Қызылордадағы «Өнер орталығында» Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры, жырау Алмасбек Алматовтың 70 жас мерейтойына арналған «Жыр керуен» атты шығармашылық кеш өтті.
Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, жазушы, тарихшы-этнограф, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қойшығара Салғараұлы, Халық жазушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман, ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, Алмасбек Нұрмаханұлының үзеңгілес әріптестері мен елімізге белгілі шәкірттері, жауапты сала басшылары, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Аймақ басшысы мерейтой иесінің төл өнерді өркендетуге қосқан үлесін атап өтіп, барша Сыр жұртшылығының атынан сый-құрмет көрсетіп, автокөлік кілтін тарту етті.
Өнер кешінде айтыскер ақын Мұхтар Ниязов мерейтой иесіне арнау айтып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Елмұра Жаңабергенова, Айгүл Елшібаева және басқа да ақын-жыршылар өнер көрсетті. Жыраудың өзі «Жыр бастауын» орындады.
Алмасбек Алматов Сыр бойында мақам-саз ерекшеліктеріне қарай жыраулық мектептердің қалыптасуына, атадан балаға мирас болған төл өнерімізді жаңа дәуірге жеткізуге ерен еңбек сіңірді. Жыраулық өнер академиялық білім беру жүйесіне енгізіліп, «Дәстүрлі өнер – жыр» мамандығы ашылды. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясындағы, Қазақ ұлттық өнер университетіндегі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіндегі кафедраларда жыршы-жыраулар кәсіби тұрғыда қалыптасты.
Дәстүрлі жыр орындаушыларды маман етіп даярлау арқылы өткеннің өзегін бүгін мен ертеңге жалғап, жүздеген шәкірт тәрбиелеп, өнер аламанына қосты. АҚШ, Франция, Италия, Швейцария, Ұлыбритания, Египет, Моңғолия және басқа да шет мемлекеттерде ұлттық мұрамызды ұлықтап, ел мерейін асқақтатты. Бүгінде мерейтой иесі тәрбиелеген шәкірттер халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазы атанып, еліміздің әр өңірінде жыраулық дәстүрдің алтын арқауын жалғастырып келеді.
Айта кету керек, Алмасбек Алматовтың 70 жас мерейтойы аясында Қорқыт ата атындағы университеттің Студенттер сарайында V томдық таңдамалы шығармаларының тұсаукесер рәсімі, Қармақшы ауданында «Асыл жырдың Алмасы» атты республикалық жыршы-жыраулар фестивалі өтуде.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
