазалыға үкім шығарған кезде көбінесе діни жазалардан гөрі қазақтың ежелгі дәстүрлі жосықтарына сүйенгені туралы жазғанын көреміз. Мұның өзі «Жарғы», «Жол» деп аталған дәстүрлі заңдарының өзі – Далалық демократияның уақыт сынынан өткен шынайы қағидаттар екендігінің айғағы. 

«Қасым ханның қасқа жолы» Қазақ хандығын нығайтқан өміршең нұсқа ретінде үш ғасыр жүзінде қызмет етті. Бұдан кейін XVII ғасырдың басында Қазақ хандығындағы мемлекет және құқықтық түсініктер туралы сөз болғанда «Есім ханның ескі жолы» ережесі аталады. Бұл заң ережесі Қазақ хандығы тарихындағы келесі бір көрнекті билеуші Есім хан Шығайұлының (1565-1628) атымен байланысты. Есім ханның өмірі мен қызмет жолы мемлекетті нығайту, ішкі-сыртқы дұшпандармен күрес жолындағы соғыстар мен шайқастармен өткенін көреміз. «Еңсегей бойлы Ер Есім» атанған Есім ханның ерлік жолдары турасында Марғасқа, Жиембет, Бұқар т.б. жыраулар шығармашылығына азды-көпті айтылады. Далалық демократияның көрінісі де осы Ер Есімнің іс-әрекетіне қатысты жырлардан аңғарылады. Мысал Есім ханның зорлық әрекетіне шыдамаған Жиембет батырдың:

Еңсегей бойлы Ер Есім,

Есім, сені есірткен

Есіл де менің кеңесім.

Ес білгеннен, Есім хан,

Қолыңа болдым сүйесін,

Қолтығыңа болдым демесін.

Ертеңгі күн болғанда,

Елің кеңес құрғанда,

Айналып ақыл табарға,

Есіктегі ебесін,

Сонда, ханым, не десін?!

Мен жоқ болсам, Есім хан,

Ит түрткіні көресің.

Жиембет қайда дегенде,

Не деп жауап бересің? – 

деуінен хан-сұлтандардың ел билігіне қатысты наразылық туындағанда қазақ би-батырларының қажет болса «хан талауға» дейін жеткізетін кездері болғанын аңғарамыз. Дегенмен Есім ханның басқарушылық қызметіне тарих жақсы баға бергенін көреміз. Бұқар жыраудың Абылай ханға: «Сенен бұрын жетi ханды жебеледiм, кешегi Еңсегей бойлы Ер Есiмдi де бiлемiн. Сен оның бiр түстiгiне жарамайсың» деп айтуының өзі де халық жадындағы Есім ханның бет-беделін, айрықша құрметін танытып тұрғандай.

Тарихшы ғалым Жамбыл Артықбаев Есім ханның мемлекетті нығайту жолындағы елеулі еңбегі туралы былай деп тұжырымдайды: «Мемлекеттiң iшкi мәселелерi асқындап кетуi Есiм ханды белгiлi дәрежеде саяси өзгерiстер жасауға жетеледi. «Тұрсынмен соғысып, Қатағанды қырып, хан Тұрсынды өлтiрiп» деген сияқты билiктi орнықтыру үшiн қатаң шараларға баруы да түсiнiктi.

Билiктi күшейтудiң екiншi жолы мемлекеттiң құқықтық негiзiн бекiту екенiн жақсы түсiнген Есiм хан әдет-ғұрып (Жарғы) заңдарына қатал ережелер енгiзiп, бейтарап ережелердi азайтуға кiрiскен болса керек. Осылай «Есiм ханның ескi жолы» аталатын орталық, яғни ұлыстық билiктi күшейткен жаңа заңдар өмiрге келдi. Жошы әулетiнен шыққан хандар iшiнде 40 жыл тұтас хандық құрған деп дәрiптелетiн Есiм хан өз заманында көптеген жол-жоба, кәде-қауымет заңдарын шығарған, бiрақ олар «Қасым ханның қасқа жолы» сияқты қалыптасқан билiк-құқық жүйесiн өзгерту емес, қайта жаңғыртуға бағытталған iстер болды. Мемлекет негiзiн нығайту, қоғамда төрелердiң орны мен белсендiлiгiн күшейту, iшкi жiкшiлдiктi болғызбау, жалпы Шыңғыс ханға баратын «Жасақты» күшейту Есiм мақсаты болды. Сол себептен оның заманында елге танымал тәртiп «Есiм ханның ескi жолы» атанды.»

Есім хан өмірден өткен соң баласы Жәнібек сұлтан таққа отырды. Бұл кезеңде Қазақ хандығының шығысы мен батысында ойрат жұртынан тараған Қалмақ хандығы мен Жоңғар хандығы күшейіп тайталасқа түсе бастаған еді. «Есім ханның ескі жолынан» кейін Қазақ мемлекеттілігіндегі тағы бір үлкен заңнамалық белес «Тәуке ханның Жеті жарғысы» келді. 

Есім ханның немересі Тәуке Салқам Жәңгірұлы (1635-1715) Қазақ хандығын нығайтуға зор үлес қосқан билеуші. Тәуке ханның заманында түзілген жаңа заң «Жеті жарғы» деп аталады. «Жетi жарғы» мүлiк заңы; қылмыс заңы; әскери заң; елшiлiк жоралары; жұртшылық заңы; жесiр дауы; құн дауы қатарлы заңдық ұғымдарды қамтыды. 

«Жеті жарғы» Қазақ хандығының көрші мемлекеттермен бейбіт қарым-қатынаста өмір сүруін, жүздер мен оларды құрайтын тайпалар, олардың ішіндегі үлкенді-кішілі рулар арасындағы өзара ымыраластық, сыйластықта болуын, қандастық-туыстық жүйенің жүйелілігі мен мызғымастығын, ел астанасы Түркістан қаласының саяси-рухани орнын лайықты қамтамасыз ете алды. Сонымен қатар ел басқарудағы ежелден бергі дәстүрлі нұсқа мен ислам шариғаты ережелерімен үйлестіре білуге күш салды және бауырлас түркі халықтары қырғыз, қарақалпақтар мен қала-кенттердегі сарт, қожа, қатағанның өкілдерін мемлекеттің ортақ мүддесіне біріктіре алумен қатар, елдегі алым-салық, сауда-саттық жүйесін жетілдіріп, әскери жорықтарды қамтамасыз етудің жолдарын айқындады. Міне мемлекеттің мемлекет болуы үшін қажетті осындай қадамдарды жасай алғаны үшін де Тәуке заманы қазақтың есінде қалды. Сол үшін де оны ел-жұрты құрметтеп, Әз-Тәуке деп атаған.

Тәуке хан өмірден өткеннен кейінгі жылдары Қазақ хандығы да күрделі кезеңге тап болды. 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды», одан кейінгі бытырау-тарау жылдар, Әбілқайыр, Абылай хандар тарих сахнасына шыққан кезең, Ресей патшалығы мен Мәнжу-Шың империясының қос бүйірден қыспағы, елдегі ішкі қайшылықтар – Қазақ хандығының ыдырап барып бодандыққа түсуіне алып келді. «Мемлекеттiң тұтастығын қамтамасыз ететiн жалпыхалықтық құқықтық ережелер ХVIII ғасырдың ортасына қарай өз қызметiн атқармады. ХVIII ғасырдың 50–60 жылдары Ресей үкiметi қазақтардың Жайық пен Ертiстiң оң жағындағы қысқы қоныстарына көшуiн тоқтату саясатын жүргiздi. Еуразияның кiндiк өлкесi болып бiрнеше мың жыл өмiр сүрген Ұлы Дала ендi Еуразияның шалғай түкпiрiне айналды.», - дейді, тарихшы ғалым Жамбыл Артықбаев. Осылайша сонау ғұн, сақ, қаңлы, үйсін, көк түрік дәуірлерінен бері Ұлы Далада билік құрған даңқты тарих аяқталды. Дала халқының дәстүр-салтымен біте қайнасқан, өмірдің өзінен алынған құқықтық ережелері біртіндеп мансұқталды. Ереже мансұқталған соң оларды жүргізіп келген билер институты да өмір сүруін тоқтатып, қазақ би-шешендерінің «ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен» небір даналық-тапқырлыққа толы кесімдері ендігі жерде фольклорлық материал ғана болып қалды. 

Қазақ халқының конституциялық құқық жөніндегі ежелгі түсінігі еуропалық-отырықшылық дәстүрге негізделген Жарғылар мен Ережелерге алмастырылды. Мұның пайдасы мен зиянын суреттеген әдеби туындылар, тарихи зерттеулер әр кезеңде молынан баршылық. Қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеуде «Зар заман» делінген ХІХ ғасырдың басынан бергі кезең – мұның айқын мысалы. Қуанарлығы – мұның бәрі артта қалды. Қазақстан – Ата заңына ту еткен тәуелсіз ел атанды. 

«Шын мәнінде, Ата заңнан биік ештеңе жоқ. Себебі Конституция – мемлекеттігіміздің мызғымас тұғыры, Тәуелсіздігіміздің айнымас темірқазығы.

Қазақ – Ұлы дала заңына бас иген, ар-ұяттан аттамаған халық. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Әз Тәукенің Жеті жарғысы – нағыз дала заңының жарқын үлгілері. Осы дәстүр ешқашан үзілген емес.

Жұртымыз дала заңынан қазіргі Ата заңына дейін тарихи жолдан өтті», - деген Мемлекет басшы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзімен шолу мақаламызды аяқтауды жөн көрдік. Ата заңымыз тұғырлы, тәуелсіздігіміз мәңгілік баянды болғай!

 


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар