Қолым қалт еткенде әңгiме оқығанды ұнатамын.
Соңғы сүйсiнiп оқығаным өзiмiздiң тiлi құнарлы, айтар ойы тұмарлы жазушымыз Жаңабек Шағатайдың «Қаладан келген қыз» әңгiмесi болды. Қазақы, жылы әңгiме. Бiрақ менi оқыған сайын әрдайым таңқалдырудан танбай келе жатқан бiр-ақ әңгiме бар. Ол – аргентиндiк Борхестiң «Иуда опасыздығы жайлы үш жорамал» атты шағын ғана дүниесi.
Әңгiмеде бүкiл саналы ғұмырын Иуданы ақтауға сарп еткен Нильс Рунеберг атты әлдекiм, һәм оның еңбектерi туралы сөз болады. Әңгiмеден алдымен бiлетiнiмiз, Рунеберг 1904 жылы «Христос және Иуда» атты бiрiншi кiтабын жариялайды. Ол дүниесiне Де Куинси деген бiреудiң «Бұған дейiн Иудаға таңылып келген айыптардың бiрi емес, бәрi де жала» деген сөзiн эпиграф қылып алады. Ал Де Куинсидiң өзi осы тақырып төңiрегiндегi тағы бiр немiстiң пiкiрiн дамытушы болатын. Де Куинсидiң тұжырымы «Иуда Исаны ол өзiнiң құдай тектес екендiгiн жариялап, халықты Римнiң бұғауына қарсы көтерiлiске алып шығуы үшiн сатты» дегенге саяды. Яғни, Иуда еврей ұлт-азаттық көтерiлiсiнiң жасырын идеологы болған. Мiне, бұл – бiрiншi жорамал.
Рунеберг болса Иуда опасыздығының астарынан саяси-әлеуметтiк себеп iздеуден де әрi кетедi. Ол Иуда опасыздығының метафизикалық тылсым жақтарына үңiледi. «Құдай адам келбетiне енiп жерге түстi, барлық қайғы-қасiреттi көрдi, адамдар тарапынан да оның осы жанкештiлiгiне сай құрбандық шалынуы керек едi. Құрбандық Иуда болды. Ол Құдайдың қадiр-қасиетiн арттыра түсу үшiн, ең ауыр қылмыс – опасыздыққа барды. Құдайды ұлықтау жолында жаны тозақ отына күйсе де қаймықпайтынын, қайта бұны өзiне бақыт санайтынын дәлелдедi. Отыз сөлкебай мен әйгiлi сүйiстiң осындай құпия сыры бар». Иуда опасыздығы жайлы Нильс Рунеберг жасаған екiншi жорамал осындай болатын.
Бiрақ Нильс Рунеберг бұл жорамалмен де шектелiп қалған жоқ. Ол 1909 жылы «Құпия құтқарушы» атты екiншi еңбегiн жазды. Ал мұндағы жорамал өз қисынының бөлектiгi жағынан алдыңғы екеуден де асып түсетiн. Рунеберг «Иса кергiшке керiлiптi, бiр күн азап шегiптi. Несi бар, бұндай ауыртпалық жазатайым жаңылып кетсе кез келген адамның басына түсуi мүмкiн. Олай болса, дәл осынысы үшiн ғана Исаны құдайтектес деп аспандата дәрiптеуге бола ма? Жоқ. Ал Иуданың жөнi бөлек. Ол бүкiл адамзаттың бойындағы бар күнәнi арқалап тозаққа кеттi. Өзi иеленуге тиiс даңқты Исаның еншiсiне бердi. Шын мәнiсiндегi құдайтектес құтқарушы Иса емес, осы Иуданың өзi болатын. Ол адам болып жердегi бар қайғы-қасiреттiң дәмiн татып көрдi. Қарапайым адамның қалпына түстi. Оның жандүниесiне жақсылық та, жамандық та, пәктiк те, күнаһарлық та жат емес. Оның бiздi құтқару үшiн кез келген тағдырды, Зұлқарнайын немесе Пифагордың, Рюрик яки Исаның талайын таңдауына болар едi, бiрақ ол Иуда болуды қалады» дейдi.
Мiне, бұл – Рунеберг жасаған сұрапыл үшiншi жорамал, оның айналатын ой өрiсi. Дегенмен тарих дәл осылай дамыды ма, әдiлет Иуда жағында болды ма, оны сiз де, бiз де тап басып айта алмаймыз. Тiптi Борхестiң өзi де. Сосын бұл, бар болғаны, Борхестiң қиялынан шыққан шағын әңгiме ғана емес пе? Бәлкiм, Борхес христиан дiнi тарихына деген өз көзқарасын жеткiзу үшiн Нильс Рунеберг деген әлдекiмдi ойдан шығарып отырған болар? Шығармашылық еркiндiгiне салсақ, бұлай болуы да мүмкiн ғой. Әйтсе де, қаншалықты әдеби туынды дегенмен, Борхес әңгiмесiнде қандай да болсын ақиқаттың ұшқыны бар екендiгiне иланасың. Асылы, жазушы шеберлiгi деген де осы шығар.
Менiңше, бүгiнгi «балама тарих» деп аталып жүрген «бүйректен сирақ шығарар» зерттеу еңбектердiң ең үздiк үлгiсi Борхестiң осы көлемi шап-шағын, мазмұны шып-шымыр шедеврi.
Бiрақ бiз «балама тарихпен» бiрге әлдекiмнiң әлдеқашан жығылып қалған туын көтергiсi келетiн жалған тарихтың да қатар өмiр сүретiнiн ұмытпауымыз керек. Оның да өз шеберлiкке келгенде алдына жан салмас «Борхестерi» бар екендiгiн әрдайым жадымызда ұстауға тиiспiз. Әйтпесе, тарихта төмендегiдей жәйттар болмас едi ғой.
1857 жылы әлем ғалымдарын таң қалдырған оқиға болды. Математик Мишель Шаль француз Ғылым Академиясына атақты Паскальдың бұған дейiн еш жерде жарияланбаған хаттарын табыстады. Хаттардың мазмұнымен танысқан адам ғалымның бүкiл әлемдiк тартылыс заңын Ньютоннан әлдеқайда бұрын ашқанын бiле алатын едi. Осылайша, ғылыми ортада «басқа құлаған алма туралы әфсанаға» күдiкпен қарайтындар қауымы пайда бола бастады. Бiрақ бiр ағылшын ғалымы ғана сабыр сақтаған деседi. «Япыр-ау, Паскаль өзi өлгеннен кейiн көп уақыттан соң ашылған астрономиялық жаңалықтарды қайдан алып отыр?» Ол таңданыстан басы айналған қайталаған ғылыми ортаға осындай күмәнға толы сауал тастайды. «Иә, расында да,– дестi оның сөзiн ғылыми орта, – бұл деректердi Паскаль қайдан алып отыр?».
Сауалына қарай жауабы дегендей, тағы бiраз уақыттан кейiн Шаль тарапынан ғылыми ортаға Паскальдiң әйгiлi Галилеймен жазысқан хаттары ұсынылды. Бұл хаттарға сүйенсек, ұлы жаңалықты ашу жолындағы түнгi аспанды астрономиялық бақылауларды Галилей, оның математикалық есептеулерiн Паскаль жүргiзген болып шығатын едi. Кезектi таңданыстан тағы да басы айналған ақсақал, қарасақал ғалымдар қауымы Галилей өлгенде Паскальдiң бар болғаны көкөрiм он сегiз жаста ғана болғанына да назар аударған жоқ. Мұндай таңқалдырар тосындық ұлылардың өмiрiнде бола бередi, «қабiлет-қарымы ерте ашылған кемеңгер ғой» дестi. Оларды тiптi Галилейдiң Паскальмен жазысқан хаттарының төменiнде қойылған уақыт белгiлерiнен көп бұрын зағип болып қалғандығы да ойландыра қоймады. Әлдебiреу «осылай да осылай емес пе едi» деп едi, Шаль бұл уақытта Галилейдiң көзi қиналып болса да көретiндiгi туралы тағы бiр хатты ортаға тастай салды. Галилейдiң өзi көзi шырамытып болса да әлденелердi аңғара алатындығы туралы жазып отырса, кiм күмәндансын?
Дегенмен «Өтiрiктiң құйрығы бiр-ақ тұтам» деген сөз өзiнiң ақиқат екендiгiн бұл жолы да дәлелдейдi. Iстi тиянақты тексеру барысында, бiрде Паскаль, бiрде Галилео Галилей болып хат жазып, Шальдiң де, тек фактiлерге ғана сенiм артып үйренген ғалым академиктердiң де басын қатырып жүрген Верен-Люка деген ұлылардың қолтаңбаларын қолдан жасағыш алаяқ екендiгi мәлiм болды.
Мұндай пысықай алаяқтардан, Құдайға шүкiр, шүкiр дейтiнiмiз, оларсыз өмiрдiң өзi де қызық емес секiлдi көрiнедi емес пе – өткен ХХ ғасыр да кенде бола қоймаған секiлдi. Соңғы кезде көп дақпыртқа ие болған, дау-дамайдан басы арылмай жүрген құмық Мұрат Әжiнiң «Дештi-Қыпшақ даласының жусаны» және басқа еңбектерiне үңiлсек, осындай тарих фактiлердi өз дегенiне иiп көндiру қабiлетi керемет дамыған жылпостықтың куәсi болатындаймыз. Асылы, Мұрат Әжi христиан әлемi мен Ұлы Даланы, оны мекен еткен халықтарды жақындастырғысы келетiн сияқты. Мұндай тұмшалаулы ниеттiң арғы жағында әлдекiмдердiң (бәлкiм, Ватикан болар) саяси сұранысы жатуы да бек мүмкiн. Мұрат Әжi далалықтар ұстанған Тәңiрi дiнiн негiзiнен еуропалықтар ұстанатын христиан дiнiмен тонның iшкi бауындай жарастырып жiбередi. Әжiге сенсеңiз, Тәңiрi дiнiнiң өз кiтабы болған, бұл дiндегi жөн-жоралғының барлығы дерлiк христиан дiнiнiң рәсiмдерiмен егiз қозының сыңарындай ұқсас. Тiптi, бәрiн былай қойғанда, тәңiршiлдер дәл осы христиандар секiлдi ашамай-крестке табынған болып шығады. Әжiнiң әр кiтабы ашамай-крестiң, христиан дiндарларының киiмiн киген тәңiршiлердiң Ұлы Даланың түкпiр-түкпiрiнен табылған суреттерiне толы. Ал еңбектерiнiң жазылу шеберлiгiне келсеңiз, оқи сала қалай «әжiшiл» болып кеткенiңiздi де сезбей қаласыз. Кез келген деңгейдегi оқырманды баурап алар қарапайым да қағылез стиль. Көңiлде «әттең, бiздiң ғалымдар да ғылыми еңбектi осылай жазуды меңгерсе ғой» деген бiр өкiнiш қалады. («Ғылыми стиль» деп аталатын, сезiмi семiп, быны қатып қалған сүреңсiз стильдi кiмнiң қашан не үшiн ойлап тауып, қалыптастырғанын бiр құдай бiлсiн).
Осы Әжi соңғы он жылдың iшiнде бiраз оқырманның басын қатырды. Қазақ тарихшыларының тарапынан оның еңбектерiне берiлген сараптама бағаны көре алмағанымыз және шындық. Әлде өрелерi жетпедi, немесе аш құлақтан тыныш құлақ деп үнсiз қалғанды дұрыс көрдi. Бiрақ тарихқа бiреу тас атып жатқанда үнсiз қалған тарихшының Құдайдың өзi санасына сәуле түсiрген шынайы тарихшы екендiгiне илана қою қиын.
Әйтсе де, кәсiби тарихшылар үнсiз қалғанымен, Әжi еңбектерiне соққы беретiн дүние, бiр қызығы, Әжi шығармалары дүниеге келерден көп бұрын жазылып қойған-ды. Ол Лев Гумилевтiң әйгiлi «Қиял патшалығын iздеуi» едi. Бұл зерттеуде Ұлы Даланың шығысында керей, найман секiлдi көшпелi тайпалар ұстанған христиан дiнiнiң несториан бағыты туралы жан-жақты сөз болады. Иә, ол кездерде де, Шыңғыс хан кезеңiн айтамыз, Батыс христиан әлемi араб дүниесiне қарсы соғыста өзiне одақтас табу мақсатында Шығыстағы осы несториан бауырларына елшiлер жiберiп баққан. Ұлы Дала төсiнде несториандардың ондаған, жүздеген ғибадатханалары болғаны және белгiлi. Ал ол ғибадатханалардың қабырғаларының суреттермен безендiрiлмеуi мүмкiн бе? Басқа басқа, ислам шариғатындағыдай емес, христиан дiнi сурет салуға еш кедергi жасамайды ғой. Сосын христиан-несториандардың табынатыны ашамай-крест болмағанда, мұсылманның жұлдызы мен айы болуы керек пе?
Мұрат Әжi христиан-несториандар салған осы суреттердiң бәрiн Тәңiршiлердiң сызбалары дегеннен әсте танбайды. Барлық деректерi мен дәйектерiн осы ойдың төңiрегiне топтастырады. Окладников әлдеқашан зерттеп, зерделеп, көшпелi несториандардың мұрасы деп баға берген тастағы жәдiгерлер, осылайша, Әжi қиялының көркемдеушi компоненттерiне айналып шыға келедi. Бiрақ тарихты осынша бұрмалағанына қарамай, Мұрат Әжiге де алғыс айтуымыз керек. Ол бiздi өз тарихымызға, Ұлы Даланың тарихына мақтанышпен қарауға үйреттi. Өйткенi, Тәңiршiлдiк пен христианшылдықты өзара жарастырып, қабыстырып жiбергiсi келдi демесеңiз, Әжi кiтабынан тарихымызды ұлықтайтын басқа да көптеген деректердi ұшыратуға болады. Бiрақ сол деректердiң бәрi әлдебiр жымысқы пиғылға қызмет ететiндiгi өкiнiштi.
Бiздiңше, мұндай тарихи фактiлердi өз дегенiне иiп көндiрiп, жалған тарихи еңбектердi тудыруға, егер ерiншектiгi ұстамаса, қазақ тарихшылары мен қаламгерлерiнiң де мүмкiндiгi мол. Тарихи фактiлерден алдымен үлкен ғылыми ортада айналымға түсе қой мағандарын уақытына, жағрапиялық ортасына байланысты сұрыптап жинап аласыз да, оларды өзiңiз ғана бiлетiн, бәлкiм, өзiңiз қиялдан тудырған белгiлi бiр кейiпкердiң өз көзiмен көргендерiндей етiп әсерлi баяндап шығасыз. Егер әлдекiмдер жаңалығыңызға күдiк-күмән келтiрiп жатса, «Япырым-ау, пәленшенiң пәлен деген кiтабында, пәлен деген зерттеуiнiң пәлен деген бетiнде дәл осы дерек тайға таңба басқандай етiп баяндалған жоқ па, менiң кейiпкерiм де дәл осы деректi, бiрақ өзi куә болған жайт ретiнде тарата баяндап отыр ғой, бiреудiң бiлгенiн бiреу, және сол оқиғалардың тiкелей куәсi болған жан бiлмей ме екен...» деген уәж айтасыз. Сосын сөзiңiздiң растығына кiм шәк келтiре алады? Рас, Верен-Люка секiлдi күнi жетiп, қаусапо тырған зағип Галилео Галилейдi тұңғиық ғарыштағы жұлдыздар қозғалысын еркiн көрiп, бақылау жұмыстарын жүргiзе алатын нағыз қырағының өзi қылып қоймасаңыз болды. Олай жазым бастыңыз екен, алаяқтығыңыз сол сәтте-ақ әшкере болады.
Осынша әңгiмеден кейiн қазақ әдебиетiнде, қазақ тарихы ғылымында бiраз дау-шарға түрткi болған Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзiме шейiн» еңбегiне соқпау, оны тiлге тиек етпеу мүмкiн емес секiлдi. Мысалы, бұл еңбектiң соңында да Верен-Люка секiлдi қасқа маңдай ғұлама академиктерiңiздiң өзiн сан соқтырар саусағы ептi сайқымазақ бiреулер тұрмағанына кiм кепiл?
Галилейдiң сөз саптасын, Паскальдiң ой дамыту жүйесiн еркiн меңгерген адам баласына мұндай еңбек жазып шығу аса қиын бола қоймас. Әрине, бiздiкi жорамал ғана. Бiраз өзiмiз түсiнбейтiн жерге келгенде, желкемiздi бiр қасуға қақымыз болар.
Иә, мен әрдайым таңырқап оқитын бiр әңгiме бар...
2005 жыл.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.