Ақсұңқар Ақынбабаның жаңа жырларынан
Ақын Ақсұңқар Ақынбабаның жаңа жырларын оқи отырыңыздар!
***
Жырым – Түпсіз...
Терең,
Түрім – Өрімдей,
Қара Емендей
Қатайды Өмір өндірдей,
Жұрттың бағы
Жарнамада қаптап жүр,
...Менің Бағым
Келеді ме көрінбей?!
Қалды ма, әлде,
Көздеріме ілінбей?
Ерді ме, әлде,
Көлеңкедей білінбей?
...Өтіп кетті, әлде,
қапы байқатпай?
Көзден таса,
Жалтақтамай, бүгілмей...
Мұңым ерен –
Терең
Жырым – өренім,
Көрмегімді көрмек
болып келгенмін...
Ақырына дейін жүріп барам да,
Маңайдағы жүріп алған көрінбей,
Маңдайдағы Бағымды бір көремін!
Қыркүйек, 2026 жыл.
***
Сен сүйесің...
Сүйесің сен ...білемін,
Гүлге айналып кеткен менің жүрегім,
Жырға айналып кеткен сенің жүрегің,
Жүрегіміз айқастырса білегін,
Құлақшасын жүрегімнің түрермін.
Сен сүйесің...
Сүйесің ғой...сеземін,
Бәрін айтып қояды ғой көздерің,
Бәрін үнсіз қабылдайтын кездерің,
Бәрін тілсіз жеткізетін сөздерің,
Сүйгеніңді паш еткенше...төземін.
Сен сүйесің...
Сырттай, жалғыз, оңаша...
Отқа қарай талпынған жас балаша,
Ту сыртымнан аңдуменен талғанша,
Сүйіселік, түсімізде болмаса...
...Сен сүйесің!
2025 жыл
***
Маған – бәрі қызық еді:
Бір күнде –
Жыр төгуші ем
Сәлем жолдап Мың күнге.
Сүйгеніңе күткізу де, күту де...
Жас төгу де,
Төккен жасты сүрту де.
Енді, міне, жүрсем де ұшып, неге мен,
Жүргендеймін жер жастанған денеммен?
Жүрелете қос тіземнен бүкті де,
Қол жайғызып қойды Көкке өлеңмен!
Дедектетіп қарлы құйын ішімен,
Келеді алып өз ырқымен қайдағы,
Шайнап көріп алты қарыс тісімен,
Арлы - берлі лақтырып та ойнады.
Уақыт бізбен тым аяусыз ойнады,
Біз де аяудан жұрдай болып шынықтық,
Суық жүрек...шілдеде де тоңады,
Сыз қоғамнан мұздай қатып шығыптық.
Бүрістіріп, қысып алып шеңгелдеп,
Ажалымнан болды ертерек жерлемек,
Айғыз - айғыз аға берген жасыммен
Қара сүмек болып шықтым шер меңдеп.
Алла берген таланымды,
Өнер мен,
Аян берген
Тағдырымды көргем мен,
Жүргендеймін сұлап жатқан денеммен,
Зәу биікте жүрсем де ұшып неге мен?
2025 жыл
***
Мен әйтеуір, бітпейтін қарбаласпын,
Бірде оңалып, біресе қара бастым.
Біресе бар, біресе жоқ секілді,
Ұстатпайды бәрібір таба алмасым.
Мен әйтеуір, тыншымас сезімдермін,
Өз - өзіме сыймаймын. Кезудемін.
Толқыныммен өзімнің арпалысқан,
Жағасы жоқ шығатын теңіздемін.
Мен әйтеуір, соңы жоқ күрестермін,
Адастырды сенгенім, ілескенім...
Сен емессің, ол да емес, мен өзімнің
Көріп келем –
Өзіммен тірескенін...
Мен әйтеуір, өз алдыма – бір әлеммін,
Біресе өлі, біресе тірі әлеммін.
Мен ешкім де емеспін!
Кейде, бірақ,
Бір жүрекке сыймайтын күллі әлеммін!
Тамыз, 2026 жыл.
ҚАЙТАДАН
Қайта бәрі басталып кетер ме еді?
Қайталанып тағы да кенет бәрі...
Көңілімді сондағыдай көтер менің?
Өмірімді сондағыдай жебеп тағы.
Өмір бірақ, өңің ғой – іші егес,
Қайталанып көретін түсің емес,
Түсің емес жақсылыққа жори салар,
Шығаруға жоққа оны күшің келмес...
Қайта бәрі басталса, естисің бе?
Қиялыңда немесе ес - түсіңде...
...Қайта соқса жүрегі өлгендердің,
Соқса соғар... тек қана, тек түсіңде.
Жауын жауып кетеді жел соғарда,
Жаным лағып кетеді сең соғардай,
Оятып сезімді түс көріп жатқан,
Қайталауға сенемін мен сонда да...
Қыркүйек, 2026 жыл.
***
Жалғыз күндер отыра алмай жағада,
Толқынына теңіздің кетті қойып,
Толқындармен жұптасып ап ағарда,
Жүзген кезде көбіршікше кетті еріп.
Жалғыз қалу – сүңгу теңіз – тереңге,
Жалғыз ару кетті айналып өлеңге,
Мен ғана емес жалғыз қалған әлемде...
Сен ғана емес мынау байтақ әлемде...
Қорғаны жоқ – елге бірақ, қорған қыз –
Қамал салды атқан сансыз тастардан,
Біз де аңыз боп ауыздарда қалармыз,
Аңыздардың бәрі осылай басталған.
Жалғыз түндер жата алмай дөңбекшіп,
Дөңбекшіген толқындарға кетті еріп,
Өзім де ағым болып кеттім көл кешіп,
Ағыстарды астаң - кестең төңкеріп...
Қазан, 2026 жыл.
***
Жүрегімді жиіркеніштен былғанған,
Тазалашы, Жаңбырым!?
Жүрегімді соққылардан тырналған,
Қозғамашы, Жаңбырым!?
Көзім жасы ағыл - тегіл саулаған,
Ағып кетші, Жаңбырмен!?
Қара жерді көз жасыма тоймаған,
Жарық етші, Жаңбырмен?!
Су - су болған көйлегіммен билеп сел
сең соққандай Тағдырдан –
қалған мынау қолшатырсыз, көйлекшең,
алып шықшы, Жаңбырдан!
Аңсарымды мәңгілікке айналған,
Шашшы төгіп, Жаңбырым?!
Саусағымды қаламсапқа байланған,
Жазшы келіп, Жаңбырым!?
Жаздай сосын, жаңбырдан соң өңденіп
Шыға келген жайнайын,
Кемпірқосақ секілденіп сәнденіп,
Көк пен жердің аралығын жалғайын.
Мен осылай –
Кейде олай, бұлаймын,
Жаңбыр көрсем қосылып ап жылаймын.
Бірақ, енді түс көргендей өңімде
Жаңбыр жырын жырлатпауды
Сұраймын!
Тамыз, 2026 жыл.
***
Ұлы да емес,
Ұлық та емес,
Құл да емен,
Адаммын мен!
Жер де емеспін,
Күн де емен.
Пендеге тән
Өмірі мен өлімі,
Пендеге тән жаратылған
Түр, денем.
Пенде қалай
Күн мен Айға тең келсін?
Жерде
Өмір ...
сүріп,
Жерде өлгесін.
Күндіз Күннен,
Түнде Айдан нәр алам,
Өмір менің
Төл құрдасым, теңдесім!
Жарасады өзіме осы – келгенім,
Ұнайды осы – тіршілігім, әлемім,
Елден ерек жырып қойған – Өлеңім,
Елден бөлек қылып қойған – Әуенім!
Таңдай жарық,
Талдай қалып,
Көркім де,
Жетем десем, жетпей қоймас
Сертім де,
Не көрсем де,
Не десем де, Һәм қайтіп,
Қалай өмір сүрсем де,
Өз еркімде!
Бірақ, пенде емеспін мен
Жай ғана,
Бақпын біткен
Қазағыма қаймана...
Жарқылдаймын!
Саңқылдаймын!
Сайраймын!
Шыңға құлаш ұрам
Қанат жайғанда!
Бір Дәуірмін –
Мына менің –
Бір өзім,
Дәуір қалай
Теңгермек бір күнге өзін?!
Әлі талай дәуірлермен
сапарлас –
Қалды артымда
Мұрагерім:
Жыр – Көзім...
2025 жыл
***
Сен барсың – Жерде,
Мен бармын – Жерде!
Жетпей ме?
Мен де өткем, көкем,
Сен де өткен
Қыс пен көктемнен,
Татқанмын мен де,
Сен шеккен
Дәру – дерттен де,
Қош айтқам мен де,
Қолдаса алмай кеткенге!
Түр - түрін көргем:
Жұбанудың да, қажудың,
Құлаудың,
Қайта
Тұрудың,
Тозу,
Озудың,
Тартыспен өткен себебі мына аз күннің,
Айырықша болып
Жаратылғаным ғой, «жазығым...».
Өкпемді айтып,
Кеткенге қайтып келмедім,
Беріліп түгел,
Сүйеу де болып көргенмін,
Жерініп түгел,
Ажалыма да дайын боп,
Хас таланыма
Ие де болып көргенмін!
Сор қудым талай
Басыма қонып Ақын –Бақ,
Мәртебем озып,
Асып та толдым там - тұмдап,
Жауқазын жүрек
Ерітіп мұзды лапылдап,
Өртеніп, күйіп,
Ғашық та болғам аңқылдап.
Дәл мендей ешкім –
Сүре алмас өмір көргем мен,
Қарсыласып та, бойұсынып та
көнгем мен,
Босатып қол мен
Аяқтарымды көгеннен,
Көрдей түнектен
Көтеріп қайта басымды,
Бойымды жинап,
Тіріліп қайта келгем мен!
Ғашықпын тағы...
Жаңғырған қайта көктемге,
Махаббат мені
Құтқарған талай дерттен де,
Махаббат биік
Қылышпен берген серттен де,
От пенен Судан
Тірі өткеніміз рас болса,
Сен барсың –Менде!
Мен бармын – Сенде!
Жетпей ме?!
2025 жыл
***
Неден бұлай жаратқансың жүректі?
Неге жарық етпегенсің түнекті?
Неге күннен кейін бәрін түн еттің?
Неге түннен кейін кенет дір еттім?
Жылдан кейін жыл келеді бұл анық,
Жаңбырдан соң кемпірқосақ құралып,
Түгел тірлік оянғанда көктемде,
Бірақ, неге оянбайды мына жұрт?
Сезім құсым жатты неге тұл қалғып?
Теңіз дәмі неден ащы судан мүк ?
Алматыға кеш түскенде,
Алатау
Қалаға сәл қарап тұрды мұңданып...
Менің Рухым Тәңіріге таяды,
Тәңір мені керек пе еді аяуы?
Бір жалт етіп қарағаным секілді,
Бір - ақ ауыз сөзің неткен аяулы?
2026 жыл
***
Сен мені білмейсің, көрмейсің,
Іздесем, тым - тырыс көрдейсің,
Немесе тіріліп келмейсің!
Немесе біржола өлмейсің!
Сен мені бәрібір ұқпайсың,
Ішіме енсең де,
Сырттайсың,
Немесе тығылып бұқпайсың,
Немесе жанашыр тұтпайсың!
Қамалып не естен шықпайсың.
Сен мені кешерсің, кешпессің,
Кешірмей кеткенде не істерсің?
Бәрібір жүректен көшпейсің,
Бәрібір құшақтап, өппейсің!
Қаншама жел соқты, су ақты,
Қаншама таң атып, күн батты,
Сенімен тартқызған сынақты,
Сенімен жаққызған шырақты,
Сенімен сөндірген және де,
Мың нәлет тағдырға тағы да,
Мың алғыс және де барыңа,
Дауылдан жалықтым, десе де,
...Мен әлі ғашықпын жауынға.
2023 жыл
ДАУЫС
Дауысымнан бір топ торғай дүр етті,
Дүниеден бүгін кенет кім өтті?
Дөң жақтан бір ащы дауыс шыр етті,
Дүниеге бүгін тағы кім кепті?
Көкке қарай шапшыса егер от жаным,
Бомба болып түсе ме деп қорқамын,
Кезенгенге қарсы атылсам, сол өзін,
Майып етіп алам ба деп қорқамын.
Таңдайымнан бүркіт шуыл зу етті,
Аузымды аша бере – бәрі шу етті.
Шаңқай түсте басымнан қыш күн өтті,
Жалаңаяқ табанымнан су өтті.
Зор талантым талайларды жау етті,
Еркек біткен ерлігіме тәу етті,
Арқа тұстан қаумалаған дау өтті,
Аяғымнан бір түп қоға сау етті.
Маусым, 2026 жыл.
***
Жар басында жалғыз қап ән салсам ба?
Қиыр барып иір - иір жол салсам ба?
Жарқұлағын жұлардай жапалақтың,
Жапан түзде айғайлап жар салсам ба?
Мына дүние бәріне үйір болған,
Селт етпейді-ау, сонда да, түйір де оған.
Ел еңсесін ойлар ер туылмаған,
Мұндай күйде күн кешу қиын маған.
Қарап тұрған секілді дүйім маған,
Қайсар қыз деп айылы жиылмаған,
Айтатындай бір сөзді топ алдында,
Өздеріне айтуға қиын болған!
Айта алармын, айтпаспын...
Құлаштасам –
тоқтай алмай қалармын бір бастасам,
Қарап тұрып аспанға айғай салсам,
Ай жасасам ба екен, той жасасам!?
Тамыз, 2026 жыл.
САҒЫНЫШ
Бәрінен не ауыр, Дүниеде?
Сен айтшы, Сағыныш?!
Болады сүймеуге, күймеуге,
Болмаса сағыныш...
Мендегі сағыныш тым ауыр,
Айтуға бола ма?
Орнымнан тұрмаспын, тұрармын.
Қайтуға бола ма?
Қараймын жат тауға арбасып,
Бауырыңа тартсаң-шы?
Жүремін жат жолмен адасып,
Ауылға қайтсаң-шы?
Сөйлесем жетімнің тілімен,
Өгейді іш тартып.
Ұйқаспай тұрсақ та,
Түрінен
Тұрамын ұқсатып,
Сағыныш кептелген жүректі
Босатсам, болмай ма?
Тұп - тура отыз бір жыл өтті
Ел қайда?
Сен қайда?
Ол қайда?
Бәрінен не ауыр, Дүниеде?
Сен айтшы, Сағыныш?!
Болады сүймеуге, күймеуге,
Болмаса сағыныш...
2023 жыл
***
Анау үйде
Кім бар деп қарайлаймын...
Барғым келед (і),
Тек енді бара алмаймын.
Көне есікті оюлы сықырлатып,
Кіріп барсам
Шыға алмай қалардаймын.
Анау таудың ар жағын
Көре алмаймын,
Көргім келед (і)...
Тек, саған ере алмаймын,
Тауды – Екі
Беткейге бөлсеңдер де,
Мен өзімді
Екіге бөле алмаймын!
Анау көштің
алдынан шыға алмаймын,
Шыққым келед (і)
Тек одан Сыңар қайғым
Бүтінделіп кетер ме,
Бәрі қайта
Орнына келер ме?
Шығар ма, Айым?
2023 жыл
***
Кешқұрым шақ...
Кеш қалдым, кешіктім мың.
Кешкілік жердің даусын естіп тұрмын.
Сөйлескім келіп кетті, көргім де кеп,
Қауышқым кеп жандармен Өмірде жоқ!?
Көргім кеп кетті артта қалған елді,
Өзімді?..
Пәк, Бейкүнә, Бала – Мені...
Барлығы бар еді ғой!
Қайда енді?
Неге ылғи мен ғана қала бердім?
Мәңгіге кеткендерді көру үшін,
Солармен тауға шығып келу үшін,
Қай жаққа барсам екен, кетсем екен?
Адамдар неге өледі?
Мына өмірге
Келе ме өлу үшін?..
Сендерді көрмесем де, естіп тұрмын,
Аналық парызымды кешіктірді,
Балалық парызымды кешіктірді,
Кешіккен өмірімнің өзені мен,
Төгілген өртін жалғыз кешіп тұрмын.
Сәуір, 2025 жыл.
***
Домбырам, неге күңіренесің шерлене?
Қарағаш қалғи күбірлеп кімге сөйлеуде?
Асығыс неге түйелерге жүк тиеуде?
Жел соқпай жатып жапырақтар неге билеуде?
Өрістен қайтып келе жатқан қыр жақта,
Отардың шаңы айналып аппақ бұрқаққа,
Кеш түсе сала азан да қазан шулайтын,
Даланың даусы келеді ылғи құлаққа...
Қып - қызыл нарттай
Күн шөгіп бара жатқанда –
Буралар маңып бара жатқан шақтарда,
Ойыннан тарап балалар үйге қайтқанда,
Қарайып жалғыз қалушы еді аққала.
Домбырам, неге күңіренесің шерлене?
Қаратау қалғып ұйқыға ене бергенде,
Дуадақ ұша жөнелгенде дүр етіп,
Есіме түсе кетесің ылғи сен неге?
Қазан, 2025 жыл.
***
Кешегінің бәрі біткен.
Бүгінмін.
Өткеніме көз суара үңілдім.
Керек шығар біржолата құруым,
Керек шығар бәлкім, қайта тууым.
Керек маған
Бір Жарылыс тағы бір,
Керек маған
Бір Жаңғырық тағы бір,
Маған лайық емес
Мұндай тымырсық,
Жанартаудан
Жаратылған тағдырым.
2025 жыл
***
Кекті Құс...
Құйындатып, шуылдатып,
От пен Су арасында буы аңқып,
Қызыл отты қақ жара ұшып шығып,
Көтеріліп барады туы қалқып.
Жарыққа
Қарап жанар ұшқындары,
Жаныма түсті салмақ
Күштің бәрі.
Қолдардан... тарамыстай
босап шықтым,
Қалдырып қапыда арам
істің бәрін...
Армансыз уысыңда қысқан дәуір,
Қыспағыңды қақ жарып, ұшқам бәрібір.
Қара аспан түнегі емес –
Тірілерге,
Таулар керек –
Сайрауға,
Құстарға Жыр.
Ғасырлар
бойы күшпен ұсталғандай,
Тұзақтан босап шығып
Ұшқан қандай!
Шерлі Құс
Дауылдатып,
Шамырқанып,
Заулап барып,
Заңғарды
Құшқан қандай!
2025 жыл
***
Жазылмаған өлеңдер қалды қанша,
Жазылмайтын
Өлеңдер болды қанша...
Ашыла алмай қаншама шөкті мұңың,
Басыла алмай қаншама өтті құйын.
Дүркіреген қаншама заманалар,
Топыраққа айналған қалалар бар,
Талай жұмбақ тағдырды ар жағына,
Жасырып тұрған қанша қамалдар бар.
Біз білетін шындықтар ештеңе емес,
Біз білмейтін қаншама шындықтардан,
Біз білетін сұмдықтар ештеңе емес,
Біз білмейтін қаншама Сұмдықтардан.
Ел ішінде мен жалғыз қалдым қанша,
Ел бола алмай жойылған қауым қанша,
Дала жолын
Сәйгездер шауып өткен,
Таспен төсеп тастаған даңғыл қанша...
Алыптар көшкен жыл бұл
Еш тең келмес,
Өтіп кеткен енді ешқашан
Көштер келмес,
Патша, уәзір, шабарман атаулыға,
Өтті қанша сабаздар дес бермей еш.
Ғұн да бабам,
Керек пе?
Сақ та Бабам.
Мен сапармын:
Ешқашан тоқтамаған.
Жүз мың әскер келсе де шабардай боп,
Ашылмай қойған қанша қақпалар бар.
Тарих бәрін реттеп, ақтап алар,
Тарих өзі жоғалтпай сақтап алар
Тарих өзі оқып та жаттап алар
Есімім тұратұғын тақталардан.
2025 жыл
