Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы «Алқа» әдеби клубы «Жаһандану дәуіріндегі жасанды интеллекттің әдебиетке әсері» тақырыбында жиын өткізді.
Басқосуға министрлік өкілдері, еліміздің әр аймағынан келген ақын-жазушылар мен әдеби клуб мүшелері қатысты.

Жиынның мақсаты заманауи технологиялардың, әсіресе жасанды интеллекттің, ұлттық әдебиеттің дамуына ықпалын талдау, жаңа мүмкіндіктерді қарастыру және шығармашылық үдерістерге тигізетін әсерін саралау болды.
Кездесу барысында қатысушылар жасанды интеллекттің әдебиеттегі рөлі, оның мүмкіндіктері мен шектеулері, сонымен қатар авторлық құқық сынды маңызды мәселелерді талқылады.
Қатысушылар жасанды интеллекттің мүмкіндіктері мен тәуекелдерін талдап, жауапкершілік пен этикалық мәселелерді де назарда ұстау қажеттігін атап өтті.
Жиын барысында ұлттық әдебиеттің жаңаша форматтағы дамуын қолдау, заманауи технологияларды тиімді пайдалану және шығармашылық қауымдастықтың жаңа кезеңге бейімделуі жөнінде маңызды ұсыныстар айтылды.

Сонымен қатар Астанада өтіп жатқан XXVIII халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалі «Үздік әдеби шығарма» аталымында ерекше өнерімен көзге түскен жас ақынға «Алқа» әдеби клубының арнайы жүлдесі табысталды.
