Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ақын Еркін Ібітановтың туғанына тоқсан жыл...

04.06.2025 883

Ақын Еркін Ібітановтың туғанына тоқсан жыл 12+

Ақын Еркін Ібітановтың туғанына тоқсан жыл - adebiportal.kz

2025 жыл - қазақ әдебиеті үшін айтулы даталарға толы. Өзінің саналы ғұмырын ұлт руханиятына арнаған танымал шығармашыл тұлғаларымызды лайықты ұлықтау, есімдерін ел жадында жаңғырту - парызымыз.

Қазақтың көрнекті ақыны, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері Еркін Ібітановтың туғанына тоқсан жыл толды.

Ұлы жүздің ішінде биік тұрған байрағы,

Жетісудің желекті жерұйықты аймағы.

Хантәңірдің қапталын қоныстанып қорыған

Албан деген ел едік, бұзылмаған қаймағы, - 

деп, туған жерін тума жырының мәңгілік арқауы етіп жырлаған ақын Еркін Ібітанов есімі өткен ғасырдың елуінші жылдарынан оқырман қауымға етене таныс болды. 

1935 жылы 4 маусымда қазіргі Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз аулында дүниеге келген ақын 2009 жылы 2 шілдеде мәңгілік мекеніне аттанған ақын өзінің туған жер, туған елдегі шығармашылық ғұмыры туралы былай деп толғайды: 

Жазуға да қақым жоқ жыр жасығын, 

Зар илеген заманның мұңдасымын. 

Шекпен киіп, шен тағып жүрмесем де, 

Тұманбай мен Қадырдың құрдасымын.

Қазақ әдебиетінің алыптары Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқановтардың өзі болашағына үлкен үмітпен қараған, құрдастары Тұманбай мен Қадыр ақындар, қара сөздің қайығы Әбіш Кекілбай мен сатираның туын тіккен Оспанхан Әубәкір қатарлы қаншама шығармашыл жандардың Хантәңірі баурындағы кеңжайлау саясы болған Еркін ақын өлеңдері – Хантәңірінің биігінен құлай аққан тұма бұлақтардың тұнығындай мөлдір. 

Хаңтәңірі – қария шың, дара шың,

Жалғап тұрған жер мен көктің арасын.

Сақалынан тулап түскен толқынды,

Ағыл-тегіл көз жасы деп қаласың…, - 

Күллі қазақ жерінің ең биік нүктесі, Алатаудың асқақ шыңы Хантәңірінің баурайында, қасиетті топырақ Қарасазда дүниеге келген айтулы тұлғалардың да шоғыры біршама. Солардың бірегейі Еркін Ібітанов өзінің балалық шағы өткен өлкесін былайша жырлайды:

Қарасаз, міне мені тағы құштың, 

Жөні бар, саған деген сағыныштың,

Сенде өстім. Толқыныңмен жалақ ойнап, 

Тұп-тұнық қайнарыңнан қанып іштім. 

Өмірдің сенде алғаш нұрын көрдім,

Айдыныңа қармақ сап үңілгенмін. 

Жағаңдағы жайқалған гүлге ынтығып, 

Жалаң аяқ сан рет жүгіргенмін... 

Хантәңірінің баурындағы Қарасаз ауылында өскен қарадомалақ баланың тағдыр жолы бастауы тым тәтті бола қоймаған екен. Еркін ақын өзінің сырлас, тағдырлас досы Тұманбай Молдағалиевке өлеңмен жазған хатында былай деп мұңын шертеді:

Ақын бала – балауса, бармақ бойлы,

Айт алмайды әзірше салмақты ойды.

Тағдыр неткен тасбауыр?!

Қырын қарап,

Қасірет пен қырсықты жалғап қойды.

Қанды балақ қарақшы қанды күндер,

Сормаңдай сыбағасын таңдап сойды.

Сен әкеден айрылдың...

Мен шешеден...

Қасқыр ажал бас салып жалмап қойды, - 

деуі – ақынның балалық шағында бастан кешкен қасіретті күндерінің тарихы екен. Ойынға мейірі қанып құлдыраңдап алаңсыз өсер алаңсыз шағы соғыс жылдарына тап келген қырқыншы жылдар балаларының көбіне ортақ тағдыр еді бұл. 

Тынды соғыс, арпалыс, қиын-қыспақ.

Оралды әкем жеңістің туын ұстап. 

Бір аяғын Берлиннің базарында, 

Бейбіт күннің нұрына айырбастап. 

Анадан ерте айрылса да, майданға кеткен әкесі жараланып аман-есен елге оралады. Біртіндеп бейбіт өмірдің шуағына шомылып, алаңсыз білім алып өскен болашақ ақынның Алматыдағы студенттік кезеңінен өзге барша ғұмыры туған өлке төсінде өткен екен.

Ақын Еркін Ібітановтың есімі қалың қазақ оқырманына өзінің әйгілі туындысы «Қойшылар» поэмасы арқылы ерте танылады. 

Біздің қазақ қой десе бала жастан,

Ішкен асын қоя сап араласқан.

Эстафета таяғы – қойшылықты

Бір ұрпақтан бір ұрпақ ала қашқан..., - 

деп, ата кәсіпті асқақ сарынмен жырлаған ақынның бұл туындысы қазақ әдебиетінің қазынасына қосылған айтулы үлес болды. 

«Қойшылар» поэмасы – қазақ әдебиетіне, поэзиясына Еркін Ібітанов атты ақын келіп қосылғанын әйгілеген толымды туынды болды. Бұл поэманың тақырыбы, идеясы, көркемдік қырлары туралы әдебиет сыншыларының нашарына дер кезінде ілініп, жақсы бағасын алды. Бұл – жас ақынның талабына қанат бітіргендей еді. «Қойшылар» поэмасының тақырыбы мен көркемдік ерекшелігі туралы қаламдас, жерлес інісі, ақын Батық Мәжитұлы былай деп тарқатқан екен: «Қаламгердің жұлдызды сәттері 60-шы жылдары ерекше жайнаған. Жиырмаға жетпеген тау баласының тас түйіндей болып шымыр орындалған Қойшылар» поэмасы жыр сүйер қауымды өзіне жалт қаратты. Себебі, «Қойшылар» поэмасы – қойшылар туралы жазылған шығарма емес. Қазақтың ұлттық өмірін сыр ғып шерткен үлкен толғаныс. Төрт түлік малды кәсіп еткен елдің кешегісі мен бүгінгісін көз алдыңызға елестетіп отырып ой түйеді. Ата, әке, бала деп аталатын үш ұрпақтың сипатын ақындық шеберлікпен бейнелейді. Мәселе ақынның таңдап алған тақырыбында тұрған жоқ. Автор оны көптің көңілінен шығатындай етіп толқын-толқын ырғақпен орындаған. Поэмадағы шумақтар, қиыннан қиысқан тіркестер қай жағынан қарасаң да жасандылықтан ада. Бәрі жүректің табиғи үніндей болып құлаққа құйылады. Мұндай шеберлік – сирек кездесетін шеберлік. Соған қалың елдің көзі жетіп, құшырлана қол соқты».

Иә, шын шабыттың қайнарынан шымырлап шығып ақ қағазға қара сия болып төгілген шынайы туындыны оқырман қауым аңдамай таниды, алғаусыз қабылдайды. «Қойшылар»

Ол менің үлкен атам, қайран бабам!

Жотасында бай билеп тайраңдаған. 

Сөйтіп жүріп бейшара, қараңызшы,

Мендей ұрпақ қалдырды (Қайран қалам!)

Иә, шопандық – қазақтың ата кәсібі болғандықтан, жаңа дәуірде оқып-тоқып, білім, ғылым, өнер, техника т.б. салаларда жетістіктерге жетіп жүрген қазақтардың бәрінің де атасы еді. Осы шумақтың өзі мақтаныш, шаттанумен қатар, кейбіреулерге «Аяз би» ертегісіндегі кешегі жыртық шапанын сарайдың көрнекі жеріне ілдіріп қойған ханның тәубашылдығын ұмытпауын ескертіп тұрған да сияқты.

«Қойшылар» поэмасының шынайылығы – ол әлдебір науқаншылықтың әсерінен емес, ақынның көкейінде жүрген, әркімге-ақ етене тақырыптың көркем жыр болып туындағандығында болса керек. Олай дейтініміз, «Қойшылар» поэмасы 1959 жылы алғаш «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде жарық көрген екен. Ал Қазақстанда қой шаруашылығын дамыту, қойдың санын елу миллионға жеткізу, «мал шаруашылығында екінші тың көтеру» дейтін науқандар 1961, 1972 жылдары көтерілгендігі тарихқа аян. Нақтылай айтқанда 1961 жылы СОКП Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Н.С.Хрущев өзінің тікелей тапсырмасымен Қазақстанда осы жылы мектеп бітірушілер екі жыл мал шаруашылығында еңбек еткеннен кейін ғана оқуға түсетін міндет қойылған болатын. Бұдан соң 1972 жылы бұрынғы Семей облысы, Шұбартау ауданы комсомол жастары республикадағы барша мектеп бітірушілерге үндеу тастап, нәтижесінде шопандар бригадасы құрылып, жастар мал шаруашылығына шыққан еді. Мұның нәтижесі мен салдары – мақаламыздың арқауы емес. Айтпағымыз – қазақтың ежелден бергі ата кәсібі қойшылықты науқаншылықтан бұрын-ақ кесек туындысына арқау еткен ақын Еркін Ібітановтың өз туындысын халқымыздың арғы-бергі тарихымен, кешегісімен, бүгінгісімен байланыстыра, шынайы өрген қалам қуаты туралы еді.

Мен қойшымын!

Мал сырын жастан ұқтым.

Дей алмаймын өмірден бос қалыппын.

«Папам сатып әперген» туфлимен

Шаңын сүртіп жүргем жоқ асфальттің.

Байқасаңыз, оқыған адамның санасын селт еткізетін ақпарат бар, осы бір шумақтың өзінде. «Малды бақсаң – қойды бақ, май кетпейді шарадан» деп қой бағудың адал да табысты кәсіп екенін меңзеген қазақтың талай қойшысының баласы бүгінгі күні де әкенің ақ таяғын ұстаудан қашып, қалада сенделіп жүрген жоқ деп айта аламыз ба? Қой бағу пайдалы кәсіп, қойдың еті қымбат екендігі – бүгінгі күннің ақиқаты. Демек «Қойшылар» поэмасында жазылған ойлар да әрдайым өзекті болып қала бермек.

Шығармаларының жарық көру мерзіміне қарағанда, өзінің қазақ әдебиеті айдынындағы дебюті іспетті «Қойшылар» поэмасынан кейін Еркін Ібітановтың ұзақ жылдар бойы шығармашылық тайм-аут алғандай болатынын көреміз. Бұл турасында ақын, журналист Кәдірбек Құныпияұлы былай деп жазған екен: «Қойшылардан» кейін ел ақынды біраз жыл үнсіз қалды деп ойлады. Алайда арадағы жылдар босқа өтпеген екен. Ақын кеудесіндегі жыр жанартауы өлең шоқтарын тынбай қоздатып жатыпты.

Еркін ағамыздың шығармашылық концепциясының ең бір күрделі, ең бір шарықтаған шағы – бәрімізге белгілі «Хан Тәңірі, қайдасың?» поэмасының дүниеге келуі болды. Қаламгер осынау кең тынысты, ғұмырбаяндық поэмаға үлкен әзірлікпен келген. Бұған дейін жазылған толғаулар мен поэмалар, балладалар осынау үлкен дүниеге кірісердегі сынақ баспалдақтары сияқты».

Еркін Ібітановтың өмірі, шығармашылығы туралы сөз болғанда, ақынның бір өлкеде туған ауылдасы, әрі қаламдас, рухтас ағасы, қазақ поэзиясының асқар шыңдарының бірі Мұқағали Мақатаев туралы айтылмауы еш мүмкін емес. Мұқағали өмірі мен шығармашылығы туралы жазылған тамаша туындылардың бірегейін де бірге туып, біте қайнасқан бауыры Еркін Ібітанов жазуы заңды да:

…Орындалып арманы – ойлағаны,

Сүлейменнің үйінде той болады.

Ұлы тауға ұрпағы көтерілсін,

Өзі мейлі – егін сап, қой бағады.

…Бүгін оның үйінде той болады.

Мұқағали ғұмырының жырмен өрілген баяны «Хан Тәңірі қайдасың?» – Еркін Ібітанов шығармашылығындағы ұзақ толғаныстан кейін жазылыған кесек туындылардың бірі. 

Туған ауылы Қарасаздың топырағын бірге шаңдатып өскен қазақтың дарынды қос ақынының ғұмыр жолында да, шығармашылығында да көптеген үндестіктер болуы заңдылық болса керек. Мұқағали тұлғасын шығармашылық тұрғыда ұлықтауда Еркін Ібітановтың орны айрықша екені анық. «Хан Тәңірі қайдасың?» – Еркін Ібітановтың Мұқағали ағасына қойған мәңгілік рухани ескерткіші.

Тым ертерек жыр болып соқты демім,

Ерте сездім өлеңнің отты лебін.

Тықылдатып есігін қаққан жоқпын,

Мен өлеңнің қақпасын тепкіледім.

Жасқанбадым, төріне кіріп бардым,

Жаутаңдамас жанымнан сыр ұққанмын.

Жұрт тайсалған биікке қарғып шығып,

Сол биіктен түсе алмай тұрып қалдым, –

деген жыр жолдар ақындық ғұмырдың адуынды бастауын аңғартқандай. Жұрт тайсалған биікке қарғып шығып, сол биіктен түсе алмай тұрып қалу – шынымен де мінез бен талғамның қатар өрілуі болса керек. Тіпті кейде шұрайлы жыр шіркін қаламның ұшына айлар, жылдар бойы оралмай қоятыны да болады ғой. 

Мен әзірге бола алмай Расулдай,

Бағым, жаным – барлығы жүр ашылмай.

Алынады томағам, кетем ұшып,

Құсбегіден құтылған лашындай, - 

деп Мұқағалидың өзі осындай сәтті жырлаған болар.

Шығармашылық ғұмыры туралы жазылған баяндар мен алынған сұхбатттарға қарағанда, мұндай кезеңдер Еркін ақында да болған екен. Нашар өлең жазғанша, мұндайда өз құнын білетін ақынға сол биігінде дамылдап тұра тұрғаны да дұрыс болмақ. Содан кейін барып, шабыт селдетіп құйылғанда «Хан Тәңірі – қайдасың?» сияқты кесек дүниелер туындамақ.

Бұдан сәл ертеректе, ғаламтор желісі пайда болып дамымай тұрған шақта «провинциялық ақын-жазушы» деген бір шартты ұғым болатын еді. Жазған-сызған дүниеңізді ғаламтор желісі бар кез келген нүктеден дүниенің төрт бұрышындағы оқырманыңызға шашып жолдай алатын ғажап мүмкіндік жоқ заманда қала берді аудан, асса облыс, одан әрмен шығандаса Астана Алматыдағы әдеби басылымдардың талғам-сүзгісінен өткізіп жариялату, осы арқылы күллі қазақ әлеміне танылу дегеніңіз – марқұм Бейсен Құранбектің мәнерінде меңзесек, тек «айтуға оңай» жағдай болатын. Сондықтан да кешегі дәуірде алыс түкпірдегі шығармашылық иесі, мейлі таланты тас жарып тұрса да жалпақ жұртқа танылып шығуы қиындау болды. Бірақ Еркін Ібітановтың ғұмыр жолы мен шығармашылығына қарап отырып, бұл тұжырымға күмәнмен қарауға да болатындай. Өмір бойы туған ауылы, ауданы төңірегінде өмір сүріп, әдеби, мәдени салада қызмет еткен Еркін ақынның танымалдығы әдебиеттің қыз-қыз қайнаған ортасында жүрген Алматыдағы қаламдастарының қайсысынан кем болды деп айта аласыз? Олай деуге мүмкін емес.

Саяқ жүрген ақынмен табыстың ба,

Кәкір-шүкір тірлікпен алыстырма.

Қайсы бір өлең сатқан саудагермен,

Ол да сендей ақын деп салыстырма.

Осы бір шумақта мұзарт Мұқағалидың да, оның соңынан ерген өзінің де ақындық талант-дарынына, қаламының қарымына деген сенімі жатқан жоқ па? 

Күллі қазақ елінің елеулі ақыны Еркін Ібітановтың тоқсан жылдық торқалы тойы өзінің бар сән-салтанатымен туған жерінде өтіп жатқанынан хабардармыз. Бұл – заңды да. «Өз елі өз ерлерін ескермес, Ел тегі алсын қайдан кемеңгерді» деген, дүлдүл ақын Ілияс Жансүгіровтің сөзі – қапысыз айтылым. Хан тәңірінің баурындағы құйқалы топырақ барда, жалпы қалың қазағы барда Еркін ақынның шығармашылық ғұмыры мәңгілік.


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар