Бүгінде әлеуметтік желі бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін атқара бастады. Ағылшын тілінің Кембридж сөздігіне жылына жаңадан алты мыңдай сөз бен сленг енеді екен. Бұл өмірлік екі факт әлеуметтік желінің көркем әдебиетте, жазушылар өмірінде алатын орнын да белгілейді. Жазушылар «ғаламдық торды» екі мақсатта пайдаланады: шығармаларын насихаттап, алға жылжыту, қолдау көріп, шабыт алу үшін, оқырмандармен және әріптестерімен пікір алысу үшін, сондай-ақ бұл жерде әңгіме «әлеуметтік желіге жазатын жазушы», яғни аталған платформаларға арнап контент жасайтын маман жөнінде бола алады. Сонымен бірге, қаламгер әлеужеліде өз парақшасын жүргізетін жазушы-блогерлерді іздеуі, болмаса қазіргі авторлар цифрлық әлеммен қалай байланыс жасайтынын білмекші болуы ықтимал.
Осы жерде «әлеужелінің жазушысы» деген тіркеске анықтық енгізе кетейік.
Бұл біріншіден, әлеужелідегі компаниялардың парақшаларына не жеке брендтеріне арнап текст әзірлейтін, яки басқа да контент жасайтын маман. Екіншіден, Facebook, Instagram, VK және басқа да платформаларда өз парақшаларын жүргізіп, ой-пікірімен бөлісіп, кітаптарынан үзінді, жаңалық салып отыратын жазушы – блог жүргізуші автор. Үшіншіден, шығармасын (өлең, әңгіме) тікелей әлеуметтік желіде жариялап, оқырмандарынан дереу реакция алатын, өзіне жақтас желідостардан фан қоғамдастық құратын торапшы (сетевик) қаламгер. Ең соңында төртінші топ – әдеби топтар мен клубтар, әдеби сайттар, форумдарға қатысатын жазушылар.
Қазіргі кездегі жазушы авторлар арасында неғұрлым танымал платформалар ретінде Facebook, Instagram және кітаптарға баға беру, рецензия іздеу және кітап клубтары аясында пікір алысу мақсатына қызмет ететін мамандандырылған әдеби сайттар (батыстық Rindleprenevr, BookBub Partners Blog, LiveLib платформалары тұрпаттас) аталады.
Бізде, Қазақстанда, жазушылар өз кәсіптері жөнінен пікір алысып, жаңалық бөлісіп отыратын танымал платформа әлі қалыптаса қойған жоқ, бұл бағытта кейінгі кезде «Әдебиет порталы» ғана ілгерінді контент жасай бастады. Біздегі әдеби портал, сайттар негізінен шығармалардың мәтіндерін жариялаумен шектелуде, бірақ олар талқыланбайды, конвергенттілік жоққа тән, сондықтан да рейтингтері төмен. Осыдан келіп, біздің қоғамда жаңалықшыл шағын текст, фото-видеомен шектелетін инстаграмнан яки жазуды титломен жеңілдететін тик-токтан бұрын шығарма жариялап, оны көпшілік талқысына салу бойынша Facebook-тың бәсі асып тұр. Сондықтан біздің тақырып ауқымында жалпылық social media емес, social network, оның ішінде дәл Facebook cөз болмақ. Нақтырақ айтқанда, жазушыға өз шығармасын Фейсбукте жариялау керек пе, әлде керек емес пе деген сұрақ көлденеңдейді.
Жоғарыда айттық қой, жазушы әлеужеліні кітабының шыққанын хабарлап, сол бойынша жүргізілген іс-шаралар жөнінде пост салып, яғни маркетинг, плейсмент продакшн орнында пайдаланады яки шықпай тұрып жарнамасын жасайды, тіпті кей жағдайда «жазайын деп жатырмын», «міне, мына бір кесегі бітіп еді, оқи отырыңыздар» деп елдің құлағын көтеріп отырады, не болмаса жазылған дүниесін тұтас күйінде қолжетімді, пірім жария қылады деп. Онысына желдостардан (желідегі достарынан) лайк, коммент, пікір, болып жатса смартфондық дебат күтеді. Кімге, қай адамға болсын қолындағысымен, білгенімен бөлісу жарты бақыт, ондай бөлісу екі жаққа да – қошемет-пікір айтушыға да, қошемет иесіне де қуаныш сыйлайды, көңілдерін көтереді. Мақтаса, халық мақтасын, көп білсең де көптен артық білмейсің, т.б. нарративтер іске қосылады. Қысқасы, көпшіліктің қошеметі адамды қанаттандырады, жазушыны жаңа шығарма жазуға құлшындырады, қаламгер кундералық «көркемдік болмыстың, көркеми барлықтың адам төзгісіз жеңілдігін» сезініп, бүткіл салмағын жоғалтып, көкке самғап қалықтайды.
Сонымен бірге, әлеуметтік желіге арнап жазудың жазушы үшін тәжірибе алу, қол бастықтыру, қалам ұштау жағынан да пайдасы бар. Тіпті қаламгердің әдеби шығарма емес, пост жазуының өзі – автофикшн, яғни әдеби жанрдың бір түрі, сол себепті бұл күнде бізде Шархан Қазығұлов, Болат Жетекбай сияқты бірқатар қаламгер блогтағы постыларын өңдеп, жаңадан құрылымдап кітап қалыбына көшіріп жүр. Қазірде жұрт қым-қиғаш көп беттік дүниені емес, сол қым-қиғаш көп нәрсені бойына сыйғыза білген аз беттік дүниені оқығысы келеді (ұзаса екі-үш бет), ал бұл жазушылардың алдына жаңа шығармашылық міндет – милығып оқып шығудың өзіне көп күш керек көпсөзді туынды емес, чеховтық, довлатовтық қысқалықтағы азәріпті шығарма жазу міндетін қойып отыр. Оның үдесінен шығудың төте бір жолы – әлеуметтік желінің стилі мен тілін игеру, солар арқылы ойды, идеяны қысқа жеткізу, басы артық сүгіреттемесіз, тым әдебилендірмей, өмірдің өзіне әбден жақындатып ауызекі тілмен жазу. Мұның өзі шығармаңды аудионұсқада әзірлеуді де көп жеңілдетеді.
Үшбу тәсілмен өзіне шулы даңқ әкелгендердің белгілісі Слава Сэ – бүркеншік есімімен белгілі латвиялық орыстілді жазушы Вячеслав Солдатенко деу жөн. Жазуды ерігіп отырып өз блогын бұрынғы сантехниктік өмірінен қыртқан текстермен толтырудан бастаған оның бақ жұлдызы соларын АСТ баспасы «Сантехник, его кот, жена и другие подробности» деген атпен кітап етіп басып шығарғаннан кейін жанып сала береді – дебюттік кітаптың таралымы аз уақытта 100 мың данаға жеткен.

Барлығы осындай тоғыз миниатюралық кітап шығарып барып, 2021 жылы ковид кезінде қайтыс болған Слава тұрмыстағы кез-келген болмашы көріністі ішек-сілеңді қатыратын юмормен тұздықтап, еш бәдік қоспай, сөлін шығарып қысқа да нұсқа суреттеп беретін түпсіз фантазиясымен заманауи прозаға құбылыс болып енді. Ол кеткесін, Слава Сэ атын жамылған талай жазарман шықты, бірақ солардың бірде-біреуі «оригиналдың» қолына әлі су құя алмайды. Шалажұлдыз да емес, көп тораптық (желілік) авторлар соңғылар. Демек, әлеуметтік желіге жазу үшін де – оның стилі мен тілін қапсыз игере тұра – адамға алдымен даусыз әдеби талант, үздік жазушылық дарын керек екен. Яғни, әлеужелі қолданушылар да, табиғатынан оқушы яки оқырман болуы себепті өзінің жүрегіндегі асыл ақиқатын бөлісетін, не айтса да, не жазса да ой тұндырып келіп айтатын, жазатын авторды бағалайды екен.
Бізде, қазақстандық әлеужелі сегментінде көркем шығармаларын жариялап отыратын авторлар жайында белгілі бір зерттеу жұмысы жүргізілді ме, жоқ па, ол жағынан хабарсызбын, білетінім – бізде жетіп-артылатын аккаунттарды, әдеби платформаларды қамтып, контент-анализ жасау жеке адам үшін мүмкін емес нәрсе, сондықтан бұл жерде Фейсбуктегі өз парақшаммен, лентадағы желі достарымның жарияланымдарын зерделеумен шектелемін. Байқағаным, желідостарым ішінде жазған көркем шығармасын тұтастай яки бір бөліктерін алдымен фб-да жариялап алатын қаламгерлер баршылық, олар көбінекей әдебиеттің орта жас буын өкілдері, мысалы, Қанат Әбілқайыр, Есболат Айдабосын, көрген түсін аллегориялап жазатын Маржан Ершу, т.б. Ербол Мәндібектің пост ретінде орналастырып жүрген жазбаларында да бір есептен тұрмыстық проза элементтері бар, сол сияқты Бану Алайдарованың «нашар (хулиганка) қыз» образындағы посттарында миниатюралық көркем шығарманың ұшқындары кездесіп қалады. Бір байқағаным, әлеужелінің қазақтілді сегментінде поэзия (өлең) көбірек те, орыстілді бөлікте прозаның (әңгіме, миниатюра) басы молырақ. Мысалы, осы орайда жазғандарын күн құрғатпай дерлік жариялап отыратын Мади Раимовтың шығармалары лирикалық проза мен эссеистік прозаға келіңкірейді. Ара-арасында довлатовтық «философиялық ахинея» да ұшырасып қалады.
Мұндайда жазушы ретінде өз тәжірибемді ортаға салған өнікті болатын шығар.
Мен өзім әлеужеліге кеш келдім. «Дүниенің асты үстіне шығып өзгеріп жатқан» (Абай) шақта оңаша үйде қаннен қаперсіз эсселерімді жазып жатқанмын. «Хемингуэй өзіне айтылған сынды оқымаған, содан да жұрт оны сынауды қойған» демекші, сол күндері жора-жолдас әріптестерімнен «Әлеуметтік желі деген не нәрсе, фейсбук деген не, инстаграм деген не, бұлардың айырмашылығы қандай?» деп әуестікпен сұрайтынмын. Осы Ахмет Өмірзақ пен Мақсот Ізімұлы марқұм сықылды тәжірибелі «фейсбукшілер» сол күндері «Кәйтесің соны, ың-шыңсыз осы тірлігің жақсы» деп үркітіп, арынымды басыңқырап қойғаны есімде. Сөйтіп, фейсбуктегі парақшамды 2022 жылдың аяқ шенінде, онда да қажеттілікпен – шыққалы жатқан Мәншүк туралы кітабымды насихаттау мақсатымен аштым. Соңыра өзімнен өзім әңгіме, повесть жаза бастағанымда оларды қысқарған түрде парақшамда жариялап көру хақында ой түсті. Сократшыласам, кісі қашанда күмәнмен жүруі, көп нәрсеге күмәнмен қарауы керек, өйткені күмән-күдік сананы дамытады дегендік. Басқаша айтқанда, өзі туралы басқалар не ойлайтынын білгісі келетін қоғамдық хайуан ретінде тырнақалды прозамды оқырман қауым қалай қабылдайтынын әлеужелі арқылы білгім келді. «Ғашық жүрек», «Кездесу мен қоштасу» дейтін екі әңгімемнің жобалаң нұсқалары парақшама осындай ниетпен салынған еді.
Бұлардың екеуі де, жастардың сленгісімен айтқанда «зашквар» болатын – жалпы қабылданған қоғамдық талғам-тұшымға, жұртшылықтың «күту моделіне» біршама қайшы қиғаш дүниелер. Астарында «50+ -тен кейін де адамның бойында сезім буырқанып, әлдебіреудің қоңырау шалғанын күтіп, құпия көрісулерді аңсап жүрек тоқтап қалғандай болады. Кемел кездің махаббат жалыны өртемейді, ол керісінше жасампаздық сыйлап, қалған өміріңе қанат бітіреді» деп «құлақтан теуіп» келемін де, қолыма лупа алып, Фрейдтің сүрсаналық теориясы бойынша қара қабырғасының астында өзімен бірге ала кететін жанның жасырын құмарлықтарын, тұншығумен, тұншықтырумен келген тылсым құшырларын, санадан тыс жүріп жататын нәрселерді, қысқасы, бастан кетіп бара жатқан дәуреннің жанталас агониясын зерттеген боламын. Рухани сүйіспендік пен тәннің елігуінің, елегізуінің аралығынан теңшеу, баланс іздеймін.
Ғажабы, менің осы бір өзімді өзім тексерген «жендеттік» тәсілімнің нәтижесі – жаңағы эротик хикаяларыма ашық ереуіл келгендер болмады. Бір фолловер ғана (әйел адам) «жасы келген авторға бұлайша көрпенің астына үңілу жараспайды» деген мағынада коммент қалдырды. Өңгелері сезімдік суреттеулерімді оң бағалады және ондайлардың басым көпшілігі нәзік жаратылысты жандар – гёрл-френдтерім екенін айту жөн.
Осылайша мен фейсбук көмегімен болашақ оқырман аудиториямның тамырын басып көрдім. Жазған көркем шығармаларым үзік, үзінді түрінде болса да оларға қалай әсер беретінін аңыстадым, артық соғып, кем түсіп жатқан жерлерімді болжадым. Осының өзі жазушы үшін, соның ішінде прозаға алғаш түрен салып отырған «жасамыс эссеист, жас прозаик» үшін едәуір қолжетістік еді. Оның үстіне желілік достарым есебінен менің болашақ көркем шығармаларымды іздейтін, бәлкім тіпті күтіп жүретін оқырмандарымның өзегі (ядросы) қалыптасып қалды. Үнемі қойылған лүпіл, қайталап жазылған комменттер соның айнасы десем қателесе қояр ма екенмін?! Қаламгер үшін мұның маңызы өте үлкен екенін тағы да нығырта айтайын. Неге дейсіз ғой?!
Ресейлік Дмитрий Кравченко дейтін ақын бар. Өзі әлеуметтік желіде өте белсенді, анықтап айтқанда блогер ақын, ютубтың «күміс батырмасына» ие, телеграм-каналын қосқанда миллионға жуық жазылушысы бар, жиі-жиі чат-рулеткаға шығып, жастардың алдында өлең оқып, поэзия насихатымен, әдеби ағартушылықпен шұғылдана айналысады. Бірақ соның өзі әлеужеліде әдебиетке орта жолдан қосылған жолбикелер өзі сияқты кәсібилердің алдын орап кетіп жататынына ашынып, жиі күйінеді. Бір сөзін әрін тайдырып алмау үшін түпнұсқа тілде келтірейік:
« ... Знаю, как минимум, сотни поэтов, достойных по праву таланта набирать 500 тыс. лайков или прочитки в месяц в Сети. Которые каждый день отдают себя искусству, да что там день – ЖИЗНЬ. И радуются, когда набрали сто лайков. Их стихи достойны тысячи!.. Почему СЛОВО дается одним, а возможности его НЕСТИ другим? И они несут байду...
Я не знаю что делать.
Я не знаю, как это себе объяснить.
Я просто не понимаю современный мир и в чем его план.
«Талантам надо помогать. Бездарности пробьются сами». Сказал Лев Озеров. Не уточнил только откуда ждать помощи...»

Біздің, қазақ қаламгерлерінің де басында бар жағдай. Бұрын жаман жыр, нашар әңгіме-повесть пен роман қайтсе де төрге шыға бермейтін, жақсы шығарма қайткенде де жерде қалмайтын. Оқырманның талғам-тұщым деңгейінің жоғарылығы сол деңгейді, сол планканы әрдайым өз өресінде ұстап тұратын әдеби сынның арқасында. Бүгінде әдеби сын жоққа тандық, қырға барсаң, қой сұрамайтын, ой сұрайтын, етігінің қонышына «Жұлдыз» бен «Жалынды» сұғып жүріп оқитын сауатты қойшы оқырмандар – халық көзден бұл-бұл ұшты. «Тұрғын халық» – «население» қалды. Плебс, сорри. Мұндай жағдайда әрқандай қаламгерге өзінің әдеби тактикасын, әдеби стратегиясын өзі жасауына, өзінің сайлап алуына тура келеді.
Мына заманда жазушы өзін-өзі құрметтегісі келсе, өзі алға шығып, өзі ілгері ұмтылмақ керек. Өзің қалаған іспен тып-тыныш айналысып, тым-тырыс жатсаң, сен ұмытыласың. «Жатқан тастың астына су бармайды». Тастың арасынан жол тауып ағу лазым. Социал-дарвинизмді толығымен жоққа шығаратын, қазіргі заманда тіршілік тайталасында күшті мен тісті емес, медиа тұлға болып алатын адам ғана жеңіп шыға алады дейтін кейінгі ұрпақтың пәлсапасын амалсыз қабылдауға мәжбүрсің.
Тik-Tok -ке қарайсың, бұл торап, масқара, жапонның матча дейтін шайына деген сұранысты күрт аспандатып жіберді, немесе кенеттен Румыния президенттігіне үміткер белгісіздеу біреуді басқалардан тізгін үздірді. Себебі, матчаның кісіні баурайтын алуан түсті өңі, әзірлеу салтанаты әлеуметтік желілердің визуал, көрнекі мәдениетімен идеалды түрде астасқан, ал президенттікке үміткер румын сарыала таңнан көзі ұйқыға кеткенше Тik-Tok-та отырады екен...
Бұл – тренд. Үнемі трендте болу. Ғалам, ортаң сонда ғана сені танып, ұмытпай есінде сақтап жүреді. Осылай трендтен түспейтін жазушыны да үнемі есінде ұстайды. Ендігі жерде сен, қаламгер, бұрынғыдай трендке тәуелді болмай, өз оқырманыңды кітабыңды оқытып қалыптастырып қана отыра алмайсың. Оның себебі, бұл күнде не көп, жазушы көп – кітап сатушы дүкеншілер айтатындай, кітап алушыдан кітап жазатын адам көбейіп тұр. Әгәрәки солардан, сол құла тасқын нөпірден бірдеме-бірдемеңмен бөлектеніп, қара үзіп дара шығып тұрмасаң, сол әлгі көптің бірі, көпшіктің бірі болып қала бересің.
Алайда, шындық сонда, үнемі трендте болу, көптің көзінде жүру қап тасу емес. Тренд ақиық қылатын ауыр еңбекті тілейді. Әлбетте, кәсіби жазушы, күніге азанғы сағат 9-дан кешкі 18-ге дейінгі уақытын үстел күзетумен өткізетін шаруа торы қаламгер ешқашан жұмыс істеуден қашпайды, бірақ тренд, «орыс арақпен бірге шомырды жейді, шомыр арақпен бірге өмірді жейді» демекші, еңбекпен бірге уақытты жейді. «Әлеуметтік желінің қарғыс таңбасы» делінетін бұл құбылыс бойынша әлеужеліде шығармасын алға жылжытумен тым әуейіленіп кету, осы жолдағы әртүрлі іс-шаралар, парақшасының деңгейін түсірмей ұстап отыру, әрқилы әдеби онлайн платформаларға белсене қатысу негізгі шаруаға – жазуға уақыт қалдырмауымен қауіпті. Яғни фейсбук, жалпы блогосфера сіз үшін Андре Моруа айтып кеткен хронофагке – уақыт жегіш құбыжыққа айналады. Ал бүгінде технологиялар біз олардың салдарын түптеп болғанша ілгері дамып кетіп жатыр. Алайда жолайырық: әлеужелі қаншалықты бағалы маркетингтік құрал болса да оны сабасынан асырмай, ақылмен пайдалану жөн немесе «ғаламдық ауылға» мүлде кірмей қою керек (қарап отырсам, менің ең көп жазған кезім – фейсбукке кірмеген жылдарым екен). Зәуімде кіре қалдың ба, онда мысық тұтқынына айналасың. Ол да ештеңе емес. Бабель белгілі «Одесса хикаяларында» жазған «Отец Бени Крика среди бендюжников слыл грубияном» дегеннің кері келсе, онда шаруаңның біткені.
***
Бірді айтып бірге кеттім-ау. Биыл пияз ектіңдер ме?
Бұл – стильдік ала-құлалығыма өкініп жазып отырған менің сөзім емес. Әлеужеліден, фейсбуктен алынған сөз. Үшбу фраза, меніңше, жоғарыдағы әлеуметтік желіге басымен кіріп кеткен жазушының шаруасы неге шабаш болуы мүмкін деген сұрағыма берілер жауаптың басы, яғни ілік-ілмегі.
Құдайшылығын айтайық, қазірде біздің әлеужелілік социум арасында да, блогосферамыздың құлағын техникалық жағынан ұстап отырған солтүстіктегі көрші елдің әлеуметтік желісінде де, күнделікті шығып тұратын таспаны мониторит етсең, жалпы орыстілді аудитория ортаға тасталған кез-келген тақырыпты ізденіп жазатынын, біліп, байыбына барып жазатынын байқаймыз. Ватниктеу, горшоктау бірлі-жарымы болмаса, көбісінің-ақ жалпы функционалдық және интеллектілік дайындықтары жоғары, әйтеуір база сезіледі. Өздерінше параллель әлем, бөлек ғалам.
Өкініштісі, біздің Қазақстанның блогосферасы хақында мұндай пікірді айта алмайсың. Интеллектуалдық зипа әңгіме-дүкен болғандай аз, жылт етпеге әуестік бітпейтін бір ызы-ғызы, қазанның көбігі мен тосабы, лай сулы тасқын, әркім деңгейінше әңгіме айтатын базар, пардон. Әркім көңіліне шығарғанын лақтырып жатыр. Өмірі түгесіліп бітпейтін тойларда, құдалықтарда есірткі шеккендей есіріп, қара терге түсіп, итініп билеген қазіргі қазақ... Басқа сөз құрып қалғандай ішкен-жегенін тектеген қазақ...
Карамель латтенің, капучиноның дәмін сағаттап тәттілейтін, троллейбус сүйреуге болатын ерінді фотосүгіретін топырлатып, өз келбетіне өзі ғашық болып отыратын «қаймақ жағылған құлпынайларды»... көрерменінен (әсіресе төсектен кем қалып жүрген сәурік айғырлардан) алдыңғы буфері мен артқы бампері алғаусыз реакция күткен инстатауықтар... ара-арасында әдемірек, көбінесе жартылай лыпалы, белгілі бір стильге енген пин-ап бойжеткендер... етегін әуретті жерін көрсете ашып отыратын екі баланың анасы... беттің арын белбеуге түйіп, бүткіл жеке (интим) өмірін көптің алдына жайып салатын, тіпті профиліне жүктілігін көрсеткен қос түсті сызықты тестіні орналастырып қоятын тәлпіш шалажұлдыздар... бес миллион жазылушысын жоғалтып алып, күйеуі өлгеннен бетер қара жамылып, көзі ағарып жылап отырған келіншек... вокалы унитаздан төгілгендей, соған қарамастан бүткіл феномендігі музыкалық яки артистік уақиғалар тізімінде емес, медиауақиғалардың ортасында болумен түсіндірілетін, өздерін жұрттың бәрі білуі тиіс патшазада көретін эпатажды инстадива әнші, артистсымақтар... әдемі, жылтырақ өмірге қызықтырып жатқан коуч, мотиваторлар... постысында өзінен өзге тақырыпты айтып келіп, соңында көрнекілік үшін деген желеумен өзінің сомсуретін солқ еткізіп салып жіберетін қисынсыздар... қыздар былай тұрсын, сәнді костюмін иыққа іліп, Бәйтерекке көз өрлетіп тұратын тәтті-жылымық еркектердің фотосессиялары... желідегі постқатысу стилі деген атпен ЖИ-дің сүзгілерінен өтіп келетін ресімдер... посттардағы айтары жоқ көкезу мылжың әңгімелер... бостекі тақырыпқа соншалықты мән, маңыз беріп сағызша созу, ал ең керек нәрсені тасада қалдыру... ұзаса бар арна чат «бестің шайы» деңгейіндегі әжік-күжік... қысқасы, «артық тежегіштердің» – ар, ұят аталатын нәрселердің тегіс болмауы, міне, біздің блогосфералық ресурстарымыздың сиқы!
Бұлар ештеңе емес, егер бір жағдай болмаса.
Бізде ресурстар көбінекей материалға кликбейт – шулы тақырып береді де ортаға тастап кеп жібереді. Оқып көрсең, ішінде түк жоқ, қолмен ұстауға келмей былжырап тұрады. Немесе инфодемиямен деректерді бұрмалап көрсетеді. Ал енді солар бойынша өмірінде бір кітапты толық оқымаған, тіпті десе әліппені жөнді білмейтіндер, «өтірікші» деген сөзді «отырыкшы» деп жазатындар өздерінің «суперпікірін» береді ғой. Құдықтың сыртында тұр, мәселені білмейді, байыбына бара алмайды, сөйтсе-дағы шетінен білгір, шетінен батыр. Біреуі бірдеңені бастаса, қалғандары бөрінің артындай шулап, үйір қосып ереді. Онысы да ештеңе емес, елді күстәналап, былапыт сөз қосып, тіпті қарағайтындарын айтсай! «Қазақтың әлемжелісі – адамдар уын төгетін қоқыс» деп Сәкен Сыбанбай әбден дұрыс айтады.
Ал осының бәрі неден? Елдігі де, жаулығы да қас пен көздің арасында тұратын аламан мінезімізден, қожайынсыз қалған құл секілді кім не айтса да талап жейтін, есіріп, аспанға шот лақтырып шыға келетін жабайылығымыздан. «Бір ит көріп үрсе, бір ит еріп үретін» популизмнің қазақи қалпы. Дегенмен, осы жерде асанқайғыны соға беруден бұрын, бір сәт посттардың сапасынан бұрын аудиторияның сапасына ой жүгіртіп көрсек.
Абайдан сөз қалған ба, «Айтушы мен тыңдаушы көбі надан, / Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы» дегені осы жерге дәл. Жоғарыдағы әлеужелінің «хүкімшілері» мен «қожайындарын» сынай бергеннен не шығады, егер соларды көптің өзі өсіріп шығарса!? Бұл жағдайды кезінде Маяковский образға бөлеп тұрып айтып кетіпті. «От страсти извозчика и разговорчивой прачки, невзрачный детеныш в результате вытек. Мальчик – не мусор, не вывезешь на тачке. Мать поплакала и назвала его: критик». Бейпілауыз, оспадар, білімсіз наданиет әлеужелі социумы аспаннан түскен жоқ яки жер астынан өнбеген, ол – алдымен көптің, халық деген құрметті атты иеленіп кеткен тобырдың мәуесі, көрдемше жемісі. Кант айтқан «білімді сволочтар» үшбу наданиеттің сезіміне ойнайды, оларды оқып / көріп / тыңдаған мақұрымдар елі екінші этажға көтеріліп тұрып көпқабатты үйдің ұшар биігіне шыққандай лепіреді. Өзара ұнатудың, өзара үндесудің қоғамы. Егер әлеужеліде белсенді болсаң, оған ойыңа сыйған қошқар мүйізді сала берсең, бұл өзіңді өзің бағалауың, сен – меледессің, олай болмаса, өзіңді төмен бағалау кепілге алған құлсың. Блогосфера – кісінің өзін өзі бағалауының индикаторы.
Бүгінгі біздің әлеуметтік желі – қазақ социумының моделі, айнасы, кинорежиссер Дәрежан Өмірбаевтың бейнелі сөзімен айтқанда, ауруханадағы науқастардың орташа температурасы. Онда ең алдымен сахна төрінде әр күн – арайлы таңның ньюсмейкерлері жарқылдайды. Күніге шулы даңқ мүйнеттерін жинамаса асылып өлуге бар бұл топ барынша алашұбар, кім жоқ дейсің бұл сабан топанның ішінде: жалғанды басы бүтін терістеуші «мойындалмаған» генийлер – өңкей міншіл қырттар; диванда аяқтарының басын қайқайтып жатқан дивекеңдер; өздерінің апиындық ессіздік күйлерінде реал өмірді ұмытуға бар нахал сақалдар мен монтанысыған арам сопылар; қорада отырып құлаққа «лапша» ілетін, фейктерді нақұрыстық деңгейдегі тесттерге айналдырған инфосығандар ...
Ал блогер деген халыққа жеке сөз арнауға тура келеді.
Ішінде инста мен тик-ток бар әлеуметтік тораптарда он секөндтен артық ой ойлап керегі жоқ контент көрілім мен жазылушыны интелектуал авторларға қарағанда әлдеқайда тез жинайды. Содан да көпшіліктің көкейінде «пипл» мынадай етіп талғамай жұтып жатса, қарадүрсін бола салайық та деген пікір бекиді. Сондықтан мен өздерінің «күміс батырмасын» «алтын батырмадай» кәделейтін көзі қарақты блогерлерді жақсы түсінемін. Блогерлік – социумды хабардар ету, көзін ашып, сауаттандыру тұрғысынан керек нәрсе.
Бірақ бізде кімдер блогер, коуч болып жүр деген мәселе бар ғой. Алдымен бүркеме пост жазуды білем құйрыққа айналдырып, улы пост, креатив жала жабудың, бопсалап ақша алудың жолына жатып алған, жазылушыларының есебінен, ойын ойнатулар арқылы заңсыз пайда табатын кәдімгі алаяқтар, сонан соң, тақырыпты онша жетістіріп білмесе де бәрін білетін адамша өзгеге жоғарыдан қарап, зыпылдап, сыпылдап сөйлеп, ғылымтақылеттес хайп қуатын Әлия Әшім сияқты научпоп-блогерлер. Бұлардың наны неге жүріп тұр? Бұлар қалай ой-пікірдің жаңа қабат лидерлері болып отыр? Бигелді Ғабдуллин жазғандай, мұндай блогерсымақтар биліктің қолынан жем жеп жүр, мұнда журналистердің де кінәсі бар, себебі олар да билікке қызмет етуші кастаға айналып кеткен.
Басқаша айтқанда, блогерсымақтар кез келген мүмкіндікті пайдаланып атақ шығарады, ал БАҚ бұлардың қолына ақпаратты тексермей жариялап жіберетін шалағайлықтарымен «айғақ» ұстатады. Осыдан кейін және «конституциялық бестіктен» басқаның бәрін сыпыра сынаушы болып көрінетін тәуелсіз-мыс «журиктерді» көргеннен кейін өз басым бұрын құрметтеп жүрген бірқатар қаламгерді құрметтемей қалдым. Бұл күнде блогосфераны пайдаланып, геростраттық «атың шықпаса жер өртеу» қалыпты нәрсеге айналды. Тарихта із қалдыру өмірдің өзінен де қымбат мақсатқа айналды.
Жоғарыда айтылған келеңсіздіктер оларды оқушы, көруші, тыңдаушы, оқып, көріп, тыңдап қана қоймай, деміл-деміл дем беруші, жел беруші пипл – тобыр болмаса орын алмас еді. Үш баласын өлтірген әкеге селт етпейтін тобыр күнделікті өмірдегі болмайтын кәкір-шүкірге көбігін шашыратып, аттанға шаппай қоспаса отыра алмайтын болды.
Фолловер Фатима Жүнісова жазбақшы, бұрын ел алдында айтары барлар сөйлесе, қазір аузы барар сөйлей береді.
Сөйлей берсін дейсің ғой, егер жарық жер де қараңғы болып көрінетін білімсіздер мен парықсыздар дәлелі мен дәйегі жетпей қалған жерде кілауызын іске қоспаса, балағаттап-былғамаса, «Білмейтіндер үндемесе дау болмас еді» деп имам Ғазали айтпақшы, жамағаты блогер-коучтарға жамырай мадақ айтып, құйрықтарына көпшік қоймаса, «Мыналардың тілін тыятын біреу бар ма!?» десе, арзан әңгімелердің үні баяғыда өшер еді. Сөз болып отырған тақырыптың арнасынан ауытқып, бей-берекет кететұғын тораптық оффтоп орын алмас еді.
Соңғы мәліметтер бойынша, әлеуметтік желіні әлемде 5,2 млрд адам пайдаланады. Бұл жер шары тұрғындарының 64 %-ы. Соңғы он екі айда желі қолданушылардың саны 4,1 % өскен, яғни 206 млн адам жаңадан қосылған. Мультиплатформалық жағынан адамдар орта есеппен 6-7 әлеуметтік желіге тіркелген. Қазақстан бойынша, ең соңғы мәліметтерге сәйкес, 15,7 млн адам әлеужеліні актив қолданады (81, 5 %), жылдық өсім – 11, 2 %. Аудитория бойынша көш бастаушылар – Tik-Tok (абсолютті лидер), Instagram, мессенджерлер арасында WhatsApp, сосын Telegram.

Тұрғын халықтың төрттен үші, ал дүние жүзі бойынша әр он адамның алтауы. Крепостной помещик Цукербергтің тәуменді (бостан) тәуелді (бостансыз) қарашекпендері. «Маркстің бір сөзі бар, «Біз өзіміз тізерлеп тұрғандықтан, ұлылар бізге ұлы болып көрінеді» деген, сол айтқандай мен шынымен де тізерлеп тұрмын – балаларыммен айналысудың орнына фб-да отырмын» (желі қолданушы әйелдің жазғаны). Салдары – функционалдық сауатсыздық. Олигофреннің шектеулі сөздік қоры. Адам (бала ғана емес) жазып, оқи алады, бірақ жазылғанды қабылдап, ой елегінен өткізуге қабілетсіз. Бай, шүйгін әдеби тілдің (соның ішінде қазақ тілінің де) орнын әлеуметтік желінің тақ-тұқ кедей тілі басты және тар, қысаң тілдік ортада қолданылғаннан кейін тіліміздің түрі, өңі, сөлі өзгерді, сәйкесінше функционалдық қызметі де айтарлықтай қусырылып, қасаңданып барады. Салдарынан бүгінде елімізді мекендеуші халықтың жартысы оқыған ақпаратын қорытып, сыни баға бере алмайтын жағдайға жетіп отыр. «Қазіргі проблема – информацияның жетіспеушілігі емес, тым көптігі. Инфодан миың айналып кетеді. Интернетті өшіріп тастадым. Артық информация артық иллюзия туғызады. Реалды өмірде емес, виртуал өмірде тұруға әкеледі. Соңғысы – өтірік, көбік өмір. Соны идеалға айналдырудамыз. Әсіресе жастар осы жылтырақ, өтірік өмірге әуес болып барады. Қауіпті, өте қауіпті» – математик Асқар Жұмаділдаевтың бұл пікірін психолог Алексей Леонтьев те қуаттайды: «Избыток информации ведёт оскудению души». Екеуі қосыла кеп, Михаил Жванецкийдің мына бір сөзімен үйлес түседі:
«Бұрын дүниені ақылды жандар басқарушы еді. Бұл өзі бір қатыгездеу тәртіп – ақылдылар ақылсыздарды оқуға, білімге мәжбүрлеген. Топастар бұдан кәдімгідей азап шекті. Қазір дүниені топастар басқарады. Олар сан жағынан көп екенін ескерсек, осының өзі әділдік. Енді ақылдылар топастар түсінетіндей етіп сөйлейтін болды. Топас бірдеңені түсінбей қалса, бұл ақылды адам үшін нағыз қасірет».
Дүниедегі ноқаттың өзін өлшеп, салмақтап қоятын ғылымға айтқызсаңыз бұл былай: қоғамды күрделі идеяларды құнсыздандыру үрдісі теміреткідей жайлап барады, мәселен, арзан сапалы онлайн-контентті мөлшерден тыс пайдалану салдарынан адамның психикалық және зияткерлік жай-күйі нашарлап, шынтуайтында «мидың шіруі» жүріп жатыр.
Бұл зарарға қалай қақпан қоюға болады?
Корей Халық Демократиялық Республикасында Интернет жүйесі қорқынышты қару ретінде блокталған. Соның арқасында ондағылар «әлеуметтік желі, ұялы телефон арқылы жүргізілетін зиянды үгіт-насихаттан құтылдық» деп отыр. Біріккен Араб Әмірліктерінде жалаңаш бейнелі фото және белгілі бір түсініктеме-коммент түрлеріне тыйым салынған (мысалы, әлеужелі, мессенджерлердегі боқтық сөздер үшін екі жылға дейін түрмеге қамау, ғауретті фото жариялағаны үшін алты айға дейін бас бостандығынан айырып, 1300 доллар айыппұл салу қарастырылған, негізі – бұлар әмірліктер үшін қоғамдағы құндылықтар мен әдеп-иба шеңберінен тыс, қабылдауға болмайтын теріс қылықтар.
Біз орынды-орынсыз жамандай беретін Путиннің өзі Интернет қоғамның имандылық заңдарына бағынуы тиіс деген ұстанымды ұстанады. АҚШ Конституциясының баспасөз және сөз бостандығына қатысты 1-түзетуіне қарамастан, демократия басты валюта саналатын бұл алпауыт елдің өкіметі баспасөзді ішіне социал нетворкинг кіретін жалпы Social media-ны түрлі тетіктер арқылы өте қатаң басқарып отырады. Мәселен, бізде қоғам пафостық понторездер мен топас тиктокерлерді әз әулие тұтып, бастарына көтерсе, еуроамерикан цивилизациясы біздің Иманбек сияқты жай қарапайым таланттарды көтереді. Батыстың ұғымында әлеуметтік желінің пайдалы жағы көп, бірақ оның негізгі атқарымы социум арасында коммуникация орнату, оған өңге функцияларды тықпалап, қадірін кетіріп, арқасын жауыр, аузын жалақ етуге болмайды.
Енді не істемек керек бізге?
Бір кезде Владимир Ульянов-Ленин социализмді өзгеше бір мемлекеттік құрылыс, жүйе ретінде талдап жасағанда оны пролетариат диктатурасымен шектеген еді. Қоғам демократияға дайын болғанша диктатура жұмыс істеуі тиіс-тын. Осындай ұстанымды кейін жалпы мәдениет турасында бірқатар ойшы адамдар да ұсынған, мысалы, Сергей Капица: «Мәдениет ұрығын ырықсыз егу керек! Тіпті күш қолдана отырып енгізу жөн. Әйтпесе бәріміз құрдымға кетеміз», – деген. Осыған ұқсас ыңғай Президентіміз Қ.-Ж. Тоқаевтың биік мінберден айтылған мына бір сөзінен де аңғарылады: «Мемлекеттік органдардың назары көбінесе халықтың нақты қажеттеріне емес, әлеуметтік желілердің ленталарына тіктеліп отыр... Виртуалды әлем иллюзия-елес өмір мен адасушылықтар туғызуымен қауіпті. «Диван сарапшының» әр коментарийін бүкілхалықтық қолдау немесе, керісінше, барлық адамның айыптап, кінәлауы ретінде қабылдауға болмайды. Халықтың барлық тараптарының ой-пікірі мен қажеттіліктерін ескеру керек».
Әрине, бұл ескерту тиісті орындардың адресіне айтылған. Ал тұтас қоғамды әлеуметтік желіні сауатты пайдалануға, дұрыс қолдануға қалай үйретуге болады? Әлде Асқар сияқты Интернетті жауып тастау керек пе?
Әлемде соңғы кезде осындай тренд бел алып келеді. «Повезло Цукербергу, что в мире есть столько дегенератов, которые сами выставляют себя на всеобщее обозрение. И я даже рад, что у меня никогда не было Фейсбука», – деп бір фолловер қуанғандай, дүние жүзіндегі адамзаттың 25 %-ында фб түгіл тіпті телефон жоқ екен (жер шарындағы жан санымыз 7,8 млрд). Оның үстіне, соңғы кездері дүние жүзінде жастардың арасында ақпарат әлемінен уақытша бас тартқандардың Digital detox дейтін қозғалысы өріс алды. Басқаша айтқанда, бұл адамның өзін өзі ақпараттық шектеуі. Миллениалдардың 49 %-ы, ал GenZ өкілдерінің 44 %-ы экран уақытын саналы түрде қысқартқан. Биыл, яғни 2025 жылы цифрлық детокс ретриттеріне қатысу 30 %-ға артқан, деп жазады осы жерде біз мәліметтерін пайдаланып отырған «Айқын» газетінің тілшісі Айсұлу Съезхан. Олар Wi-Fi-сыз қонақүйлерге көбірек түседі, смартфонсыз курстарға барады, тұтас алғанда цифрлық тыныштыққа көшкен. Цифрлық әлемнен біржола кету емес, одан керегін алып, құрал ретінде ғана пайдалану, тәулігіне 16-18 сағат байланып отырмау / жатпау. Цифрлық тыныштыққа бірқатар әлемдік танымал тұлғалар да көшкен. Мысалы, Селена Гомес осыдан бес-алты жыл бұрын смартфоннан бүкіл әлеужелі қосымшаларын өшіріп тастаған. Аккаунттарын көмекшісі жүргізеді. Жаңазеландиялық әнші Лордэннің 2018 жылдан бері әлеужелімен арасы жақсы емес. Ал брит-поп әнші Эд Ширан 2015 жылдан онымен алыстан сыйласады. Біржола кету емес, үзіліс алып, миларын қоқыстан тазарту.
***
Өз әлемін жасыра білетін, өмірінің кейбір қалтарыс тұстарын көпшіліктің алдына лақ еткізіп шығарып үйренбеген, шығармашылық зертханасын да ашып көрсете бермейтін, не нәрседе де өз ақылмен іштеніп жүретін сирек талант иесі жазушыға цифрлы әлемде lifestyle ұстау, жалпы алғанда, мәні мен маңызы асыра бағаланып жүрген әлеуметтік желімен етене араласу оңай шаруа емес. Себебі ол социумның деинтеллектуализацияға ұшырауымен, қаратабан тобыр осыған дейін өрісінде небір жауһар шедеврлер жасалған сандаған ғасырлық қағидаттарды қалай күл-паршасын шығарып жатқанына күнбе-күн куә болып отырады. Цифрлық әлем арқылы дүниеге өз үстемдігін жүргізе бастаған тоғышар қауымның – желіде басы қалғыр охлократияның бір-біріне ұсынған достығы постпен ғана өлшенетінін, бір күн жазбай кетсе, әлгі френдісін естен шығаратынын ғұмырынша өмірді сан емес, сапа деп ұғынып келе жатқандықтан ағатсыз түйсініп отырады. Бұқаралық мәдениетті бұрыннан да мойындамайтын, оны зомби деп білетін ол ендігі жерде, тар профильді қауымның ортасында, өз пікірінің бағалы екендігіне сенімін жоғалта бастайды. Копипаст жағдайында мынадай оқырмандары болуы, мынадай оқырмандарды ойлауы – саналы қаламгер үшін өтірік өмір сүруімен пара-пар.
Не істеу керек? Осынау жалған охлократиядан біржола қол үзу жөн бе, немесе айтқандарына көніп, айдағандарына жүріп, жылымына байырғы бояудай сіңісіп кету дұрыс бола ма? Дилемма.
Ньютон аспан денелерінің жылжуын есептеп шыға алатынын, бірақ тобырдың ессіздік дәрежесін есептеуге күші жетпейтінін мойындаған екен. Голливудтық «Идиократия» фильмінде 2005 жылы мұзға қатырылған адамдар 2505 жылы мұз құрсауынан босап тіріліп шығады. Сондағы көрген жұртшылықтың, қоғамның орташа IQ деңгейі 20 балл екен. Ұлықбек обсерваториясының кірпіштерін пешке тасып алған XVII ғасырдан асып кеткені шамалы...
Біреу-міреу менің ақымақтарға шыдамайтын төзімсіздігімді бетіме баса қалса, мен әдетте ондайларға былай деп жауап беремін: ие, мен оларға беймарал, бей-жай қарар едім, әгәрәки олар өздері жасап алған ортадан шықпай тіршілік ететін болса, бірақ олай емес қой – олар адамның ақыл зердесімен жасалған ортада өмір сүреді және тыныш жүрмей, әлгі ортаны бүлдіріп бітеді ғой – енді Станислав Лемнің осы бір сөзін есте жоқ антик заманның айтқышы Эпиктеттің айтып кеткенімен салыстырайық: Адамдардың қателіктерін көріп өзегің өртене күйінсең, онда сенің өзің ізгі иман не екенін, зұлымдықтың не екенін жетік білмейді екенсің! Ендеше, өзгелерді жөніне қойып, алдымен өзіңді жөндеп алғаның жақсы емес пе? Өзіңді дәл өзіңдей ешкім жақсы білмейді, сол себепті өзіңді өзгені сенімге келтіргеніңдей тәуірірек жөнге келтірер едің. Сонда өңгелері жаза басып, шалыс қадамға барғандары өздері үшін қаншалықты пайдаға шыққанына көздері жетер. Мораль: адамдардікі дұрыс емес екендігін көре-біле тұра оларды түзетпеуді қалет етуді үйрене алсам екен; жан біткенді түзу жолға салып, кемел адам санатына жеткізудің салмағы дәл менің еңсеме артылмаған шығар – дүние кемелдіктен де жоғарырақ, құндырақ. Көп қателескен жерде ешкім де жазаға бұйырылмайды. Не нәсте болсын айналаңдағыларға емес, өзіңнің мінез-құлқыңа байланысты. Сен өзіңді қалай қабылдатқың келсе, жұрт сені дәл солай қабылдайды. Смартфонмен, смартфонсыз, фб парақшаңсыз, парақшамен, бәрібір ең бастысы, яһудилер айтатындай, адамдардың екі түрінен – ыңылдап проблема айта беретіндерден және бос сөзбен уақытыңды ұрлайтындардан қашық болғын. Олай болса Асқар айтатындай, Гомес жасағандай, ғаламдық дырдудан құтылмақ болып бүткіл байланыс құралдарыңды ажыратып, әлеужелідегі аккаунттарыңды құртқаннан мәселе шешілмейді.
Осы сөзді тақырыбымыздың негізгі нысаны – блогосферадағы жазушы адамдарға да қарата айтар едік. Тораптарда руханилық итше үрумен алмастырылып, негатив қаптап жатса да қаламгер бұған шыдауы керек, өйткені, жазушының да, әлеужелінің де негізгі материалы – сөз. Ұлы мәртебелі Сөз. Онлайнда қор болып жүргені үшін сөз кінәлі емес. Жазушының міндеті осы ұшы-қиырсыз сөз мұхитының кебегін тастап, керегін алып пайдалану, сөз таластырмау, пікір жарыстыру, электоралды раллиге басымен кіріп кетпей, осы ортадағы пікір, ой диапазонын кең, мазмұнды, әрқилы етіп, сарабдалдықпен, асқан сезіммен жүргізіп отыру, әлеужеліні өз мақсатына – әлеуметтік капитал ретінде пайдалы байланыстар орнатуға, онлайн-қауымдастықтарға мүше болып, өз саласындағы өзгеріс-жаңалықтарды жібермей қадағалап, үдерістің қайнаған қызу ортасында отыруға пайдалану.
Ең бастысы, осының бәрі жазушының өз шығармаларын жазатын уақытына кеселдік келтірмеуі тиіс. Әлеуметтік желіде қажеттіліктеріңді өте, бірақ одан итініп шықпаудың орнына ындыны тоймайтын адами ынтызар-тілектеріңді шектеуді ұмытпа. Яғни, әлеужеліде болуды кейінге, қолайлы уақытқа қалдыруды үйрен. Шын, кәсіби жазушылығыңды қатарда жүрер ерғара фолловердің, блогер-автордың деңгейіне айырбастама. Сенің жазарың бар, ал оларда одан басқа ермек жоқ.
Жазушы, мына турбулентті заманда тым құрыса мәдениеттің, жақсы нәрселердің жұрнағын аман алып қалу – маңызды. Дүниеде ой мен ойдан шығаруға әлі де орын бар. ЖИ, әлеужелі – жақсы көмекшің, бірақ сен оларға құл емессің... деп келдім де, соңғы сөйлемнің нүктесін тық еткізгенімше сол қолым өзінен-өзі жанымда үнсіз жатқан смартфонға қарай созыла берді. Жалма-жан қаламды тастай салып, оң қолмен сол қолды шарт еткізе соғып жібердім...
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.