Қонаев қалалық кітапханасында Алматы облысы әкімінің «Ақтаңгер» стипендиясы табысталды. Бұл марапат – өңірдің мәдениетін дамытуға елеулі үлес қосып жүрген ақын-жазушылар мен суретшілердің шығармашылығын қолдау, рухани еңбектерін бағалау мақсатында ұйымдастырылған.

Шара барысында Алматы облысы әкімінің орынбасары Майлыбаев Ғани Айдарұлы облыс әкімінің арнайы стипендиясын табыстап, құттықтауын жеткізді. Сонымен қатар, Еркін Ібітановтың таңдамалы өлеңдер жинағы, Тұманбай Молдағалиевтің «Жырдың жарық жұлдызы», Жұмабай Шаштайұлының «Өзгермеген адам» кітаптарының тұсаукесері өтті.
Алматы облысының орталығында тұсаукесер рәсіменен соң жырдан шашу шашылды. Мәдениет үйінде ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бақыт Беделхан мен айтыскер ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Бақыт Жағыпардың шығармашылық кеші өтті. Кеш барысында қос Бақыттың өлеңдері оқылып, сөздеріне жазылған әндер шырқалды. Сондай-ақ, Шаяхмет Құсайынұлының «Поэзия-бақытым», Бақыт Беделханның «Қаншеңгел», Бақыт Жағыпардың «Белес» кітаптарының тұсауы кесіліп, әдебиет сүйер қауымға жол тартты.

«ТҮРКСОЙ ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ» төрағасы Ұлықбек Есдәулет Бақыт Беделхан мен Бақыт Жағыпарға Түркі дүниесіне ортақ руханиятқа сіңірген еңбегі үшін «HAKIM ABAY» медалімен және дипломмен марапаттады. Осы ерекше марапатты ҚР Жазушылар одағының Алматы облысындағы өкілі ақын, өңірлердегі әдеби-мәдени шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырып жүрген Ержан Тоқтарға да зор құрметпен табыс етті.
