Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Алғыс алыңыз, алғыс айтыңыз......

Алғыс алыңыз, алғыс айтыңыз...

28.02.2026

37

Алғыс алыңыз, алғыс айтыңыз... - adebiportal.kz

1 наурыз – көктемнің алғашқы күні. 1 наурыз – Қазақстан Республикасындағы Алғыс айту күні. 

Биылғы Алғыс айту күні – дөңгелек санмен өрнектеледі. Яғни осы күннің елімізде атап өтіліп келе жатқанына он жыл толып отыр.

Алғыс айту күнін атап өту – осы он жыл ішінде қазіргі қазақстандық қоғамда өзіндік дәстүрге еніп үлгерді. «Қарғыс алма, алғыс ал» деген дана халқымыздың жақсы сөзін басшылыққа алған отандастарымыз, осы күні бір-біріне алғыс жаудырысып, құттықтап жатады. Ата-анаға, туыс-туғанға, дос-жаранға, көрші-көлемге, ұжымдас-сыйласқа, т.б. дегендей, ыстық ықылас арналып, алғыс қабылдайтын күн – осы. Алғыс айтудың да, алудың да артықтығы жоқ. «Жаңбырмен жер көгерер, батамен ер көгерер» дегендей, алғыста айтушының ыстық ықыласы, жақсы энергиясы бар. «Жақсы лепе – жарым ырыс», «жақсы сөзге жан семіреді» деген мақалдардың мәні сол «көгеруде» жатыр.

Түтін түтет,

Өс, өрбі, көгере бер,

Немерелер көбейсін, шөберелер.

Жадыңда ұста :

Жақсылық күтпегейсің!

От емес, оқ сұрасаң менен егер! – 

деп ұлы Мұқағали жырлайтын – көгеру, көктеу ғой. «От емес, оқ сұраушылардың» дәурені жүріп кетпес үшін де, алғыс айту, алғыс қабылдауды әрқашан ескеруіміз керек. Бүгінгі күні айналада, жер жаһанда болып жатқан сын-қатерлі оқиғалардың ауыр салдарларының өзі осы ұстанымның өміршеңдігін дәлелдеп отыр.

Алғыс айту күнін арнайы белгілеп өткізудің әу бастағы мақсаты, идеясының өзі де еліміздегі бірлік пен татулықты нығайту, өткеннен сабақ алу болатын.

Қазақ даласы ХХ ғасырда сан түрлі төңкерістер мен зұлмат-зобалаңдардың куәсі болды. Саяси сенімсіз ретінде тұтастай халықтар қыстың сары аязы, жаздың аптабына қарамастан еріксіз айдауға түсті. Бағзы ата-бабасынан бері мекендеп келе жатқан туған жерлерінен еріксіз қуылып, тауар вагондарына малша артылып, басыну-тасынудың азапты сапарымен Ұлы Даланың әр түкпіріне шашылған жүздеген мың әр ұлт адамдарына өзі де киер киім, ішер асқа жарып отырмаса да, «барымен базар» болып көмектескен қазақ халқының жақсылығын олардың ұрпақтары ұмытқан жоқ. Мұндайды қазақ «аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» дейді. Өткен ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдары қазақ даласына Кеңес Одағының әр түкпірінен: Қиыр Шығыстан корейлер, батыстан, Балтық бойынан, Қырымнан, Волга жағасынан, Кавказдан латыштар, литвандар, эстондар, поляктар, курдтар, месхет түріктері, қарашайлар, балқарлар, шешендер, ингуштар, қалмақтар, немістер, қырым татарлары, т.б. ұлт өкілдері келді. 

Олардың көбісі Сталин өлгеннен кейінгі «жылымық» кезеңінде туған жерлеріне оралса, үлкен бөлігі Қазақстан аумағында біржола тұрақтап мекендеп қалды.

Кеңес Одағы ыдырап, құрамында болған одақтас он бес мемлекет тәуелсіздігін жариялаған кезеңнен, яғни 1991 жылдан бері де алыс-жақын шетелдерге жүздеген мың адам қоныс аударды.

Өз ұрпағының болашағын Қазақ елімен түбегейлі байланыстыруға шешім қабылдап, туған өлкелеріне кіндігімен байланған сан түрлі ұлт өкілдері өздерінің кәсібінен нәсібін тауып, қазақ халқымен бірге ғұмыр кешіп жатыр.

Қазақстанның Әнұранын асқақтата шырқағанда айтылатын: 

Ұрпаққа жол ашқан,

Кең байтақ жерім бар.

Бірлігі жарасқан,

Тәуелсіз елім бар, - 

деген шумақ осы алаңсыз, бейбіт өмір туралы екендігі сөзсіз. Дәл 1 наурыз күні Қазақстанның орасан зор аумағында алаңсыз да бақуатты мекендеп жатқан өзге ұлт өкілдерінің бүгінгі буыны өздерінің ата-әжелеерінің басынан өткен бұралаң-соқпақты тарихын еске түсіре отырып, ойланады. Ойлана отырып, кешегі заманда өздерінің аталарына көрсеткен риясыз адамгершілік қамқорлықтары үшін шынайы алғыс білдіреді. Бұл – ұрпақтар сабақтастығы, өзара татулық тұрғысында қажет қадам. Бұл күннің мән-мағынасын терең түсініп қана қоймай, жас ұрпаққа да үйретіп, ұғындыру – қажетті іс.

Қиын-қыстау заманда қазақ даласынан пана тапқан сан түрлі ұлт өкілдері ұрпақтары 1 наурыз күні қазақ халқына алғыс айтатын басты күн, бүгін. Ал қазақ отбасындағы бір-біріне алғыс айтудың да артықтығы болмас. Сол себепті, осы күні алғыс алыңыз, алғыс айтыңыз. «Сыйға сый, сыраға бал» деп атам қазақ айтқанындай, мынау бес күндік ғұмырда, көрші-тамырлармен сыйласып өмір сүру де бір ғанибет болмақ.   

Алғыс айту күні құтты болсын! 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan