Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
«Ауылым» әнінің авторы өмірден озды...

09.12.2024 610

«Ауылым» әнінің авторы өмірден озды

«Ауылым» әнінің авторы өмірден озды - adebiportal.kz

Белгілі ақын, «Құрмет» орденің иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Білім беру саласының үздігі,  ҚР Мәдениет саласының үздігі, Үржар ауданының Құрметті азаматы, әйгілі  «Ауылым»  әнінің сөзін жазған Жабайыл Бейсенов 90 жасында өмірден өтті. Бұл жайында белгілі журналист Махат Садық ағамыз редакцияға хабарлап, оқырманға шағын мағлұмат беруді сұрады.

«Кіндігімнің жас қаны тамған жерім ауылым» деп келетін «Ауылым» әнін білмейтін қазақ аз шығар. Кезінде атақты Алакөлдің шығыс жағында тұратын Жабайыл ағамыз сөзін, сол Алакөлдің Алматы жағында тұрған Теміржан ағамыз әнін жазған, содан бері бүкіл жиын-тойының көркі болып, Алтай мен Атыраудың, Алатау мен Арқаның арасын жалғап, шарлап, тіпті дүниежүзі қазақтарына дейін сүйіп салған ән.

«Ауылымның» сөзінің  тыңдаушы жүрегіне жеткені – оның авторы Жабайыл Бейсеновтің тағдырымен байланысты болуы да мүмкін. Іштегі сыр мен шер өлеңге түскенде шынайылығымен жүректі қозғайды. Бала жастан естіп келе жатқасын ба, бұл ән шынымен де көңілге ыстық. Сөзі бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, елден жырақта жүрген, туған жердің топырағына табан тигізіп, жусанын бір иіскесем дейтін адамның сағынышы есіп тұр. Жабайыл Бейсенов 1934 жылы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының Іле Қазақ автономиялық облысына қарасты (Қытай) Тарбағатай аймағы Толы ауданы Жайыр тауының етегінде дүниеге келген.   Жас шағында қытайдың қысастығын көп көрген.  Ақын кезінде Шәуешек гимназиясында оқып жүргенде түрлі ұлттардың балалары жиналған мектепте қазақ балаларын басынғандарға қарсы әрекет көрсетеміз деп «Сыр-дәптер» деген өлең жазып ол парақтарын аулаға шашып, кейін балалардың осы қылығын ұлтараздық алауыздық деп бағалап, соңдарынан тыңшы түсіп, қалалық сақшылар жауаптайды. Тіпті бозбалалардың «А.Фадеевтің «Жас гвардия» атты кітабын оқығаны да өздеріне  пәле болып жабысады. Ақыры бұларды оқудан шығарып жібереді. Ең қиыны, олар сол оқудан шыққандарынан бөлек, не Алтайдың, не Тарбағатайдың, не Іленің оқуына алынбайтын бұйрық қоса шығады. Ақырында  Шыңжаң университетінің сурет факультетіне түсіп, сол кезде атақты «Қылмыс» романының авторы, өмірін түрмеде өткізген Қажығұмар Шабданұлының үйінде тұрады. Сол кезде «Шұғыла» журналының бастығының орынбасары болған Қажығұмар Шабданұлы Жабайыл ағамыз бен оның досы Төлеубектің өлеңдерін журналға басып, қаламақыдан көмектеседі. Бірақ, 2-3 айдан кейін екі жігіттің артынан «бұлар Олег Кошевой сияқты ұйым құруға әрекет қылды, сөйтіп жастар арасына іріткі салмақ болды» деген қағаз келіп, тағы да сол жақтағы оқудан шығарылады. Ақын ағамыз 1955 жылы атамекенге бару турасында ойлһға беріледі, ол кез Кеңес елінде «тың және тыңайған жерлерді игеру» қарқынды жүріп жатқан кез еді, сол дүрмекпен біраз адам атамекенге келіп қалады, бірақ, жас Жабайылдың бұл ойын әкесі құптай қоймайды. Сол жақта қалуын қалғанымен тергеуден көз ашпайды, оларға «сендер Фадеевтің романындағы көтерілісшілерге еліктеп Жуңгоға (қытайға) қарсы ұйым құрмақшы болдыңдар» деп жала жабады. Арада бірнеше жыл өткен соң барып яғни 1962 жылы ақын Қазақстанға өтеді. Бірақ бұл жақта да тергеу жалғасады. Жетпісінші жылдардың басында Жарбұлақтағы Б.Майлин атындағы орта мектепке тексеру жүргізілгенде Жабайыл ағамыздың Қытайда, Үрімжі педагогикалық институтынан алған дипломы жоғары білімге жатпайтын болып, он жылдай алып келген еңбекақысының бір бөлігі мемлекетке қайтарылсын деген шешім шығарылады. Осы кезде Қабдеш Жұмаділовтың көмегі тигенін ерекше атап айтып өтетіні бар. Ақыры не керек, іс оңынан шешіледі. 

Елге оралған ақын «Ауыл әуендері», «Алтын бесік ауылым», «Алакөлім аяулым», «Күнгейім менің», «Балалық қызық, бал күндер», «Тасадағы тұма», «Жырлайды жылдар» сынды сегіз кітап шығарған. «Ауылым» әнінің сөзін жазды, одан басқа  Қытайда аймақтық композиторлар одағының басшысы, белгілі композитор Ерболат Қызыкенов Жабайыл ақынның «Күнгейім менің» деген өлеңіне, Амантай Әліпов «Достық толғауы», «Үржар вальсі», Ахметхан Алпысбаев «Кезіп кеткім келеді», Кентау Назарбек «Үржарым – құтты мекен»,  күйші Қизат Сейітқазин «Қайран, Дәм», «Шопанай сазы» деген өлеңдеріне ән жазған. Жабайыл Бейсенов – «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері.  «Ауылым» өлеңі 1972 жылы жазылған. Бұл жайында ақынның: «Ауылым» деп туып-өскен мекенімді жырладым. Әлі есімде, Жайыр тауының қойнауында жұмыртқадай әппақ киіз үйлер тұратын, көк түтінін жібектей созып. Күркіреп өзен ағып жатады, әудем жердегі тепсеңде бие байланып, желіде құлын тұрушы еді. Жерошақта от лаулап, кешқұрым жастар алтыбақан ойнап, мәре-сәре болып жататын... Бір сәт қол босағанда артта қалған елімді, жастық шағымды еске алып, сағынып жүргенде туған өлең ғой. Бірде үйге белгілі әнші, атақты «Хасен-Жәмила» көркем фильмнің басты кейіпкері Абылай Түгелбаев келді. Өткен-кеткенді айтып, шер тарқатыстық. Бір кезде ол: «Жабайыл, сен Шыңжаңда жүргенде әжептәуір ақын едің. Осы жаққа келгелі үнің шықпайды ғой», - деді. Мен: «Оның рас, денсаулығым да, көңіл күйім де болмай жүр. Бір елден бір елге көшу оңай дейсің бе!һ? Көңілім ойпыл-тойпыл», - дедім. Үстел үстінде жатқан қағаздарды қарап отырғанда көзіне төтеше жазылған осы өлең түскен ғой. «Япырай, Жәке, мына өлеңің әнге сұранып тұр екен. Мен осыны бәленше деген (атын ұмыттым) композиторға берейінші», - деп алып кеткен. Кейін әлгі айтқан композиторы емес, Теміржан  Базарбаев ат-түйедей қалап алыпты. Бұл 1972 жыл еді. Келесі жылдан бастап, Ришат Абдуллин радиодан айта бастады» деп өрілетін естелігі бар.

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар