4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні. 1992 жылы 4 маусымда Қазақстанның Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Әнұраны алғаш рет бекітіліп, ресми мәртебеге ие болды. Сондықтан да бұл күннің тәуелсіз мемлекетіміздің тарихында ерекше орны бар.
Рәміз (араб тілінен аударғанда «белгі», «нышан») — қандай да бір идеяны, ұғымды немесе құндылықты білдіретін шартты белгі немесе көрініс. Рәміз – кең мағынада алғанда мемлекеттің егемендігі мен тұтастығын айқындайтын айырым белгі.

Рәміздер – тек геральдика тіліндегі айырым белгі ғана емес, ол мемлекеттің тарихы мен салт-дәстүрінен, ділінен, көп жағдайда діни-наным сенім сипатынан да хабар беріп тұратын – нышандық ақпарат көзі. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның Мемлекеттік рәміздерін көркем шығармашылық қиялдың кемел туындылары деуге толық негіз бар. Биылғы наурыз айында өткен халықаралық сауалнама сөзімізге дәлел бола алады.
2026 жылы әлемдегі ең ірі медиаплатформалардың бірі — Reddit желісінде дүние жүзі мемлекеттері тулары арасындағы ең әдемісін анықтау бойынша ауқымды дауыс беру өткізілген болатын. Халықаралық «Flags of the World Tournament» онлайн-турнирі бірнеше кезеңмен жүрілген. Әлемнің ондаған елінің мемлекеттік рәміздері бірнеше кезең бойынша іріктеліп сыналтылып, ең үздік дегендері келесі кезеңге өтіп отырған.

Финалдық төрттікке Кирибати, Бутан, Сейшель аралдары және Кирибати тулары шыққан екен. Бұл дауыс берудің ақтық кезеңіне Океаниядағы шағын ғана Кирибати мемлекетінің туы мен Қазақстанның көк туы шығып, қорытынды нәтижеде әлемдік желі қолданушылары көгілдір түсті ашық аспанның ортасындағы алтын күн мен қалықтаған қыран құстың бейбітшілік пен еркіндікті білдіретін ерекше дизайнына жоғары баға берген. Осылайша отандық суретші Шәкен Ниязбековтің рәміздік туындысының көркемдік шешімін әлем мойындап жақсы баға берді. Бұл – халқымыз үшін орынды мақтаныш. Бұл – Қазақстанның имиджі нығайып, ұлттық құндылықтарға деген құрметтің артуына да игі ықпал ететін нәтиже.
Тәуелсіздік тарихының беттері қалыңдай түскен сайын, ұлттық құндылықтарға, оның ішінде мемлекеттің рәміздеріне деген құрмет те жыл өткен сайын арта бермек.
Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік рәміздер күні құтты болсын!
