«Алтын Орда: тарихқа жаңа көзқарас» байқауы қорытындыланды
Алтын Орда – Еуразия құрлығы тарихындағы, оның ішінде қазақ мемлекеттілігімен сабақтасып жатқан маңызды кезең. Жошы ұлысы дәуірінің саяси жүйесі, қалалық мәдениеті, халықаралық байланыстары мен тарихи мұрасы бүгін де зерттеушілер назарындағы өзекті тақырыптардың қатарында. Осы тарихи мұраны жаңа буынға заманауи форматта таныту мақсатында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Алтын Орда: тарихқа жаңа көзқарас» атты тарихи контент байқауы ұйымдастырылды. Жоба жастардың Алтын Орда тарихына қызығушылығын арттырып, ғылыми деректерді әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалар арқылы кең аудиторияға жеткізуге бағытталған.
Байқау қорытындысы бойынша үздік жұмыстар анықталып, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті. Қатысушылар Алтын Орда дәуіріндегі маңызды оқиғалар, тарихи тұлғалар, мәдени мұра мен мемлекеттілік дәстүрін TikTok, YouTube платформаларында подкаст және тарихи пост форматында ұсынды.
Салтанатты шараны Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің басқарма мүшесі, академиялық мәселелер жөніндегі проректоры, филология ғылымдарының кандидаты Ардақ Бейсенбай ашып, бұл байқаудың мәні тек үздіктерді анықтап, марапат табыстаумен ғана шектелмейтінін атап өтті.
«Бүгінгі байқау тек қана бір марапатты рәсім емес. Жастардың көзімен Алтын Орда тарихына, бай тарихымызға зер салып, қайта қарау үшін үлкен байқау ұйымдастырылды. Сіздердің зерттеулеріңіз, ойларыңыз бен идеяларыңыз арқылы жаңа тыныс, жаңа идея табылады деген ойдамыз», – деп атап өтті Ардақ Бейсенбай.
Университет проректоры Мемлекет басшысының Алтын Орда тарихын терең зерттеуге ерекше мән беріп отырғанына тоқталып, осы бағыттағы ғылыми жұмыстардың университет қабырғасында да жалғасып жатқанын айтты. Оның сөзінше, биыл ЕҰУ-дің тарих факультеті құрамында «Алтын Орда өркениеті» кафедрасы ашылған.
Жаңа құрылым Алтын Орда дәуірін ғылыми тұрғыдан зерделеуге, осы бағыттағы зерттеулерді жүйелеуге және жас ғалымдардың ізденістеріне жол ашуға бағытталған.
Байқауға қатысушылар өз жұмыстарын TikTok, YouTube және Instagram платформаларында жариялады. Сайыс «Үздік TikTok ролигі», «Үздік YouTube-жоба», «Үздік подкаст» және «Үздік тарихи пост» деген төрт номинация бойынша өтті.
Жастар Алтын Орда дәуіріндегі маңызды тарихи оқиғаларды, тұлғаларды, мемлекеттілік дәстүрін және тарихи-мәдени мұраны түрлі форматта ұсынды. Қысқа бейнероликтер, подкасттар, сараптамалық видеолар мен инфографикалар арқылы тарихи тақырыптарды қазіргі аудиторияға түсінікті әрі тартымды түрде жеткізуге тырысты.
Қазылар алқасы жұмыстарды тарихи деректердің дәлдігі, дереккөздердің негізділігі, тақырыпты ашу деңгейі, креативтілік, аудиториямен байланыс және техникалық орындалу сапасы бойынша бағалады.

«Үздік подкаст» номинациясында бірінші орынды 11-сынып оқушысы Ербол Жұлдыз иеленді. Екінші орын Рафаилова Дильназ, Нұрмаханова Аружан, Ғалымжан Айкөркем және Орынбасар Рамазанға берілді.
«Үздік YouTube-жоба» номинациясының бірінші орнына Оразхан Жұлдыз, Ерланова Газиза, Мамырбек Ақбота, Қалибек Нұрасыл және Райханов Айдархан лайық деп танылды. Екінші орынды Жасан Жәмила, Ержанова Талшын, Қалиқанова Дильназ және Сәрсенбек Әсел, үшінші орынды Кеңес Айдана иеленді.
«Үздік тарихи пост» номинациясында ЕҰУ қазақ журналистикасы мамандығының ҚЖ-41 тобы студенттері бірінші орын алды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Бахтияр Айдана екінші, Бекболатұлы Айбек үшінші орынға ие болды.
Ал «Үздік TikTok ролигі» номинациясында Асылханқызы Гүлназ жеңімпаз атанды. Қарқын Аймөлдір екінші, Орынбасар Махаббат пен Алекул Нұрдәулет үшінші орын алды.
Ардақ Бейсенбай байқауға қатысқан жастардың барлығының еңбегіне жоғары баға бере келіп, жүлделі орынға ие болмаған қатысушылардың да бұл бастамаға қосқан үлесі маңызды екенін атап өтті.
«Байқау болғаннан кейін жеңімпаз болады, жүлдеге ілікпегендер де болады. Бірақ меніңше, осы тарихи сәттегі байқауға қатысқан сіздердің барлығыңыз да жеңімпазсыздар. Өйткені әрқайсыңыз өз идеяларыңызды ұсынып, білімдеріңізді көрсеттіңіздер», – деді ол.
«Алтын Орда: тарихқа жаңа көзқарас» байқауы тарихи білімді академиялық ортадан кең аудиторияға шығаруды, жастарды тарихты жаңа медиа тілімен танытуға ынталандыруды көздейді. Ұйымдастырушылар бұл бастама жас авторлардың тарихи тақырыптарды жаңа қырынан ұсынуына және отандық цифрлық кеңістіктегі сапалы тарихи контенттің артуына ықпал етеді деп есептейді.
