Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында әдебиет сыншысы, «Айбоз-2025» ұлттық әдеби сыйлығының лауреаты Амангелді Кеңшілікұлының «Жүрек сөзі», «Сөз патшасы» сондай-ақ «Толстойдың өмірі» (тәржіма) кітаптарының таныстырылымы өтті.
Шараны белгілі қаламгер, қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманов жүргізіп отырды.

Алғаш сөз алған классик жазушы Төлен Әбдік автор шығармашылығына қатысты былай деді.

«Мен әуелі әңгімені Амангелдінің әкесі Кеңшіліктен бастасам деймін. Шын мәнінде Кеңшілік Мырзабеков ғажайып ақын еді. Ақынның өлеңдерін оқып отырып көркем қиялы мен ішкі сезіміне қайран қаласың? Поэтикалық тілі қандай десеңізші!? Міне, Амангелді осындай талантты адамның перзенті. Амангелдінің әдебиетке үлкен махаббат, зор даярлықпен келгендігі бірден байқалып тұрады. Басты тақырыбы әрине, әлем әдебиеті. Шын мәнінде әлемдік әдебиетті оқығанда көзқарасың өзгереді. Біз қашанда дүниені өркениеттік өлшемде қарастырғанымыз жөн. Бізді ол өреге жеткізетін тек әлем әдебиеті ғана. Амангелдінің бір ерекшелігі сынды көркем шығарма тұрғысында талдайды. Шын сезіммен жазады. Сондықтан әр жазбасы жүрегіңе жетеді. Тамсанып оқисың. Менің шығармаларымды жеріне жеткізіп талдаған да осы Амангелді еді. Амангелдінің маған кенен білімі де, кісілігі де ұнайды. Айналайын, осы бағытыңнан еш айныма» деп тілігін білдірді.
Сонымен бұл іс-шараның мақсаты – автордың әдеби-сыни еңбектері мен шығармашылық ізденістерін оқырман қауымға кеңінен таныстыру, қазіргі қазақ әдебиетінің даму үдерісі туралы пікір алмасу. Енді автордың еңбегіне келейік.

Қаламгердің бұл «Жүрек сөзі» кітабына соңғы жылдары баспасөз бетінде жарық көрген эсселері, әдеби зерттеулері мен күнделік формасында берілген мөлтек сырлары енген екен. Күнделік формасында жазылған бұл мөлтек сырларында қоғамдық өмірімізде болып жатқан оқиғаларды таразылап, ұлттық рухымыз, өркениет әлемінде болып жатқан әдеби өзгерістер жөнінде ой толғайды.

Ал «Сөз патшасы» атты жинағына республикалық мерзімді басылымдар бетінде жарық көрген эсселері, әдеби-сын мақалалары мен сұхбаттары топтастырылған. Ел тағдыры туралы мақалалары шынайылығымен ерекшеленеді.
Осы таныстырылым барысында қаламгердің Француз жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Ромен Ролланның «Толстойдың өмірі» атты кітабының танымдық мәні де айырықша сөз болды.

Айта кетейік, аталған бұл іс-шараға зиялы қауым өкілдерімен қатар кітапхана оқырмандары қатысты.

Белгілі қаламгерлер Ғалым Жайлыбай, Баянғали Әлімжанов, Қуаныш Жиенбай, Асқар Алтай, Жолтай Әлмашұлы, сондай-ақ кино режиссер Талғат Теменов Амангелді Кеңшілікұлының шығармашылығына қатысты ақжарма лебіздерін білдірді.

