Ақтамберді жырау шығармашылығы туралы
Тамаша аллитерациялық көркемдікке құрылған шумақта «Төменде бидің кеңесін, біз де бір құрар ма екеміз», - деген арман-аңсар жатыр. Алғашқы жинақтан бері қарай дәл осындай қолданыста беріліп келеді. Ақтамберді жырау шығармаларының мәтініне өзгерту енгізуді шартты түрде ұсынып отырмасақ та, осындағы «төменде» деген ұғым немесе сөз әу баста «төбе де» емес пе екен деген уәжді болжамымызды айтқымыз келеді.
Ақтамберді Сарыұлы – Қазақ хандығы дәуірі әдебиетінің көрнекті өкілі. Әйгілі жырау, ақын, қолбасшы, мәмілегер шешеннің жыр-толғаулары – өзі өмір сүрген дәуірдің тыныс-тіршілігінен, арман-аңсарынан сыр шертетін тамаша туындылар. Ақтамберді жырау жетпіс жыл бойы ат үстінен түспей, елі мен жерін сыртқы жаудан қорғаған хас батыр.
Ерлік пен серілік дәуірдің жыршысы
1665 жылы қазақ даласының оңтүстігінде, Қаратау бойында дүниеге келген ұлы жырау ұзақ жасап, 1768 жылы қазіргі Абай облысы Абай ауданындағы Жүрекжотада мәңгілік тыныс тапқан. «Абылай дәуірі, қазақтардың ерлігі мен серілігінің ғасыры. Оның жорықтары және батырларының көзсіз ерлігі мен қаһармандығы жыр-дастандардың арқауына айналған», - деп Шоқан Уәлиханов жазғанындай, Ақтамберді жырау өмірінің соңғы отыздан астам жылы Абылай дәуіріне дөп келетінін көреміз. Жетімдіктің зарын тартып өскен балалық шақтан ел қорғаған батыр, қабырғалы би, атақты жырау, дау түйінін тарқатқан шешен болып кемелдікке жеткенге дейінгі бар ғұмыр жолының сәттері жыр-толғауларында көрініс тапқан. Ақтамберді жыраудың бүгінгі күнге жинақталып жеткен жыр-толғауларының көлемі 300-ге жуық жол екен. Әрине қазақ даласында ХХ ғасыр жүзінде болған алапат аштықтар, зұлмат-зобалаңдар Ақтамберді шығармашылығын ғасырдан ғасырға аманаттап, сақтап жеткізушілер
Өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан елуінші жылдарына дейінгі кезеңде қазақ әдебиеті тарихының арғы бастауларын атауға, зерттеуге тыйым салынған кезеңде көптеген әдеби мұраларымыз жойылып немесе көмескіленіп қалғаны белгілі.
Ақтамберді шығармашылығының жинақталуы
Жыраулар шығармашылығы жайлы елуінші жылдардың жылымығы тұсында қайтадан аздап айтыла бастады. 1957 жылы академик Мұхтар Әуезов «Қазақ КСР тарихының» бірінші томындағы «Қазақтың ауыз әдебиеті» тарауында: «Ақтамберді жырау эпостық жанр ақыны еді. Өзінің толғауларында ол батырлардың ерлігі мен батылдығын таңдана жырлады.»
Қазақ ССР Ғылым академиясы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтының базасында құрастырылып 1989 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Бес ғасыр жырлайды» академиялық жинағының 371-бетінде (құрастырушылары Мұхтар Мағауин мен Мардан Байділдаев) мынадай түсінік берілген: «ХҮ-ХҮІІІ ғасырларда жасаған ақын, жыраулар мұрасы жинақталып, бір жүйеге келтіріліп, текстологиялық өлшеуден өткізіліп, алғаш рет «Алдаспан» антологиясында («Жазушы, 1971, құрастырып, баспаға әзірлеген М.Мағауин) жарияланған еді. Оған дейін көне дәуірде жасаған сөз зергерлерінің көпшілігі жұртшылыққа мүлде бейтаныс, ал кейбіреулерінің аты мен бірді-екілі шығармасы ғана белгілі болып келді. «Алдаспан» аталатын антологияға топтастырылған туындыларды революциядан бұрын басылған Арыстанғали Беркалыұғлының «Ақын», «Мақаш Бекмұхамедовтың «Жақсы үгіт», Ғабдолла Мұштақтың «Шайыр», «Көксілдер», «Мұхамед Османовтың «Ноғай уа құмық шиғырлары», Құрманғали Халитұлының «Тауарих хамса» және басқа кітаптар, ғылыми жинақтар арасынан, Қазақ ССР Ғылым академиясы Орталық кітапханасының қолжазбалар қорындағы Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Мұсылманқұл Жиреншин, Қыздар Қазыбеков, Темірғали Күнтуғанов, Бозтай Жақыпбаев, Фатима Ғабитова, Мариям Хакімжанова т.б. көне әдебиет үлгілерін жинаушы аты белгілі-белгісіз ер-азаматтардың қолжазбалары ішінен тірнектеп жинауға тура келген.»
Қазақ хандығы дәуірі немесе ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы жыраулар поэзиясын зерттеп ғылыми айналымға енгізген көрнекті жазушы, ғалым Мұхтар Мағауиннің «Қобыз сарыны» монографиялық еңбегінде және «Алдаспан», жоғарыда аталған «Бес ғасыр жырлайды» антологиялық жинағында Ақтамберді Сарыұлының өмірі, шығармашылығы қамтылған.
Ақтамберді батыр шығармаларының жинақталуы туралы Мұхтар Мағауин өзінің «Қобыз сарыны» кітабында былай деп атап көрсетеді: «Ақтамбердінің өмірі жайындағы кейбір деректерді, оның көптеген өлеңдерін біз жыраудың Семей облысы, Аягөз ауданында тұратын ұрпақтары: Сәрсенбек Нұрпейісов, Сейсен Сепбосынов, Кенжехан Боқасовтардан және Шұбартау ауданында тұратын Сердалы Алыбаевтан жазып алдық.»
Ақтамберді жыраудың жиырмадан астам жыр-толғаулары өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бері әр жылдары шыққан жинақтарға еніп жарияланып келеді. Жырау туындыларының ішіндегі мазмұны мен көлемі жағынан ең ауқымдысы – «Күлдір-күлдір кісінетіп» толғауы. Айта кетерлігі: жыраудың шығармашылығында осы атаумен сарындас үш бірлік толғау бар. Бұл туралы жинақтаушы былай деп анықтама береді: «Күлдір-күлдір кісінетіп» – Осы кітапты құрастырушы 1963 жылы Сердалы Алыбаевтан жазып алған. Алғаш «Ертедегі әдебиет нұсқаларында» жарияланды. «Күлдір де күлдір кісінетіп» – Сәрсенбек Нұрпейісовтен алынды. Тақырыптық жағынан жоғарыдағы «От басар орны отаудай», «Күлдір-күлдір кісінетіп» деп басталатын жырларды қайталайды. Алайда бұл – бір өлеңнің үш нұсқасы емес, жырау өмірінің әр кезеңінде шығарылған, өзара тақырыптас, дербес үш түрлі туынды. Мұның біріншісіндегі лирикалық кейіпкердің арманында серілік сарыны басым болса, екіншісінде, сән-салтанат, бейбіт өмір қызығына мән берілген, ал үшіншісі, бастан аяқ ерлік тақырыбына арналған.» Аталған үш толғаудың біріншісі – 24, екіншісі – 108, үшіншісі – 32 жолдан тұрады.
Үш толғауға бірдей тән ортақ сипат – ондағы асқақ арман, өкініштен ада мұңсыз романтика. Бұл сарын қазақ халқының азат рухы аспандап тұрған заманда өмір сүрген жыраулардың барлығына тән десек те, Ақтамберді толғауларында бұл ерекше көрініс тапқан. Ұлы Даланың азат рухты, өр намысты жауынгер жыраулар мұраларының жалпы сарыны, ондағы тақырып пен идея, мазмұн асқақ романтикаға толы. Расымен де Хандық дәуірі – «қазақтардың ерлігі мен серілігінің ғасыры»
«Күлдір-күлдір кісінетіп» – өрлік пен ерліктің толғауы
Ақтамберді жыраудың «Күлдір-күлдір кісінетіп» толғауын бүгіндері Хандық дәуір әдебиеті туындыларының ішіндегі ең танымалы десек артық айтпағандық болар еді. Онда тұтас бір дәуірдің, ұлттың ерлігі мен серілігі, асқақ арманы, өр рухы жатыр. Жыраудың толғауларындағы сөздік қордың өзі филология ғылымдарының бірнеше саласы бойынша зерттеу нысаны. Жыр толғаулардағы бір сөзді немесе сөз тіркесін ұлттық таным-түсінік тұрғысында тәпсірлеп жазу үшін де ғасырлар тереңінен сыр тартып, түйін түйер терең білім-тәжірибе қажет болары сөзсіз.
Құдіретті сөз бен әуен астасқан асқақ рухты туынды «Күлдір-күлдір кісінетіп» Жәнібек Кәрменов, Бекболат Тілеухандардың мінсіз орындауында халқының ұйқыдағы жадын жаңғыртып, суық тартқан қанын ойнатып, жабырқау жанын жадырата тербетіп келе жатыр.
Күлдір-күлдір кісінетіп,
Күреңді мінер ме екеміз?!
Күдеріден бау тағып,
Ақ кіреуке киер ме екеміз?!
Жағасы алтын, жеңі жез,
Шығыршығы торғай көз
Сауыт киер ме екеміз?!
Ор қояндай жүгінтіп,
Аш күзендей бүгілтіп,
Жолбарыстай шұбарды
Тандап мінер ме екеміз?!
Сол шұбарға мінген соң,
Қоңыраулы найза қолға алып,
Қоңыр салқын төске алып,
Қол төңкерер ме екеміз?!
Жалаулы найза жанға алып,
Жау қашырар ма екеміз?!
Ақтамберді жыраудың өмір сүрген заманы – Жоңғар-қалмақ шапқыншылығы дәуірі. Жоңғар-қалмақ шапқыншылығы тұсында (XVII–XVIII ғасырлар) шыққан жыр-толғаулардың барлығы дерлік ерлік, ел қорғау тақырыбында болуын елдің басына төнген экзистенциалды қауіп пен қоғамдық қажеттіліктен туындаған тарихи заңдылық еді.
«Қазақтар үшін мал асылы – жылқы екені мәлім. Ешбір халықтың әдебиетінде жылқы дәл біздің әдебиетіміздегідей дәріптелмейтін шығар? Әйткенмен де, мал атаулының, оның ішінде жылқының көшпенділер өміріндегі алатын орны жайлы Ақтамбердідей толғаған қазақ ақыны жоқ», - дейді, Мұхтар Мағауин. Бұл тұжырымның растығына ешкімнің де күмәні болмас.
Төменде - төбеде емес пе екен?
Осы ретте Ақтамберді жыраудың «Күлдір-күлдір кісінетіп» толғауындағы бір сөздің қолданысына қатысты өз ойымызды білдірмекпіз.
Өзенге бие байлатып,
Төскейге орда орнатып,
Төрткілдеп ошақ қаздырып,
Төбел бие сойғызып,
Төменде бидің кеңесін,
Біз де бір құрар ма екеміз?!
Тамаша аллитерациялық көркемдікке құрылған шумақта «Төменде бидің кеңесін, біз де бір құрар ма екеміз», - деген арман-аңсар жатыр. Алғашқы жинақтан бері қарай дәл осындай қолданыста беріліп келеді. Жәнібек Кәрменов, Бекболат Тілеуханнан бастап, Ақтамберді жыраудың толғауын орындаушылардың барлығы да осы қолданысты бірізді ұстанған. Біз Ақтамберді жырау шығармаларының мәтініне өзгерту енгізуді шартты түрде ұсынып отырмасақ та, осындағы «төменде» деген ұғым немесе сөз әу баста «төбе де» емес пе екен деген уәжді болжамымызды айтқымыз келеді.

«Күлтөбенің басында күнде жиын» дегендей, қазақ қоғамындағы маңызды істердің шешімін тауып, түйінін тарқататын билер кеңесіндегі басты орын төбе бидікі. Уикипедияда төбе биге мынадай анықтама береді: «Төбе би – негізгі шешімді айтатын басты би. ...жауаптылықты арнаулы төбе биге беретін» (С. Бегалин, Замана.). Ертедегі жазба ескерткіштерде «төпү» сөзінің адам басының төбесінен басқа, «шың», «шоқы» сияқты мағыналары кездеседі. «Төбе бидегі «төбе» сөзін бұл мағыналармен жанастыру ыңғайсыз. Алайда, ерте кездегі «төпү» тұлғасының үшінші мағынасы — «бас». «Бас» сөзінің көп мағыналығын ескерсек, «төбе би» тіркесіне жуық болуы заңды. Қазіргі түркі тілдері ішінде якуттарда да «төбе» сөзі біздің түсінігіміздегі «бас» мағынасында қолданылады. Бұдан әрегірек барсақ, моңғол тілінде «төв», бурят тілінің бір диалектісінде «томо» дыбыстық құрамдағы сөздер «үлкен», «ірі» ұғымдарында айтылады. Деректерде келтірілген «бас, үлкен, ірі» мағыналарын беретін «төпү», «төбе», «томо» сөздерінің бірімен «би» сөзі тіркеске түсіп, «төбе би» тұрақты тіркесі қалыптасқан.»
Ал қазір өзіміз жүгінуге әзір тұратын ЖИ не дейді: «Дәстүрлі қазақ қоғамында билер (төбе би) кеңесі жыл сайын белгілі бір мезгілде, көбіне жазғы жайлауға көшіп болғаннан кейін (күз айларында) шақырылып тұрған.
Сонымен қатар, бұл кеңес төмендегідей маңызды жағдайларда арнайы жиналды:
- Төтенше жағдайларда: Ел басына күн туғанда, сыртқы жаудан қауіп төнгенде немесе ірі рулық қақтығыстарды (барымта, жесір дауы, жер дауы) шешу қажет болғанда.
- Хан сайлау немесе жаңа заңдар қабылдау кезінде: Мысалы, Тәуке ханның тұсында атақты «Жеті жарғы» заңдар жинағы осындай бүкілхалықтық Төбе билер кеңесінде қабылданған.
Мұндай ауқымды жиындар әдетте елге белгілі Мартөбе (Сайрам маңы), Күлтөбе (Сырдария бойы) және Битөбе (Түркістан) сияқты тарихи орындарда өткізілген.»
Қазақ билер институты тарихындағы ең көрнекті төбе би – Төле Әлібекұлы (1663–1756) болғаны белгілі. Қазақтың ел басқару дәстүрінде билердің, оның ішінде төбе биліктің орны ерекше болғандығы туралы сол дәуірлерден ауызша жеткен аңыздар мен кейінгі әдеби туындылар да баршылық.
Мүмкін, Ақтамберді жырау толғауындағы бұл шумақ әу баста:
Төбел бие сойғызып,
Төбе де бидің кеңесін,
Біз де бір құрар ма екеміз?! –
болған да шығар? «Азаулының Стамбулдан несі кем?» - деп Доспамбет жырау толғағаны сияқты, төрт құбыласы түгел, өзі батыр, өзі би, өзі шешен өзі ел бастаған көсем болған Ақтамберді жыраудың төбел бие сойдырған ұлы жиында төбе би болмасына жетпейтін дәт бар ма еді? Төменнен гөрі төбеде болғанда толғаудың мағыналық, мазмұндық ауқымы артпаса, еш кемімес еді деген болжам еді, біздікі. Бұған дейін бұл жөнінде осындай болжам білдірген адам болды-болмады, ол жағынан хабарымыз жоқ екен. Тағы айтарымыз: бұл – ұлы жырау мәтінін бұрмалап, бүйректен сирақ шығару емес, солай болуы мүмкін-ау деген қисындық болжам.
«Ер жігіт үйде туып, түзде өлер» деп қазақ бекер айтпаған. Бұрынғы ел қорғаған егей ерлер қан майдан өтінде, жау садағының оғын құшып өлуді аңсар тұтқан. Ұзақ жас жасап, саялы өлкеге ел қондырған Ақтамберді жыраудың да ақтық арманы осы екен. Жастық шағы жаугершілікпен өтсе де, Ақтамберді жырау өмірінің соңғы кезеңі жоңғар жұрты күйреп, қалмақ жұрты Еділдің арғы бетіндегі алуан елмен арпалысып, қазаққа қоқиланар күні кеткен дәуір еді.
Балаларыма өсиет:
Қылмаңыздар кепиет.
Бірлігіңнен айырылма,
Бірлікте болар қасиет, -
деп, бірлік пен берекені ұрпағына, ел-жұртына өсиеттеген қарт жырау:
Бар арманым – айтайын,
Өлмедім оқтан қайтейін! –
деп толғанған жыраудың шығармашылығы ерлік рухтың, елдік сананың ертеден келе жатқан үлгісі ретінде ұрпақтар жадында жаңғыра бермек.
