Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Әлия Бөпежанова: Дегдар...

10.02.2017 7023

Әлия Бөпежанова: Дегдар

Әлия Бөпежанова: Дегдар - adebiportal.kz

Хас  сыншы, көрнекті мәдениеттанушы, қоғам қайраткері

Зейнолла СЕРІКҚАЛИҰЛЫ

арамызда болса 79 жасқа толар еді...


d89eee8bab39ca7947a3038da07dab8a.jpg


Өнер, әдебиет – мағыналар, көзқарастар, қарым-қатынастар деңгейінде  әр кез-кезеңде жаңаша  тыныс алып, жаңаша формаға енеді. Бұл мағыналар, көзқарас-қарым-қатынастардың негізін, іргетасын салуда және әр кез қайтадан жаңғыртып, жаңа ұрпақпен, жаңа заманмен қауыштырып отыруда  әдеби көркем сынның орны мен ролі қашанда ерекше. Біз бұл тұста тұтас бір мәдени-рухани кеңістіктерді толтыратын, мағыналарға мағына беретін, зердеге зерде қосатын, көркем шығармалар негізінде  ұлттың өзіндігін, рухани әлеуетін қуаттандыратын үлкен Сын туралы айтып отырмыз. Шалқар кеңістік Мәдениет орайындағы сын туралы айтып отырмыз.  Мұндай сынды тек хас сыншы ғана тудыра алады. Мұндай сыншы шығармашылығы аясында этикалық-пәлсапалық категориялар орайындағы  ұрпақтар сұхбаттастығы айқындала түседі.  Біз бүгін шығармашылық болмысы туралы бірер ауыз сөз айтпақ болып отырған  Зейнолла Серікқалиұлы осындай үлкен сынның көрнекті өкілі болды.

Жеке адамның өз ортасымен қарым-қатынасқа түсе, өзге адамдармен араласа отырып сапалық өзгеріске түсуі тұлғалыққа бастар жол;  бұл - өзгелер арқылы неғұрлым көбірек көрінсе – ол соғұрлым толыққанды тұлға бола түседі. Бұл тұжырымның көрнекті сыншы Зейнолла Серікқалиұлының тұлғасына бек қатысы бар. Көрнекті сыншының шығармашылық өмір жолына зер салып, қалыптасу, өсу жолын бағамдағанда, оның әдебиетке деген сүйіспеншілігі  және  сыншылық талант ұшқындары мен сыншылыққа ауадай қажет мінезі мектеп қабырғасында жүргенде-ақ байқалғаны көрінеді.

З.Серікқалиұлы оқыған  бұрынғы Гурьев облысы, Теңіз ауданы, Абай атындағы орта мектепте әдебиет пәнінің ұстаздары мықты болғанға, ал, сол мектепте жерлестері, үлкен ақын  Әбу Сәрсенбаевпен өткен кездесу 9-сыныптағы  Зейнолла оқушыға қатты әсер еткенге ұқсайды. Осы кездесудің бір нәтижесі – ол 1954 жылы Әбу Сәрсенбаевқа жазған көлемді хат-мақаласында  ақынның «Толқында туғандар» романын келістіріп тұрып талдайды. Жазылғанына жарты ғасыр өткенде және сыншының өзі  дүние салған соң жарық көрген бұл хат оның авторының ой ұшқырлығы, көркем шығарманың құрылымын тап басып тануы, романның кемшіліктерін және оның себептерін көрсете білуі, ой жинақтауы,  шығарманы қоғамдық-әлеуметтік контексте талдауға бейімділігінің айқын көрінісі. Тап осы хаттың мазмұны мен жазылу сипатында болашақ сыншының шығармашылық ойының ерекшелігі,  мақсаткерлігі мен табандылығы, ізденіс аясының кеңдігі, өзін-өзі жетілдіріп отыруға деген құштарлығы және аға ақынға деген үлкен ілтипаты мен  ізеті бар.

Әдебиетке сүйіспеншілігі жоғары мұндай жастың Қазақ Мемлекеттік университетінің  журналистика факультетіне оқуға түспеуі мүмкін еместей көрінеді. Солай болады да. Университетте өте жақсы оқи жүріп  үшінші курста «Социалистік Қазақстанға» тәжірибеден өтуге келген студент Серікқалиұлының бөлім тапсырмасы бойынша жазған алғашқы мақалаларының бірі белгілі ақын С.Мәуленовтің 1958 жылы жарық көрген таңдамалысы туралы болыпты.   Жас әдебиетшінің  Сырбай поэзиясының   халықтық сипатын,  қуатын, табиғи еркіндігін, тіл байлығын, қазақ поэзиясында азаматтық  лириканы өркендетіп келе жатқан ақын екенін айта келіп, кемшіліктерін де тап басып жазған қызғылықты мақаласы, бірақ, газет бетінде жарияланбаған. Бұл туралы көрнекті аудармашы, баспагер,  дүние кешкеніне  төрт жылдай болған зиялы азамат Әбілмәжін Жұмабаевтың естелігінде жазылады.  Оқуын бітірген соң еңбек жолын мерзімді баспасөзде бастаған сыншы әдеби процеске белсене араласады. Сыншының бұдан кейінгі мақалалары негізінен республикалық баспасөзде жиі жарияланып,  қалың көпшілік назарын аудырып, көп жағдайда тіпті  үлкен резонанс тудырып отырады.

Сыншы Серікқалиев туралы сөзімізді енді рухани аренаға  60-жылдары шыққан оның буынымен бірге қарастыра отырып жалғастырмасақ болмайды. Өйткені, атақты «60-жылғылар» сол кездегі Одақтық әдебиетте, сондай-ақ қазақ әдебиетіндегі де мәдени-философиялық құбылыс болып шығып еді. З.Серікқалиев, А.Сүлейменов, Ж.Нәжмеденов, М.Мақатаев, Қ.Мырзалиев С.Мұратбеков, Ө.Нұрғалиев, Ә.Кекілбаев, Қ.Ысқақ, О.Сәрсенбай, сондай-ақ Ә.Тарази, Қ.Жұмаділов... тізімді жалғастыра беруге болады. Бұл буын әдебиетке қазақ халқына да үлкен қасірет болып келген екінші Дүниежүзілік соғыс аяқталып, бірнеше жылдан соң келген  атақты жылымық кезеңiнде — сол кездегi алып держава Кеңестiк Социалистiк Республикалар Одағында жеке басқа табынуды әшкерелеген үлкен науқан өтiп, қоғам тынысы ептеп кеңейген уақытта — келгенiн еске алсақ, сол кездегi қоғамдық-рухани ситуация еркiн ой, ерен iзденiстерге мүмкiндiк туығызғандай едi. Әдебиеттiң қоғам өмiрiндегi, адам тәрбиесiндегi ролiне шәк келтiрмеген, сондықтан да жаңа идеяларды генерациялауға, қоғамға, ұлтқа қызмет етуге, бүгiнгi күн биiгiнен қарасақ, идеологиялық догмат-ғақлиялардан азат жаңа әдебиет жасауға бар жан-тәнiмен кiрiскен және өз идеалдары үшiн күрескен буынның көшбасшыларының бірі болған З.Серікқалиұлы сол бір қызғылықты да, өздері үшін де, руханиятымыз үшін де жемісті болған сол жылдар туралы өзі былай ой толғайды: «60-жылдары соғыстан кейінгі он-он бес жыл өткен соң бақуатты барша  әулет ес жиып, етек жапқан жауапты кезең еді. Ересектермен бірге қаршадайынан талай қиыншылықтарды бастан өткеріп үлгерген, көкірегі ояу, көңілі ашық, оқығар, өрімтал азаматтар еңсесін көтеріп алып, оң-солын танып, өмірге де, мәдениетке де сын көзбен бағдарлай қарап, өзінше қорытынды жасай бастаған. Батыл да байыпты сыншыларды осы күрделі кезең жарыққа шығарды.»

«Өзінше қорытынды жасай бастаған» бұл буын сыншылары А.Сүлейменов, З.Серікқалиев және Ә.Кекілбаевтар әдеби көркем сын жанрына жекелiк сипат дарытуға ұмтылды, яғни индивидуалды бастауды жоғары бағалады; әдеби көркем сындағы шектен тыс идеяшылдыққа, яғни әдебиеттiң қасаң идеологиялануына, жалаң, тұрпайы әлеуметшiлдiкке, яғни жер бауырлаған шыншылдыққа қарсы шықты.

Осы бір кезең туралы Асқар Сүлейменов өзінің орысша берген бір сұхбатында былай дейді (суреткердің ойы мен интонациясын дәл беру үшін аудармай беруді жөн көрдік): «Я бы очень хотел, чтобы это не выглядело нескромным, но, к сожалению, это факт. Если иметь в виду действия в жанре и внутри жанра, наше поколение (А.Кекильбаев, К.Искаков, З.Сериккалиев) пусть на короткое, летучее время внесло в казахскую критику понятие легкости, раскованности, этической агрессии и, извините, чистоплотности.»

Қазақ әдебиетіндегі сонау 20-жылдар аясында идеологиялық шідер себебінен тоқыраңқырап қалған көркемдік-эстетикалық ізденістерді жалғастырған бұл буынның өздері, бәлкім,  толық зерделеп үлгермесе де есесі кеткен ұлттың жоғын жоқтап, мұңын мұңдау міндетін арқалаған сыншылары ең бастысы - көркем шығарманың суверендігін қорғады.  Біздіңше, сол кезеңде З.Серікқалиұлы, А.Сүлейменовтердің  М.Қаратаев, Ә.Тәжібаев, Р.Бердібай сынды азулы аға буын сыншылармен баспасөз бетінде өткен қатты пікірталас-айтыстарының басты бір себебі де осында болуы керек.  Бұл айтыстар жас сыншылардың Қазақстан Компартиясы  Орталық комитетіне түсініктеме жазуымен «қорытындыланып» (бұл түсініктеме-хаттың бір данасы Асқар Сүлейменовтің архивінде сақтаулы), әдеби пікірталастар алаңы мүлдем жойылған. Сол кездегі тегеурінді топ өкілдері проза, өзге де жанрларға ойысты. Ал, З.Серікқалиұлы өзінің саналы ғұмырын әдеби-көркем сынға, рухани мәдениетке арнады.

Бiлгiрлердiң айтуында: өмiрiн мәдени еңбекке арнаған қауым өз кезеңiнiң ақыл-ойындағы өзгерiстердi, қоғамдық талап-тiлек, мұң-мұқтажды, тiптi саяси көңiл-күйдi танып-зерделеу қасиетiмен ерекшеленедi және де өз ой-толғамымен әлеуметпен бөлiсiп отыратын бұл қауымның ауызша не жазба пiкiрi белгiлi бiр тарихи кезеңдердегi тарихи сананың бағыт-бағдар, даму деңгейiнiң, олардың өз еркiнен тыс, бағалы куәсi болып шығады. Зейнолла Серiкқалиұлының кітаптары ХХ ғасырдың екінші жартысындағы ұлттық әдеби-рухани мәдени даму заңдылықтарын ғана емес, қоғамның идеалдарын, әлеуметтiк тыныс-тiршiлiгiн де бiртұтас тануға мүмкiндiк бередi. «Сын беделiн көтеру сын қадiрiн түсiрмеуден басталатынын, өнер адамының көзi тiрiсiнде өзiнiң парасат-зердесi мен ар-ожданын пiр тұтып, артында қалдырар жазбаларымен келешек ұрпақ алдында да жауапты екенiне» қол қойған сыншы Серiкқалиұлының ұлттық рухани-сыни ойымыздың, өнер — мәдени құбылыс екенiн еске алсақ — рухани және тарихи қызмет контекстiндегi орны айқын.

Өз мәдениетi мен әдебиетiн бағдарлауда өз ырысын өзге есейген елдер дәрежесiмен салыстыра салмақтау арқылы өмiрге де, әдебиетке де жаңаша қарай бiлген, өнер шындығын халықтың салт-санасынан, тыныс-тiршiлiгiнен бөле-жармай, мүмкiндiгiнше жүйелi қарастыруға атсалысқан Серiкқалиұлы шығармаларының алғашқы, өндiртiп жазған кезеңiнде де, әдеби процеске бiлек сыбана кiрiспей, iштей диссиденттiктi бастан кешкендей, таза ғылыми жұмыспен айналысқан келесi кезеңiнде де, соңғы кездерде де суреткерлiк, азаматтық айдын-айбынына шәк келтiртпей өтті.

Сыншылық рух — бiр есептен, сыншылық сұңғыла түйсiк, көл-көсiр бiлiм, аналитикалық ой жүйесiнiң тоғысуынан сомдалып, азаматтық-имандылықпен суарылады десек, Серiкқалиұлының феноменi ұлттық сыни-көркем ой, ұлттық биiк рухтың өзгеше бiр арнасын; қай кітап, қай шығармасы да дүниетанымдық, көркемдiк-эстетикалық iзденiстер аясын, тұлғалық деңгейiн танытты.

Төл әдебиетiмiздiң түп-бастау, құнар көзiнен қанып iшкен, әлемдiк мәдени кеңiстiктi еркiн шарлаған, өнердi қорғау, өнердің тектiлiгiн қорғау жолында шен-шекпенге, жас-жасамысқа алаңдамаған, әдiлдiктiң ақ жолымен жүрiп отырған сыншы өз кезеңіндегі әдеби процеске өте сергек болды, оның қаламына арқау болмаған бірде-бір маңызды, күрделі шығарма жоқ десе артық емес. Мысалы, кезінде «Қазіргі қазақ тарихи романының кейбір мәселелері» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған сыншының Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» шығармасына «роман-хроника» деп анықтама беріп,  тарихымен шығарма арқылы қауышқан жұртшылықтың берген жоғары бағасына қарамастан, көркемдік тұрғысынан сыни пікірлерін білдіруі - беделдер сөйлеген заманда оңайға соққан жоқ-ты.

Сыншы, бірақ, өзінің жолын өз қалауымен таңдаған еді.  Прозадағы роман жанрынан бастап повестер, әңгімелер, поэзия жанрларындағы жаңа шығармалардың барлығы дерлік сыншы Серікқалиұлының көркем сүзгісінен өтіп отырды. Ол әдеби процесті қалыптастырушы және оның бағыт-бағдарын жасампаздықпен айқындап отыратын қабырғалы сыншылар санатынан еді.

ХХ ғасырдың үлкен туындылары Х.Есенжановтың «Ақ Жайық», Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» полотноларына жеке зерттеулер жүргізген сыншы  М.Әуезов,  І.Есенберлин, Т.Әлімқұлов, Т.Ахтанов, Ж.Нәжмеденов, М.Мақатаев, Қ.Мырзалиев, А.Сүлейменов, С.Жүнісов, С.Әшімбаев, Ә.Тарази, Ә.Кекілбаев, Р.Тоқтаров, Т.Әбдіков, Д.Досжан, «Зейнолла мен туралы бір ауыз пікір жазған емес» дейтін Қ. Ысқақовқа дейін, тағы да басқа көптеген замандас, дос-әріптес шығармашылықтарын талдап, ой таратты. Келесі кезекте орта, жас буын өкілдері... осылай жалғасып кете береді. Сыншының күнделікті әдеби процестің тамыршысы, Күреңбайы болғаны «Ойлар. Толғаныстар» атты алғашқы кітабынан бастап  «Жылдар сазы», «Ақыл таразысы», «Дүниетану даналығы», «Ақ жол», «Тағдыр және біз», «Сын кiтабы», «Жандауа» кітаптарына дейін  жүлгеленеді.

Сыншы еңбектері кейде біртұтас, ал, кейде әрқилы мақалалардан тұрғанымен композициялық, идеялық бiр жүйеден шығып отырды. Мысалы, «Тағдыр және біз» кітабы — мәдени және тарихи көкжиектерiмiздi, «ұлттық рухани келбетiмiздi, әдебиетiмiздiң iзгiлiк межесiн, өзiнiң шынайы тұғырын» Уақыт және Кеңiстiк тұрғысынан зерделеп-айқындауға бастайды. Бұл ретте автор философиялық категориялармен сөйлеудi нысана етпейдi, жалпы ғылыми және көркем ойымызды әлемдiк мәдени контексте саралай отырып оқырманымен мейлiнше тең серiктес-пiкiрлес болу мақсатын көздейдi. «Ар бiлiмiне баспалдақ», «Көмбе көзi», «Кiсiлiк келбетi» бөлiмдерiнен тұратын кiтап ұрпақтар тағдырын қоғамдық-әлеуметтiк тұтастықта ғылыми-көркем ой биiгiнен талдап-зерделеуiмен бағалы. Х.Есенжанов, Ғ.Мұстафин, М.Мақатаев, Б.Бұлқышев, С.Бақбергенов, Т.Тоқбергенов, тағы басқалардың тұтас шығармашылығы немесе жекелеген туындылары туралы сөз қозғағанда да; фольклор, әдеби сын, көркем проза, публицистика, жалпы руханият әлемiне байланысты мәселелердi кеңінен қозғаған өзге де мақалаларында автордың сыншылық, әдебиеттанушылық кәсiби бiлiм-бiлiгiмен қоса жалпы мәдениеттанудағы аясы кең, аса  бiлгiр. Таным-талғам биiгiнен ешқашан төмендемейтiн сыншы, бiрақ, «пiл сүйегiнен жасалған мұнарада» отырып алатын, көпе-көрнеу эстетшiлдiк әдеттен ада болды.  Бұл ретте «Кейiпкер кiм?» атты көлемдi мақаланы алға тартуға болар едi. Сонау 1983 жылы жазылған, қазақ әдеби сынының жаңа бір үлгісіндей бұл мақала, бір есептен, үлкен сыншының жастарға, жас сыншыларға берген үлкен бір сабағы деуге болар еді. Айталық, сол кездегі  жас сыншылардың бірі менің бұл мақаладан алған үлкен сабағым -  әдеби-көркемдік иерархия туралы еді.

«Кейіпкер кім?» мақаласын Зейнолла сыншы кезінде «Қазақ әдебиеті» газетінің өтінішімен жазып еді. Жазушы Ө.Қанахиннiң кезiнде оқырмандар арасында едәуiр резонанс тудырған «Құдiрет» романына байланысты редакцияға бірі мақтап, бірі даттаған дегендей көптеген хат келіп, осыған бір салиқалы жауап керек болған-ды. Мақалада жазушы және оны қалың көпшiлiктiң қабылдауына байланысты таным және талғам мәселесi жан-жақты қарастырылады. Жазушыға да, оқырманға да төрешi болудан мейлiнше аулақ сыншы әдебиет өмiрдiң көркем бейнесi қағидасынан келгендегi өмiр — әдебиет — өмiр формуласын қызғылықты талдайды. Сыншының рухани сергектiк, өз мiндетiне адалдықтан жазылған өзге де мақалалары жалпы әдеби процестiң картинасын тұтас көруге мүмкiндiк бередi. Өйткенi сыншының өзi айтпақшы, «бiзде әдеби шығарма, әдеби кейiпкер саласындағы әрбiр пiкiр алысу математикалық дәлдiкпен әрдайым бiрден-бiр басы ашық қорытындыға келiп тынып отыруын абсолюттiк талап етiп қояды. Бұл — жалпы гуманитарлық ғылым табиғатын терең түсiнбегендiк», ал жазушыны жетiк тану — оның бүкiл еңбегiн жан-жақты талдап, өзiндiк ерекшелiгiн тану, әдебиет ғылымының өз сөзiмен айтқанда, стилiн тану.

 Сын, ең алдымен, көркемдiк ой-танымның танымы екенiн еске алсақ, хас сыншы Серiкқалиұлының  шығармашылығы  уақыт идеяларының, мұрат-идеалдарының  кең панорамасы болып шығады.  Мұның айқын бір көрінісі өзі көзі тірісінде дайындап, баспаға өткізген «Жандауа» кітабы. Жалпы руханиятымыздың, оның iшiнде әдебиетiмiздiң жалпы да жалқы көкейкестi мәселелерi сөз болатын еңбектерінде қазақ әдебиетi мен мәдениетiнiң ХХ ғасырдағы көрнектi тұлғалары, аға буын Х. Есенжановтан бастап  Ж. Нәжiмеденов,  М.Мақатаев, А.Сүлейменов, Л.Әуезова, Ө.Жәнiбеков, т.б. әдеби және ғылыми шығармашылығын қарастырып-талдаған мақалаларда өзі сөз етіп отырған тұлғалардың шығармашылығы ғана емес, ол шығармалар жазылған кезең, сол қоғам идеалдары, қоғамдық талап-тiлек, тiптi саяси көңiл-күйлерге дейiн ой сүзгiсiнен өтедi. Бiр атап айтарлығы – бұрындары да оқылған бұл мақалалар қайтара оқығаныңызда  соңы сыншы Серiкқалиұлы болып бәрi о дүниелiк  тұлғалардың  көркемдiк ой әлемiмен өзгеше бiр қауыштырады. Автор да, кейiпкерлерi де ендi тарих болып, сәулелi, жасампаз тарих болып,  ұлттық мұраттарды ұлықтаудың биiк үлгiсiндей, шындықты айтудың, айта алудың үлгiсiндей болып «тiл қатады». 

Сыншы еңбектері тарихилығымен де ерекшеленеді, яғни оның талдаулары  белгілі бір философиялық, адамгершілік, көркемдік қағидаларының дамуына әсер еткен қоғамдық және тарихи кең аяда жасалады. Бұл аяда оның жалпы мәдениет, кітап және оқырман, көркемдік тәрбие, тарихтың бүгіні, тағы да басқа көптеген мәселелерге байланысты ойлары, көтерген мәселелері де бар екенін айтуымыз керек.

Қазақ әдебиетiнiң тарихында сыншы Серiкқалиұлының адами және шығармашылық болмысы – оның  көркемдiк-эстетикалық танымдар, дәстүр мен жаңашылдық мәселелерiнде  айқын ұстанымда болуымен, рух сергектiгiмен, мәдени-қоғамдық ойға қозғау салатын  жасампаздық идеяларымен мен мұндалайды. Бұл ретте сыншының,  әрiден тартсақ, сонау 60-жылдардағы, берiден айтсақ, жаңа ғасыр басындағы әдебиетiмiздегi көркемдiк-эстетикалық таным, тайталастарындағы  салиқалы да жаңашыл ойларын алға тартуға болады.  Сыншының Мемлекеттік сыйлық берілген «Алтын жамбы» кітабына енген соңғы кезең мақалаларынан және көптеген оқиға-құбылыстарға өз бағасын берiп, осы жолда ащы шындықтарды айтқан  сұхбаттарынан қоғам мен заман, қоғам мен адамның жалпы картинасы шығады. Ал, осының бәрiнде де сыншы  З.Серiкқалиұлының шоқтығын биiктететiн жайт – оның  рухани өмiрдiң ұлттық болашағын көре бiлетiн ерекше  қасиетi; «қазақы мінсіз табиғатымен жалпы дүниеге адамзаттық құндылықтар биігінен қарайтын» эстеттігі  деу керек.

Осы қасиеттері оны өз шығармашылығымен қатар өмірден ерте өткен әріптестері, замандастарының кітаптарын шығаруы, әдеби мұраларын жинақтап, қалың көпшілікке ұсынып, рухани айналымға түсіруге бастады. Мысалы,  сыншы Өмірзақ Қожамұратов ақынның ең бірінші жоқтаушысы да, зерттеушісі де болыпты. Ол Тамдыға арнайы барып, ақынның қолжазбаларын саралаған. Редакциялап, текстологиялық зерттеулер жүргізген. «Ой-кешу» (1989) және «Күн астында - құдірет» (1998) деген жинақтарын жарыққа шығарып, достық парызын да адал атқара білген. Оның ғұмырынан мұндай мысалдардың сан түрін келтіруге болады.

Өйткені Зейнолла Серікқалиұлы:

 - әдеби-көркем сынға қырық жылдан аса үзіліссіз қалтқысыз, замана илеулеріне түспей, қаламына сызат түсірмей қызмет еткен, кәсіби деңгейі аса жоғары сыншы;

- әлемдік рухани кеңістікте отырып сынды әдеби даму заңдылықтарын танып-талдаудың ғана емес, қоғамның пәлсапасын зерделеудің де құралына айналдырған, демек, ойы құрылымға түскен, тексті нығыз сыншы;

- суреткерлік талғампаз болмысы  адами-имани болмысымен, азаматтық бітімімен жарасым тапқан сыншы;

- шығармашылық тәжірибе-тағлымымен бірнеше  буынға Ұстаз болған сыншы;

- қазақтың арғы-бергі тарихында таза сын, кәсіби сын жанрында Серікқалиұлындай суреткер Өзі ғана;

- ХХ ғасыр басында, 1913-жылы Ахмет Байтұрсынов Абайды «қазақтың Бас ақыны» атапты. Абай әлі күнге осылай. З.Серікқалиұлы ХХІ ғасыр басында «қазақтың Бас сыншысы» атанған тұлға.


  *  *  *


Сыншы Серіқалиұлы жағасы жайлау болып шығармашылықпен айналысқандар санатынан емес.  Ол  үнемі ат үстінде болды,  қай буында, қандай лауазымда болсын мейлі үлкен жауапкершілікпен қызмет етті. Сыншы мерзімдік басылымдар - «Пионер», «Жұлдыз» журналдарында, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, Республикалық «Қазақстан»,  тәуелсіздіктен кейін ашылған «Раритет» баспаларында, ҚазКСР Баспа істері жөніндегі комитете Бас редактор, ҰҒА Әдебиет және өнер институтының М.Әуезов ғылыми орталығында аға ғылыми қызметкер, ҚР Жоғарғы Кеңесі Аударма редакциясының Бас редакторы болып, сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағының қай-қайсысында қызмет етсін мейлі, сол жерде ұлттық руханият, әдебиет, мәдениеттің туы желбіреді. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы кезеңде ана тіліміздің билік мінберінен жарқын естілуіне бар күш-қажырын жұмсады. Көркем аударма саласы, еліміздегі баспа ісінің дамуына да көп ат салысып, үнемі қызметте, үнемі ат үстінде жүрген сыншы жасы келіп демалысқа шыққаннан соң да  еліміздің руахни тұғыр-тұлғаларының бірі болумен өтті. Ол – жаңалыққа жаны, жақсыға құшағы ашық, сондай бір текті, дегдар  жан еді.

Еліміз тәуелсіздік алғанда әдебиетіміз бен өнерімізде желкілдеп шыққан жас буынының рухани бұлқыныстарын, көркемдік ізденістерін қуана құптады. Сондықтан да ХХІ ғасыр қарсаңындағы әдеби ситуацияда жастардың қанатын қатайтуға аз да болса сеп болған Сорос-Қазақстан қорының гранттық байқауларына түскен шығармалардан ең талантты дегендерін қолдады,  жастардың көбіне ақ сапар тілеп, кітаптарының шығуына, шығармаларының ширай түсуіне ықпал жасады. Сол жастардың көбі қазір елге танымал ақын-жазушылар, кино және театр режиссерлері. Серікқалиұлының ресми де бейресми шәкірттері ғылыми ортада да, баспагерлік, университеттік орталарда да жеткілікті.

Ол тек әділдікті жақтаушы еді. Небір пікірталас, дүниетанымдық айтыстарда, кесімді сөзін, әділ сөзін  айтатын.  «Зейнолла айтыпты» дегенге тоқтап,  «Зейнолла не дер екен?» деп құлақ тіккен  көзқарақты қауым дегдар сыншының жан нұры, білім нұрына, адамгершілік нұрына бөлененетін.

 «Қара қылды қақ жарған әдiлеттi сыншы тек жанкештi сыншылар ғана жаза алады. Сын да, сыншылар да ең алдымен сұрыпталу белесiнен өтуi керек. Сынның сұрыпталуы – әрине, қызмет бабыңның, ғылыми дәрежеңнiң көтерiлуi емес. Кiмнiң не жазғанын, қалай жазғанын, кiмдi бағдар тұтарын, кiтабының саны емес, сапасын ұғынар ұрпақ табылады және олар өз қалауын айқындай алады деп сенемiн...» деп өткен сыншы, суреткер Зейнолла Серікқалиұлының рухани-имани әлемi жылдар  өткен сайын  жарқырап ашыла түсері, келешек ұрпақ та оның жасампаз сынымен қауыша берері анық. 


P.S. Қазіргі таңда көрнекті сыншының шығармалар жинақтары  өзі өмірінің соңғы жылдары қызмет етіп, «Алтын қор» сериясының негізін қалап, көптеген жақсы идеяларын жүзеге асыра бастаған «Раритет» баспасында біртіндеп жарық көруде. З.Серікіқалиұлының мұрасы ғылыми-зерттеу институттарында, жоғарғы оқу орындарында әдеби зерттеулер нысанасы болуы тиіс. Сыншының рухани мұрасы,  оның ішінде ғылыми және көркемдік таным ерекшеліктері туралы мазмұнды «Дүниетану даналығы» еңбегі де -  қазақ сыни ойының көркем биіктерінің бірі ретінде мектеп бағдарламасына, жоғарғы оқу орындарының бағдарламаларына енуі керек деп білеміз. Ал, көрнекті сыншы, мәдениетанушының есімін есте қалдыру шаралары Алматы мен Астана қалаларында, туған жері Атырау облысында (сыншы есімі туған ауылындағы мектеп-интернатқа берілді деген хабар бар),, еліміздің өзге өңірлерінде де қолға алынуы қажет-ақ.



Әлия Бөпежанова, Алматы




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар