5-қазан – Ұстаздар күні. Ұстаз мен үшін ерекше қадірлі, қастерлі. «Мектепте, жоғарғы оқу орнында өз өміріңізге әсер еткен ұстаздарыңыз туралы айтсаңыз» деген сауалға қуана жауап бердім. Өйткені мен Ұстаздар әулетіненмін.
Бұл тақырыпта сөз қозғағанда аздап өмірбаяндық деректерді айтуға тура келеді. Алғашқы ұстаздарым ата-анам болды. Анам Жұмагүл Жазкенқызы бастауыш сыныпта оқытса, әкем Қаһарман Бөпежанұлы білім саласында басшылық қызметтер атқарды, мектепте сабақ берді.
Айнала жұрт анамды «Бибәтима» деп атаушы еді. Заманының білімді, бекзат қыздары Шолпан Ілиясқызы, Шекер Мұстафина, Манат Кәдірова, Хатша Әбілкеліні, Манат Баймұрат, сондай-ақ бүгінде көрнекті географ ғалым, академик Әлия Бейсеновалармен жақсы дос-құрбы болған, бастауыш сынып және тарих пәнінен сабақ беріп, сүйікті мұғалім атанған аяулы анам Жұмагүл -- өзекті өртеген өкініш сол - ертерек дүние салды. Маған сәби кезімнен кітап оқып беретін, бес жасымда мектеп кітапханасына жаздырған анашымның мейірімге толы үні үнемі құлағымда...
Әкем ҚаҺарман қазіргі әл-Фараби атындағы Ұлттық университетті үздік бітіріп, сонда оқытушылыққа қалдырылғанымен, ағасының халық жауы болып ұсталып кетуіне байланысты елге, Сарысуға оралып, саналы ғұмырын жас ұрпаққа терең білім мен саналы тәрбие беруге арнады. ҚазақКСР еңбек сіңірген мұғалімі, КСРО білім беру үздігі құрметті атақтарын алды, елге өте қадірлі, жан-жақты тұлға еді. Отбасымызда Кітап культ болды. «Жүз жақсы кітапты жақсылап оқыған адам академиялық білім алады» дейтін әкем балаларымен оқыған кітап туралы ғана емес, әр тақырыпқа емін-еркін сөйлесетін. Ал, өзіме нағыз Ұстаз әкеммен үлкен дос, пікірлес, мұраттас болғаным күні бүгінге дейін жаныма нәр береді.
* * *
Біздер он жылдық мектепті бітірдік, талай мұғалім сабақ берді, сынып жетекшісі болды. Әрқайсысының да еңбегі бар. Ал, әдебиет пәнінің мұғалімі Ескермес Ескендіров, сынып жетекшім, математик Ұлжан Мұқашева, неміс тілінің мұғалімі Мария Штабель және музыка маманы Даниил Эйбовты ерекше құрмет тұттым. Мектеп қабырғасында жүріп жазуыма өзі де ақын Ескермес ағайдың көп әсері болды (Ескермес ағаның балалары Қанат, Рая, Абай Ескендірлер де шығармашылықта белгілі есімдер.) Мақала, әңгімелерім аудандық, республикалық басылымдарда жарияланды.
Қазіргі Қыздар Ұлттық университетінің филология факультетіне түсуіме де әдебиетке деген қызығушылығым себеп. Ғылыми-әдеби, имани әлеуеті мықты ортада небір мықты ғалым-ұстаздар болды. Солардың ішінде қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш әдебиеттанушы ғалым, сыншы, Мәншүк Мәметованың анасы Әмина Мәметованың дәрістерін тыңдадық. Әсіресе, үлкен рухани кеңістіктерге жол көрсеткен хас ғалым, әдебиет теоретигі Зәки Ахметов, көрнекті түркітанушы, руналық жазуларды бізге алғаш үйреткен Алтай Аманжолов, шетел әдебиетінің мықты маманы Клавдия Кочетоваларды терең білімі мен білігі, биік мәдениеті, зиялылығы үшін шын ұстаз тұттым. Мектепке тым ерте барғандықтан, институтты он тоғыз жасымда аяқтаған мен сол кездегі талап бойынша туған жеріме оралып, мектепте қазақ және орыс тіл-әдебиеттерінің мұғалімі болып қызмет еттім, жақсы тәжірибе алдым. Екі жылдан соң Алматыға оралып, ҚазМУ-дің аспирантурасына түстім. Ғылыми жетекшім көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы Ханғали Сүйіншәлиев болды. «Ұлтқа қызмет – мінезден» демекші, әдебиет тарихын зерттеудегі үлкен еңбегі өз алдына, ҚазМУдің әдебиет кафедрасында ерекшеленіп тұратын бір ғажайып жан; іргелі ғылымынан да, көркем мінезінен де үлгі аларлық тұлға еді. Заманауи әдеби сынға келген сонау 80-жылдары алғашқы бейресми ұстаздарым сыншылар Төлеген Тоқбергенов, Мұрат Әуезов пен Сағат Әшімбаев болды. Ал, сәл кейініректе уақыт идеялары тұрғысынан Зейнолла Серікқалиев, нығыз-тығыз жазу, стиль ұштау тұрғысынан, әрине, Асекең, Асқар Сүлейменов.
Ұстаз болу, шындығы керек, екінің біріне қолынан келе бермейді. Нағыз ұстаз жан-жүрегімен де, білім-білігімен де айналасын нұрландырып тұрады. Осындай ұстаздарымды еске алсам, оқысам, рухтары пейіште шалқығай -- жаным нұрланады, ойым ұшталады, енді бір есептен, жаңа білімге ұмтылдырады.
* * *
Мен жасампаз білімді, мәдениетті адамдарды жақсы көремін. Білімді адам жаққан шам сияқты. Тәрбиесіз берілген білім қауіпті деген бар. Меніңше, жасампаз білімді адам тәрбиесіз, мәдениетсіз болуы мүмкін емес. Олар өзінің дүниеәуи «мені» үшін көзге ұрар алғы шепте жүрмейді. Осынысымен де кім кімнің де орнын анықтап береді.
Бүгінде өздеріне «ұстаз» деп айдар тағып алғандар қатары көбейді. Ақыретпен қорқытатын, сөзі мен ісі қайшы діндарлар; бүткіл өмірін, қалың көпшіліктің талқысына салып, өзінің де, өзгенің де жан дүниесін жалаңаштап «емдеуді» бизнесіне айналдырған небір психолог-коучтар; қаптаған желілі маркетингтердегі – не сатып, не қойып жүргенін білмейтін бикештер; ақшасын жақсы төлесе, бәлкім, қарақшыға да барып ән салып беретін, бір парасы өмір-салттарын сатып, енді бір парасы миға сыймайтын алып-сатарлықпен байып және соны мәртебе көріп жүрген, ұлт мақтанышы Димаш айтқандай, өнерлерін тым асыра бағалаған шоу-бизнес өкілдері, тағы да басқа... Ондайларға қарайламау, әсіресе, жастарға, жеңіл жолға алданбау игі.
Нағыз ұстаздар бала бақшаларда, мектептерде, жоғарғы оқу орындарында алау-жалаусыз-ақ жауапты да, бәлкім, қайтарымы бірден көрінбейтін қызметтерін ақ-адал атқарып жүр. Дәстүрдің озығы мен пайдалы жаңаны үйлестіріп, Жаңа заманға сай білім игерген, заманауи болу талантын меңгерген мұғалімдер, ұстаздар қатары уақыт өткен сайын көбейіп келе жатқанын көріп-танып қатты сүйсінемін.
Мереке құтты болсын, Ұстаздар! Ұстаздарға, соның ішінде әдебиет пәнінің мүғалімдеріне, сондай-ақ білім саласының барлық қызметкерлеріне Ұстаз бола алу бақытын, осы жолда үнемі ізденіс, жемісті еңбек, мықты денсаулық тілеймін!
