Жас қаламгерлерді қолдау мақсатында жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Алтын тобылғы» әдеби байқауы 2023 жылғы үздік жас ақындар мен жазушыларды анықтамақ. Биыл тоғызыншы рет жарияланып отырған байқауды “Нұрсұлтан Назарбаев Қоры" ұйымдастырып, қомақты жүлделер тағайындап отыр. Байқаудың мақсаты - отандық көркем әдебиеттің дамуына игі ықпал ету, талантты, талапты жас қаламгерлердің шығармашылығын қолдап дамыту, насихаттау.
“Алтын тобылғы” әдеби байқауына 18-35 жас аралығындағы шығармашыл жастар өзінің қазақ немесе орыс тілдерінде жазылған туындысын ұсына алады. Бір авторға екі бірдей аталымға қатысуға мүмкіндік берілген. Яғни бір автордың бұған дейін ешқайда жарияланбаған бір немесе екі шығармасы байқауға қабылданады. Ескерерлік жағдай: бұған дейінгі “Алтын тобылғы” байқауының жеңімпазы қатыстырылмайды.
Байқау мына аталымдар бойынша өтеді:
- «Жылдың үздік прозасы»;
- «Жылдың үздік поэзиясы»;
- «Жылдың үздік драматургиясы»;
- «Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы»;
- «Жылдың үздік киносценарийі»;
- «Жылдың үздік фантастикалық шығармасы»;
Сондай-ақ “Нұрсұлтан Назарбаев Қоры” осы жылы «Жаңа Қазақстанның жасампаз ұрпағы» тақырыбына арналған үздік әдеби туынды» атты арнайы аталымды тағайындап отыр екен. Байқау жеңімпазы “Алтын тобылғы” әдеби сыйлығының иегері атанып, 2 миллион теңге ақшалай сыйлық алады. Арнайы аталым жеңімпазы болып танылған қаламгер 3 миллион теңгелік жүлдеге ие болмақ.
Байқауға қатысу үшін өтінім (шығарма) пошта арқылы мына мекенжайға: Астана қаласы, Ә.Бөкейхан көшесі, 1А, Нұрсұлтан Назарбаев Қорына немесе at2023@fnn.kz электрондық мекенжайына жолданады. Өтінімді қабылдау мерзімі - 2023 жылдың 30 қазанына дейін .
Толық ақпаратпен fnn.kz сайтында танысыңыз немесе 8 (7212) 767012 телефон нөмірі арқылы біліңіз.
Сәттілік жолдасыңыз болсын, жас қаламгер!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.