Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ақынмен кездесу өтті...

07.03.2024 2085

Ақынмен кездесу өтті 12+

Ақынмен кездесу өтті - adebiportal.kz

Ұлттық руханиятты дәріптеп, насихаттау - ел еңсесін әрқашан тік ұстаудың кепілі екені анық.

Көктем айы туа қазақ даласының әр түкпірінде түрлі мазмұнды да қызықты іс-шаралар легі қарқын алуда. Маңғыстау өңірінде өтті. Наурыз айының басында, Халықаралық аналар мейрамының қарсаңында Маңғыстау облысындағы мұнайлы қала Жаңаөзенде соңғы кездері түрлі мәдени, рухани іс-шаралар жиі өтіліп, халық көпшіліктің назарына ұсынылуда. Осындай ілкімді іс-шаралардың бірі – Жаңаөзен қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі өткізген «Бақыттымын, жанып тұр ішімде күн» атты тағылымды кеш болды. Қазақ әлеміне аты жақсы таныс белгілі ақын, философ, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Мұратхан Шоқанның шығармашылығына құрылған кешті Жаңаөзен қаласының әкімі Жансейт Кайнарбаев арнайы келіп тамашалады. Әкімдік қызметкерлері, әр саланың жауапты мамандары, қала тұрғындар мен өнерсүйер жастар қатысты.

Мұратхан ақынның шығармашылық кешінің тізгінін белгілі жыршы, сан қырлы өнерпаз азамат Арғын Бисенов ұстады. Шығармашылық кеште өлең оқылып, ән шырқалды, оқырмандар мен ақын арасында тәуелсіз Қазақстандағы ең басты құндылық – елдің татулығы мен бірлігі екендігі аясында әңгіме-сұхбат өрбіді.

Жаңаөзенге арнайы ат терлетіп келген ақын Мұратхан Шоқан бұдан соң қала әкімінің қабылдауында болып, егемен елдің жарқын болашағын баянды ету жолында атқарылса деген өзінің ойларын бөлісіп, жобаларын таныстырды.

Мұратхан ақынның маңғыстаулық көпшілікпен шығармашылық кездесуі Жаңаөзен қаласымен іргелес жатқан Кендірлі ауылында жалғасты. Жергілікті оқырмандар, Мұратхан Шоқанның өлеңдерін қадағалап жүретін кендірлілік тыңдармандар ақынды жылы шыраймен қарсы алып, жыр әлемін бірге шарлады. Ақын өз өлеңінде: «Әр үйде бір шам жанып тұрсын, жас ұрпақ тек отбасылық санамен ғана шектелмей, жалпыұлттық, жалпы адамзаттық құндылықтар деңгейге көтерілуі қажеттігі жайлы ой бөлісті.

Қаламы қарымды ақын, философ Мұратхан Шоқанмен кездесуді жаңаөзендік өскелең жас ұрпақ ұзақ уақыт есінде сақтап жүрері сөзсіз.

Ақын жайында деректер.

Ақын, фиолософ Мұртахан Шоқан 1974 жылы жиырма бесінші ақпанда Қытай Халық Республикасы, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы районы, Тарбағатай аймағының Толы ауданында дүниеге келген. Ата анасы – педагог ұстаздар. Орта мектепті бітіргеннен кейін 1994-1996 жылдары Үрімжідегі Шыңжаң университетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алған. Аталған оқу орнын бітірген соң 1997-1998 жылдары туған ауылы Ақбелдеуде мұғалім болып жұмыс істеген. Бұдан соң 1998-2001 жылдары Толы аудандық мәдениет мекемесінде қызмет істейді. Жастайынан шығармашылықпен шұғылданып, өзінің ойлы жырларымен ерекшеленген ақын Мұратхан Шоқан 2001 жылы тарихи отаны Қазақстанға оралады. 

Атажұрттағы шығармашыл ортамен бірден етене араласқан жас ақын мұндағы әдеби процеске белсене араласады. Сөйтіп ол 2003-2009 жылдары республикалық «Қазақ әдебиеті» «Жас қазақ» газеттерінде және «Жазушы» баспасында жұмыс істеді. Бұдан соң 2013-2015 жылдары Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында жұмыс істеді. 2015-2018 жылдары Алматы қаласы жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры аясында «Әдебиет әлемі» орталығының жетекшісі болып қызмет атқарды. 2019-2020 жылдары Алматы қаласы Наурызбай ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жауапты қызметтер атқарды. Қазіргі таңда ҚР Ұлттық кітапханасында қызмет етеді. Ақынның әр жылдары «Жиырманың жалыны», «Маған көктем сыйлашы», «Жүрекке жүгіну», «Тазалыққа ұмтылу», «Түнгі лирика», «Айды қонақ қылу» қатарлы жыр кітаптары жарық көрген. Сондай-ақ «Жаратылыснама», «Бұзылған таразы болма» философиялық кітаптары оқырмандарымен қауышқан. 

Аудармамен шұғылданып, «Әлем бесік жырлары» атты ән альбомды қазақшаға аударды. Сонымен қатар «Тәуелсіздік жемісі», «Қытайдағы қазақ кәсіпкерлері», «Қандастар үлесі», «Үздік 30 ауыл» қатарлы анықтамалық фотоальбомдардың идеясының авторы әрі құрастырушысы ретінде қалың жұртшылыққа таныс. «Жастық – жалын жыр», «Жүз өлең» қатарлы жастар поэзиясы антологиясын құрастырып, жарыққа шығарған. Ақынның шығармалары өзбек, қырғыз, ұйғыр, қытай тілдеріне аударылған.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар