немесе «Қаратерең вальсі»
Көптен бері көңілді де мәнді шығарма оқымап едім. Қолыма осы бір кітап түскен соң, біразға дейін толқып жүрдім. Кез келген шығармаға бұлай толқи бермейтін басым, бұның сыры неде деп үңілдім. Сөйтсем бұл кітап мен көптен іздеген жаңашыл сипаттағы туынды екен.
Иә, дәл солай. Оқырман ретінде кішкентай ғана шығарманың ерекше стильмен жазылғаны назарымды аудармай қоймады. Қазір әдебиетте болсын, публицистикада болсын стиль тапшылығы бар. Қарымды қаламгерлердің жаза алатынына, олардың ізденісінен әлі талай жақсы туындылар шығатынына күмәнім жоқ. Бірақ, ерекше стильмен тартымды етіп беру шеберлігі екінің біріне берілмеген. Оны ауыздықтау үшін құс-өнердің қырағысы, секемшіл өнердің ең керемет сағым тұсын ұстай алатын жіті-ептілік керек. Сенің қаламыңнан туындаған дүние мөлдірлігімен қоса, таза да тұнық, әлі ешкім қолданып көрмеген әдемі стильмен оқырманына жол тапса, одан артық бақыт бар ма?!Әрбір қаламгер хас шығарманың авторы болғысы келеді-ақ. Бірақ, талант пен шымыр мінезден қабыса қайнасып шықпаса, ол шығарманың ғұмыры ұзаққа шаппайды. Сенің қаламыңнан толымды роман, болмаса көлемді әңгіме шыққанымен, оның оқушысына бере алатын «түйірдей жақұты» болмаса, бекершілік. Демек, талант көлемде емес, шығарманың шымырлығы мен ұтымдылығында. Оқырманды тәтті тілімен баурап, ойнақы мәтіндермен рухани кеңістікте балаша тербете алуда. Осындай стилі жұмыр, тілі жатық, сатираның сарыарқалы желінен суырылып шыққан «Қаратерең вальсін» көргенімде балаша қуандым.
«Қаратерең вальсі» қай жанрға жатады. Кітаптың таныстырылымында эсселер мен әлеуметтік әпсаналар депті. Мейлі, әңгіме жанрдың қай тобына жататындығында емес. Жанрлардың қасаң жолын жарып шыққан бұл туындыда қоғамдағы адамның барлық толыққанды бейнесі қамтылған. Осы бір кішкентай ғана шығармадан сіз эссені де, публицистиканы да, әңгіменің шұрайлы тілін де, романға тән жолдарды да, тіпті шағын бір сағынышқа толы элегияның да сұлбасын байқап қаласыз. Әдемі. Стильдің керемет топтастырылып, бір ғана әңгімеге сыйып, артық-кемі жоқ дүние болып шыққанына таңырқайсың.
Қараңыз, бар-жоғы бес әңгіме. «Қаратерең вальсі», «Асан мен Үсен», «Құмды ауылдың киносы», «Бозбала мен бойжеткен», «Алтын балық». Автордың тақырып таңдаудағы тапқырлығы өз алдына, осы әңгімелерді тарқатып оқырманына жеткізу үшін, әрқайсысына өз елінің ақындарының өлеңдерінен кішігірім үзінділермен берсе, «Асан мен Үсенде» педагогтардың атасы Ыбырайдың шығармаларынан үзіп-үзіп беріп отырады. Онысы өте сәтті шыққан. Сөйтеді де кешегінің Үсенін, сосын өзінің заманындағы жастардың Асан мен Үсен бейнесін қалай қабылдағанын және дәл қазіргі буынның Асаны мен Үсені қалай екенін тәпсірлейді. Ең алғашқы «Бай баласы мен жарлы баласында» Үсен бейнесі ұнамды болып, кешегі ұрпақтың үлгі тұтатын жалпылама образына айналса, қазіргі заманға Үсеннің образы ешқандай да жүрмейтінін автор сатира тілімен керемет жеткізген. Кеңес қоғамына Асан емес, Үсен сияқты өте тәртіпті, пысық, өз еңбегіне сүйеніп күнелтетін біртоға адамдар тобыры керек болды. Автор кітабында кешегі өз заманының да, бүгінгінің де ұрпағын жерден алып, жерге салмайды. Мысқылдағысы келсе де сарказмнің ең мейірімді түрін тауып алып, қоғамдағы сан алуан түсініктерді салыстырмалы түрде сіздің алдыңызға жайып салады. Яғни өз заманында нені аңғарды, нені түсінгісі келді, еш боямасыз ашық айтқан. Осы жерде өзімше термин ойлап тапқым кеп тұр, автор ешқандай «пафосизмге» берілместен, балалық шағының естеліктері арқылы бүгінгі күннің өмір сүру факторын шебер ұштастырған. Заман талабы, кешегі, бүгінгі деп бөлінетінін, уақыт пен талғамның ауысып тұратынын ұғынған.
Мысал келтіре кетейік, «Асан мен Үсенде» автор былай дейді: «Біздің кластың балалары шетінен оқу өтіп кеткендер еді. Оның үстіне теңіз беткейінің адамдарына тән қырсық мінез бәрінің де бойында бар. Отырып алып, осы әңгімені жабыла талдайтынбыз. «Адам деген баласын жұртқа тастай ма екен?! Көшер кезде бала түгілі жоғалған малды да іздемеуші ме еді? Ол екеуінің жоқтығын таң атқанша, тіпті ертеңгі бесін уақытысына дейін байқамағаны ма?! Осы жері былай... біртүрлі ғой...», – дейді бірі. «Өй, сен соны да білмейсің бе? – деп, екіншісі өршелене түрегеледі. – Ыбырай атам балалар өз бетінше тіршілік қылып көрсін деп, ол екеуін әдейі көштен бөліп алып қалып отырған жоқ па?!».Содан автор осы әңгімеге елтігені сонша Үсеннің орнына өзін қойып көріп, Асанның орнына Қуаңдария балық аулау базасының директоры Жанасыл Әлжановтың ұлы Кеңесті қойып қояды. Сөйтіп ойша айдалада адасып қалып кетіп, «ЗИЛ»-дің ізін көріп, дария жағасына келіп, балық аулап, Асан-Кеңесті асырауды мойнына алады. Тіпті Ыбекеңнің әңгімесінде айтылғандай үйрек те ұстап бергісі келеді. Бірақ автор осы жерде: «Ал біздің әкей өмірі үйрек мәселесімен айналысып көрмеген адам. Ол үйрек ұстауды үйрете қалған күннің өзінде оның ауызекі әңгімесіне сүйеніп, сол құсты менің қолға түсіре қоюым екіталай. Ойбай, сонда әлгі директордың жұртта қалған баласын қайтіп асыраймын?! Сөйтіп, қиялым кейде қиысыңқырамай кетеді. Ыбекеңнің заманы мен өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының орта шеніндегі үрдістерді үйлестіре алмай қиналам», - дейді ағынан жарылып.
Бір қызығы, автор Ыбекең айтпақшы Асандардың бәрі бірдей емес, «қаншама атасынан бері байлықтың бақ-берекесі болмысына сіңгендердің тектілігінен ажырамайтындығын», «тіршіліктің ойран-ботқасын шығаратындар орта жолдан байығандар сияқты» деп тұжырымдайды.
Иә, расында түк көрмеген заты жарлы адам, иен байлыққа қол жеткізер болса көргенсіздігін көрсетіп, жұтқан үстіне жұта беруі мүмкін. Байлық көзді байлайды. Меніңше, ол Алланың адамға берген сынақтарының ең қатерлі түрі. Оны игілікке пайдаланып қана сұрауын жеңілдете алмақ керек.
Әңгіме ауанын қайтадан «Каратерең вальсінің» ырғағына тартар болсақ, бұл эссеге темірқазық болған Сырдарияның Арал теңізіне құяр жеріне орналасқан Қаратерең деген ауыл. Оны Арал теңізі мен Жарықкөл, Кәрітұма көлдері қоршап жатыр. Демек, Сыр елінің балалары теңізшіл болып келсе, оның еш сөкеттігі жоқ. Автор кітапта Арал теңізінің жетпісінші жылдары-ақ тартыла бастағанын, алып кемелердің қайраңда қалғанын, ел-жұрттың құлазып, жан-жаққа үдере көшкендігін тілге тиек етеді. Бірақ, бүгінде Қаратерең елді мекенінің қазаны қайтадан майланып, түтіні түзу ұша бастағандығымен көңілді жайландырады.
Бұдан басқа, сол Қаратереңнен ұшқыштар мен суретшілердің көптеп шыққанын, математиктерінің мықты болғанын, қала берді аңғырт келетін ауыл жеңешелеріне дейін «ақпарат министрі» міндетін мінсіз атқаратындығын ұмыт қалдырмайды. Ал, «Құмды ауылдың киносында» киномеханиктің орталықтан ауыл клубына кино әкелетін сәттері суреттелген. «Сондағы киноға кіру бағасы – небары жиырма тиын» екен. Бірақ, осы қаражатты алудың өзі қиямет. Оны шығарма авторының өзіне айтқызайық. «Осы жиырма тиынды әке-шешеңнен жырып алу үшін кешке дейін тер төгесің. Жұмсаған жердің бәріне зыр етіп барып келесің. Тіпті жұмсамаған жерге де барғың келіп тұрады. Көңілің соқпаса да көн ойып, қораның қиын тазалайсың. Құрыс-тырысы жазылмай, мазасы болмай отырған кемпір-сампырдың басын уқалап, сақинасын кетіресің. Шойырылып жатқан шал-шауқанның белін үзіп бересің. Сенің киноға кетуге ыңғайланып жүргеніңді сезген олар да аяқ астынан жұмысты көбейтіп жібереді» дейді. Оқып алып еріксіз күлесің. Дәл қазіргі жас ұрпақ қана емес, «біздер» үшін де кино көру соншалықты проблема емес. Қаласаң кинотеатрға бар, қаламасаң үйіңде дискіден көр болмаса Интернеттен тікелей тамашала. Әр заманның ұрпағы әрнәрсеге «тәуелді» десек те, бақсақ, біздің ұрпақтың «тәуелді» болатындай қажеттіліктері аз екен. Әрине, кешегілермен салыстырғанда. Иә, «біздер» заман жетістігіне белшесінен батқан ұрпақпыз. Сана мен білім өсті. Технология дамыды. Есесіне, ол сенім мен армандауды азайтты. Бүгінгі «біздер» кешегідей қиялға берілмейміз. Хаттар «смс»-пен жолданады, жұрттың берген уәделерінің бәрі орындала бермейді, ал ол орындалып жатса, жата кеп таңырқаймыз. «Апырай, сөзінде тұратын адамдар ілуде біреу болсын, бар екен-ау» деп. Біз технология мен ақпараты көп ғасырда шығып жатқан жаңалықтың нешеме атасына таң қалмаймыз. Таң қаламыз, әлі де болса адами аңғырт сезімдер сақталған ба деп? Қазір киноға түсуді армандап, ауыл баласының «Қыз Жібек» фильмін түсіріп жатқанын елестете аласыз ба? Оларды солай етпеді деп өкпелеу әрине орынсыз. Бірақ, автордың құрдастары осы фильмді өз кезінде сонау Қаратереңде Жібектің қатысуынсыз «Бекең» мен «Төкеңдер» әдемі сомдап шығыпты. Әр баланың балалығын мәңгі есте сақтайтын өз ауылы, ойнап өскен тау мен тепсеңі бар. Бұл қыр баласына тән тіршілік. Үлкендер баланың өне бойы соңынан аңдып, «Осылай жүріңдер, мына сызықтың бойынан шығып кетпеңдер» деп схема сызып бермейді. Ауыл баласының фантазияға бай болып келетінінің де бір құпиясы осында жатса керек.
Сондай-ақ, «Бозбала мен бойжеткен» атты әңгімесінен бұрынғыдай қыз-жігіттердің хат жазысуының келмеске кеткенін, оның орнын қазіргі агент пен ұялы телефонның алмастырғаны сөз болады. Бұл таңсық тақырып емес, бірақ, шығарма иесі сезіммен қоса сауаттылықтың да күн өткен сайын сұйылып бара жатқанына алаңдайды. Қыз бен жігітке «хат жазыспа, қазіргі техникадан аулақ бол, ата-бабамызда мұндай үрдіс жоқ еді» деп бәзбір ескішіл әсіре патриотшыл сияқты бет шымшып, бейне бір аспаннан түскен періштедей сөйлеп шыға келмейді, тек жазу барысында сауаттылықтың мызғымас салты сақталса дейді. Яғни, жастарды сөз қадірін білерлік өрелі болса деген ғана тілегі бар.
Қазіргі ұрпақ та армандайды, бірақ мөлшермен. Себебі, болашаққа деген мақсаты мен жоспарын айқындап алмаса, бәсеке заманында көп нәрседен қағылатынын біледі. Бүгінде көптеген әйелдер: «Балам ақылды, вундеркинд немесе индигоның белгілері бар, үш тілді тез жаттап алады» деп таңырқап жатады. Оған таңырқаудың түк те қажеті жоқ. Себебі, бала жатырда жатып-ақ анасынан керекті информацияны алып қойған. Ал ол балалардан күні ертең өздерінен де ақылды балалардың туылатыны сөзсіз. Адамзаттың білімі дамыған сайын, озық құралдар ойлап табылады. Бірнәрсені зерттеу керек пе, ол үшін темір техника жасап шығарылады. Ғасырдың көші жылжыған сайын темір мен пластиканың түр-түрі күн санап көбеюде. Сондықтан, бүгінгі ұрпақ қоғамына қарап бейімделеді, өз ортасынан алыстататын арманды емес, сол ортаны бағындыратын мақсатшыл прагматик болып қалыптасады. Өйтпеске, шарасы да жоқ. Дамудың жылдамдығы мен уақыттың тығыздығы кімді болмасын бейғам жүруіне жол бермейді. Бүгінгі буын көшке ілессе көп жетістікке жететінін, ілеспесе орташа тұрмыс кешетінін күні бұрын біліп отырады.
Әр дәуірдің ұрпағы өз заманының қиындығына төзіп баққан. Мысалы, кешегілер «Осыдан қырық-елу жылдан кейін ұялы байланыс пен Интернет пайда болады» деп алдын ала бал ашқан жоқ. «Біздің балалық шағымызда осы айтылғандар бола қоймады» деп жер тепкілемей-ақ, неге де болса көндікті. Демек, қазіргі ұрпақты да жата кеп сөгуге болмайды. Бүгінгі балаларға көше кезіп ойнау емес, ғасырдың жылдамдығын еңсеріп үйрену міндеті тұр. Балаңыздың бесіктен белі шықпай жатып мониторға жүгініп, ұялы байланыстан қолы үзілмесе, демек ол да бүгінгі ұрпақтың бақыты әрі көндіккен «көресісі» дей беріңіз.
Кітап соңын автор «Алтын балықпен» аяқтайды. Иә, қателескен жоқсыз, дәл сол Пушкиннің «алтын балығы». Осы ертекті бала күнінде оқыған автор алтын балықты ұстап алса, үш тілек сұрамақ болады. Оның бірі өз класындағы желкесі күжірейген Рүстем Құлмұратовтың орнына «атаман» болу, екінші тілегі «өмірі белі бүкірейіп, екі бүктетіліп жүретін» әжесі Імияның белін жөндеп беру мәселесі, үшінші тілегі, «шөбі жоқ, шөңгесі көп, құрғақшылық жайлаған» ауылы Қаратереңді жапырағы жайқалған ауылға айналдыруын сұрамақ. Автордың сұрап тұрған тілегі бір қарасаңыз алтын балыққа орындай салу (ол дәл Пушкин жазған балық болса) түк те емес. Бірақ, сол тілек орындалып па? Оны автордың өзінен білейік. «Қайран, бала көңіл. Қиялдағы алтын балықты аманат айтатын депутат деп ойлап қалғанбыз ғой... Енді теңіз жағасында толқынмен таласып өскен баланың түсіне балықтан басқа не кіруші еді?!
Теңізге қанша телмірсек те, алтын балық ауға түспеді. Сондықтан оған тілек айтудың реті келмеді. Алтын балық түгілі жай балықтың өзі сағағын ұстатпай кетті. Сөйтіп, мен «атаман» бола алмадым. Әжем болса, белі бүгілген күйі өмірден өтті. Ал ауылым жайқалған жасыл орманға айналмады» дейді қынжылып.
Жазушы тағдырлы Аралдың ахуалына кәнігі жаттанды айқай-сүрлеумен емес, моншақтай жазбасымен жаны ауыратынын көрсете білген. Теңіздің жаралы шерін оның жағасында туып-өскен жан ғана тереңінен сезіне алады. Шығарманың шымырлығы өз алдына, автор «Аралды толтырып берші!» деген тілекпен кейіпкері Құдайберген Саржанов арқылы керемет түйіндеген. Шынашақтай шығарманы елге, жерге, теңізге деген патриоттық сүйіспеншіліктің асқақ үлгісімен қайырып, нотасын көпке дейін есте қалатын леппен қалдырған. Ал осыдан кейін шығармаға оның авторы журналист, әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бауыржан Омарұлына сүйсінбей көріңіз.
Ақ пәуескеге артылған бұл шығарма – кешегі сенгіш, арманшыл болған ағалардың біздің ортамызға жеткен аманат-эстафетасы секілді. «Біздің заман осындай еді, енді келесі эстафетаның таяқшасы сендерде» дейтін аңғырт мойындаушылық пен ағалар назы бар. Кітапта мен айтпай қалған бұдан басқа да қызықтар көп. Оны оқуды өздеріңізге қалдырдым. Айтпағым, шығарманы оқысаңыз өкінбейсіз, «Қаратерең вальсіне» көпке дейін тербелетініңізге мен кепіл.
Жансая СЫДЫҚБАЙ,
Астана қаласы.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.