Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Алаштың Асанәлісі өмірден өтті...

Алаштың Асанәлісі өмірден өтті

21.12.2025

3989

Алаштың Асанәлісі өмірден өтті - adebiportal.kz

Бүгін, 21 желтоқсан күні әйгілі театр және кино тарланы, актер, режиссер, киносценарийші, қаламгер, театр педагогі, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан театрлар ассоциациясының президентіМұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі, профессор Асанәлі Әшімұлы өмірден өтті. Жастайынан талантымен танылған актер кезінде Қазақ КСР-інің, КСРО-ның Мемлекеттік сыйлығына ие болып, Қазақ КСР-інің және КСРО-ның Халық артисі атанды.

Асанәлі Әшімұлы Әшімов 1937 жылы 8 мамырда қазіргі Жамбыл облысының Сарысу ауданында дүниеге келді.

1961 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясының (қазіргі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының) театр факультетін бітірген. 

1961-1963 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында жұмыс істеп, кино саласындағы еңбек жолын бастаған.

1963 жылдан М.Әуезов атындағы қазақ драма театрында актер, режиссер, 1987-1989 жылдары көркемдік жетекшісі болып жұмыс істеген.

Қазақ кино, сахна өнерінің алыптары Серке Қожамқұлов, Шәкен Аймканов, Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітовтермен және өзінің тұстастары Нұрмұқан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев, Әнуар Молдабеков, Мәжит Бегалиндермен шығармашылық қызметте қанаттас жүріп, қалың елге талантымен танылған актер Қазақ драма театрында елуден астам рөлде ойнаған.

Кино саласында алғаш 1958 жылы «Ботагөз» фильміндегі Кенжетай рөлінен бастаған Асанәлі Әшімұлы 1970 жылы Сұлтан Қожықовтың әйгілі «Қыз Жібек» фильміндегі Бекежанды ойнайды. Бұдан соң 1972 жылы Андрей Кончаловскийдің сценарийі бойынша түсірілген Шәкен Аймановтың «Атаманның ақыры» фильміндегі басты қаһарман Қасымхан Шадияровтың рөлін сәтті ойнап, күллі Кеңес Одағына танылды.

1977 жылы Эльдор Оразбаевтың «Транссібір экспресс» фильмінде және 1989 жылы Гук Ин Цой мен Игорь Вовнянконың «Маньчжур варианты» фильмінде, 2009 жылы Қуат Ахметовтің «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильімдерінде ойнады. 

Кинорежиссер ретінде 1981 жылы Гук Ин Цоймен бірге «Ұлу жылғы көтеріліс, 1985 жылы «Шоқан Уәлиханов» 4 сериялы фильмдерін түсірді. Мұнда басты рөлді ұлы Сағи, Шыңғыс сұлтан рөлінде өзі ойнады. 

Ол көптеген фильмдердің сценарийін жазды. Атап айтқанда 1968 жылы Ә.Тарази, Б.Шәмшиевпен бірге «Қараш-Қараш оқиғасы», 1983-1984 жылдары Ю.Николинмен бірге «Шоқан Уәлиханов», 1989 жылы И.Вовнянкомен бірге «Маньчжур варинаты», 1992 жылы Ш.Құсайыновпен бірге «Қозы көрпеш-Баян сұлу», 2004 жылы И.Вовняно, С.Санбаевтармен бірге «Тұзды көл жағасындағы үй», 2009 жылы Е.Тұрсынов, Х.Ахметовтермен бірге «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильмдерінің сценарийін әзірлеп, фильмдер түсірді.

Сонымен қатар негзінен эссе жанрында қалам тербеген Асанәлі Әшімұлы «Майраның әні» (1995 ж.), «Жан бөлек» (2001 ж.), бес томдық «Арнау» (2007 ж.), «Махаббатпен Асанәлі Әшімов» (2008 ж.) кітаптарын жазып, оқырмандарға ұсынды.

Барлық саналы ғұмырын ұлт руханияты жолына арнаған абыз ақсақалдың театр сахнасында, фильм экранында сомдаған қайталанбас қанық образдар туған халқының жүрек төрінен мәңгілік орын алып, ұрпақтан ұрпаққа жалғаса бермек.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan