Ақынның шынайы бейнесі «Гладиаторда»

214

Ақынның шынайы бейнесі «Гладиаторда» - adebiportal.kz

Бауыржан Омарұлы ағамның «Гладиатор» атты портрет-эссесін оқып бітірген соң, көңілімде бір ой ұялады. Ақынның жырын ғана емес, жанын да жұртқа танытатын, қаламгердің шығармашылығымен қатар, азаматтық болмысын, адамдық қасиетін, ішкі әлемін оқырманға жақындата түсетін осындай насихаттаушысы болса ғой, шіркін! Өйткені ақынды тану  оның өлеңдерін оқумен ғана шектелмейді. Ақынның кім екенін, қандай жолдан өткенін, жүрегін не тербейтінін, өмірге қандай көзбен қарайтынын білу де маңызды. Ал «Гладиатор» осы міндетті абыроймен атқарған шығарма деп ойлаймын.

Кітаптың атының өзі айтар ойға жетелеп тұр. «Гладиатор» дегенде көз алдымызға қайсарлық, рухтың беріктігі, күрескерлік қасиет келеді. Ал Бауыржан Омарұлы осы атау арқылы талантты ақын, тегеурінді журналист Шаһизада Әбдікәрімовтің шығармашылық жолын ғана емес, өмірдің сан тарау соқпағынан өткен азаматтың тұтас болмысын танытуға ұмтылады. Жастық шағы, қалыптасу кезеңі, қаламгерлік жолы, өмірдің әр белесіндегі толғаныстары бәрі де оқырманын ақын әлеміне біртіндеп жетелейді. Ең бастысы, кітаптан біз биік мінбердегі ақынды ғана емес, қуана білетін, қалжыңдайтын, кейде мұңайып, кейде алаңға түсетін қарапайым адамды көреміз. Мені ерекше қызықтырған тұстардың бірі - Шаһи ағамыздың Түркияға жасаған отбасылық сапары туралы әзілге толы әңгімелері. Өзге елдің топырағында жүрсе де, туған жерін, елін, қазақы ұғым мен танымды аузынан тастамай, айналасынан өзіне таныс дүниелерді іздеп жүретін ақынның мінезі қандай жарасымды! Қайда барса да, туған жердің қасиетін көңілінен шығармайтын жанның елге деген сағынышы мен перзенттік ықыласы осы сәттерден айқын сезіледі. Әзілдің астарында да туған жерге деген сүйіспеншілік, ұлттық болмысқа деген адалдық жатқандай. Шаһи ағамыздың Каппадокияға сапары туралы эпизодтар да оқырманды еріксіз жымитады. «Сұлу сәйгүліктер мекені» деген мағынаны білдіретін Каппадокияның табиғатына қарап, тау-тас пен шың-құздың арасында жылқының бабын қалай табатынын ойлап, іштей реніш білдіруі ақынның туған даламен біте қайнасқан танымын аңғартады. Өзге елдің ғажайып табиғатын тамашалап тұрса да, ойының бір ұшы қазақтың жылқысына, қазақтың кең даласына барып тіреледі. Бұл жай ғана күлкілі көрініс емес, ақын жанының қайда жүрсе де өз тамырынан ажырамайтынының белгісі. Ақынның шабыттанып, қанатын кеңге жайып өлең оқитын сәттері де көз алдымызға ерекше бір көрініс әкеледі. Сөз өнеріне деген құштарлық, өлеңге деген адалдық, шығармашылық қуаттың буырқанған шағы осы тұстардан сезіледі.  Шаһизада Әбдікәрімовтің бойындағы осы қасиеттерді Бауыржан Омарұлы құрғақ баяндаумен емес, өмірдің өзінен алынған оқиғалар арқылы ашады. Кітаптың тағы бір құнды қыры ақынның өмірде өз орнын іздеген, не істеп, немен айналысам деп аласұрған шақтарын да жасырмай көрсетуі. Өйткені шығармашылық адамының жолы үнемі шабыт пен шаттықтан тұрмайды. Оның да толғанысы, күдігі, ізденісі, тығырыққа тірелген сәттері болады. Қалам ұстап, өлең жазудың өзі аз жұмыс емес. Соған қарамастан, ақындықты міндетсінбей, өмірдің басқа қырларынан да өз орнын таба білу  үлкен қасиет. Шаһи ағамыздың кәсіпкерлік қырынан да танылуы оның бір ғана қабілетпен шектелмейтінін, өмірге бейім, еңбекке жақын жан екенін аңғартады.Ақынның жаны нәзік келеді деген сөзді жиі естиміз. Бірақ сол нәзіктіктің қандай болатынын кітаптағы кейбір оқиғалардан тереңірек сезінуге болады. Шаһи ағамыздың «Мен ит пен инеден қорқамын: бірі денеге кіреді, бірі қабады» деген сөзі алғашында күлкілі естілгенімен, оның астарында ақынға тән аңғалдық пен шынайылықтың ұшқыны жатқандай. Ал итінен айырылғаннан кейінгі көңіл күйі, сол оқиғаға байланысты туған сезімдері тіршілік иесіне деген жанашырлықты, көңілдің кейде көзге көрінбейтін нәрседен де жараланатынын аңғартады. Адамның болмысын танытатын нәрсе  оның жұртқа көрсететін бейнесі ғана емес, ешкімге жария етпейтін осындай ішкі сезімдері ғой. Міне, «Гладиатордың» маған берген әсері де осында. Бұл кітаптан мен ақынның өмірбаянын ғана оқып шыққан жоқпын. Ақынның күлкісін естігендей, толғанысын сезгендей, кейде бірге сапар шеккендей күй кештім. Бірде жымидым, бірде ойландым, бірде қаламгердің нәзік жүрегіне үңілдім. Шаһизада Әбдікәрімовтің болмысын таныған сайын, оны оқырманға осылайша жақындата білген автордың еңбегіне деген құрметім арта түсті. Ақынның ғұмыры өлеңінде, ал ақынның шынайы бейнесі оны түсінген жүректерде сақталады. «Гладиатор» маған осы ойды тағы бір мәрте ұқтырды. 

Жырдың қадірін білетін оқырман барда, ақынның үні де, оның рухани әлемі де жоғалмақ емес. Кітаптың бар сырын ақтарып тастасам, оқырманға не қызық қалар деймін. Сондықтан қалғанын көзі қарақты оқырманның өзіне қалдырайын. «Гладиаторды» оқып, Шаһи ақынның әлеміне өздеріңіз сапар шегіңіздер. Әр кітаптың өз сыры, әр оқырманның өз түйсігі бар ғой.

 

Айгүл Құлданаева,

Қалибек Қуанышбаев атындағы

 Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының 

қызметкері

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan