Әлемді өзгерткен үш алма
Әлемді өзгерткен үш алма. Ол – Адам Ата дәмін тастаған, Исаак Ньютонға ой тастаған және Стив Джобстың тістелген алмасы деген тәмсіл бар. Ақын осы пайымдауға философиялық тұрғыдан талдау жасайды.
Дидарына шаң қонбай, арамдалмай
Дүние жаңа ғана жаралғандай–
Бақытты күн кешсін деп ең алғашқы
Екі адам ештеңеге алаң болмай.
Қызық қой адамзатқа өз өткені
Оқталдым мен де соны сөз өткелі.
Уайымсыз, қайғысыз жұмақтағы
Екеуіне шынымен не жетпеді?
Шіркіннің «Алма!» деген аты қандай
Райдан қайтты алуға дәті бармай.
Іс еді бұл түбінде болмай қоймас
Ілулі тұрған мылтық атылардай.
Жұмақтың бар игілік, салтанатын
Тәрк етізген адамға Алма – Таным!
Танып, білмек жүрекке әрқашанда
Азаттыққа құштарлық тән болатын!
Азаттыққа ұмтылса Адам жаны
Қалады екен әдірем Эдем бағы.
Құпиясын тануға басқа әлемнің
Басын тігіп екеуі жеді Алманы!
Құдайдың да сөзіне құлақ аса
Қоймаған соң зор болар күнә да аса.
Жердің бетін мекендеп өсіп-өнді
Басқа қайда бармақшы ұнамаса?
Жерге мәңгі кіндігін байлағасын
Зерттейді адам өзін де, айналасын.
Темірқазық неліктен тапжылмайды,
Майлыаяқтай күзеткен қой қорасын?
Шашырамай жан-жаққа, құламай да
Барлық аспан денесі тұр,
алайда
«Не құдірет бар мұнда?» деп өзінен
Оңашада бір ойшыл сұрамай ма?
Орта ғасыр. Англия.Алма бағы
Алма бақта әлгі ойшыл толғанады:
Бүкіл әлем тартылса бір-біріне
Бағынған ғой бір заңға сонда бәрі?
Оқиғаны осындай сөз еткенде,
Біз кісімси қараймыз неге өткенге?
Ньютон да өзінің ұлы заңын
Ашқан дейді алма кеп топ еткенде.
Қазір ЖИ тұрғанда өзекті боп,
Қайдағыны сөкпеңіз сөз етті деп.
Адамзаттың ілгері дамуына,
Алма себеп болыпты кезекті рет.
Кейін ақыл-ойымыз өрістеген
Уақытта данышпан Джобс деген.
Қауызына тарының тығып қойды,
Жауламай-ақ әлемді соғыспенен!
Ынтызар боп тылсымға құмартқанда
Қашып шыққан бабамыз жұмақтан да.
Адам Ата тістеген алма қазір
Қолында жүр әркімнің –
смартфонда!
Қанат байлап талпындық ұшарға біз
Икар да аңыз, бұл күнде мысал да аңыз.
Бір-ақ алма боп шықты шын мәнінде
Дүниені өзгерткен үш алмаңыз.
P.S.
Қай нәрсенің қадірсіз қолда бары,
Неге тыйым салынса сол – бағалы.
Дәл осылай боларын білмеді ме
Алманы “Алма!” дегенде Алла- дағы?
...Не күтіп тұр біздерді алда тағы?
Әбубәкір Смайылов, ақын
