Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Амангелді Кеңшілікұлы. Арман аспанындағы ақындар...

18.07.2023 3033

Амангелді Кеңшілікұлы. Арман аспанындағы ақындар 14+

Амангелді Кеңшілікұлы. Арман аспанындағы ақындар - adebiportal.kz

Көңіл күнделігі 

2012 жылдың 6 қыркүйегі  

Еліміздің әр аймағында тарыдай шашылған жас ақындарды елордаға  шақырып,  шығармашылығымен таныстырып жатқан «Жансусар» клубының тұсауы кесілгеніне бір жылдай ғана уақыт өткен екен. Бірақ соған қарамастан Астана төріндегі Ұлттық кітапханада  жастардың басын қосып, ауық-ауық поэзияның көрігін қыздырып, жырдан шашу шашқан клуб, көзді ашып-жұмғанша өте шыққан осы азғантай мерзім ішінде талай жұмыс тындырып тастапты. Ең бастысы Ұлттық кітапханада ұйымдастырылып жүрген поэзия кештерінің арқасында, жырсүйер қауым, көпшілік әлі біле бермейтін жас ақындардың өлеңдерін тыңдап, болашағынан зор үміт күткізген ұрпақтың жүрегінде сақтаған қандай асыл қазынасы бар екенін таразылауға  мүмкіндік алды. 

Поэзия әлеміндегі жас қырандардың өз шығармашылығы жайлы жақсы сөз естігісі келіп, жүрегі лүпілдеп, елегзіп тұратыны барлық уақытта да бола беретін заңды құбылыс. Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов батасын беріп, жыл келгендей жаңалық күтетінін айтып, сәт-сапар тілегеннен бері жас ақындарға жылы лебіз білдіріп, ақ қанатты армандарды поэзия аспанына ұшырып жіберетін әдемі үрдістің өрмегі үзілген емес.

Шынымды айтсам, осы клубтың өмірі таусылмайтын шаруасымен үнемі тыным таппай шапқылап жүретін Азамат Есалы бауырымның «Жансусарда» шығармашылық кештері өткен ақындардың жыр жинағына алғысөз жазып беруіме жасаған өтінішін, біртүрлі жүрексініп қабыл алдым. Жеңіл сияқты болып көрінгенімен, шын мәнісінде бұл өзі көтеретін жүгі ауыр, жауапкершілігі мол жұмыс. Абайсызда бір жақсы ақынның өлеңдегі қолтаңбасын тап басып тани алмай қалсаң, оның шығармашылығына қиянат жасағандай боласың. Қызбалыққа салынып, мақтауын тым асырып жіберсең өнердің өлшемін төмендетіп аласың.  Ұлы Мұхаңдай барынша әділетті әрі адал сарапшы болу біздің қолымыздан келе қояр ма екен?  Ішімде үміт пен күдіктің білегі бір-бірімен айқасып жас ақындардың жаңа жинағын көңілім қобалжып парақтай бастадым.   

Поэзия жинағына облыстық, республикалық мүшайраларда жүлде алып, өлеңдері баспасөзде жарияланып көпшілікке танылған және оқырман әлі жөнді біле бермейтін  Асан Ақерке, Арыстанбек Асылбек, Аққоян Ержан, Бейілхан Ербол, Ерболған Ажар, Ұларбек Байтайлақ, Есаман Хамит, Саян Есжан, Жасұлан Серік, Жұмабек Жандос, Ишанбеков Мадияр, Қабиден Қуанышбайұлы, Назерке Қайыржан, Кәпұлы Дәулеткерей, Динара Мәлікова, Есбол Нұрахмет, Құралай Омар, Расул Ахат, Райқұл Асқат, Сарин Қалқаман, Олжас Сәндібекұлы, Бауыржан Сегізбаев, Смағұлова Салтанат, Айжан Тәбәрәкқызы, Танагөз Толқынқызы, Шалқар Гүлсара, Нұрқанат Шаймұратұлы, Жанболат Шәкімов есімді ақындардың өлең-жырлары еніпті. Бірден айтайын, Кәпұлы Дәулеткерей немесе Танагөз Толқынқызы сынды шығармашылықтары талай сөз болып жүрген, жұртқа жақсы танылып, жастан гөрі, орта буын өкілі болуға бір табан жақын тұрған ақындардың өлеңдеріне тоқталмағанды жөн көрдім. Шамам келгенше мен әлі жөндеп таныла алмай жүрген бұлақтардың көзін ашуға тырысқым келеді. Соның өзінде бір әңгіме төңірегінде олардың барлығының өлеңдеріне тоқталып, жан-жақты талдау жасап шығу әсте мүмкін емес шаруа. Екінші жағынан уақыт тапшылығы да көп дүниенің түйінін тарқатуға қолбайлау болып кетті. Соған қарамастан оқыған кезімде бейжай қалдырмай, елең еткізіп, ерекше тебіренткен кейбір ақындардың өлеңдері туралы  бір ауыз жылы лебізімізді білдіре кеткенді жөн санадым.   

Қош, сонымен жинақты оқи бастағанымызда көңіліміздің назары түскен алғашқы ақын Монғолиядан келген қандасымыз Бейілхан Ерболдың жырларындағы ұлттық бояудың нәші бірден көзімізге шалынып, лирикалық биязылығымен, һәм шынайылығымен сезімімізді баурап алып, жанымызға жылылық ұялатқандай болды. Жинақта жарияланып жатқан үш-төрт өлеңінен-ақ жыр әлеміне өз қолтаңбасы мен жазу мәнері қалыптасып қалған ақынның келгенін аңғардық. 

Күзді көміп... жыл құстарын ұзатып,

Шөпті сүйіп, жерге сіңді бұла шық.

Керуендей қаздар қайтып барады,

Қанатынан сар сағыныш құлатып.

Бейілханның жырларында адамның жаны мен табиғаттың гармониясы әдемі үйлесім тапқан, сабасына түскен күз мезгіліндей сабырлық бар. 

Ал, келесі бір ақынымыз   Байтайлақ Ұларбектің өлеңдерінің табиғатынан керісінше, мазасызданып соққан аласапыран дауылдың екпінін сезгендеймін.  Оның ақындық болмысында тағдырдың ноқтасын басына салғысы келмей сүйрейтін тұлпардың тарпаңдығы мен  көктемде арнасына сыймай таситын тау өзеніндей асаулық  пен от болып жанған өжет рух бар. Азаматтық үні биік ақынның ғазалдарын оқығаныңда өлеңнің рухы сөйлеп қоя бергендей әсер қалдырып, тұла бойың шымырлап кетеді. Ұларбектің ақындық жүрегінен өлең болып үзіліп түскен, жо, жоқ  рухтың алдаспанындай болып қынабынан суырылған «Жаңаөзендік құрбандар ескерткішіне» атты туындысы осы айтқан сөзіміздің айқын дәлелі болуға әбден жарайды. 

Тым ауыр ғой еске алу...

Қабірлерді үлгіргенше бүркеп қар,

Аяздарға ұрынғанша үрпек тал.

Ей, зымиян саясаты бұл елдің,

Ең соңғы рет қанжарыңды сілтеп қал!

 

Мен ояумын!

Ояу менің айбатым,

Мендік рух бұл Қазаққа жайды отын.

Сенен безді!

Сергелдеңге түскен жұрт,

Кімге барып айтар енді қай датын?!

 

Бұл топырақ жасымды ішті, қан емді,

Қанмен бірге қайран Қазақ зар емді.

Мен әлдилеп мынау бейғам әлемді -

Жер түбінен алам мүмкін зәреңді.

Бізден сенім,

Ал, сендерден ар өлді.

Желтоқсанда желмен ұшқан жапырақтай,

Табандарда қал, енді!.. 

Ұларбекті көп мақтап, оның өлеңдерінің бағасын төмендеткім келмейді. Әңгіме қылып айтуға тұрарлық өнері бар, шын мағынасындағы талантты інімнің, һәм мінезді ақынның шығармашылығы туралы бір реті келсе, мүмкін болашақта кеңірек сөз етерміз. Әзірше Ұларбек жөніндегі әңгімемізді осымен тәмамдай тұрайық. 

Жамбылдан шыққан жас пері Есаман Хамиттің қоржынында да оқырманның көңілінен шығатын өлең-жырлары баршылық екен. Есаманның шығармашығымен таныса келіп, біз оның тәп-тәуір баллада жазуға икемі бар екенін аңғардық. Мен жас ақынға осы бағыттағы ізденісін жалғастыра беруге ақыл-кеңес берер едім. Себебі, Қайнекей, Сырбай, Ғафу, Жұмекен, Сағи, Кеңшіліктерден соң баллада жанры дамымай, кенжелеп қалды. Баллада жанрын індете берсе Есаманның поэзия әлемінде  толайым табыстырға жететініне сеніміміз кәміл. Баллада жазу кез-келген ақынның қолынан келе бермейтін, жоғары деңгейдегі шеберлікті талап ететін өнер. Есаманның поэзиясынан баллада жазуға ұмтылған ізденістің ұшқынын байқағандаймын. 

Ал, Қалқаман Сариннің ғазалдарын оқи отырып, оның өлеңді түрлендіре алатын шеберлігін риза болып, үнемі ізденістің үстінде жүретін ақын екеніне қуанып, ішіміз жылып қалды. Және ол ізденісі сәтті шығып, сезімге әсер ете алатын шынайы өлең болып құйылып түсіпті.   

Өмірді естен шығармай,

Өлімді еске жиі алдым.

Өткенді кері бұра алмай,

Өкпеге кімді қиярмын?

 

Өтер де кетер бұл дәурен,

Өлшеулі бәрі, өлшеулі,

Өкпек жел соғып іргемнен

Өкініш басар еңсемді. 

 

Өлара шақта бір мезет,

Өлексе жеуге құмартқан,

Өлместің күні кімде жоқ,

Өлекшін құсқа кінә артпан...

Дегенмен мен Қалқаманға эксперимент жасауға тым әуестенбеуге ақыл-кеңес бергім келеді. Өлеңді түрлендіруге тым қатты құмартып, оқырманға түсініксіз ақын болып қалудан Құдай сақтасын. Сондықтан Қалқаманның экспериментке аса көп басын қатыра бермей:

Оқырман қыз,

Өмірде  алыс, 

Өлеңде  жақын жанбыз.

Түнге  сіңіп тағы да

Ай жүзінен

Мұң көшіріп ақының отыр жалғыз.

 

Сен ше, қарғам?

Мұңаймашы,

Түспесін еңселі арман.

Ықыласын бір саған аударар ем,

Ыңғайыма осы бір көнсе жалған...

- деген мағынадағы ақындық жүректің мөлдір тазалығынан туған жырларын жазуын жалғастыра бергені абзал. 

Қазақ поэзиясына өлең-жырларынан сұлулық пен махаббат күнінің әсем шуағы төгілген, көп оқып, көп ізденетін бір топ жас ақын қыздардың легі қосылыпты. Мен солардың ішінен үшеуінің есімін атап, өлеңдеріне ерекше тоқталғым келеді. Олар – Құралай Омар, Динара Мәлікова және Айжан Тәбәрәкқызы. 

Алғашқы жыр жинағын шығарып үлгірген Құралай мен Динараның поэзиясымен бұрыннан жақсы таныспын. Біраз уақыт бұрын «Жас толқын» сериясымен жарық көрген Құралайдың «Ақ қар» атты өлең кітабын оқып шығып, үлбіреген жаны соншалықты нәзік, сезімтал қыздың жүрек түкпірінде сыңсыған мұңымен сырласып, бір әдемі күйді басымнан кешкенмін. 

     Түнімен айтылар сырларым, 

     Көңілдің көбесі сөгілді, 

     Жасыма жазылған жырларым, 

     Жастығым өзіңе төгілді. 

 

     Үзілген мөп-мөлдір тамшымен, 

     Жуамын үміттің көйлегін. 

     Үнсіз ән салатын әншің ем, 

     Дәл бүгін келіп тұр сөйлегің. 

Құралайдың өлеңдері оқырманның сезімін діріл қақтырып, адам жанының дауасын тапқан сұлу да, сазды лирика. Еліктің лағындай ерке қыздың өлеңінің әр жолында жүрегіңдегі мұзды ерітіп жіберетін жылылықтың сәулесі мол. 

Жылап тұрған жаңбыр емес, мен едім, 

Жанарыңның жасын отын сағынып. 

Аңсағанда тамшыларды төгемін, 

Көкке барып, бұлт жейдемді жамылып. 

 

Тұнжыраған аспан емес, мен едім. 

Жар бола алмас жалғыздықтан жабығып. 

Айтшы, неге елесіңді өбемін, 

Тәңір берген тағдырыма бағынып. 

Тағы бір ақын қызымыз Динараның өлеңдерінен де шықтай шынайлық пен ақкөңіл тазалықтың лебі еседі. Ол оқырманға бар жан-тәнімен сеніп, ештеңені жасырмай,  оның алдында интимдік сырының бүкіл құпиясын ақтарып тастайды. 

 Гүлден де нәзік жанымның,

 Керегін таппай жаңылдым.

 От болып жанған өмірдің,

 Шоқ болар сәтін сағындым.

 

 Базары басым көңілдің,

 Жүзіне қарап жеріндім.

 Көппенен бірге күліп ап,

 Елеусіз қалып егілдім.

 

 Достың да білмей ниетін,

 Сенім бар бірге жүретін.

 Құдай-ау, бір жан бар шығар,

 Күнәсіз келіп сүйетін!

Құдіретті өлеңнің тылсым табиғатын ашу үшін оны тәпіштеп түсіндірудің қажеті шамалы. Бір оқығаннан-ақ басыңды дуалап алатын ондай өлеңдермен сенің жаның қайта-қайта сырласқысы келе береді. 

  Кімді сүйдім, дәл осылай белгісіз, 

  Саған деген сағынышым сенгісіз. 

 

   Кімді күттім, дәл осылай зарығып, 

   Мекенімнен, мезгіл-айдан жаңылып. 

 

    Кімге осылай еркінсідім, еркелеп, 

    Неге біздер жолықпадық ертерек? 

 

    Саған ғана арналған ба iңкәрiм? 

    Мойынымнан шешiлмейді алқа-мұң. 

 

   Саған ғана жете алмайтын жан екем, 

   Екеуміздің таразымыз ар екен. 

 

   Екеуміз де екi үйдiң тiрегi, 

   Жүрегiмiз бiзсiз өмiр сүреді. 

 

   Тағдыр-Ана, түсін мейлi түсінбе, 

   Оны сүйген, бар қылмысым ішімде. 

 

    ...Өлең оқып отырамын ақ қарға, 

   Сағынышым симаған соң хаттарға... 

Тфа, тфа, тіліміз тасқа. Құралай мен Динарының бойында Құдай берген ерекше талант бар. Өнерге берілген адал махаббаты мен адамдық парасатын жоғалтып алмаса келешекте екеуінен үлкен ақын шығатынына сенімім мол. Жас ақын Айжан Тәбәрәкқызының өлеңдері де менің көңіліме сондай бір әдемі сенімді ұялатады. Ақын қыздың жүрегін жарып шыққан махаббат лирикасынан бір әдемі биязылықтың жылы желі соғады. 

 Жүрегiмнiң емдей ме жарасын Күз,
Санай берем бір күннің арасын жүз, 
Келесiң ғой сен ертең... 
Қандай жақсы, 
Бiр қаланың жұтамыз ауасын Бiз... 


Сабырымды не болды мұнша сарқып, 
Бұл бақытты Тәңiр-ай ,қылмаш(ы) артық. 
Мені жүрек дәл бүгін кiнәлама, 
Оң қабағым қайтейін, тұрса тартып. 


Тұрса тартып қайтейін, оң қабағым, 
Бақ боларын білмеймін, сор боларын. 
Ештеңе деп өзіңе айтпасам да, 
Көңіліммен күнұзақ жол қарадым. 


Жел ұшырса көңiлдiң жапырағын, 
Мұңмен мұңдас боп тағы отырамын. 
Сен келесiң...Бiз ендi бұрынғыдай, 
Бір қаланың басамыз топырағын..

Сөзімізді тым ұзаққа соза бермей біз осы жеті ақынның шығармашылығына ғана тоқталып, әңгімемізді түйіндегіміз келіп тұр.  Қазақтың ырымында жеті қасиетті сан.  Поэзия жинағында шығармашылығын әңгіме қылған жеті ақынымыздан басқа да таланты жыр сүлейлерінің өлеңдері аз емес. Бірақ олардың өлеңдері туралы келелі әңгімені  жалғастыруды алдағы күндердің еншісіне қалдырайық. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар