(Күнделік)
(Жалғасы. Басы мына сілтемеде)
2001 жылдың 21 қазаны
Ағылшынның ұлы ақыны Джордж Гордон Байронның шығармашылығын зерттеп жатырмын. «Чайльд Гарольдтың қажылығы», «Дон Жуан», «Беппо», «Каин» секілді жауһар шығармалар туғызған ғажайып ақын өмір бойы қайғы-қасіреттен көзін аша алмай өтті. Әділеттілік іздеген ол қудалауға ұшырады, Отанын тастап кетуге мәжбүр болды. Байронның романтикалық сарыны әлем әдебиетіне қатты әсер етті. Орыстың ұлы шайырлары Пушкин мен Лермонтовтың, немістің ұлттық ақыны Гетенің шығармашылығына Байрон поэзиясының тигізген қатты ықпалы болды. Байронның өлеңдері қазақ оқырмандарына ақын Ғафу Қайырбековтың аудармалары арқылы жақсы таныс. Әсіресе «Еврей саздарын» Ғафекең мөлдіретіп, қазақтың төл туындысындай етіп, шебер тәржімалады. Мектепте оқып жүргенімде бір журналдан Ғафу Қайырбеков ана тілімізге сөйлеткен Байронның «Еврей саздарын» оқып шығып, қатты сүйсініп, таң қалғанмын. Сондағы бір-екі оқығаннан жанымда жатталып, көңілімде қатталып қалған бір туындысын әлі күнге дейін жатқа білемін.
О, дариға!
О бейіштің ішінде.
Жаның өлмей,
Қалса сүю күшінде.
Рас болса,
Қауышарсың есен-сау,
Тірліктегі жүрек ынтық кісіңе.
Сапар шегіп, дүниеге сол жұмбақ,
Кете барсаң бұл өмірге қол бұлғап.
Қандай рахат! Жер қайғысын ұмытып,
Өлмес тірлік жайын ғана сөз қылмақ.
Қалса бір күн өлім шіркін төтен кеп,
Ажал-шыңырау қазір құлап кетем деп,
Өмір-арқан жабысасың ұшына,
Соңғы түйін қолдан шықпаса екен деп.
Өзіңді емес, өзге өмірдің қимайсың,
Қимайсың да қыршын жанды қинайсың.
О, дариға!
Үміт тәтті шүбәдан,
Болып мәңгі жан-сәламат дін-аман,
Мақшар күні сол сәулемен жолығып,
Мәңгі өлмейтін күн кешем деп жұбанам.
Несін айтасың! Байронның әр шығармасы қаламмен емес, қанмен жазылған классика. Шедевр! Бірақ Байронның атын аспанға шығарған оның поэзиясы емес, лордтар палатасында жұмысшыларды жақтап, әділеттілікті қорғап сөйлеген жалынды сөздері еді. Осы оқиғадан соң 23 жасар жігіттің атағы дүркіреп кетті. Ақынның сол жылы жарық көрген «Чайльд Гарольд» поэмасының алғашқы екі бөлімін жұрт талап әкетті.
Ұлы ақынның лордтар палатасындағы ағылшын үкіметінің отарлық саясатын әшкерелеп сөйлеген жалынды сөздері биліктің ашу-ызасын туғызды. Байронның замандасы француз жазушысы Стендаль биліктің ақынға деген ашу-ызасын «саяси ашу-ыза ретінде бағалады. (Қараңыз: Стендаль, 15 томдық шығармалар жинағы, М., «Правда». 1959 жыл. 7 –ші том, 297 –ші бет.) 1816 жылғы ақынға қарсы ұйымдастырылған науқан Байронды біржолата Отанын тастап кетуге мәжбүр етті. Қуғында жүріп Байрон Италия мен Грекияның тәуелсіздігі үшін күрескен қозғалыстырға қолдау білдірді. Байрон поэзияға азаттықтың рухын алып келді.
Пушкин ұлы ақынның шығармашылығын жоғары бағалап, оны данышпанға теңеді. Байронның бүлікшіл мінезін теңізбен салыстырып, өлең арнады:
Твой образ был на нем означен,
Он духом создан был твоим:
Как ты, могущ, глубок и мрачен,
Как ты, ничем неукротим...
("К морю")
Ақын поэзиясын әсіресе, декабристер жақсы көрді. Сүйіп оқыды. Олар Байронға азаттықтың ақыны ретінде табынды. Ол білімі теңіздей терең, есте сақтау қабілеті күшті ақын болды.
Қазақта Байрон мінезіне табиғаты, өнеріне табиғаты жақын бірден-бір ақын – Мағжан Жұмабаев. Мағжан өлеңдерінің тереңдігі, парасаттылығы, ойының тәуелсіздігі менің көз алдыма Байронды елестетеді.
2011 жылдың 7 қарашасы
Үлкен таланттардың қай-қайсысы да әдебиетке салғаннан өз қолтаңбасы мен үнін айқындай келген. Байрон 23 жасында «Чайльд Гарольд» поэмасын жазып, қоғамды дүр сілкіндірген. Виктор Гюгоның жиырма жасында алғашқы жыр жинағы жарық көріп, талантына тамсанған король Людовик ХVІІІ –ші шығармашылығын жалғастырып тұру үшін жазушыға жыл сайын төленіп тұратын қомақты қаламақы тағайындаған. Пушкин мен Лермонтов ең ғажайып туындыларын отыз жасқа дейін ақ жазып үлгерген. Гоголь орыс әдебиетінің Гомері атанып, ең соңғы жазған «Өлі жандар» поэмасының нүктесін қойғанда бар-жоғы отыз үш жаста еді. Қазақ халқының әйгілі қамқоршысы, жазушы Ғалымжан Ибрагимов 1911 жылы шыққан «Қазақ қызы» романының бірінші бетіне 16 жасар Мағжанның «Айға» деген өлеңінің бір шумағын эпиграф етіп келтіреді. Алпысыншы жылдары әдебиетке ауыздығымен алысып келген Мұқағали, Ғафу, Жұмекен, Төлеген, Тұманбай, Қадыр, Сағи, Фариза, Кеңшілік, Жарасқандардай ақындар мен Мұхтар, Әбіш, Қалихан, Ақан, Сайын, Тынымбай, Төлен, Дулат, Асқарлардай жазушылар отызға толмай-ақ әдебиетіміздегі құбылыс болған туындыларын оқырманға ұсынды. Бірақ өкініше қарай жоғарыда есімдерін мысалға келтіргендердің ішінде сол бағындырған биігінде тұрақтап қала алмағандар да бар.
Жас кезінде бір жақсы дүниесімен жылт етіп көрініп, соңынан көрінбей кететіндер туралы әңгіме басқа. Мен олардың бойында үлкен таланттың болғанына күмәнмен қараймын. Егер сенің бойыңда талант болса, қайда жүрсең де ол сені тыныш жатқызбайды емес пе?
Шын талант әдебиетке қошемет көру үшін емес, адамгершілік мұраттарды жырлау, қоғамдағы әділетсіздіктермен күресу үшін келеді. Әдебиет - адамтануды ғана емес, адам болып қалуды да үйрететін ұлы өнер. Достоевский бір сөзінде «мен адам болып қалғым келгендіктен өмірімді әдебиетке арнадым» деген екен. Жиырмасыншы ғасырда туған ақындардың ішінен біз Мағжан мен Мұқағалиларды қара тобырдың ортасында да адам болып жарқырап жүргені үшін ерекше жақсы көреміз ғой.
«Пендешілікке салынғанда, ар-ұятыңды сатқанда, адамдық қасиетіңнен айырылғанда тұрған не бар?» деп ойлап, жалғанды жалпағынан басып өтетіндер де болады өмірде. Олар биліктің аяғына жығылып, патшаны мақтап поэма жазады. Заман қай уақытта да жағымпаздар мен алаяқтардікі болғандықтан, ондайлар өз уақытында құрмет пен қошеметке бөленеді. Атақ-даңқтың, сый-сыяпаттың бәрін көреді.
Гогольдің «Портрет» деп аталатын повесінде, бойында қабілеті бар бір суретші тіршіліктің қамын күйттеп талантын саудалап, күнін көрудің амалына көшеді. Уақыт өте келе ол нағыз алаяққа айналады. Бір күні ол ғажайып өнер туындысын көріп, есінен танып қала жаздайды. Күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан айырылады. Бәрін тастап, шын мәнісіндегі өнер туындысын жазғысы келіп, азапқа түседі. Қиналады. Бірақ ақыл-ойы да оны тыңдамай, арзан портреттерді салып үйреніп қалған қолы да икемге келмей қояды. Сонда ғана суретші қаншалықты жүрегін кірлетіп алғанын түсінеді. Бірақ, енді бәрі кеш....
Әдебиетке ұлы мақсат қуып келген ақын-жазушылардың көбісінің біраз уақыт жақсы шығарма жазып, кейіннен сондай дүниелерді туғыза алмай жататынының мен білетін бір-ақ үлкен себебі бар. Ол –жүректің кірлеуі. Жүрегі кірлеген қаламгердің ақыл-ойы да ластанады, парасатынан айырылып, санасы солады. Бірақ уақыты келгенде шығармаларыңмен бірге сенің жүрегіңнің тазалығы да әдебиеттің таразысына салынатын болады. Сонда барлық шындық, әдебиетке жасаған опасыздығың, ұлтыңды қалай сатқаның, халықты қалай алдағаның.. бәрі-бәрі айтылады. Уақыт бәрін де өз орнына қойып береді. Ал, әзірге бізде кім көп, классик көп.
2011 жылдың 9 қарашасы
«Әлем әдебиеті» журналынан былтыр ғана Нобель сыйлығын алған перуандық прозаик және драмматург, публицист, һәм саяси қайраткер Марио Варгос Льосаның «Әдебиетке – мадақ, тәлімге –тағзым» деген нобельдік дәрісін оқып шықтым. Әдебиетке Маркестермен бірге келген бұл жазушының шығармашылығымен мен біраз уақыттан бері жақсы таныспын.
Әлемнің назарына іліккен жазушы орташа ғана табысы бар, автобус жүргізішінің отбасында дүниеге келген. Әке-шешесі ажырасып кеткен соң атасының қолында тәрбиеленеді. Атасы Перудің құрметті консулы, мақта қожалығын ұстаған беделді де, дәулетті адам болады. Әкесінің неміс ашынасынан да екі баласы бар. Атасы қызы мен немересінен барын аямай, қолынан келгенше бағып-қағып оқытады. Нобель сыйлығын алып тұрып Марио Варгос Льоса әкесі туралы тіс жармағанымен, анасы, атасы мен ағасының есімін ыстық ықыласпен есіне алып өтеді. Олардан алған тәлім-тәрбиесіне ризашылығын білдіреді.
«Дәл осы сәтте менің қасымда аяулы анамның, ардақты атамның, қадірлі ағамның болғанын қалар едім. Менің анам Амадо Нерво мен Пабло Неруданың өлеңдерін тебірене оқитыны соншалық – арасында көз жасын сығып алатын, ал ешкімге ұқсамайтын қоңқақ мұрнымен, шыбын тайып жығылатын жалтыр басымен мәңгілік есімде қалған атам марқұм менің өлеңдерімді мақтап, мадақтап отыратын. Ал Лучо ағайым болса жазушылық өнерге жан-тәніммен берілуім керектігін жиі есіме салатын. Бірақ сол кезеңде әдебиеттің өзіне «құлшылық» етушілерін жарылқағанын байқаған емеспін. Менің қасымда өмір бойы осындай адамдар болды, олар мені құрметтеді, қадірледі, менің әрбір қадамымды құптады, кейде көңілге күдік ұялаған сәтте өз сенімдерімен қуанттырды. Осындай адамдардың арқасында және өзімнің қайсарлығыммен жазушылықтың ғажайыптығын ұғындым, сондай-ақ жазушылықтың ауыртпалығын да түсіндім». («Әлем әдебиеті» журналы. №3, 2011 жыл. Марио Варгос Льоса, «Әдебиетке –мадақ, тәлімге –тағзым», 186 –шы бет.)
Бастапқыда Льоса жексенбілік мектепте білім алды. Сосын әкесі баласын әскери училишеге оқуға түсіреді. Ондағы өмірдің болашақ жазушының жүрегін айнытқаны соншама, училищені бітіруге бір-ақ жыл қалғанда ол оқуын тастап кетіп, Пьюро қалашығындағы аймақтық басылымға тілші болып жұмысқа тұрады. Әскери училишедегі көзімен көрген неше түрлі сорақылақтарды ол кейінен жазушы болғанда, «Қала мен төбеттер» романында асқан шеберлікпен суреттейді. 1953 жылы ол Сан-Маркос университетінің филология факультетіне оқуға түседі, бірақ кейін Еуропаға кетіп қалып, Мадрид университетінің стипендиясын алып, 1958 жылы Рубен Дарионың[1] шығармашылығы жөнінен диссертация қорғайды.
1960 жылдары жазушы Парижге келіп, Хулио Кортасармен достық қарым-қатынас орнатады. Бұл уақытта ол өзінен әлдақайда үлкен әйел бөле апасы Хулие Уркидимен азаматтық некеге тұрып қойған болатын. Алайда бірнеше жылдан соң екеуі ажырасып тынды. Біраз уақыттан соң жазушы бөле қарындасы Патрисииге үйленіп, одан үш перзент сүйеді. Балаларының ішіндегі Альваро Варгос Льоса[2] әкесінің жолын қуып жазушы болады.
Өз басым Марио Варгос Льосаның азаматтық позициясына сүйіспеншілікпен қараймын. Сол үшін оны құрметтеп, жоғары бағалаймын. Жазушының шығармашылығымен танысқанымда оған Флобер мен Толстойдың қатты ықпал еткенін аңғардым. Оның бойындағы зорлық-зомбылыққа төзбейтін бүлікшіл рух Толстойдың мінезін еске түсіреді.
Жазушының алғашқы жазған «Қала мен төбеттер» романы жарық көре салысымен дүниені дүрліктіріп, оның атағын аспанға шығарды. Роман жұрттың көзінше алаңда өртелді.
- Жазушы кеше де, бүгін де, ылғи да наразы болуы тиіс. Өмірдің жабайы шындығын қабылдаған және онымен келіскен адамнан жазушы шықпайды – деген болатын ол, 1967 жылы Ромуло Гальегоса атындағы сыйлықты алып тұрып. Міне, содан бері қаншама жыл өтсе де Марио Варгос Льоса сол көзқарасынан айныған жоқ.
- Жазушылық шығармашылықтың негізгі әрекеті қай уақытта да жабайылықты орнатқысы келетін өмірдің шындығына қарсы тұру болып табылады – деген болатын ол, бірнеше жыл өткен соң да.
Расында жазушының «Қала мен төбеттер», «Жасыл үй», «Хулия апай мен жазарман», «Ақырзаманның соғысы» шығармаларынан бүлікшіл рухтың лебі айқын сезіледі.
Әділіне жүгінсек, азаматтық позициясы жоқ адамнан жазушы шықпайды. Біз көбінесе оқиғаны ойдан құрастырып, әңгіме жаза алатындардың бәрін жазушылардың қатарына жатқыза береміз. Бұл дұрыс емес. Жазушылық ол ең алдымен сенің – азаматтық позицияң. Азаматтық позициясы жоқ адам жазушы емес, жазарман, өлермен ғана. Ондайлар сын сағатта ұлтын сатып кетеді. Қазақстанда азаматтық позициясы жоқ, ұлтына жаны ашымайтын, жағымпаздықтың дертіне шалдыққан қаншама жазарман бар десеңші. Ұлтымыздың қандай қауіпті жағдайда өмір сүріп жатқанын ойласам, шошимын.
***
Әдебиет біздің сұлулық пен бақыт жайлы армандарымызға ой тастап қана қоймай, төніп келе жатқан қауіп-қатерді алдын ала ескертетіндігіне, кез-келген қысымды ашық көрсететініне ешкім күманданбай-ақ қойсын. Осыдан келіп мынандай сұрақ туындайды: адам баласының шыр етіп өмірге келгенінен бастап о дүниеге аттанғанға дейінгі қадамын бақылағысы келетін режимдердің барлығы әдебиеттен қорқатыны соншалық – репрессивті цензураны енгізіп, тәуелсіз жазушыларды көздерінен таса қалдырмайтын себебі неде? Олардың бұлай әрекет етуінің себебі – оқырманның кітап кейіпкерлерінің кейпіне еніп, шынайы өмірмен салыстырып, қиялданатынын сезеді, ал жазушылардың «қиялынан туған» дүниесінің кейде бүлікке ұласып кететінін түсінеді. Себебі – оқырман көркем шығарма арқылы обскурантизм мен үрейлі еркіндік, бостандық жеңе алатынына көзін жеткізеді, оны шынайы өмірде жүзеге асырғысы келеді....
***
Жазушылық арқылы біз өмірімізде баламалы өмір қалыптастыра алатын боламыз. Әдебиет – ол мұңайған, күйзелген сәтте пана болатын, шынайы өмірде мүмкін емес дүниені іске асыратын, кемтарды сұлуға айналдыратын, бірер минутты мәңгілікке жалғастыратын, ең аяғы жеңетін өзгеше әлем...
***
Мәселен мен Флоберден «талант – бұл қатаң тәртіп пен шыдамдылық, төзімділік» екенін үйрендім. Ал, Фолькнер форма (стиль және құрлым) сюжетті байытатынын дәлелдеді. Марторель, Сервантес, Диккенс, Бальзак, Толстой, Конрад, Томас Манндар романда стильді ұштау мен сюжеттік желілерді анықтаудан гөрі масштаб пен өрістің маңыздырақ екенін ұғындырды....
***
Әдебиет адам бойына құлшыныс бітіріп, оны алдыға ұмтылдырады және рухтандырады. Кітаптарды оқи отырып қиял-ғажайып патшалығына саяхаттап келгендей боласың....
***
Жақсы әдебиет халықтар арасындағы көпір іспеттес, бізді қуантады, мұңайтады, таңғалдырады, біріктіреді, жалпы әдебиетке тілдік кедергі, наным-сенімдер алшақтығы, әдет-ғұрыптың өзгешелігі әсер етпейді. Мәселен, капитан Ахава алып киттің жемтігіне айналса, аяушылық сезімі тумайтын оқырман болады ма, тіпті үрей де пайда болуы мүмкін. Оқырман Токионың тұрғыны болса да, Лиманың немесе Тимбуктің тұрғыны болса да бәрібір, барлығы бір аяушылық сезімді басынан өткереді. Сондай-ақ Эмма Бовари күшан жұтып қойса, Анна Каренина пойыз астына түссе, Жюльен Сорель эшафотқа көтерілсе, Борхестік «Юга» қаласының тұрғыны Хуан Дальманн тавернадан көшеге шыққан мезетте кездігін кезенген қанішерге тап болса, тұтас бір ауылдың ошағы ортасынан түсіп, түгел мерт болған жағдайда (Педро Парамоның туған ауылы – Комало) оқырман қай дінді ұстанса да, Аллаға, Христосқа, Буддаға, Конфуцийға құлшылық етсе де, өзін агностик сезінсе де, сәнді мойынтақ тағынып, пиджак кисе де, киманоа мен пончо кисе де бәрібір, бәріне ортақ «бір сезім» пайда болады – аяйды, мүсіркейді, жүрегі жаншиды, жаны түршігеді. Жалпы әдебиет ұлттар мен ұлыстар арасындағы бауырмалдық сезімін оятады. Идеологияның, діннің, тілдің және адам баласының ақымақтығының арқасында пайда болған шектеулер мен шекараларды бұзып-жарады. ..
***
Әдебиет тек шабыттан ғана туындамайды, ол сондай-ақ тәртіп, еңбек, табандылық атты ұштағанның қосындысынан дүниеге келеді...
***
Шынтуайытына келгенде жазушылық – бұл мұрныңнан қаның аққанша еңбек етуді талап ететін кәсіп. Кей сәттерде жазушының фантазиясы азайып, қайратың да кемитін кездерің болады. Кейде ой мен қиялдың қамалында қалғаныңдай күй кешесің. Менің өмірімдегі ең бақытты сәттерім – айлап, жылдап оқиғаны «құрастыру» үшін, беймәлім дерек көздерін зерттеу-зерделеу, жүріп өткен жолдардың естеліктерін парақтау, осы сәттегі қиялдар. Осылардың барлығы шабытпен қосылған сәтте әсерлі әңгіме жазуыңа жол ашылады.
***
Әдебиет бұл өмірдің жалған көрінісі, соған қарамастан, ол бізге өмірді кеңірек түсінуге көмектеседі, аласапыран өмірдің ақиқатын түсінуге жол ашады. Ол өмірдегі өкініштеріміз бен сәтсіздіктеріміздің орнын толтырады. Әдебиет арқылы біз шешімін таба алмаған талай құпияны ашамыз. Бұл алдымен өзіңе деген сенімнен гөрі, сондай-ақ трансцеденттікті мойындайтын жандарға демеу болады.
***
Әдебиет өркениеттің мәңгі жасауы үшін қажет. Әдебиет адамдардың қайта тобырға айналып, азғындамауы үшін керек. Өзіміз ойлап тапқан машина бізге қызмет етпей, қайта біз сол машинаның басы байлы құлына айналып кетпеуіміз үшін әдебиет мәңгі жасауы керек. Әдебиетсіз әлем ұмтылыссыз әлемге, идеалсыз әлемге айналар еді.
***
Әдебиет адамзат өмірін байытып, жалғыздықтан, құлазудан құтқарады. Әдебиет арқылы біз өмірде қол жетпеген шыңдарды бағындыра аламыз..
2011 жылдың 28 қарашасы
Алматыға барып, Мұқағали сыйлығын алып қайттым. Сыйлықты табыс ету рәсімі Абай атындағы опера және балет театрында өтті. Мұқағалидың шығармашылығы туралы Жүрсін Ерман баяндама жасады. Баяндама көңілімнен шықпады... Сосын Мемлекеттік сыйлыққа байланысты сөздерді Мұқағали туралы әңгімеге араластырудың қажеті қанша еді?
Мен түсінбеймін. Мемлекеттік сыйлықты алғанда немесе алмағанда тұрған қандай үлкен трагедия бар? Шығармашылықтың ұлы мұраты Мемлекеттік сыйлыққа қол жеткізіп, оны құшақтап өлу болмаса керек. Сол үшін өтіріктен қалың елі қазағы үшін қамығып, азап шеккен Абайдың позасына тұрудың керегі бар ма? Шындығымды айтсам, өткен жолғы Мемлекеттік сыйлық билікті өтірік мақтап кітап жазғандарға емес, Жұмекенге бұйырғанда қатты қуандым. Егер сол жолғы Мемлекеттік сыйлық жағымпаздардың біреуінің еншісіне бұйырғанда масқара болар едік.
Әділіне жүгінсек, Жүрсін ала алмай жүр деп қара аспанды жаудырған Несіпбек Айтұлы мен Серік Ақсұңқарұлы сол сыйлықты алмағаны үшін ғана қоғамнан жақсылық көрмеген, бақытсыз ақындар болып саналуға тиіс пе? Өлген соң Мұқағали мен Жұмекенге жүгіріп жүріп сол сыйлықты алып бергеннен не ұттық? Қайта осы екі ұлы ақынға оны әперу арқылы біз олардың халық алдындағы қадыр-қасиеті мен беделін төмендетіп алған жоқпыз ба? Мұқағали Мақатаев – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты деген сөз, құлаққа қалай түрпі, әрі ерсі естіледі десеңізші. Менің ойымша дәл бүгін сол сыйлықты алуға ұмтылмаған адамдар абыройлырақ болатын сияқты. Біреуісі - жылап, біреуісі –сұрап, біреуісі – адамын салып, біреуісі - билікті мақтап, өлермендікпен алып жатқан Мемлекеттік сыйлықта қандай абыройн не қасиет қалды? Қазір Мемлекеттік сыйлық шығармаға емес, билікпен ауыз жаласқан қаламгерлерге берілетін болды....
Алматыға бара салысымен бірнеше Букинистке кіріп шықтым. Қалтама қомақты қаржы түскен соң біраз кітап сатып алдым. Виктор Гюгоның алты томдығын қолға түсірдім. Алматыдан Астанаға бір қап кітап арқалып қайттым. Үйге әрең көтеріп келдім...
Толстойдың «Арылуын» осымен үшінші рет оқып жатырмын. Ғажап шығарма. Мен бұл романды ең алғаш рет оныншы сыныпта жүргенде оқыған едім. Енді отыз жыл өткен соң қайта оқып, мүлде басқа сезімді басымнан кештім. Толқыдым. Тебірендім. Ойға баттым.
Шынтуайтында Катерина Маслова емес, бүкіл қоғам жалаңаштанып, жезөкшелікпен айналысып, күнаға батып жатқандай әсер қалдырды маған. Егер Маслова тәнін сатса, арсыз қоғамдағы шенеуніктер, заңгерлер, зиялылар.. ар-ұятын сатып, рухани жезөкшелікпен айналысып, күнін көруде. Одан құтылудың бір-ақ жолы бар. Арылу. Адам күнәдан арылу арқылы ғана шын Құдайын табады. Басқаша жағдайда Жаратушының нағыз сәулесін іздеуінің бәрі - өтірік. Жалған. Әрі кетсе өз-өзіңді алдау ғана. Дәл осы шығармадағы Толстойдың ұлы идеясы ислам дінімен сабақтастық тапқандай ма, қалай?
Бұл туындыдан Толстой өмірінің соңына тән шығармашылық кезеңінің белгілері айқын байқалады. Шағын әңгімелерінде кездесетін баяндаудан ықшам қысқалықты көреміз. Өмірінің соңында жазған Толстойдың жаңа романы көпсөзділіктен ада, монолитті туынды. Жасырақ кезінде жазған «Соғыс және бейбітшілік» пен «Анна Каренинадан» ол осынысымен айрықшаланады. Эпизодтық шегіністері ұзақ емес, қысқа. Автор бір ғана желіні ұстанып, оны толық дамытады. Көлгірсу жоқ. Өмірдің шындығын тереңірек таныған кемеңгерлік парасат анық байқалады...
Алматыда болғанымда 22 қарашада Жұмекен ағаның үйіне бас сұғып, құран оқып шықтым. (22 қараша ақын Жұмекен Нәжімеденовтің қайтыс болған күні) Келешекте Мұқағали сияқты Мағжан мен Жұмекеннің поэзиясы туралы да бір үлкен еңбек жазуды армандаймын. Менің Жұмекен ақынның отбасымен араласа бастағаныма он жылдан асыпты. Нәсіп апайдың әйтеуір мен десе жаны қалмайды, құрақ ұшып қарсы алады. Ақынның жалғыз ұлы Мағжан әдебиетті соншалықты терең біледі. Мен сияқты ауылда өсіп, әкесінің жолын қуғанда Мағжаннан үлкен сыншы шығар еді. Бір қуанатыным Жұмекен ағаның балаларының бәрі шетінен ақылды. Өмірден орындарын тапқан бақытты жандар.
Жұмекен қазақ поэзиясына Абайдан кейін үлкен тереңдікті алып келген, өз мектебін қалыптастырған ұлы ақын. Мейірхан, Гүлнәр, Тыныштықбек сияқты жыр сүлейлері Жұмекеннің ақындық мектебінен шыққан хас таланттар. Жұмекен - қазақ поэзиясының тұңғиығы. Әттең, әдебиеттегі орнын алып, орбитаға шыға алмай жатыр. Шіркін, егер үкімет басындағы атқамінерлер жағдай жасаса, біраз жылымды Жұмекенге арнап бір үлкен кітап жазар едім. Бірақ жағдайға қарамастан Жұмекен туралы кітабымды жазуға кірісуім керек. Ақын шығармашылығын сөз ете отырып, шерімді тарқатып, көп дүние айтуға болады. Жұмекен қазақ поэзиясындағы менің ерекше жақсы көретін - сүйікті ақыным. Мұқағали мен Кеңшілік өлеңдерінің қуатты тасқыны мен қалыпқа сыймайтын бүлікшіл рухы Байрон мен Лермонтовқа ұқсаса, Жұмекендікі - Гетенікіндей парасатты, кемел поэзия. Жұмекенді талдау оның терең философиясын, өнердегі ұлы мұратын түсіндіріп беру асқан шеберлікті талап етеді. Оған жан-жақты дайындық қажет. (Жалғасы бар)
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.