Әдетте, Ақселеу туралы әңгімеде оның ғылым саласындағы салиқалы еңбектері екшеліп, егжей-тегжей талданып, таратыла таразыланады да, қаламгерлік қыры атүсті, жол-жөнекей айтылумен шектеліп жүргені шындық. Ал ақиқатына жүгінер болсақ, алдымен Ақселеудің атын шығарып, есімін елге танытқан әдеби шығармалары. Оның жорналшыдан басталған шығармашылығы ұзамай көркем әдебиет ауылына қоңсы қондырған. Бұл әсте әуестік емес, шынайы шығармашылық қасиет-дарынның жемісі еді. Іле-шала төрт бірдей кітабы жарыққа шығып, ол бірден белгілі қаламгерлер қатарына қосылған. Әсіресе, «Күзеуде», «Аққыз», «Ақиық», «Қыз ұзатқан», «Бір атым насыбай» повестерімен туған әдебиетіміздің қатары тағы бір талантты жазушымен толысқанын оқырмандар да, әдеби орта да қуана қарсы алғаны ақиқат. Бұл жерде жас жазушының өз тақырыбымен, өз жазу мәнерімен келгендігін айту парыз.
Өзі айта беретіндей, оның өскен ортасы – көшпелі өмір салт-дәстүрі сақталған сақарадағы қазақ ауылы-тын. Сол көшпелі елдің сүт кенжесі болғандықтан да оның ой-санасы, адами болмысы – жан жаратылысы таза ұлттық – қазақы қалыпта қалыптасқан еді. Осынау қастерлі қазақы қасиет кейін жазушының күллі шығармашылығының алтын арқауына айналуының түпкі сыры осында жатыр. Рас, қазақ қаламгерлері мен зиялыларының баршасының да кіндіктері сол қазақтың қараша ауылдарына байланған. Алайда олардың бәрі бірдей сол қазақы ортаның үлгі-өнегесін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын тап Ақселеуше қан-жандарына сіңіре алмаған сынды. Жазушы-ғалым Ақселеудің өзгелерден артықшылығы дейсіз бе, ерекшелігі дейсіз бе, әйтеуір болмысында – бекзаттық, тұлғасында тектілік қасиет бар. Оның шығармаларындағы ұлттық бояудың қанықтығы, қазақы қасиет, мінез-құлықтың, түйсік-түсініктің қырдың саумал желіндей жан сарайыңды рахат сезіміне шомылдырып, үйіріп әкетуінің түпкі сыры да осында деген болжамымыз да бекер болмаса керек. Қорыта айтсақ, Ақселеудің жазушылығы мен ғалымдығының үндестігінің, үйлесімділігінің негізі бізді осындай тұжырым-түйін жасауға көндіріп те сендіріп отыр. Біздің бұл пікіріміздің ақиқаттығына Ақселеудің қазақтың жан дүниесін тереңнен тартып, адами қасиетінің асқақтығын жазбай танытып, жарқырата жазуы анық айғақ. Оған бұлтартпас мысал ретінде «Күзеуде» повесіне ой жүгіртіп көрелікші.
Шығарманың негізгі желісі бар болғаны екі ай аралығында өткен оқиғаға құрылған. Алпысты еңсерген Ршыман ақсақалдың жоқ жер – мәнәйі себеппен жесір әйел – жас келіншек Торғынға ынтыға ықыласы ауған сәттегі көңіл күйін жазушы жалғыз ауыз сөзге сыйдырыпты: «…Осы жасқа келгенше дәл қазіргідей жүрегін сыздатқан ағыны күшті сезімді көрмегенін іштей мойындап, терең таңданыс үстінде үнсіз қалған». Ал екеуінің іштей ұғысып, жарасымды жұптасқан соңғы алаңсыз арақатынасы да повесте сондай қисынды кестеленген. Қыстауда 3-4 жасар жалғыз ұлымен отырған Торғынның үйіне Ршыман жиі қатынайтын болған. Бұл болса «…әйелге деген лып етпе құмарлық қызуы емес, бір жұма көрмесе кәдуілгідей сағынып, құлазып, көзіне ештеңе ілікпей қоңылтақси берген соң келетін». Жазушы мезгілсіз келген махаббат шарпуының шындығын бір ауыз сөзбен сипаттаған.
Тағы бір мысалға жүгінуді жөн көрдім. Торғын бір жолы Ршыман келгенде өзінің бойына бала біткенін айтқан. Сондағы Ршыманның ағынан ақтарыла имандай сырын жазушының көңіл сезінетін, жүрек тебіренетін сөздермен әдіптегеніне де сондай сүйсінесің: «…Осы жасқа келгенше дәл қазіргідей жар қызығын көріп, дәл қаіргідей пендеге лайық зор қуаныш кешкен емеспін. Түн жамылып отырмын ғой, Уәкиланы (кемпірі) жамандағаным емес, обалы нешік, ұзақ ғұмырыма серік болғанда «әй» дегізер қылығын көргем жоқ. Бірақ еркек үшін әйтеуір әйелім бар деп көңіл демдеу бір бөлек те, сол әйелмен өзіңді жарты сезінудің жөні бір бөлек екен. Нансаң, өзіңмен жарасқанға дейін жарты боп келіппін, адамға лайық рахаттан мақрұм халде жүре берген екенмін… Енді тағдырдың мұнысына да ризамын…» Осы бір сәтте «…сақал-шашы бозарса да, ботадай елпілдеген бұл не қылған асыл жүрек?! Мұндай да керемет болады екен-ау…» деген Торғын ойының төркіні де кештете оянған сүйіспеншілік сезім мен ғұмыры қысқа баянсыз бақыттың баяны көңілдегі көп түйткілдің түйінін шешкен.
Шығарманың ұзын ырғасындағы оқиғаларды тізбелеп баяндамай, сөздің тоқетеріне көшелік. Повестің соңына қарай Ршыман қой жайып, қыр асып кеткен кезде – бір күні, күзеудегі үйіне Торғынды біржолата кіргізіп алғанын құлағы шалған Уәкила келіп, көкірегі жарыла күңіреніп, жанын жаралаған зар-мұңын айтып, көз жасын көлдетіп, іштегі шерін ақтарып барып, әзер дегенде тоқтаған.
Бұл – Ақселеудің кейіпкерлерін тұла бойы тұнған ұлттық қасиеттерімен бейнелеуге ерекше мән бергендігіне бір мысқал мысал. Оңаша кездескен екі әйел бет жыртысып, былапыт сөздер айтып, шаш жұлысып шатыспайды. Уәкиланың уайым-қайғысын жан жүрегімен түсінген Торғын шапылдап ұрсысып, сөз қайырып көргенсіздік көрсетпей, санасын сабырға жеңдіреді. Өз басының күнәсін мойындап, Уәкиланың алдында бас ие кішірейіп, кісілік танытады. Уәкиланың да ашуын ақылға жеңдіріп, ауылға қайтар кезде өзінің бұл келісі қызғаныштан емес, ерінің ерсі қылығы үшін ел-жұрт алдында қысылып-қымтырылып ұялатынын айтып әрі ертең бір шаңырақтың астында тұрсақ ит көрген мысықтай болмай, алдын-ала көрісіп-білісіп қайтпақ ниетпен келгенін білеміз. Міне, ұлттық қасиетті қастерлеудің өнегелі үлгісі повесте осылай мүсінделген. Жазушы кейіпкерлерінің сөз саптауы, ұлттық ұғымдағы жөн-жобаны білуі, қазақы бірегей мінезі, адамгершіліктің тура жолынан таймауы – міне, осының бәрі қазақ жанының қисынды кескін-келбеті. Ұлт қаламгері қазақ болмысын осылайша суреттесе ғана шығармасының мән-маңызы арта түсетінін жанымен түйсінген.
Повестің аяқталуы әрі нанымды, әрі қисынды, солай бола тұра өзек өртердей өкініші де бар.
Уәкиланың сыр-мұңының артында өз өмір жолында асу бермес бір тосқауыл тұрғанын іштей сезінген, мойындаған Торғынды басқа жақта тұратын ағасы көшіріп әкеткен кезде Ршыман қой бағып қырда жүрген. Кешкілік үйінің қаңырап бос қалғанын көрген сормаңдай Ршыманның сондағы көңіл күйін суреттеген жерлерін оқыған сәтте сенің де жаның жаурап, діңкең құрып, күйзеліс күйігіне өртеніп, арпалыс сезімге бой алдырарың ақиқат. Ршыманның «…Көрген қызығымның бар ғұмыры осы ғана ма?! Тәңірім-ау, онда аз күнгі қызыққа несіне емексіттің?!.. Бұл өмірден бұрынғыдай қызусыз, сезімсіз өткенімнің өзі артық еді ғой!» – деген ойларға беріліп, таусыла сөйлеуінен еш оғаштық таппайсың, қайта өзің де оған қосыла өкініш өртіне шалынып, қараптан-қарап шала бүлінесің. Қарапайым адамдардың болмысындағы қазақы қасиеттің қайнар бұлағының көзін ашқан Ақселеуге риясыз риза боласың.
Ршыманның кеш келген, еш балаңдығы, жаза басуы жоқ, кіршіксіз, таза, аяулы сезімінің – сүйіспеншілік тағдырының мезгілсіз мерт болу хикаясын осылайша қара сөзбен жырлаған Ақселеудің аса талантты жазушы екендігіне осы бір ғана шығармасы күдік-күмәнсіз көз жеткізіп тұр емес пе?!
Ақселеудің біз әңгімелеп отырған повестері түгелдей өткен заман оқиғаларынан желі тартқан, кешегі қаймағы бұзылмаған көшпелі қазақ жұртының өмір-тұрмысы, салт-санасы, жалпы жаратылысы қандай ұлт еді, қазір сол рухани мұрадан өмірлік өнеге алып жүрміз бе деген көкейкесті ойларды ортаға салып, сырласуға арналған.
Соның бірі – «Қыз ұзатқан» повесі. Бұл да ғашықтықтың мұңды баяны. Сол баяғы қазақы ғұрыппен байдың ұлы Сахиға айттырып қойған байдың қызы Ақбілек және жастай жетім қалса да, нағашысы Санжар қарияның қолында өсіп-жетілген Абзал бозбаланың өмір-тағдыры шығармаға арқау болған. Ақыл-көркімен жұрт аузына іліккен Ақбілектің Сахиді сүймейтін себебі бар. Әкесі Боздақтың байлығын бетке ұстап, күпініп жүретін, сырын білетіндердің «Сахи сал» деп көпшік қойғанын шын көріп, ерсі қылықтарымен көзге түскен есерсоқтау жігітті есті қыз қалай жаратсын?! Есесіне, ойын-тойдың гүлі, жігіттің төресі Абзалға аңсары ауып, екі жас түсінісіп, ақыры арты бітіспес дау-дамайға ұласарын білсе де, тәуекелге бел буады. Сөйтіп, Абзал Ақбілекті алып қашып, тау арасындағы-Ақшаттағы үңгірді паналап ғұмыр кешіп жатады. Содан жаз өтіп, күз келіп, күн суытып, әрі аяғы ауыр Ақбілектің жағдайын уайымдап Санжар нағашысы Абзалға: «Енді Боздақ бай да, Алтыбай да тырп ете алмайды, азар болса тағы да бір тулар… Көрмей жүрген құқайымыз емес қой» деп өзі барып алып қайтқан. Сөйтсе, пәленің бәрі артта екен. Сол сәтте-ақ Сахи өз жақтастарын ертіп келіп сойқан салып, Ақбілекті шашынан тартып, сүйрелей жөнелген. Сахиға Абзал қанжар жұмсап қалады, артынша көк желкеден соғылған сойыл өзінің де ажалына жетеді. Артында аңырап қалған Ақбілек Санжар ақсақалдың қолында отырып босанып, ұл туады. Арада бес жыл өткен соң іш жақта оқыған бір жігітке тұрмысқа шығады.
Айтқандай, шығарманың «Қыз ұзатқан» аталуының сыры бар. Ақбілек Күмісбастау бұлағының басында отырған кезінде, Абзалға екеуміздің ғашықтығымыздың белгісі болсын деп, баяғы өздері паналаған үңгірдің аузына өскен теректің бір талын әкеліп еккен екен. Санжар қария сол бұлақтың басында той жасап, Ақбілекті ұзатқан. Содан барып, осылай аталып кеткен ғой.
Хикая Мұса деген ауылдың көнекөз қариясының естелік әңгімесі ретінде түзелген. Арманда кеткен қос мұңлықтың тағдыры олардың көз жасына қазір ғана куә болғандай оқырманын қамықтырып жіберері сөзсіз. Ал бұл болса өмір шындығын, сүйіспеншілік сырын сипаттаудағы жазушы Ақселеудің қалам құдыреті деп білгейсіз.
Келесі бір келісті туынды «Аққыз». Бұл повестің де тақырыбында жаңалық жоқ. Сол бір қыз бен жігіттің арасындағы оқыс оқиға – барымтадан басталған таныстық кейін небір қиын-қыстау жағдайларды бастарынан өткере жүріп, Аққыз бен Наймантайдың армандарына жетіп, қосылып, отау тігулерімен аяқталады. Алайда, негізгі оқиғасы осы болғанымен, шығармада қазақ өмір-тіршілігінің сыры да суыртпақтай шертіліп, ауыл арасының қызығы, ойын-той, барымта, қыз бен жеңгенің арасындағы сыйластық, қонақ күту, атбегілік өнер, бойжеткен мен бозбаланың киім киісі, ит жүгіртіп, ат жаратып, қыран бүркіт баптау, уағда бұзып, ар аттамайтын ару қыз бен жайсаң жігіттердің бейнесі – бір сөзбен айтқанда, қазақ сахарасының көркем шежіресін ширата шерткен баян. Қысқасы, қазақтың жанын танытуға арналған туынды.
Ал енді «Ақиық» повесі болса, аңшылық-саятшылықтың өзгеше сыр-сипатын барынша бабымен баяндап, бүркітті балапан емес, еркін өсіп ержеткен сайыпқыран кезінде қолына қондырып, баулып-баптап, төңірегіндегі ел-жұртты таңдандырған құсбегі Сыздықтың өнерінің сөзбен суреттелуі. Ақселеу қазақтың күй өнерін қалай төгілдіре, егілдіре, аңсата, жаңғырта жазса, саятшылық өнерінің қыр-сырын да тап солай өрнектеп шыққан.
Осы «Ақиықта» қыран баулудың сан түрлі әдіс-тәсілі тәптіштей түсіндіріліп, аңшы-саятшының әрбір әрекет-қимылы тарата талдап әңгімеленген. Оны оқи отырып өзің де осы бір өнердің ортасында жүріп, қызығына қаныққан кісідей сезімге берілетінің бар. Қыран құстың сыны мен сырын бұлайша қапысыз сипаттап жазу үшін жазушының өзі де осы өнердің білгірі болмаса, онда біреуден естіген әңгімесін құрғақ баяндап шыққандай әсерде болар едің. Ал Ақселеудің өзі де кәнігі саятшы болатын. Үйіне үкілеп бүркіт ұстағаны да есте. Оның құсбегілік өмір тәжірибесі осы Ақиық қыранның хикаятын тамылжыта, тамсандыра, таңдандыра жазып шығуына оңтайлы болғанын дәлелдеп, босқа сөз шығындау қажетсіз. Құсбегі Сыздықтың – шығарма кейіпкерінің бүркіттің бап-күйіне деген зеректігі алабөтен, ынта-ықыласы да айрықша. Иесінің бұйрық-белгісіне алаңдатып, айтқанын істетуге үйретуінің өзі, қыран құс баптауда бұрындары айтып-жазылмаған жаңа әдет-дәстүр. Алғыр, қайратты Ақиықты Сыздықтың дегеніне көндіріп, өнерін асыруы, жазушының қыран құстың тілін тауып, оны нағыз мұзбалақ, сайыпқыран санатына қосқанын қисынын келтіріп, байыпты баяндап, оған сені де сендіріп суреттеуі ғажап!
Жазушы Ақселеу Сейдімбектің көркемсөздегі ерекше еңбегі – оның табиғат тақырыбына арнап, жүйелей жазған әңгімелері. Бұл көлемі қысқа, айтары көл-көсір, оңқай асықтай ыңғайлы шағын шығармалары да шырайлы, шымыр, мазмұны мәнді. Осы орайда ол әңгімелер топтамасын жеке-жеке талдап, тәптіштей түсіндіріп уақыт оздырмайын. Сөз қадіріне жетік жұртшылық оларды өздері оқып, рахат сезіміне бөленгені ләзім. Осы жерде Ақаңның өзіне сөз берсек деймін: «…Егер менің тірліктің мәнін, өмірдің сәнін, тіршілік атаулының күреске толы құбылыстарын, туған өлке дидарындағы нелер тамашаны бір мысқал болса да оқырман жүрегіне ұялата алсам, онда мақсаттың орындалғаны».
Ал осы мақсатына жазушыны жеткізген оның дара дарыны, суреткерлік сөзінің сарабдалдығы. Талғамы биік, талабы зор қарымды қаламгердің зерделеуінше, көркем шығарма жазушының оқырманмен ой бөлісіп, пікір алысып, сырласып, ішкі жай-күйін шертуі. Қаламгердің қиялы қанатты, ойы өрнекті, сөзі суретті, тіл бояуы бедерлі, оқиғалар өрімі өрісті, шабыты шалқар, арманы асқақ, таланты таңғажайып, зердесі зейінді, болмысы бекзат. Жазушының шығармаларындағы ой ағыны оқырманын бірден ілестіре, тереңіне тарта жөнеледі. Ол әдеби кейіпкерлерінің жан сарайын ашудың амал-тәсілдерін, яғни көркемдік кілтін тауып және нанымды, толыққанды бейнелеуге бейім. Кейіпкердің рухани әлемін – адами қадір-қасиетін көркем ой, көркем сөзбен сипаттауға сондай шебер. Ақселеудің қазақтың құнарлы тілін құлпырта, құбылта қолдануы шеберліктің шегіне жеткен жазушы екендігінің басты белгісі. Жазушыны сөз өнерінің сүлейі десе жарасар-ау! Менің пайымдауымша, Ақселеудің қаламгерлік қадір-қасиетінің жалпы құндылығы осылай бағалануға лайық. Өйткені, Ақселеудің жазушылық жолы жөнінде сипай қамшылай айтылған пікірлер бар да, оның табиғатын тереңнен толғап талдап жазылған елеулі сыни мақалалар мүлде жоқ. Ал жазушы шығармашылығының сырлы сипаттарын саралай, тұтас қамтып жазу парызы ертеңгі күннің еншісінде. Жинақтап айтқанда, Ақселеудің қыр хикаялары мен сақара суреттері ретінде бағаланатын көркем шығармалары туралы қысқа қайырым пікіріміз осындай.
Оқиғалар желісі, көркемдік шешімі жөнінен ғұмырлық ғибрат алатын сүйіспеншілік тақырыбындағы туындылары жайлы толғаныстарымыз әзірше осымен аяқталсын. Көркемдігі кемел туындылары тамаша талантын танытса да, оның ұзамай шығармашылық бағыт-бағдарын шұғыл өзгертуі неліктен ?!
Ақиқатын айтқанда, Ақселеудің кенет ат ауыстырып, жазушылықтан ғалымдыққа біржолата бет бұрып, зерделі зерттеулер жүргізіп, қазақ қоғамының өткен-кеткен дәуірі мен бүгінгісі мен болашақ тіршілігін салыстыра, сабақтастыра іргелі ғылыми еңбектер жазуының да өзгеше сыры бар. Жазушының көркем әдебиеттен ат-тонын ала қашып, көңілі қайтардай жазары таусылып, тоқырауға түскен жоқ. Бұл орайда оның орны да, таңдаған тақырыбы да, айтары – ортаға салар ой-мақсаты да оны оқырманға жалықтырмай жеткізуге, қызықтыра, құмарта оқытуға төгілген, тамылжыған тілі жетерлік болатын. Әйтсе де Ақселеу көркемсөзбен әдейі, мақсатты түрде қоштасты. Ал көздеген мақсаты: тәуелсіздік алып, заман да, заң да түбегейлі өзгеріске түсіп, өтпелі кезеңнің сынағынан сүрінбей өту керек болған сәтте, әрі-сәрі күй кешіп, кеңестік саясаттың тұсауына шырмалып, дағдарыста жүрген ұлтын ұйқысынан оятуға атсалысуды өзінің азаматтық парызы санаған.
Осы жерде тағы бір әңгіменің реті келіп тұр. Ақселеудің көркем шығармалары мен ғылыми еңбектерінің әрі тақырыптас, әрі сабақтас екендігі. Оның повестері мен әңгімелері қазақ даласы мен қазақ баласының басынан кешірген қилы тағдырын қиюластыра суреттеп, ұлтымыздың өмірі мен өнеріндегі болмыс-бітімін қастерлеп, оның ғасырлар бойы үзілмей, жалғасын тауып келе жатқан дәстүрлі өмір сүру салтының сан қырын жарқырата жазып, бүгінгі ұрпақтың сол атадан қалған асыл мұрасынан үлгі-өнеге алуына жөн сілтеп, жол салу. Ақселеудің әдебиеттегі көшелі жолын ғылым жолына ауыстыру арқылы көркем шындық пен тарихи шындықтың ара-жігін бекітіп, үйлестіріп, жарастыра жымдастырып, армандаған арнаға түсіріп жібергені шындық. Азаттықтың азапты жолы мен тарихи тағылымы Ақселеудің ғылыми-көпшілік мазмұндағы еңбектерінде ерен шыншылдықпен, тамырын тереңнен тарта баяндалған. Ақселеу қазақ тарихының арғы-бергі кезеңдері, ел мен жер тағдыры, уақыт пен ұрпақ үндестігі жөнінде толғақты мәселелер көтерген қайраткер ғалым. Жалпы, жазушының танымы терең, толғамы арналы ғылыми еңбектерін таразы басына тартып, оның рухани қазынамызға қосылған сүбелі олжа екендігіне көз жеткізуіміз оңай. Ол қазіргі өзгерген қоғам мен қилы кезең сипаттарын саралай салмақтап суреттеген қаншама мақалалар жазды десеңізші?! Ғалымның деректік, танымдық тағылымы мейлінше мол, төл тарихымызды жаңаша көзқарас негізінде қайта тірілткен еңбектерінің қыр-сырына түсініп-түйсінсек қана өз білімімізді байытып, жан дүниемізді жасантып, ұлттық рухымызды көтере түсеміз.
Аяулы азамат Ақселеудің өмірі мен шығармашылығы туралы толғанысқа түскенде, алдымен ойға оралатын бір аталы сөз бар. Ол қазақтың жақсы-жайсаңдарының ұлтының ұлына сүйсінген сәтін бейнелейтін «сегіз қырлы, бір сырлы» дейтін текті теңеуі. Осы тұжырым тікелей Ақселеуге қарата айтылған сыңайлы. Неге десеңіз, дәлелі даяр. Соны тізбелеп шығар болсақ:
Алдымен: Ақселеу ой-қиялы, қаламы жүйрік жорналшы. Оған дәлел келтіріп, уақыт шығындаудың қажеті шамалы. Ол үшін қазақ баспасөз беттерін, әсіресе «Лениншіл жас» тігінділерін ақтарып шықсақ болғаны. Оның бірсыпырасы өз қолынан құрастырып, қайтыс болғаннан кейін, ұлтымыздың көкірегіне қайырым-мейірім ұялаған қазақтың айтулы азаматтары Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Иманғали Тасмағамбетовтің қамқорлығымен жарық көрген алты томдығына кіргізілген.
Ал екінші қыры – көрнекті жазушы екендігі. Оның жарық көріп, жұртшылықтан жақсы бағасын алған төрт кітабы – көркем шығармалары.
Ақселеудің ғұламалығы ғалымдығында. Ғылым докторы, профессор сынды атақ-дәрежесі соның айқын айғағы.
Мен білетін Ақселеу сонау «Лениншіл жаста» тілші болып жүрген кезден бастап қазақ елін аралай жүріп, ұлтымыздың көмбеде жатқан, елеусіз қалған көне ескерткіштерін зерттеп, қара өлеңдерін жинастырып, кейін оларды кәдеге жаратып, «Күмбір-күмбір күмбездер» (2-том), «Мың бір маржан», «Қазақ әлемі. Эмномәдени пайымдау» деген атпен кітап болып шықты. Бұл оның білгір де білімді мәдениеттанушы болғандығының жарқын мысалы.
Бертін келе Ақселеу өнердің өзекті мәселелерін қозғап, пікір-пайым, тосын да тың, жаңалығы шаш-етектен ұлттық күй өнерінің алтын қазынасына айналған еңбегін жариялады. «Қазақтың күй өнері» оны теңдессіз өнертанушы қатарына қосты.
Тәуелсіздік туы тігілген жылдары Ақселеу ұлтымыздың ұпайын түгендеуге аянбай атсалысып, қазақтың ежелгі елдігін, байырғы мемлекеттігін, қабырғалы халық болғандығын бұлтартпай, дәйекті деректер арқылы баяндаған ғылыми мақалаларын үзбей жариялап, артынан атақты ғалым-әріптестері Мырзатай Жолдасбеков пен Қойшығара Салғараға қосылып «Елтұтқа» деген кітап жазып шықты. Жекелеген тарихи тұлғалар арқылы ел тарихын тасқа таңбалаған бұл еңбек зәру тақырыпты қозғауымен құнды. Рас, оның қайсыбір пікір, дерек қайшылықтары болса, ол жүре келе түзелетін кемшілік. Ал Ақселеудің төл тарихымызға қосқан сүбелі үлесі зерделі зерттеушінің жемісі, оған дейін батылы жетіп ешкім түп тамырын тереңнен тартып, жинақтап, жаңаша, халықтық көзқараспен пайымдамаған, ой-тұжырымдары тың еңбегі «Қазақтың ауызша тарихы». Ендеше, Ақселеудің Ел, Ұлт, Мемлекет болуымыздың бастауы бағзы замандарда жатқандығына ерекше қымбат, ерекше қазыналы үлес қосқан тарлан тарихшы екендігіне талас бар ма?!
Ақселеудің айрықша атап өтуге тиіс қыры – оның ұлтымыздың барын базарлауға қоса жоғымызды іздеп, тауып, қазақтың арман-аңсарына ақ жол ашылып, тезірек көшін түзеп, ынтымақ-бірлігі, тіршілік-тынысы жарасқан іргелі ел болу жолындағы жанқиярлық еңбегін – қайсар қайраткерлігін әрқашан есте ұстап, есімін әрдайым қастерлеп жүру бүгінгі және болашақ ұрпағымыздың парызы. Бұл орайда ұлтымыздың мұратты мәселелерін қозғаған, байыпты, сарабдал, парасатты пікірлерімен бөлісіп, билік басшыларына арнап, шешімін табуын тікелей солардың жауапкершілігіне жүктеп, өзі және есімдері елге сыйлы азаматтарға қосылып республикалық баспасөз беттерінде сандаған үндеу хаттар, сұхбаттар жариялағаны да күні кеше еді ғой.
Бір мақалада Ақселеудің қыры мен сырын түгел айтып тауысу мүмкін емес. Бұл оны мақтап-мадақтап, атын асқақтату үшін айтыла салған көпірме, қыздырманың қызыл сөзінің бірі демессіз. Ақселеу жаратылыс-тумысынан бекзат азамат. Оның домбыра шауып, шақша жасап, қамшы өретін қолөнер шебері, қоңырлата ән айтып, күмбірлете күй тартатын өнерпаздығы, кеудесі алтын сандық кәрі құлақ, ескінің көзі – қарияларша күнді түнге ұластырып, ұзақ таңға майын тамызып айтатын әңгімеші-шежірешілігі ше?
Иә, қайсыбірін айтып тауысайын. Ақселеудің біз шола тоқталып, өткен әр қырын зерттеп-зерделеуге арнайы ғылыми еңбектер жазылса, докторлық диссертациялар қорғалса артық болмас еді және бұл Ақселеу үшін емес, еліміз, ұрпағымыз үшін қажет тірлік. Ұлтының әдебиетін, мәдениетін, тарихын түгендеу арқылы туған халқының қадір-қасиетін арттыруға аянбай атсалысқан ардақты азаматымыз Ақселеу Сейдімбектің өзі жоқ болса да, ұлым деген ұлты тойлайтын жетпіс жасқа толу қарсаңында жазушы-ғалымның ғұмырын ұзартқан шығармашылық-қайраткерлік ерен еңбегі елі-жұрты барда естен шықпасы шыққан күндей шындық.
Қыр қазағының бар болмысын – қазақы қадір-қасиетін қаны мен жанына терең сіңірген ұлттың ұлы еді ғой Ақселеу!
Ұлт басына қара бұлт үйірілген әйгілі Желтоқсан қозғалысы кезінде қазағының намысын жыртып, ақиқатты айтып, сөз сөйлеп, мақала жазып, шыбын жанын шүберекке түйе жүріп, КІБ-нің қара тізіміне ілінсе де, ашық күреске шыққан да асыл азамат Ақселеу еді ғой!
Ақселеудің шығармашылық жолындағы жанкешті еңбегі еленбей, ескерілмей тасада қалды десек қатты қателесер едік. Алайда, артында қалған қисапсыз құнды мұрасын, сұрыпталып-таңдалып құрастырылған алты томдық кітабына зер салып, зерделей талдап, толағай пікір, парасатты пайым арқылы бағалау жағы кемшін екені рас. Алдағы жылдар осы олқылықтың орнын толтырсақ, ұлтымыздың рухани қазынасының құндылығын арттыра түсеріміз хақ.
Кезінде өтпелі дәуреннің ащы-тұщы дәмін бірге татып, тату-тәтті тіршілік кешкен асыл досымыз Ақселеудің артында қалған достары: Кәдірбек, Бексұлтан, мен, Төлен, Қойшығара мен Дулат болса, оның есімін ардақтап өтеріміз, жер басып жүргенде жүректеріміздің төрінде сақтарымыз сөзсіз. Сондай-ақ, Ақселеудің өнердегі өмірін шығармашылығы, ал адами ғұмырын балалары – қымбатты қарлығаштары Салтанат, Перизат, Зере және ұрпағын жалғастырушы ұлы Ерлан, солардан тараған немере-шөберелері ұзартары айдан анық. Олай болса, Ақселеу арамызда жүр…
Айтқандайын, Ақселеудің атын ардақтап, еліне сіңірген еңбегін ұмытпайтын ұлты – алты алашы бар ғой.
Бұл Ақселеу туралы ақиқаттың әлқисасы ғана. Әріден қозғалып, тереңнен тартылып, таратыла шертер шежіре-сырдың жалғасы алдағы күндер еншісінде…
Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.