Ақындар адалдықты жырға қосты

Оқырман назарына мүшәйрада үздік деп танылған 12 туындыны ұсынамыз.

107

Ақындар адалдықты жырға қосты - adebiportal.kz

Атырауда адалдық пен әділдік құндылықтарын дәріптеп, қоғамдағы парасат пен ар ұғымын поэзия тілімен насихаттау мақсатында «Адалдық жаршысы» республикалық жабық жыр мүшәйрасы өтті. Еліміздің әр өңірінен қатысқан ақындардың туындылары қазылар алқасының сараптауынан өтіп, үздіктер анықталды.

Оқырман назарына мүшәйрада үздік деп танылған 12 ақынның өлеңдерін ұсынамыз.

Бас жүлде – Бауыржан Шимерден. Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы

Лақап аты- Сырым Шерім

31 - 2 - 22

(баллада)

Бұл - Өлеңті ауылының әкімшілік канторы,

Есігінің шиқылында қайғы менен зар толы. 

 

Шиқылдайды «Анау үйде нан жоқ!» - деп. 

Шиқылдайды «Анау үйде шам жоқ!» - деп. 

 

Шиқылдайды «Қарттың хәлі нашар!» - деп,

Шиқылдайды «Жәрдемақы қашан!?» - деп. 

 

Шиқылдайды «Анау көшіп жатыр!» - деп,

Шиқылдайды «Алау өшіп жатыр!» - деп. 

 

Шиқылдайды «Туды заманақыр!» - деп, 

«Қане, совхоз директорын шақыр!» - деп. 

 

Директор жоқ. Іссапарда шамасы,

Ақмолада оқушы еді баласы. 

 

Шиқылдайды, есік жылап жырлайды. 

Өтепберген бәрін үнсіз тыңдайды.

 

***

ХХІІ партсъезд* осы әйгілі,

Еңбекпенен тасқан ауыл айбыны!

 

25 мың гектар егін алқабы,

Комбайндар кеме сынды тартады.

 

3 мың сиыр, 20 мың қой су ішкен,

Кәрі Өлеңті тең емес пе ырыспен?! 

 

Мынау шопан Еркеғали Нұрбаев,

Қане жоспар көрсеткішін тыңдайық:

 

- Жүз саулықтан жүз отыз бес қозы алған. 

Тіфә, тіфә көзділердің көзі әрман. 

 

Қамыстыкөл - Ыбырайдың тұрағы.

Ал мына жол Сауғабайдан шығады…

 

Партбилетін мойынына асынған,

Қаден өтіп кеткен жоқ па қасыңнан?! 

 

Будақтатып темекінің түтінін, 

Шерақаң жүр бауырында ДТ - ның! 

 

Тасеменнен келді Сапа жылқышы,

Көк атының бөлек екен түр - түсі!

 

Атышулы Дипломкөк пе бұл деген,

Аламанда алқынуды білмеген?!

 

Қыр басында еңбекшілер жарқылдап,

Кеңсе жақта машинкалар сартылдап…

 

…жатушы еді!

Бәрі - бәрі тыйылған. 

Жаңа заман өз сақасын шиырған. 

 

Толқыны ұрып тоқсаныншы жылдардың,

Жерге түсті қақ төбеде тұрған күн. 

 

Совхоз тарап, округтер сайланды. 

Директорлар әкімдерге айналды. 

 

Көшеменен жоқшылықтың желі есіп,

Шиқылдайды контордағы көк есік. 

 

Партсъезден* еңбек жолын бастаған,

Өтепберген - Өлеңтіде* бас маман.

 

Ауыл азды, кеңсе босап, қаңырады, 

Жасыл түсті телефон тек қалғаны. 

 

Өтеп жасыл телефонды бұрайды,

Аудан жақтан жұртқа көмек сұрайды. 

 

«Ұн, тұз керек! Шай да, қант та қат!» - дейді,

Аудан оған «Өтақа, өзің тап!» - дейді. 

 

Әкімдіктің халі болса егер де,

Әрбір үйге бір - бір қап ұн берер ме?!

 

Әр көшеге қара көмір төкпей ме?

Сабыр, сабыр! 

Бұл күндер де өтпей ме?!

 

***   ***   ***

Көзінестің үйінің дәл алдында - ақ,

«Радиосы Қазақтың» тұр самбырлап:

 

«Нұрыменен серпіп қалың тұманды,

Назарбаев жаңа жарлық шығарды,

 

Басталады тағдырдың ақ жолағы,

Биылғы жыл – «Ауыл жылы» болады».

 

«Ауыл жылы! Ауыл жылы басталмақ!»

Өтақаңның көзінде тұр жас парлап. 

 

Айқайлайды «Қуан, жұртым қуан!» - деп,

Өлеңтінің алдынан күн туар деп. 

 

«Ауыл жылы» қосты ауылға ауылды,

Өлеңті ауыл округі жабылды. 

 

Осы болды оңтайлану талабы,

Кеңсе ісі Жымпитыға қарады. 

 

Жымпиты - ол, орталығы ауданның,

Басы ма екен жарқын, жарық таңдардың?! 

 

Кантордың көк есігі тұр шиқылдап,

Отыр Өтеп есіктен ән, күй тыңдап.

 

Әнеугүні Жымпитыға барғанда,

- Бекқожинді алдырыңдар ауданға! 

 

- депті әкім.

Болмай ма екен бармауға?!

Керекпін ғой ауылдағы жандарға. 

 

- деп Өтақаң телефонын бұрады. 

Өлеңтіде қалдыруды сұрады.

 

- Контор суық әрі ескі емес пе?!

Келсеңізші, аудандағы кеңеске. 

 

Ол ғимарат бара - бара жабылар,

Көк есікке қара шеге қағылар! 

 

Телефон да қиылады, сеніңіз,

Қызметке орталыққа келіңіз! 

 

- деген кезде Өтепберген дедектеп,

Телефонды қия көрме! Керек! -  деп!

 

Хабарласар әскердегі балалар,

Сөйлеспей ме баласымен аналар?!

 

Мен өзім - ақ отырайын басында,

Телефонсыз ел бола ма расында?! 

 

Танытқан-ды осындай бір батылдық, 

Өтепберген. Өтеп дейтін атын жұрт.

 

Өтеп ағай қалды солай канторда,

Қашан көрсең телефоны бар қолда.

 

31222 - нөмірі, 

Бір телефон - бір ауылдың өмірі!

 

Жұмысына кешігуді білмейтін, 

«Өлеңтіден Өтеп тыңдап тұр!» - дейтін. 

 

Партиямыз үйретті деп жас күннен, 

Ол қыста да отыратын костюммен. 

 

Заманының бағасы жоқ батыры, 

Сүйегіне салқын тиді ақыры. 

 

Сол ауруы себеп болды өлімге,

Өтақаңның жүзі біздің көңілде. 

 

Жұмысына шауып бара жатқаны,

Жұлдыз болып ағып бара жатқаны. 

 

Өмір күнін жатқан кезде бітіріп, 

Ө - ө - ө! - деген дейді тұтығып. 

 

Ө - ө - ө! Өлеңтім! - деп айтқысы келген - ау,

Айтпағаны, біздер бар деп сенген - ау!?

 

***    ***    ***

Сол Өлеңті кем емес еш ауылдан, 

Көшелерде тротуар, жол салынған! 

 

Қандай зәулім үш қабатты мектебі,

Мектеп - ұя, Шәкірт - ұшар кептері! 

 

Қызғалдақтай көзді арбап, биледі,

Қызыл кірпіш үйлері. 

 

Даласында дүбірлейді жылқылар, 

Өзенінде ұлттың асау рухы бар! 

 

Саябақты тұр ескі кантора орнында, 

Сұбұрқақтың саясында болдың ба?! 

 

Жаңа кеңсе тұр жанында жарқырап,

Уақыт - өзен ағып жатқан сарқырап. 

 

Бұл кеңсенің телефоны - 31 - 2 - 22! 

 

***       ***          ***

Құл болмаған қу дүние мен құлқынға, 

Қызықпайтын қызыл менен жылтырға.

 

Сүйсініп өз ауылының сыртында,

Тұрады екен мемлекетшіл бір тұлға.

*****

1 орын – Абай Ораз. Ұлытау облысы, Жезқазған қаласы

Ұрланған шідер туралы баллада

...Әлгі жерде күмістелген

 үзеңгі бауды алып қалады да, өзгесін суға тастайды.

А.Сейдімбектің «Бір атым насыбай» әңгімесінен

Дүние деген – дөңгелек көзе сырлы,

Уақыт – соны қақ жарған жебе сынды.

Басқарманың басшысы – дәу Дәркембай, 

Маң-маң басқан, паңданған, сөзі өтімді.

 

Қос өкпеге тепкілеп мінген атын

Иен жайлап, шет кезіп, қыр қонатын.

Көңіліне көлеңке түспеген күн

Тұңғыш ұлын өзімен бірге алатын.

 

Бірге алатын атына мінгестіріп,

Қайтады екеу жүк артып күн кешкіріп.

Ат сауырына дорба iлген, о несi екен?

Тіс жармады – қалды іште сыр боп тұнып.

 

Қыдырма өлең, қысыр сөз – сол екеуі,

Жұрттың бардай алашақ, берешегі:

«Дорба ішінде пәлен бар, түген жатыр» – 

Сыпсың-сыпсың сумақай жел еседі.

 

Дәркем ерің асығын алшы иірген.

Дүниеде ісі жоқ жан сүйінген.

Екi cөзге келмейдi ол ауыш неме,

Жығылмасаң ығына қамшы үйірген.

 

Ала тайдай бүлдірген айналаны

Дәркембайдың тұңғышы – Тайғараны

Тайраңдатып қойғаны-ай заман, шіркін,

Тақымында тулатып тай-жабағы.

 

Шолжаң ұлы киіп ап шоңқайма етік,

Шықты еліріп бір күні айқайды есіп:

– Дос болғанға – дорба сый (ыржалақтап), 

Шулап кеттік ұлардай «ай-хой» десіп.

 

Кердең басып кереді ол қасын әйбат,

Жолдас болдық – ат мініп, асық ойнап.

Дәу дорбасын арқалап шықты үйінен

Не бар дестік даурығып, апырайлап.

 

Қоңыр дорба түспеді жерге бірден. 

Аузы ашылды қалпында өңгерілген.

Көзіме оттай басылды күміс шідер

Біздiкi едi ол мұрадай төрге ілінген.

 

Төбемді ойып кеткендей аспан қалың,

Қарашықтан қарай көр жас парлауын?!

Кергілеспей шідерді тартып алдым,

Тепкіледім баласын басқарманың.

 

Ең алғашқы қорқыныш өмірдегі – 

Мұның соңы кім білер, өлім бе еді?

Атпен сүйреп кетер деп қорқып едім

Дәркембай дәл сол күні көрінбеді.

 

...Алқам-салқам, дүние-ай, ат сүрінген,

Белгі қалар таңбадай жас күніңнен.

Бұл күндері Тайғара – біздің бастық,

Төбелескен неңді алған бастығыңмен.

 

Жазығы не, құдай-ай, Тайғараның?

Өткен-кеткен күндерді ойға аламын.

Менің көкем сол кезде қыстақта еді,

Ұзатпайтын алысқа айдағанын.

 

Басқарманы деп жүр ғой ел есі ауған,

Балалықтың жарқ етер елесі алдан.

Дәркембай дәу шідерді ұрлаған жоқ

Көкем менің араққа бере салған.

 

Жеңгеме кеп шұқшиған жейде тігіп,

Көкем жайын сұраймын ой көшіріп.

Іштен тынып қаламыз сосын біздер

Мен сенбеймін болғандай кейде өтірік.

 

*****

Нұрислам Құспанғали. Атырау облысы, Атырау қаласы

Веррес туралы баллада

«О, қасиетті Рұм елі!

Сенің мәңгі ұлың болғым келеді!»

...деген Веррес масаттанды өз сөзіне иланып,

Көркеудесін кере түсті лайық санап сыйға анық.

 

Тарихында қалу үшін ерлігі мол заманның,

Жүректерін жаулау үшін ғазалқұмар ғаламның

Сөйлей түсті губернатор сұлу сөзге еліріп,

Қараңғы елі тыңдап тұрды,

Қошеметтеп адам мың.

Шаттығымен толтырам деп шақтарды,

Көз алдына халықтың елестетті бақтарды.

Бөсе берді үсті-үстіне,

Қиыны –

Қаралады ақтарды!

 

«О, Сицилия!

Сеніміңді артшы маған!

Болашаққа өздеріңді мен сияқты тартсын адам!

Сендер мені қолдасаңдар,

Қайтарымы ретінде

Елім үшін мен де армансыз алдарыңда шарт сына алам!»

 

«Жұртым менің!

Құлағыңды сал мұнда!

Арманы жоқ сөз тыңдаған баланың да, шалдың да!»

Губернатор Гай Веррестің аузы-аузына жұқпайды,

Ант-су ішті қараңғы елдің алдында.

«Жер-жаһанға танытамын елімді!

Деп біліңдер барлық дұшпан жеңілді!

Арманыңды орындар

Тарам-тарам жолым бар,

Басшыларың мен боламын сенімді!»

 

Келешекке бастаймын деп өркенді

Сайлау алдын сұлу сөзбен көмкерді.

Бастарына байлық-бақыт уәде етті,

Күндеріне үміт сыйлап ертеңгі.

 

Отырған соң губернатор тағына

Сөйлей берді, сөйлей берді тағы да!

Ғұлама боп көрінем деп ойлады,

Ғаламатты айта берді жаныға.

 

Сайланған соң сол қараңғы елінің

Аяқасты ете салды сенімін.

Шу шығарып бара жатса біреулер,

Ауық-ауық естіртеді тек үнін.

 

Қарсы келер жан шықпады Верреске,

Білгенінше амал қылды сол бөспе.

Күннен күнге күйі кетіп халықтың,

Қалған үйдей қараяды ел көште.

 

Жұрттан заңсыз салық жиды ол тағы,

Қараңғы елі дат сұрауға қорқады.

Мал мен мүлік тегін келді – қаласа,

Басылмады билікқұмар өрті әлі.

 

Рұм елінен біле-тұғын жоқ-барды

Қаншама адам жөн айтуға оқталды.

Бірақ бәрін жымдай етті,

Парамен

Пайдасына шешіп алып соттарды.

 

Ер шығады сынақ келсе елден де,

Губернатор бірақ оған сенген бе?!

Ұлы Марк Цицеронға тап болды

Кезекті бір сот алдына келгенде.

 

Уысында тұрғандай боп бар әлем

Бұл жолы да шешпек болды парамен.

Ақиқаты айтылғанда

Сорлының

Жетіп еді зып беруге хәлі әрең.

 

Тура қарап шындық күткен жүзбенен

Цицероннан халық үміт үзбеген.

Губернатор тергелерде сот жаққа

Куәгерлер келіп тұрды жүздеген!

 

Жемқорлықты жақтай қойсын қай жерлес,

Ортасынан ешкім оған жай бермес.

Сот шешімі шықпай жатып сол кезде

Бас сауғалап қашып кетті Гай Веррес.

 

Марк Цицерон сот залында сөйлепті,

«Күшің барда кесапатты жой!» депті!

«Көйлегіне қарап адам сынама,

Адамына қарап сына көйлекті!»

 

Бір шешеннің орнын басып бір шешен,

Сицилия сол қалпында тұрды есен.

Цицерондар қалмағанда тарихта

Гай Верресті мен де ешқашан білмес ем.

 

Суық болма, бере алмасаң жылылық,

Тарих талай кезеңдерден тұр ұлып.

Ел есінде қалады екен адамдар

Екі хәлде: бірі – пасық, бірі – ұлық!

 

О, қасиетті Рұм елі!

Еуропаның етік сынды түбегі,

Жылдар жылжып, ғасыр аунап жатса да,

Сенің дүниең даналықтың шыңы еді!

Цицеронның аты асқақтап аспанда,

Тамырлары топыраққа сіңеді.

 

P.S.

Жеміс күтіп, жеңіс күтіп күзден де,

Келешектен қазақ күдер үзген бе?!

Кері бұрып жіберетін көшімді

Гай Веррестер керек емес біздерге…

*****

Артур Яхуда. Атырау қаласы

Ниет 

Алас-күлес.

Апақ-сапақ. Шақ құла,

Адасардай жаяуы да, атты да.

Бір жарыққа сеніп жүрген көңілді,

Бейопада әлдекімдер сатты ма.

 

Жол ма мынау, бұрылыс па, тоғыс па,

Жел сумаңдап кірер қойын-қонышқа.

Арсыз ойлар алып-қашар аулаққа, 

Түлкі билеп, есек озған қоныста.

 

Қайтпек керек. Тұру үшін еңседен,

Тал басынан, тау тасынан теңселер.

Кеуделер жүр күрескен боп ел үшін,

Ел тағдырын ойлаған боп кеңселер.

 

Бұл істе һәм бәрі үміткер, үлескер,

Үлескерлер шуылдасқан, үдескен.

Үнсіздікпен аға берер арналар, 

Үнсіз кейде басталады күрестер. 

 

Атқа мінсе, бос жіберіп тақымды,

Жат түгілі, жақын бұлдар хақыңды. 

Ар алдында адам үлкен болмайды, 

Дар алдында тұрғандайын ақырғы. 

 

Ымдаспаса көз астынан иектер,

Жымдаспайды небір ұсақ түйектер.

Алатайға беріп қойдық ерікті, 

О, Тәңірім, бізге таза ниет бер! 

 

Адалдыққа сыя қоймас санасы, 

Қалталар мен алақандар арасы.

Ежелдегі тазармаған отыз жыл, 

Біздің ниет - Авгейдің ат қорасы!

 

Мәстектерді дәмесінен қағарға,

Мешкейлердің арандарын жарарға, 

Алфей менен Пеней суын ағызар,

Бір Геракл керек біздің қоғамға

*****

Нұржан Өмірбай. Семей қаласы

Кейіс

Тоймайтын қарыныңды соз да шірен.

Қарама,бәрін де же без,ласымен.

Өңештен өтпей жатқан кесектерін

Жұта сал жетімдердің көз жасымен.

 

Тағы же,араны ашық жемір өңшең,

Таңданбан  жеуден ішің кеуіп өлсең.

Кемірген көк теңізде өз кемесін

Көртышқан елестейді сені көрсем.

 

Ауылға жол салам деп қапы қалма,

Атаңның басы ғана жатыр онда…

Бет сипар бейітіне бетің де жоқ,

Ұялмай тура қарап отырарға.

 

Қайтесің,қалаңа да қарайлама.

Шетелде қатын-балаң,оңай ма,аға?

Нән үйде жалғызсырап жатқаныңды

Үйі жоқ қазақ ұқсын қалай ғана?..

 

Түнде ішкен шарабыңа бар ашуың,

Бас жазар табылмай бір жанашырың…

Бір әйел одан сайын басты ауыртты

Еміне ақша сұрап баласының.

 

Шырылдап бейбақ ана жөнеледі:

“Шетелде ем алуы керек еді…”

Ал бұған маңызды емес не дегені,

“Шетелде демалуым керек еді…”

 

Тоймадың,жеген сайын көп асадың.

Құлқынның білем күңгірт жол ашарын.

Жұртымның жеп отырсың тәтті үмітін,

Ұлтымның жеп отырсың болашағын.

 

Сол ұлтқа құның төмен ұлтарақтан!

Араммен ас жемейтін бір табақтан.

Өкіртіп өңешіңнен өтпей қалып,

Өлерсің өкініштен қылтамақтан…

 

Атағың,абыройың бірге өледі.

Көк тиын сендейлердің құн,беделі.

Жерді де сатып едің,қайда көмер,

Елді де сатып едің,кім көмеді?!.

*****

3 орын- Асланбек Шығыр. Атырау қаласы

БІЗДІҢ ЕРМЕК немесе motivation 

…Үлкендерге жәрдем қылып бата алды,

Сыйлап өсті құрбы менен қатарды.

Елім үшін тер төгем деп бекінген,

Біздің Ермек ең жас әкім атанды.

 

Өткен жылы шаңырағын көтерді,

Құда қылды қиыспаған екі елді.

Асыл жары екі ауылды қуантып,

Дүниеге егіз ұлды әкелді.

 

Ата-әже, әке-шеше шаттанып,

Біздің бала жарады,- деп мақтанып.

Туыс келді, көрші, құда, дос келді,

Қуаныштың көз жасы да жатты ағып.

 

Ермек өзі әділдікті ту еткен

Азамат қой,

Адалдығы жүректе.

Қуаныштан жүзі балбұл жанады,

Арналды оған игі, ізгі тілек те.

 

Әділ,- деді тұңғышының есімін,

Адал,- деді екіншісін,

-өс, ұлым.

Егіз ұлын кезек-кезек сүйеді,

Ермекжанның берді Құдай несібін.

 

Ермек – жалпы жігіт қой бар айтары,

Таңда кетіп, үйіне кеш қайтады.

Ойлайтыны - елдің қамы, жұрт қамы,

Өзгелер де іскерлігін байқады.

 

Еңбек етіп, жөнге салып бұзығын,

Туралады тағдырының сызығын.

Берсем,- дейді, сұрағанын халқының,

Көрсем,- дейді, егіз ұлдың қызығын.

 

Өйстіп жүріп, ауылын да көктетті,

Іскерлігі Ермекті де етті епті.

Ауыл жұрты ізгі, ойлы жігітті,

Біздің Ермек, біздің Ермек,- деп кетті.

 

Ермек келіп, ауыл, міне жайқалды,

Шешілмеген мәселені тойтарды.

Бәле іздеген бәлеқор мен нашарды,

Білімді ұлан талай-талай қайтарды.

 

Шабады Ермек халық жүгін артып ап,

Бұл ауылдың көрді, рас, халқы бақ.

Көшелердің жанды түрлі шырағы,

Болашақтың шамдарындай жарқырап.

 

Ауылында атқарылды көптеп іс,

Бұрынғыдай боп жүрген жоқ көп керіс.

Ауылыма жол салсам ғой,- деп еді, 

Бүгін, міне жолдары да теп-тегіс.

 

Біздің Ермек өзгелерден ілгері,

Облысқа ұнайды оның білгені.

Әділдік пен Адалдықты ту етіп,

Өтіп жатты Ермекжанның күндері.

 

Батырым,- деп қысылса елдің тақымы,

Қуанады жаты менен жақыны.

Екі жылда елдің іші гүлдеді,

Ермек енді - облыстың әкімі…

*****

 

Қожабекова Жұлдыз. Ақтөбе қаласы

АР МЕН АҚШАНЫҢ АЙТЫСЫ

“Бақаның бағынан, сұңқардың соры артық”

Жұмекен Нәжімеденов

 

Кеше ғана қызметін бастаған, 

Іске құштар еді ол да жас маман. 

Ал бүгінде басқа қиял, басқа үміт,

Бастық болды жалындаған жас жігіт.

Буы ма екен мәртебелі мансаптың,

Тамырынан ажырады алшақ тым.

Төбесінен қарап тұрып төменге,

Ақыл айта бастағандай көөөп елге.

Қай кезде де айла, қулық, сыйлықтың,

Мекені еді айналасы биліктің.

Мейрам болып өтіп жатты әр күні,

Мейман қылып, төр ұсынды барлығы.

Шекпен жауып, мақтай берді көпіртіп,

(Шайтан бұны кеткендей ме, о түртіп?)

Мансап буы жіберді оны мас қылып,

Өз-өзіне ұқсамады жас жігіт…

Астына оның бұйырғалы Тақ мекен,

Қанша ағасы арқасынан қақты екен?

 

Бір көкесі шешкізбекке бір ісін,

Арнайылап іздеп кепті інісін.

“Рахметін” ақ қағазға орапты. 

Қысылмастан, қаржы ұсынып қомақты…

Қарап тұрып, ақша толы конвертке,

Ар-ұяты жігіт жанын алды өртке…

Бір жақта- Ар, бір жақта -ақша қағазы,

Алдында тұр тағдыр деген таразы.

 

Сөйлеп кетті Ақша сонда лепіріп,

Екі мұрат, екі өкініш, екі үміт:

- Менсіз, сірә адамдарға күн қайда?

Тірлігің де көне қоймас ыңғайға.

Мен жүрген жер үлбіреген үміт қой,

Өмірің де жеңілдейді біліп қой!

Қолымда тұр денсаулығың, білімің,

Мені ұстасаң, ұзарады құрығың. 

Шын байысаң, шылқымай ма шекең де,

Ата-анаңды қыдыртасың шетелге.

Әйеліңе шуба, алтын әперіп, 

Балдарыңа міндетіңді орындайсың әкелік.

Ақшаң болса, көпшілікке құрметтісің, сыйлысың,

Қымбат көлік мініп алып, үйлісің де күйлісің.

Алып жатқан алғашқы адам емессің ғой елде сен,

Бір-ақ рет қолыңа алып, жұмсап көрші сенбесең!

 

Осы кезде Ар айтты:

Мына әңгіме жүрегімді қарайтты!

Ар соты сияқты ішкі деп,

Өлімнен ұят күшті деп,

Тимесе елге үлесің көп,

Тек жүрсең, тоқ жүресің деп,

Атаң қазақ кісі ақысын жемеген,

Шындығында ұлы халық не деген?!

Бақсаң, егер ақшасы бар бақытты емес бай біткен,

Абыройың өлшенбейді ешбір дүние байлықпен.

Адал атқа дақ түссе егер бір рет,

Оны ешбір жуа алмайды құдірет. 

Арам ақша- қамалаған күңгірт ой мен ми тұман

Дүниеде қымбат не бар, түнгі тыныш ұйқыдан?

Күшің тасып, кісі ақысын жеп бостан-бос күшенбе,

Заңнан қанша қашқаныңмен, жан дүниең кісенде…

Арам жолмен келер болса ақша құн,

Одан биік болу керек арманың мен мақсатың!

Абыройдың астарында жасырынып жатады,

Ұрпағыңа қалдыратын Адам деген жақсы атың!

Әділдіктің соқпағына шығар болсаң жол артып,

Өзіңнің де ел алдында абыройың болар тік. 

Бақалардың бағынан да, сұңқарлардың соры артық. 

Сондықтан да мені ешқашан алмағайсың жоғалтып. 

Ақша үнсіз..

Таразының басып кетті Ар жағы,

Көшелі ұл көкесінің көк тиынын алмады!

 

Жылдар жылжып, адал жолмен жігіт жетті мұратқа,

Кір шалдырмай, дақ қалдырмай

Адам деген ұлы атқа! 

*****

 

Сандуғаш Серікқызы. Алматы қаласы

«РУХ РЕВОЛЮЦИЯСЫ» өлеңдер циклы

 Триггер 

Негізі əділет сөйлейді, 

бірақ естімейсің – 

өкпең кедергі. 

Негізі ол өте жақын, 

бірақ қолың жетпейді –

 өз пайдасына шешкен кедергі. 

Негізі ол ішіңде, 

жасырын өзіңе,

 бізге де. 

Сол жерден таппасаң – 

соттан да, елден де, 

ешкімнен іздеме! 

Абсурд

 Толық адам жоқ бұл күні,

 Толық лауазымдар бар алмасқан. 

Ар – архивте. 

Жүрек – музейде. 

Ұят – ескі кітап сөресінде шаң басқан. 

Сезімдер – смартфонда өмір сүрсе, 

Мейірім – тек балаға арналған ертегіде.

 Əділет сатылып жүр, 

Қалталылар қаптаған жерде, міне!

 Біз Абайдың сөзін жатқа білетінбіз. 

Біз Абылайласа, атқа мінетінбіз. 

Қазіргі ісіміз – бөлек. 

Көңіліміз – бос,

 Көзіміз – толы. 

Бізді қайда апарар екен, 

Өмірдің жолы? 

Адамның кейбір кездері 

1.Тазалық – баланың тынысындай жұпар, 

Бірақ менің демімнен темірдің иісі шығар... 

2. Топырақ – қолымда! 

Бұл даналықтың иісі ме, 

Əлде жанымнан түскен шаң ба – 

ажырата алмадым оны да. 

3. Біреу – балға, 

Біреу – күрек, 

Ал сен – қирап жатқан кірпішке ұқсайсың, Жүрек! 

4. Түнде шеге боп түс көріппін. 

Қабырғаға қадалып, егестім. 

Іштей айқайлап жаттым: 

«Мен де бірнəрсені ұстап тұрмын!

 Мен де керексіз емеспін!».

 5. Жанашырлық – дауыспен емес,

 өмірмен өлшенеді... 

Жаныңнан қан аққанда ғана,

 Көзіңді құм жапқанда ғана ел сенеді. 

Пікірлеу Қарапайым ғалам. 

Қарапайым əлем. 

Қарапайым саған 

Қарапайым менен – 

Қарапайым өлең! 

Қарапайым аспан, 

Қарапайым күн де. 

Қарапайым тастар, 

Қарапайым гүл де! 

Таба алмадым жерден – 

тəкаппарлық мүлде! 

Қарапайым жолдар. 

Қарапайым ойлар. 

Қарапайым сезім. 

Қарапайым арман. 

Тазалықты көрдім –

 Қарапайымдардан.

 Қарапайым жаны. 

Қарапайым көзі. 

Қарапайым бəрі: 

ойы, өзі, сөзі. 

Адамның ең сұлу – қарапайым кезі. 

Қарапайым сенім. 

Қарапайым көңіл.

 Қарапайым өлім. 

Қарапайым өмір. 

Қарапайымдардың – 

Қос өмірі жеңіл... 

Архетип Қолдарым – 

Темір ұстағаннан емес, 

Арыммен арпалысып қанға боялды. 

Түнге кірпіш боп қаланып,

 Таңда есіктің табалдырығында ояндым. 

Біреу біреуге аяғын сүртті, 

Біреу тобығымен кешіп жүр жұртты.

 Біреу біреуге «рақмет» деуін, 

Жұлдыздар ағаштың саусақтарына ілініп күтті.

 Күресу – мен ойлағандай ма? 

Жаным отқа түсіп,

 Жүрегім құмға айналардай ма? 

Қағазға қаламмен тақырып соқсам – 

Алдымда Абайдың көзі,

 Көзі емес, 

Өзімнің ішкі жарығым екен, 

Мен оны таныдым ба екен? 

Мен өзімді таныдым ба екен? 

Сонда не үшін жанталасып жүрмін? 

Өзімді алдау үшін бе? 

Жоқ. 

Қоғамнан қалмау үшін бе?

 Жоқ. 

Ішкі даусымды қорғау үшін! 

Сол дауыс:

 – Сен адамсың ба? – 

деп сұрады кенет менен. 

Міне, осы сұрақты жоғалтып алмау үшін 

Еңбектенем!..

*****

Сұлтанғазы Асыл. Жетісу облысы, Талдықорған қаласы

Тасмүсінмен тілдесу

(Баллада)

Бір ізгілік көкжиектен көрінді,

Жанарыма сиятын.

Ұмытып ем ұлттың атын, ұятын;

қуанышын, 

күдік, 

үміт, 

миятын...

Көзең бар ма, көздің жасын құятын?

 

Сілкіп ішіп, сарқып ішіп көз жасын,

Тағылымды кеш аламын өз басым.

Ей, тасмүсін, 

бір аңыз бар бағзыдан,

Қорқыт-көңіл солар жайлы қозғасын.

 

Таңда жүріп тандыр кепкен кезеңде,

шөл қандырмай өмір атты өзенге.

Екі өрен – бір шәрінің құлыны,

Бағдатқа жетпей ерні кезерген.

 

Кеште жүріп кенезеге қақ тұрып,

Шаттық, ойын, балалықты лақтырып.

Екі өрен жұртқа тұтқа болмаққа,

Білім жолға түскен екен аптығып.

 

Сан мехнат жол өткерген екі өрен,

Сан жыл сарсаң сүрдек басқан екі өрен.

Көздің майын ғылым қуып өтеген,

Сөздің жайын бізде айтылық төтеден.

 

...Мақсат, Мақсұм Бағдаттан нәр алған,

Білім қуған, білікті боп жаралған.

Әулие ұстаз алдын көрген қос саңлақ,

Елге келіп жол кешіпті әр алуан.

 

Мақсат елге әкім болған көреген,

Табылыпты манат, мақпал төбеден.

Тамыр үзбей тектіліктен, өреден,

Ақ бастауын алған екен көнеден.

 

Елге құстың мамығындай жұмсақ-ты,

Ақыл-ойын болашаққа жұмсапты. 

Кебісінің ақ ұлтанын тесердей,

Көш басында көз ілмепті бір сәтте.

 

Адалынан тер саулатқан ел үшін,

Алалынан тапқан тірлік жеңісін.

Аяз бидің шапанындай сол Мақсат

өлген кезде, сүйген жұрты кебісін.

 

Ал, Мақсұм ше? 

ақыл дария тасыған,

Ынсабына ырық берген жасынан.

Бірақ... оның бар білімі өзінің

аса алмапты мақтанқұмар басынан.

 

Ел ырсын шашып жепті сұраусыз,

Жайсаңдарды жібірлепті бұлаусыз.

«Мақсұм елі» деп атапты ауылын

Іс қылғанын кеш біліпті құрусыз.

 

Мәселені тек парамен шешіпті,

Лайсаң жолды белшесінен кешіпті.

О, осылай ақ білімнің өтеуін,

Арсыздықпен шайқағанын кеш ұқты.

 

Мақсұм өлген... 

өмір – жалған көш еді,

Керуен жолда ізің қалай өшеді?

Жерлігіне адам шықпай, ұлдары,

Жылап жүріп «жолға сапты» көшелі.

 

Ақыретке тек ұрпағы жөнеген,

Орын апты адам бармас төбеден.

«Елге мырза, азамат бол білікті,

Ей, жарандар тамыр үзбе көнеден», –

 

дегім келді, 

дегім келді, тасмүсін, 

Қарт Алатау тарсын түзу тәспісін.

Сен – бақилық,

Мен – пәнилік, қос мұңлық,

Адамзаттың толғап айттық нәпсісін.

 

Бір ізгілік көкжиектен көрінді,

Жанарыма сиятын.

Көзем қайда, көздің жасын құятын?!

Өмір жалған, 

Адам адам болған соң,

Жастап өлсе керек еді-ау, ұятын!

*****

 

Қалижан Еркеназ. Атырау қаласы

Қамшының киесі

(немесе адалдық туралы баллада)

Бала кезім, білмейтін жасымды анық,

Қараша үйге жетуші ек кеш ырғалып.

Қоңыр күздің күні еді, тете ағаммен

Асық ойнап жүруші ек асыр салып.

 

Елес қуып кеткендей қай-қайдағы,

Жанықты ағам, денесін тер бойлады.

Ат байлайтын қазықтың дәл қасынан

«Қамшы тауып алдым», - деп айқайлады.

 

Ағам мәз, орындалып ішкі арманы,

Бермейді бізге, бәлкім қызғанғаны.

Өрімі де ерекше ол ғажаптың,

Тобылғыдан жасалған ұстар сабы.

 

Үйге асықты бір сәтте қапылысып,

Жанарынан төккендей жарық үзік.

«Қамшы тауып әкелдім әке, сізге»

Деді ағам ақ көңілі алып-ұшып.

 

Бөлме іші үнсіздік даңғарадай,

Әкем бұл олжасына оң қарамай.

Кенет, қолдан жұлып ап сол қамшыны,

Арқасынан ағамның салды аямай.

 

Қарауытып алдында бар алабы,

Жүзеге аспай ойдағы жорамалы.

Тәлтіректеп ағамның тұла бойы,

Көзінен жас тоқтаусыз домалады.

 

Әкем беттен сорғалап адал тері,

Ағама қарап әбден бозарды өңі:

«Рұқсатсыз затын алма енді ешкімнің,

Қайдан алдың, сол жерге апар», - деді.

 

Есін жияр-жимастан ағам әлі,

Жүгіре басты қызып жан алауы.

Кері тастап қамшыны қазыққа кеп,

Қайырылып артына қарамады.

 

Жүйткісе де уақыттың жол арбасы,

Лайланбады адалдық сол арнасы.

Көзді арбайын дегенде қызыл-жасыл,

Сыздайды екен ағамның жон арқасы.

 

Мен де еске сол сәтті жиі аламын,

Көкірек-көз шалады қиядағын.

Топ бастаған талайлар білсе, шіркін,

Қолға ұстаған қамшыда кие барын!..

*****

Нұрбақыт Аршын. Талықорған қаласы

Қазақстан

 Бергенің шығар бесіктен,

Жанымнан аулақ жат қылық.

Жыланды кірген есіктен,

Шығардым басына ақ құйып.

Өйткені сенен ұялдым!

 

Дос табалап, жат күндеп,

Құқайдың көрдім қандайын.

Қанаты құстың қатсын деп,

Көшімнен қалған бар жайім.

Өйткені сенен ұялдым!

 

Бағаладым қасты да,

Ашуды ақыл тұсар деп.

Атпадым суға тасты да,

Құсың үркіп ұшар деп.

Өйткені сенен ұялдым!

 

Есікті іштен ілмедім,

Адасып жүрген ел қонар.

Дарақыланып күлмедім,

Күлкіге құмбыл пенде бар.

Өйткені сенен ұялдым!

 

Ойнақтаса да қазанат,

Шаппадым жүйткіп, атойлап,

Жаяу жүрген азамат,

Қала ма деп қате ойлап.

Өйткені сенен ұялдым.

 

Сүйенбедім талыңа,

Жапырағын төгер деп.

Медеу тапсын жанына,

Қанаты талған көбелек.

Өйткені сенен ұялдым!

 

Алтын шуақ иіткен,

Шалқып жатсын кең өлкем,

Алыс жүрдім биіктен,

Түсер жанға көлеңкем.

Өйткені сенен ұялдым!

 

Кеудесін қаққан дос қанша,

Қайтемін мен де батырсып.

Шегірткең үркіп қашқанша,

Көзімнен кетсін жас ыршып.

Өйткені сенен ұялдым!

 

...Ақиқат деп сенерім,

Алтын қазық калимам.

Қазақстан дегенім –

Әділет, ынсап, Ар-иман.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan