Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Алтай асқан армандарға асығам...

09.10.2024 914

Алтай асқан армандарға асығам 12+

Алтай асқан армандарға асығам - adebiportal.kz

Асқақ Алтайда туып-өскен Назиля Сіләмқызының туған жерге деген сағынышты жырларын оқырман назарына ұсынып отырмыз. 

ОРАЛХАН АҒАҒА

Қыркүйек келді қылқалам ұстап,

Сыбызғы тартты қарағай.

Қырларға шығып ақ өлең терем,

Орманды кезем аралай.

Жаңбырға тосып қолдарын қайың,

Сағыныш сүзіп көреді.

Алтайдың алтын алқасын сипап,

Махаббат үзіп береді.

Алдыма алтын жапырақ құлар,

Оралхан басқан ізі деп.

Садағаң кетіп соқпақтар жылар,

Өкпек жел соғар шемен боп.

Қияли таулар, айқайға басып,

Жартастар неге жаңғырдың?

Оралхан ағаң белгі сап кеткен,

Ұстап көр сиқыр қаламын.

Сұр бұлттар, сендер, тұрсың ба жылап,

Көзіңде неге қайғы мұң?

Сен кетсең бір күн аспаннан құлап,

Тау кімге сырын айтады?

Аспанда құстар барады самғап,

Керуен тартып сағыныш.

Айналған құсқа Оралхан ба екен,

Ақ бұлттар, мені алып ұш.

Ақбұлқақ – бұла, Мұзтаудан құлап,

Қандай сыр шертіп келесің?

Асан шал айтқан ертегі жайлы,

Құпия ашып берерсің?

Бұқтырма – тентек, жағаңды жөнде,

Сен ғана ішкен шер ме еді?

Орамал тартқан боз атты сұлу

Жағаңа күнде келеді.

Қатынның суы, тауларды орап,

Қай жаққа ағып барасың?

Айна мен Таған жолығар болсаң,

Жазып бер жүрек жарасын.

Сезімдер балдай, үзіле аққан,

Махаббат мәңгі майданың.

«Неге біз осы» дегендей Таған

Мен осы қазір қайдамын?

Кербұғы – тектім, жүрісің кердең,

Мүйізің бейне қарағай.

Қолымнан жем жесеңші, бұғым,

Секемденіп қарамай.

Құлаққа келер кербұғы үні,

Қернейлетер айы ғой.

Созылып жатқан, сілеусін торы,

Аспанның  Айқай сайы ғой.

Өскелең өрлеп, Қоңқайға барсам,

Естілер талып мұңлы ән.

Қар қызы сонда алдымнан шығып,

Амандасса қайтемін?

Күз келсе ән сап көгілдір таулар, 

Шапаның неткен әдемі.

Оюлы сөздер суреткерге тән,

Оралхан, Алтай әлемі.

Айбынды Алтай, қолыңда қобыз,

Шер шығар, бір сәт тебірен.

Қарайды Жерге Үркер жұлдыз – 

Оралхан, аспан төрінен.

 

АЛТАЙЫМ

Алтайым, жасыл өлке, асыл мекен,

Арман таулар, асқақтап тұрады екен.

Иығыңда тұман-шілтер орамалың,

Есіме жан анамды салады екен.

 

Алтайым, шың мен құзға болдың мекен.

Қараймын да, жігерімді жанып өтем.

Басыңа киіп алған ақ тақияң,

Әкемді еске салып кетеді екен. 

 

Алтайым, шатқалың көп, жыраларың,

Өзіңе өзендерден жыр арнадым.

Көргенде айғыздалған әжіміңді,

Әжемді аңсап, шыдап тұра алмадым.

 

Алтайым, шөлдедім мен, қаталадым,

Сұрауға ақылыңды бата алмадым.

Көргенде ақтарылған бұлақтарды,

Еске түсті данышпан аталарым.

 

Алтайым, бауырыңда ауылдарың,

Мен саған қарадым да дамылдадым.

Өр тұлға, құшағы кең сені ойлап, 

Есіме түсіп кетті бауырларым.

 

Алтайым, гүл алқапты, шөбің шүйгін,

Бұғы боп, марал болып, сені сүйдім.

Түсімде көк майсаның арасынан,

Сезім теріп, өлеңнен жақұт жидым.

 

Алтайым, қысың қатты, мақпал жазың,

Көңілім қанатында қоңыр қаздың.

Көктемде жыл құстары ұшып келсе,

Қабылда  жүрегімнің сұлу назын.

 

Алтайым, қарағай боп қарап тұрдың,

Сездің бе, батыс жаққа басың бұрдың.

Жалғап ап сағынышты жүрегіме,

Төзімнің  қайта-қайта белін будым.

 

АНАШЫМ

Сені іздеп жүрегім, шартарапты кезеді,

Енді кеткен келмеске, көңіл соған төзеді.

Қырдың гүлін құшаққа толтырсам да сан мәрте,

Саған деген сағыныш басылмай-ақ келеді.

 

Еміздің бе, жан анам, сағыныштың сүтімен,

Сағынышты тігіп пе ең, көрпелердің бетіне?

Сырмағыңа жапырақ ойып пе едің сары ғып,

Сызылтып ән салдың ба, білегіңе жіп іліп?

 

Құрақтарды құрап па ең, сары, қызыл гүл қылып,

Кестелерді керіп пе ең, тобылғыны идіріп.

Алашаңа бұғының мүйіздерін тердің бе,

Көрпелерді жайдың ба, күнбағыстай күнге іліп?

 

Қаймақпенен, анашым, ауыздандырдың ба сен мені,

Арда сүтің таңдайда, әлі кеппей келеді.

Күнді көрсем сап-сары, желбіреген желегі,

Құс жолымен көгімде бурыл бие желеді.

 

Анау тұрған ақ қайың, мен сияқты ол шерлі,

Түбіне келіп жан анам отырмайды-ау енді.

Сыбдырлаған жапырақ сырын айтар басқаға,

Сен сүйетін салқын леп, аралайды белдерді.

 

Аралайды салқын жел, самал бетке соғады,

Жаңбыр шайған қара тас, айғыз бетін жуады.

Шешем түткен жүндердей аспандағы ақша бұлт,

Бұйралана ойнақтап, бірін бірі қуады.

 

Тарам-тарам соқпақтар, тауға қарай өрлейді,

Сол соқпақпен анашым енді үйге келмейді.

Сүйеніп тұрып шарбаққа, сүйсінбейді өмірге,

Самаурыннан шай құйып енді маған бермейді.

 

Алтай әлі меңіреу, үнсіз жым-жырт тұр, әні,

Бәрін ішке түйеді, шың-құздары қырағы. 

Аралайды жанары, ауыл жаққа көз салып, 

Қара кемпірдің қызы кеп жатыр ма, деп қарады.

 

Жүрмін, міне, шығам деп шырқау биік асқарға,

Сағыныштан көзімде шықпай қалған жас бар ма?

Мөлдіреген зер моншақ аспанымнан төгілсе,

Тырс-тырс етіп тама ма, қына жұтқан тастарға.

 

Жаз шықса мен ұшамын жыл құсындай ауылға,

Қабірлерге гүл қойып, құран берем қауымға.

Өлең-жырдан орнатып басыңа алып мұнара,

Жүректегі сағыныш айналды жыр-жалынға.

 

ТЕҢІЗБЕН СЫРЛАСУ

(Стамбулдағы ой)

Қысы жоқ аймақ,

Қар түспес жайлап аспаннан,

Сықырлай түсіп,

Аппақ қар күлмес басқаннан.

Мұз дағы қатпас,

Теңіздің бетін сел қылып,

Тек толқын ғана 

Толқиды кемер асқаннан.

 

Ақ бұйра бұлттар 

Жабады Күннің сандығын,

Ақ кеме жүзіп 

Түреді теңіз түндігін.

Ағылған халық,

Танымас елдер бір-бірін,

Тек түбі емес,

Теңіздің беті толған мұң.

 

Тулайды теңіз,

Жұтады ішке бар мұңын,

Кеміріп тасты,

Жағаға атар толқынын.

Ақ желкен ғана 

Көреді арман жалқынын,

Шөгеді мұңдар,

Құшақтап теңіз алқымын.

 

Теңіздің түбі – 

Лағыл да, жақұт тастарым,

Жүректі жабар

Толқыннан ауыр ащы мұң.

Қатпар да қатпар

Толқынды басқа жастадым,

Сезімге малып 

Бір өлең жаза бастадым.

 

Шағала құстар

Сабалар суды қанатың,

Шарқ ұрмай алыс,

Жаныма жақын ұшатын.

Дауысыңменен

Көңілді терең үңгисің,

Қанатыңменен

Желпісең жеңіл боламын.

 

Көгілдір әлем,

Алқара барқыт қандырған.

Талмастай етіп

Шағала-үміт қондырған.

Шарқ ұрған көңіл,

Шағала-өмір дүние,

Қайрылмас қанат

Тілеймін мынау тағдырдан.

 

ЖАСТЫҚ ШАҚ 

Бақыттың айдарынан,

Ақырын жел еседі.

Жастық шақ – армандарға,

Ақ таулар теңеседі.

 

Ақ бұлттар арасынан,

Жастық шақ, сені көрдім.

Алыстап барасың деп,

Сезімнен өлең өрдім.

 

Ақылдың алдаспаны,

Сезімнің қорғасыны.

Жастық шақ – желіп өтер,

Жарысқан жорға сынды.

 

Ей, менің жастық шағым,

Қай жерде, қайда қалдың?

Сезімнің тиегіне

Мен бүгін бұрау салдым.

 

Жастық шақ – тентек өзен,

Арқырап ағып жатқан.

Тау жақтан жел еседі

Жастығы ойға батқан.

 

Ей, менің, жиырма бесім,

Есімің бақыт па еді?

Жастық шақ еске түсіп,

Көңілім жәутеңдеді.

 

Жастық шақ өтіп кетер,

Қол бұлғап ақ арманым.

Ақ көңіл замандастар,

Сендерге ән арнадым.

 

Ей, менің, жастық шағым,

Қай жерде, қайда қалдың?

Көңілдің тұлпарына

Күмістен тұсау салдым.

 

Жастық шақ сайрап жатқан,

Көк-жасыл белес пе еді?

Аспанда ойға батқан

Ақ бұлттар кеңеседі.

 

 Ей, менің, жастық шағым,

Айтшы сен қайда бардың?

Сезімді шерттім дағы

Әуелеп әнге салдым.

 

АЙ МЕН АРМАН

Мен кетерде Ай салған-ды асық ән,

Алтай асқан армандарға асығам.

Қарағайлар қатар тұрып, қой десе,

Ысып-суып, әрең-әрең басылам.

 

Мен бойжеткен-армандарға асықтым,

Өлең маған, мен арманға ғашықпын.

Ақ қайыңдар құлағыма сырға сап,

Мойыныма алқа тағар жасыл мұң.

 

Күн күлген-ді екі беті алмадай,

Ерке күнім езуінде қалғандай.

Бүлдіргендер бояу жағып ерніме,

Қарақаттар арман құшып қалғаны-ай.

 

Арман-аспан, түбің неткен тереңде,

Қиялдардан өлең өріп көрем бе?

Жұлдыз қыздар шашу шашар жарысып,

Тебіреніп Ай шығарған өлеңге.

 

Барқыт түнде адастырмас асыл ой,

Арман отыр күймесінің алдында.

Сәукелемді алып қалды асыл Ай,

Жүзік-өлең салды дағы қолыма.

Назила Слямқызы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар