Ал сен кетіп қалдың...

Бүгін ақын,  Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, “Парасат” және “Құрмет” ордендерінің иегері Есенғали Раушановтың дүниеге келген күні.  Өмірден өтсе де көңілден кетпейтін ақынның жырларын оқырман назарына қайта ұсынып отырмыз. 

55

Ал сен кетіп қалдың... - adebiportal.kz

 

Жаз не деп еді 

Ол өксіген қарс айырып көкірегін: 

“Үйренісіп өзіңе кетіп едім, 

Маған қиын болады жалғыз қалу, 

Қалшы осында, 

қала ғой, 

өтінемін”. 

 

Өмірі үшін, 

о мейлі құмары үшін, 

Ол қимады жанының жұбанышын: 

“Маған қиын болады жалғыз қалу, 

Ей, тас жүрек, 

сен соны ұғамысың?”. 

 

Ал сен кетіп қалдың... 

 

Құшағында жаз қалды қоңыр түннің, 

Көз алдыңда көйлегі оның күлгін. 

Сары шаш күз кездесті, 

бұрын, тегі, 

Күз көрмеген секілді сен ұмтылдың. 

 

Жабығып жүр, 

қажып жүр демесін деп, 

Күлген болып, 

сол баққа келесің көп. 

...Жаз кіреді түсіңе, 

шошып тұрып, 

Күздің суық ерінін өбесің кеп. 

 

Сары күзге сенбейсің, 

шүбәлісің. 

Сыбырлайсың... 

Қан жылап тұрады ішің: 

“Маған қиын болады жалғыз қалу, 

Ей, тас жүрек! 

Сен соны ұғамысың?”

 

***

Несiн қазбаладың,

Өшкем де жоқ, жоқ және маздағаным,

Қателердi жасауға мен жасаған

Бiр кiсiнiң ғұмыры аз, қарағым.

 

Ақталам не деп бүгiн,

Бақа уайымым көп болды, бөлек мұңым.

Жаңсағым мен мiнiмдi түзетерге,

Мен бiлмеймiн қанша өмiр керектiгiн.

 

Сатпаған құстар ғана,

Әсiресе, бозторғай ұшқан дара.

Менiң ессiздiктерiмдi қайталауды

Тiлемеймiн дос түгiл дұшпанға да.

 

Көлден өтiп, көлденең шөлден өтiп,

Өлмегенмен өзiңдi өлмелi етiп,

Ел жадынан тезiрек ұмытылсаң,

Ешкiм бiлмес, танымас жерге кетiп.

 

Бiзде нендей алысқа самғар күш бар,

Бәрi өтпелi – арзу, ой, арман құштар.

Қалатыны түк те емес – бiр құлпытас,

Қонып ұшар қанаты талған құстар.

 

Әкемнің өлеңі

Алты діни кәлима

Күніне алпыс мәрте қайтарып,

Атыңды айтам, ай, Маңқыстау пір-ием.

Көк арбада шайқалып,

Көкем Сыпыра көшкенде,

Көзінен бұл-бұл ұшқан көркем де мұңды дүнием.

 

Көлденең жатқан құба шын.

Сағым да болып тумадық,

Сағынғанда саған барып құларға.

Мұнар да мұнар мұнарда,

Өрт алғанда қиясын,

Көтеріп ұшып ұясын,

Тәуекел деп қойып кеткен тұманға,

Біз-дағы бір адасқақ лашын.

 

Ойласам, көңіл жабығар,

Самның салқар құмы тағы бар.

Тыңдар құлақ табылса,

Әр қазақта он қазақтың зары бар.

Сағыныш деген – сары нар,

Сары нардың бұйдасын

Ұстатып ұлдың қолына,

Түстім Хақтың жолына.

 

Атам Бекет, жебеші,

Бұлдыр-бұлдыр бұлдыр тау,

Бұлдыр таудың төбесі,

Бұл қай бала демеші

Бұлдырықтай сол жетім

Бұлдырап ұшып жеткенде,

Бұлқынып барып жай табар

Бұл жүректің көрде жатқан егесі.

 

***

Амал деген айыңыз – жаңбырлы ай бұл, 

Жаңбырлы ай бұл – жылаулы тағдырдай бір. 

Мен риза жылаулы тағдырыма, 

Өтіп жатқан шөлімді қандырмай бір. 

 

Амал деген айыңыз – мына келген, 

Күн қабағын ашар ма сұрағанмен, 

Жаңбыр кешіп жүгірген балалық-ай, 

Құлыншақтай құлдырлап құба белден. 

 

Иен дала жаңбырмен жуынғанда, 

Ен салатын ауылда құлындарға. 

Құлағынан қан саулап қасқа құлын, 

Дірілдейді, қорқады қыбырларға. 

 

Құлағынан қан аққан құлын дене, 

Кетпей қойды көзімнен бүгін неге. 

Кісінейтін сияқты қыр астында ол, 

Сатырлаған нөсердің үнін бөле. 

 

Осы менің тағдырым неге бұлай, 

Көз алдыма кіл жетім келеді ұдай, 

Өңірімде шынымен аз болды ма? 

Өрен жүйрік, шоң мен би, өрелі бай. 

 

Көз алдымда сай-сайдан өрген елес, 

Көш, көш бұлт, елесті өңгере көш. 

Не бар сонша бүлінген – амал келді. 

Амал келіп жылап тұр – ол мен емес, 

Жылай берсін!

 

***

Пай-пай, пай-пай, Тәңірдің бергенін-ай,

Көкте – Құдай болғанда, жерде мұнай –

Қазақ атты бір ел бар ортасында,

Қордалы би дейді оны, көмбелі бай.

 

Үш қиянның көмбесін толғап айттық,

Көкке бір-ақ шығыппыз.

Зорға қайттық.

Көкте – Құдай болғанда, жерде – мұнай,

Ал сол мұнай жоқ делік.

Сонда қайттік?

 

Ата қоныс дегенім – ар-намысым,

Сағана там, тарғыл тас, таңбалы шың.

Сені өзгеге қиям ба, кермек теңіз,

Жатқа сені берем бе, жарқамысым?!

 

Кепкен шыңырау – алдыңнан о да шығар,

Еңку-еңку еңіске жол асығар.

Байлық та жоқ, бақ та жоқ – жұртың отыр,

Таусылмайтын, әйтеуір тобасы бар.

 

Шеккен мехнат кешегі, көрген азап, –

Бодауына жарар ма көмбе ғажап.

Сол көмбесі болмаса болмасын-ақ,

Көкте Құдай болғай да, жерде қазақ!..

 

***

Жаным еңлік,

Тар жол, тайғақ кешуге тағы келдік.

Тағы адастық тал түсте екінші рет,

Жүректерді тағы да әбігер ғып.

 

Жаным еңлік,

Сағынышым тозбайтын сары белдік

Кімге қалмақ деп ойлап күрсінемін,

Не қалдырам демеймін жәдігер ғып.

 

Екінші рет,

Мен аспанға қараймын жетімсіреп.

Жалбарынғым келеді көктегі Айға

Жақын келіп жаныма отыршы деп.

 

Ай біледі,

Бір өлтірсе өлтірер қайғы мені,

Мені көріп кербез ай, тәкәппар ай.

Аяған соң құшағын жайды бері.

 

О, тегінде,

Өкінеді ақындар өтерінде.

Мейлі, мейлі, жаным тек сен аман бол, 

Мен көп болса Ай жаққа кетемін  де.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan