Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ақынның Балалық Шағы...

08.08.2015 6022

Ақынның Балалық Шағы

Ақынның Балалық Шағы - adebiportal.kz
Абай — Арғын Тобықты руынан, 1845 жылы Шыңғыс тауында туды. Абайдың шын аты — Ибраһим. Қазак әдеті бойынша шешесінің еркелетіп қойған Абай атын толық атап кеткендіктен, біз де Абай дейміз.
Абайдың әке тұқымы — Тобықтыға басшы би болған, бай жуан ата. Үлкен атасы Ырғызбай да әрі батыр, әрі жуан би болып елді аузына қаратып өткен кісі. Осы Шыңғыс тауы қонысқа лайық, малға жайлы жер деп орын қылған кісі.
Онан соңғы атасы Өскенбай би, Абайдың өз әкесі Құнанбай — жұртты аузына қаратқан, ел билеген ақсүйек байлар табынын өз елінде көсемі болған азулы би байы. Өз тұсында қазақ арасында мұсылмандықты жайып, дін, шариғаттың орнауына мықты еңбек сіңірген діншіл кісі болған. Заманында өз табы — (өзі үшін) діннің мықты құрал екендігіне мықтап түсініп, ел арасына діннің тамырлап, тарауына арнап еңбек сіңірген. Құнанбай, өзге жұрт баласын орыстан кашырып тығып жүргенде, өз баласын орыс мектебіне беріп, орысша оқытқан.
Абайдың шешесі — қазақ ортасында елді күлдіргі, калжыңымен сөгіп, шешендікпен атақ алған әйгілі Қантай, Тонтаймен туысқан Тұрғанның қызы. Абайдың шешесі өзінің тұқымдарындай от ауызды — әрі бай, әрі жуан би, той-думан арылмайтын, ақын, жыршы, шешен, би кетпейтін ауыл болған.
Атадан ұл туса игі еді,
Ата жолын қуса игі еді…-
 
деген ескі нақыл бойынша, Абай жас шағынан-ақ сөз тындап, сөзге үйір боп өсе бастайды. Осындай қожа, молдалар, билер, ақындар кетпеген ортада тәрбие алады. Абайды ақындыққа ыңғайланған жағдайдың бірі осы сияқгы. Он жастан он екі жасқа дейін ауылда мұсылманша оқып, сауатын ашып қана қоймай білімін кеңіте береді. Он үш жасқа шығарда Семейде молда Ризәнің медресесіңде оқиды. Медреседе оқып жүріп Приходский школінен орысша оқып, 14 жасыңда сабақтан шығады. 15 жасында балалықты былай қойып, үлкендер катарында жұмыс атқаруға кіріседі. Өз тұсында ақылды, саналы, зерделі, шешен, көсем жігіт болып ел билігіне араласады. 20 жасында Абай халық ортасында маңдай адды шешен болады. Орақ ауызды, от тілді кісі атанады.
Абай жасынан-ак, қазақтың бұрынғы салтын, қалпын, әдет-ғұрпын, дәстүрін, ескі сөздерін, ескі билердің ережелі тақпақтарын, тапқыр, пішін сөздерін, биліктерін көп зерттеп, үйреніп, тексереді, көп оқиды. Ескі мақал-мәтел, қазақтың өзінің бұрынғы өткен билерінің нақыл мысал өрнек етіп айтқан сөздерін көп зертгеп жаттайды. Бұрынғының барлық шебер сөздерімен Абай өте жақсы таныс болып, өзі де сондай сөздерге өмір бойы машықтанады.
Абайды сөзге, сөз өнеріне, шешендікке баулыған жағдайдың бәрі өмір бойындағы Абайды коршаған — жуан көсем бидің, ірі байдың ауылы. Абай араб, парсы, түрік тілдеріндегі әдебиеттерді еркін оқып түсінетін болды. Заманында арабшаны, парсышаны, түрікшені Абайдан артық білетін ешкім болмайды. Шала, шапты оқып, шариғат айтып, мал тауып жүрген дүмше молдалар Абай отырған жерде кысылып, сескеніп, сөйлей алмайтын болады.
Абай әлгі тілдерді жақсы білгеннің арқасында әдебиетін де көп оқитын болады. Сөйтіп, араб, парсы, түрік әдебиеттерімен де әжептәуір таныс болады. Абайдың әдебиетке жакындауына бұлар да көп себеп болады.
Абай 14 жасында-ақ құрбы-құрдастарына арнап тәлкек, сықақ өлендер жаза бастаған. Құрбылары Абайдың өлендерін жаттап алып, елге жайып жіберетін болған. Өлендері сол кезде мәнді, дәмді болған. Бірақ Абай өзін-өзі ақынмын деп санамаған, өзі жуан атаның баласы болған сон, «кедейлер істейтін ақындық кәсібін кәсіп етіп», өзін-өзі ақын деп санамай, бері таман келгенше оның соңына түсуге арланатын болған. Ол кезде қазақ ортасында ақындықтың қадірі де шамалы болатын. Ақындық кәсіп еткен кісіге жоқшылықтан істеген кәсіп есебінде болатын.
 
АБАЙДЫҢ ОРЫСТЫҢ, БАСҚА ЕЛДІҢ ЖАЗУШЫЛАРЫМЕН ТАНЫСУЫ
Абайдың бойындағы қайнап жаткан қуат, зердесінің жарыққа шығып, «жалпыға» жеміс болып шашылуына сол замандағы жер ауып жүрген орыс халықшылары көп себепші болады. «Орыс әдебиеттеріменен таныстырып, өрісімді кеңейтіп, көзімді ашқан жер ауып келген Михаилэс, Маковецкий, фольклор жинаушы Гиролсс деген кісілер болады», — дейді екен Абайдың өзі. Шынында, Абайдың сана-сезімінің ұлғайып, өленді өнер деп тануына, өлеңнің соңына шұғыл түсуіне әлгі айтылған кісілер көп көмек көрсетеді. Орыстың атақты ақын-жазушылары Пушкин, Некрасов, Салтыков, Толстой, Тургенев, тағы басқа ақын, жазушы, сыншыларымен таныстырады. Олардың мұрат-мақсаттарының қандай болғандығымен де таныстырады. Сондықтан Абай өле-өлгенінше: «Менің әкемнен артық жанашырлық қылып дүниеге көзімді ашқан Михаильс еді», — деп айта беретін болған.
Абай бала жасынан тырыстығының, зеректігінің арқасында орыстың өте көп жазушыларының шығармаларын оқып шықты, оқып қана қоймай өзіне керектерін пайдаланды. Пушкиннің, Лермонтовтың, Крыловтың бірқатар шығармаларын қазақ тіліне ұғымды, жатық, әдемі ғып аударды. Кей аудармаларының керкемдігі ана ақындардың түп сөздерінен кем болмаған.
 
АБАЙДЫҢ ҚАРТАЙҒАНДАҒЫ БІР АРМАНЫ
Абай елдің бар жұмысына қатынасты: болыс та, би де болды. Барлық елді өз аузына қаратып ескі билерше билеп отырғысы да келді. Бірақ Абайдың табы — билер-феодалдар табының әкімшілік дәуірі ол кезде өшкен еді. Сондықтан заман дегенін істетеді. Абайдың бір арманы осы болды. Жас кезінде тереңнен тексерерлік ілім оқи алмады. Қартайған кезіндегі бір зор арманы осы болды. Бұл туралы Абай мынадай өлең шығарды:
Жасымда гылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұрып тексермедім.
Ер жеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
 
Өзінің өмірінің үлгісін есінен алып, балаларының бәрін жастайынан оқуға берді, оқытты. Балалардың оқып білім алғанын өте жақсы көрді. Бұл туралы:
Адамның бір қызығы бала деген,
Баланы оқытуды жек көрмедім.
Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, чин алсын деп бермедім, -
 
деген. Абайдың балаларының бәрі де оқымысты болған.
 
АБАЙДЫҢ ӨЛЕҢІ
Абай өленді жазғанменен, құнттап жинамайтын болған. Жазған өлеңдерін ел адамдары, өлеңші жігітгер жаттап алып, елден елге таратқан. Абайдың өлеңдері халық аузында мақал-мәтел орнына жұмсалып ардақталатын болған. Абай өзінің өлеңіне қарағанда үздік жақсы екенін түсініп, халықтың оншалық бағалай қоймауына назаланып, мынадай өлең айтқан:
Батырды айтсам, ел шарлап алған талап,
Қызды айтсам, қызықгы айтсам, қыздырмалап,
Әншейін күн өгкізбек әңгіме үшін,
Тындар едін бір сөзін мыңға балап.
Ақыл сөзге ынтасыз жұрт шабандап,
Көнгенім-ақ соған деп жүр табандап.
Кісімсінген жеп кетер білімсіз көп,
Жіберсем өкпелеме көп жамандап.
 
Абай өлеңді өнер деп түсіне бастаған соң, өленге қоятын шартты да зор деп, қиын деп түсінеді. Өлең жазу екінің бірінің қолынан келмейді. Екінің бірі жазған дәлдубатпақ өлең де болмайды.
Өлең — сөздің иатшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.  
Өнерге әркімнің-ақ бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы.
Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын,
Қазақтың келістірер қай баласы? –
 
дейді. Бұқар жырау, Шортанбайлар сияқты бұрынғы ірі ақындарға сын тартады. Міне, Абай өлеңге осындай шарт кояды. Осындай, осы айтқандай болып келген өленді өлең дейді. Осындай қылып өлең жазған ақынды ғана ақын дейді.
Сөйтіп, қазақтың атакты аты шулы ақыны Абай 1904 жылы алпыс жасында дүниеден қайтты. Қазақ әдебиетіне ұлы қазына дерлік мұра қалдырды. Осы мұраны Ленинше ұғып, пайдамызға асыру — біздің әдебиетіміздің міндеті.
 
АБАЙДЫҢ ӨЛЕҢДЕРІ ТУРАЛЫ
«АТТЫҢ СЫНЫ»
Мынау «Аттың сыны» — Абайдың сол замандағы жақсы деген атты тілмен, сөзбен суреттегені. Жақсы суретші Абайдың осы сөзіне қарап отырып, оп-оңай Абай айтқан аттың суретін салып шығарар еді. Шебер жазушының бір затты суреттеп айтқан сөзіне қарап, сол заттың суретін жолдап алуға болады.
Ат қай заманда болса да керексіз мал емес, ат мықты көліктің, мықты құралдың бірі. Абай заманы — ескі заман. Ол заманда ат өте-өте кадырлы болған заман. Онда осы күнгі қазақ арасындағы пойыз отарба жоқ. Ауыл арасы, ру ішіндегі тап тартысы, жиын-той, дау-шар атқа байланысты еді. Ол кезде жаңа, өте-мөте одан арғы замандарда да жақсы ат қазақтың бір қызының қалың малы еді. Осы күнге дейін айтылып келген «бір қыздық ат» деген мәтел сол замандардан қалған. Атқа арнап, ат болғанда осындай ат жақсы деп сол замандағы «Аттың сынын» сыншыларша жазды. Ат болса осындай ат болсын дейді. Әрине, әр дәуірдің бір нәрсеге қойған сынында белгілі айырмашылық болуға тиіс.
 
АҢШЫЛЫҚ ТУРАЛЫ
Аңшылық — осы күнге дейін маңызын жоғалтпаған кәсіп. Бірақ Абайдың айтып отырған, Абайдың әдемілеп суреттеп отырған аңшылығы біздің кешегі байлар билеген ауылдың аңшылығымен таныстырады. Солардың аңшылыққа беретін сабағымен, көзқарасымен, суреттеуімен таныстырады. Байлар билеген замандағы әлділердің ит жүгіртіп, бүркіт салып, ат шаптырып, ас беру суреттері Абайдың өлендерінде айқын керінеді. Ақсүйектер, байлар аңшылықты тек қызық салтанат, атақ деп бағалаған. Абайдың аңшылықты суреттеуі, Абайдың аңшылыққа көзқарасы, мырза байлардың көзқарасы екенін айқын көрсетеді.
 
ЖЫЛДЫҢ ТӨРТ МЕЗІЛІ
Жылдың төрт мезгілі: жазғытұрым, жаз, күз, қыс. Абайдың көркем жазылған шығармалары. Абайға шейін қазақ көркем әдебиетінде жаратылыс құбылыстарын жазған Алтынсарыұлы Ыбырай еді. Құнанбайұлы Абай Алтынсары Ыбырайдан да толық әсерлі қылып суреттейді. Жылдың 4 мезгілін бөлек-бөлек қылып суреттегенде, Абай көркем, әсерлі тілмен, жанды суреттермен пернелейді. Жасарып, гүлденген жаздың түрін, әнін, махаббатын суреттейді. Жаз суреттері, күлген, елжіреген күн. Масатыдай құлпырған жердің жүзі, әдемі киінген қыз-келіншек, жаңа шыққан гүл-бәйшешек, гүлге қонған көбелектер, «Сыбдыр қағып бұрандап аққан су», қаршыға салған жігіттер, қырда торғай, сайда бұлбұл, ойнаған жастар, оң-сол ән-күй, балалаған мал, ойнаған бала… біреуі екеу болған шаруа, көшкен ел… Шілде суреттері: көкорай шалғынға семірген мал, сыңқылдап күлісіп үй тіккен қыз-бозбала, жақсы атқа мініп келген бай, кілемнің үстіне кымызға отырған байдың үйі, байға жарамсақтанып малшыларға «малды әрі кайыр» деп ақырған ақ сақалды қарт, таңертеңнен асау мініп, салпылдап келіп тұрған жылқышылар.
 
КҮЗ БЕЛПСІ
Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,
Күз болып дымқыл тұман жерді басқан.
Тоңғаны ма білмеймін, тойғаны ма,
Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.  
Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,
Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.
Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,
Жапырағынан айырылған ағаш-қурай.
 
Бұрынғыдай жадырау, көлеңке іздеу жоқ, кемпір-шал құнжың қағып, бала бүрсең қағып, жылы жер, жылы киім іздей бастаған.
Осы жерде Абай еріксіз кедей мен байдың күзгі тұрмысын қосып, күздің суретін талқылайды.
…Кәрі қой ептеп сойған байдың үйі,
Қай жерінен кедейдің тұрсын күйі.
Қара қидан орта қап ұрыспай берсе,
О да қылған кедейге үлкен сыйы.
Үй жылы киіз тұткан айналасы,
Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты
Ағып жүріп ойнатар көздің жасы.
 
Кедейдің күзгі қызықсыз халын суреттейді. Осы суық күзде бай сары тонға оранып, от басында отырса, кедей дірдектеп, соның малын бағып жүреді. Баласы көзінің жасы ағып жүріп байдың баласын ойнатады. Бұл өлеңде осы теңсіздікті көрсетеді. Абай бұл теңсіздіктің аяғының бара-бара жақсы болмайтынын, байға да оңай соқпайтынын сезіп, кедей мен байды келістірмек болады.
…Алса да аяншақтау кедей сорлы,
Еңбек білмес байдың да жоқ қой орны.
Жас бала, кемпір-шалын тентіретпей,
Бір қыс сақта, тас болма сен де о ғұрлы.
 
 
ҚЫС БЕЛПСІ
Ақ киімді, денелі, ақ сақалды.
Соқыр-мылқау танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап келіп қалды.
 
Міне, қысты ақ сақалды мылқау қарттың суретіне теңейді, ол мылқау қартты каһарлы қылып суреттейді.
Дем алысы үскірік аяз бен қар
Кәрі құдаң қыс келіп әлек салды.
Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып,
Аязбенен қызарып ажарланды…
 
Міне, Абай жылдың терт мезгілін өстіп суреттейді.
 
АБАЙ ӨЛЕҢДЕРІНІҢ ТІЛІ, ТҮР ШЕБЕРЛІГІ
Тіл ретінен Абайдың шығармалары көп пайда береді… Қазақ тілінің барлық байлығын, барлык тұлғасын Абай шығармалары толық көрсете алады. Сондықтан да Абай шығармаларының мәні зор. Онан қазақ тілін сұлулар, көркем нақыштап, әдемі кестелеп, әсерлі жыр, сұлу күйлі өлең қылып шығару ретінде де Абай үлгі өрнек болатын үздіксіз шебер ақын екендігі белгілі. Бұл ретте Абай сөздерінің мәні зор.
Ескі тұрмыспен, ескі санамен танысу үстінде Абайдың шығармаларының мәні зор.          


Сәкен Сейфуллин            
1934 жыл.
Сейфуллин С. Көп томдық шығармалар жинағы. — Алматы: «Қазығұрт»  баспасы, 2006. Алтыншы том.

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар