Ақ тамақтың астында мең бар еді, Мәдина!
Әбен Дәуренбековтің есімі көпшілік оқырман үшін аса таныс болмағанымен, оның кіршіксіз мөлдір жырларын жастар жарыса жатқа оқиды.
Әулиеата жерінен келіп едің, Мәдина,
Екі өзенді тел емген елік едің, Мәдина.
Көлде жүзген мамырлап ақ қаз едің, Мәдина,
Жамалың да, жаның да тап-таза едің, Мәдина.
Саусағыңды саусағым сипап еді, Мәдина,
Саусақтарың не деген шипалы еді, Мәдина!
Күлімдеген көзіңнен күн көрінген, Мәдина,
Көре алмайды ол күнді кім көрінген, Мәдина.
Ақ тамақтың астында мең бар еді, Мәдина,
Сол бір меңге қадалып нем бар еді, Мәдина!
Қайда жүрсең мен көрген қалпыңдасың, Мәдина,
Аман болсын аялулы, алтын басың, Мәдина!
Бұл ақын Әбен Дәуренбековтің оқырман арасында ең көп оқылған өлеңдерінің бірі.
Әбен Дәуренбековтің есімі көпшілік оқырман үшін аса таныс болмағанымен, оның дәл осындай кіршіксіз мөлдір жырларын Жетісудың жастары жарыса жатқа оқиды.
Ол ақынмын деп кеудесін кермей, жақсы өлең жазғанын бұлдамай, атақ бер деп айқай салмай қарапайым ғана ғұмыр кешкен ақын.
«Қызықпай атаққа да, мансапқа да,
Өтсем дедім өмірден ән сап қана» -, деп жырлаған ақынның өмірлік ұстанымы да осы болғаны анық. Тірлігінде Талдықорғандағы облыстық газеттерде тілші, мектептерде мұғалім болып ғана қызмет істеген. «Таң», «Мөлдір тамшы», «Тамшыбұлақ», «Балконнан ұшқан көгершін», «Мамыр айы» сынды бірнеше жыр жинағы жарық көрген.
Кейде өңірде жүрген қаламгерлер орталықтың да, оқырманның да назарынан тыс қалып жатады. Әбен Дәуренбеков те жырлары кең жайылып, көпшіліктің көңілінде жатталып қалмаса да өңірде жүріп-ақ өміршең өлең жазған ақын еді.
Ол 1939 жылы Шығыс Түркістан өлкесінде дүниеге келген. Жас ортасына жетпей сүйікті жарынан айырылып, бес баласын жалғыз жетілдірсе де, тағдырдың тартуына мойымаған ақын.
Ал оның «Белжайлау сазы», «Шопан атаға хат», «Тойың тойға ұласcын» секілді әнге жазылған сөздері әр қиырдағы қазақы дастарханды думанға бөлеп жатты.
Ақын Әбен Дәуренбековтің Жетісудың тұмса табиғатындай сұлу, жылғалай аққан өзендеріндей таза, өзі жырлаған Тамшыбұлақтай мөлдір жырларын «Әдебиет порталынан» оқи жүріңіздер. Себебі мұндай шынайы ақындарды ұмытуға болмайды.
БАҚЫТ НҰРЫ
Сары ала алтын сапырады күзгі бақ,
Әнге басып, жарысады жүз бұлақ.
Қиқу салып, жарысады тырналар
Аспан астын айқыш-ұйқыш сызғылап.
Таң атады, күн шығады күліп тек,
Жақсылыққа, жаңалыққа үгіттеп,
Маңдайымнан сипайды еппен самал жел:
«Неткен ғана бақытты едің, жігіт», — деп.
Кешегіден келешегі мың артық,
Көгілдір қыр көрінеді мұнартып.
Мейірімді күн көз тігеді көгімнен,
Тұнып тұрған тіршілікке құмартып.
Болашаққа бойын түзеп, дұрыстап,
Сыбдыр қағып, сыр шертеді күміс бақ.
Бесігінде маужырайды жас сәби,
Бейбіт күннің ауасымен тыныстап.
Жас сәбидің жүрегімен тіл қатып,
Қаланы да, даланы да жырлатып,
Әр күн сайын елжіретіп жаныңды,
Есігімді қағады көп бір бақыт.
Өлмейтұғын орын алған өлеңнен,
Байлығымды, көсегемді көгерген.
Байтақ елдің маңдайына жазылған
Алтын Заңның құдіреті дер ем мен.
***
Тағы да календарьдың бір беті ұшты,
Бір жапырақ үзіліп жерге түсті.
Аққан сулар, теңіздер жатқан тулап,
Уақыттың бесігін тербетісті.
Көп сыр қалды көгенде ағытылмай,
Ойлар қалды сезімге тоғытылмай,
Жалт етті де бір жұлдыз жанып кетті,
Сайрап қалды бір бұлбұл жағы тынбай.
Бір күн өтті, тірліктің тынысы боп,
Таусылмайтын онысы, мұнысы көп.
Өз міндетін уақыт атқарады,
Ол шіркіннің басқамен жұмысы жоқ.
КӨГІЛДІР ТҮНДЕР
Көгілдір түндер,
Көк ала сәуле жамылған
Ақ шабыт мінген
Арманым ба едің сағынған?
Ақша бұлт киген
Аспанның биік төрінен
Аққан жұлдыздар
Өзіңе қарай ағылған.
Көгілдір түндер —
Әр күннің кеші батқан.
Толғатқaн есіл ақ таң.
Көлкіген көк ала парк,
Жастықтың дариясы
Көсіле аққан.
Көгілдір түндер,
Балқыған күміс ғалам.
Шалқыған ақындардың қиялы
Жыр ұштаған.
Үлкен жүректер
Ұсақ тірлік қылыштаған.
Сабырлы сал қалалар,
Сағымды паң далалар
Бір сәтке тыныстаған.
Көгілдір түндер —
Сәбидің үні
Әр үйден «іңгәлаған»
Мастардың күлкісі
Домбыра сазын тыңдамаған.
Ғашықтар тілі
Әлі ешкім жырламаған,
Сүт сезімдер
Ит тиіп былғамаған.
Көгілдір түндер —
Анасы даналықтың,
Өмірге ертең келер жаңалықтың,
Береген берекелі өмір
Бесігі сан алыптың.
Көгілдір түндер,
Көк ала сәуле тыныш бақ.
Тербете бер
Жатсын бір жалған тыныстап.
Көсілтіп жібер
Қалған ойларды құрыстап.
Жасанды жалғандықты,
Алдамшы уақытты
Шеңгеліңе ал уыстап.
Арманның арғымағын
Суытып бапта дұрыстап.
***
Жасыл бақта ізіміз де қалмады,
Оның бәрін көшкен жылдар жалмады.
Жүрегіме тіл қатады, әйтеуір,
Күздің күңгірт құба төбел таңдары.
Әлі де оңдап айға алмаған ән қылып,
Атып еді, атып еді таң күліп.
Білдім бе, әлде білмедім бе сол сәттің
Көз алдымда салатынын сан қылық.
Сол бір таңға көкейімнен кетпенген
Барлық үміт, тілегімді төккен ем...
Айта алмадың «Аяулым» деп сен-дағы
Айта алмадым «Бақытымсың» деп те мен.
Алысқа ұшcақ қанат берер сенімге,
Не бір асыл сөздер тұрды көңілде.
Ақтарамдық, айта алмадық бірін де,
Айтылмайтын сөздер аз ба өмірде?!
Соны бүгін оқып тұрмын көзіңнен,
Сол баяғы мөлдіреген сезіммен.
Сол баяғы лүп-лүп еткен жүрекпен,
Мойымайтын бір керемет төзіммен.
Қане, маған ұқтыра алсаң соны ұқтыр.
Жолықтырсаң, мол бақытқа жолықтыр.
Бақ-жұлдызым жақын тұрған сияқты,
Неде болса, басқа дәурен қонып тұр.
Түйістірген хрустальдай сыңғырлап,
Жанға жайлы ән салады бір бұлақ.
Жұлқынады, бұлқынады жүректе,
Екі қолда екі тағдыр тұр бірақ.
ҚЫЗ ҚИЯЛЫ
Тағы жанған бұл қандай үміт еді,
Бағы жанған бұл қандай жігіт еді.
Сөзі қандай отты еді, өтімді еді,
Тоңып тұрған жүректі жібітеді.
Нансам ба екен сөзіне, нанбасам ба,
Жансам ба екен, әлі де таңдасам ба?
Үзейін бе үмітін біржолата,
Тілдесіп-ақ жүрсем бе анда-санда?
Айналайын десем бе, қымсынбай-ақ,
Ойланайын десем бе жүрсін таяп.
Күйіп қалдым десем бе осындайдан,
Сүйіп қалдым десем бе бәлсінбей-ақ?
Ермейін бе, соңынан ерейін бе?
Бермейін бе, сөзімді берейін бе?
Қандай жылы елжіреп қарағаны,
От бар еді не деген мерейінде!
Шыныменен қонбақ па, қосыма кеп,
Үндемеймін, болып па осым әдеп?
Күліп жүрсе қайтемін құрбыларым,
Таңдап тапқан жігітің осы ма деп.
Басым қатты ерсем бе, ермесем бе,
Десем бе екен:
«Болады келмесең де».
Қиын еді бұл қандай
Ендігәрі
Шақырғанда келсем бе, келмесем бе?
Құшағына енсем бе, енбесем бе,
Ең қиыны сенсем бе, сенбесем бе...
***
Мына жаңбыр неліктен тына қалды,
Қайда әкетті шалқыған бұлақ – әнді?
Сездіргісі келе ме
Дүрілдеген
Тіршіліктің болмасын бұ да мәңгі.
Қайда кетті дүрмекті,
Дүбірлі әлем,
Қайда кетті үбірлі-шүбірлі әлем?
Құлаққа ұрған танадай тыныштықтан
Еміс-еміс естисің күбірді әрең.
Нөсерлетіп,
Селдетіп кетіп еді,
Тына қалды.
Қара бұлт сетінеді.
Шыға келді
Сусыған шымылдықтан
Аспанның да көгеріп көкірегі.
Сүйкімді де, сұлу да бұрынғыдан
Уайымсыз дүние уылжыған.
Сапырылған саумал жел,
Жұпар ауа,
Қалай ғана арманның туын жығам.
Орман, тоғай көк қасқа құлыншақтай,
Қырқа-белең малынған қуыршақтай.
Көл мөлдіреп қарайды,
Гүл еркелеп,
Бұрынғыдай бұлданбай, мұңын шақпай.
Ашық аспан.
Ақ сәуле, айна көңіл.
Мамыражай дүние, майда қоңыр.
Жаңбырдан соң тазарған тіршіліктен
Басталғандай жаңа бір жайдары өмір.
