Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Артық білім кітапта: Жаңа кітаптардың таныстырылым...

21.12.2022 1646

Артық білім кітапта: Жаңа кітаптардың таныстырылымы өтпек 14+

Артық білім кітапта: Жаңа кітаптардың таныстырылымы өтпек - adebiportal.kz

Бүгінде әлемдік әдебиеттану ғылымында көркем шығарманы зерттеудің жаңа бағыттары пайда болды. Соның бірі көркем шығармадағы шығармашылық психологиясын зерттеуге, психоаналитикалық талдауға жете мән берілуде. Сондықтан ХХІ ғасыр әдебиетінде Абай мұрасын әлемдік әдебиеттің қазіргі дамуы тұрғысынан жаңаша зерттеу қажеттігі туындап отыр.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Мақпал Оразбек әлемдік психоаналитик ғалым К.Юнг ХХ ғасырдың отызыншы жылдары тұңғыш рет енгізген архетип категориясын Абай шығармаларынан талдап көрсетіп, оны шетелдік әйгілі жазушылардың шығармаларымен салыстыра талдау нәтижесінде «Абай шығармаларындағы әлемдік және ұлттық мәдени архетиптер» атты монографиясын жарыққа шығарды.

Монографияда Абайдың «Көлеңке басын ұзартып» өлеңіндегі көлеңке архетипін Х.Андерсеннің «Көлеңке» ертегісі мен Е.Шварцтың «Көлеңке» драмалық ертегісімен және Э.М.Ремарктің «Жұмақтағы Көлеңкелер» (Тени в раю») романындағы көлеңкелер бейнесімен салыстыра талдай отырып, шығармашылық адамдарының санасындағы Көлеңке образының ерекшелігін анықтаған. Сондай-ақ маска, персона, эго архетиптерін де М.Лермонтов, Ч.Диккенс, У.Фолкнер, А.Пушкин шығармаларымен салыстыра талдау негізінде адамның ұжымдық бейсаналығы (коллективное бессознательное) жан-жақты зерттелген.

Бұрын-соңды қазақ әдебиетінде қарастырылмаған «ұжымдық бейсаналық» пен «жеке адамға тән бейсаналықтың» мәнін анықтап, архетиппен байланысын жан-жақты қарастырған. Абай шығармаларындағы ұлтқа тән бейсаналықты зерттеу барысында ұжымдық бейсаналықтың ел (ру) өмірінің нәтижесі болып табылатындығы, ол барлық адамдарға тән, ол қанмен беріледі және жеке психикада өсіп жетілетін негіз екенін анықтай отырып, көптің санасына тән бірін-бірі алдау, күндеу, өсектеу сияқты бейсаналық қасиеттің Абай өлеңдеріндегі «қу нәпсі», «антұрған», «бірін-бірі аңду», «ел пысығы», «қабаған ит», «жетім қозы» сияқты образдармен бейнеленудің мәні анықталған.

Мақпал Оразбектің жетекшілігімен докторанттары Мөлдір Аманғазықызы мен Ләйлә Демесіновамен бірге «Қазақ ақындарындағы Абай архетипі» атты ұжымдық монография жарыққа шықты.

Әдебиеттану ғылымында ақын архетипі категориясы ХХ ғасырдың ортасынан бастап қалыптаса бастады. Орыс әдебиеттануында Пушкин архетипі категориясы бар екенін білеміз. Сол сияқты қазақ әдебиеттану ғылымында да Абай архетипі ХХ ғасырдың басындағы А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаевтардан бастап бүгінгі поэзия өкілдерінінің шығармашылығында орын алған. «Қазақ ақындарындағы Абай архетипі» ұжымдық монографиясында осы мәселелер жан жақты зерттелді.

Профессор М.С. Оразбек, философия докторы (PhD) М. Аманғазықызы, докторант Л.М. Демесінова «Абай архетиптерінің қазақ ақындарындағы жалғастығы» атты антологиялық жинағын дайындап жарыққа шығарды. Абай архетиптерінің қазақ ақындарындағы жалғастығы» атты антологиялық жинақта Абай өлеңдерінде кездесетін ұлттық архетиптердің ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы (Ш. Құдайбердіұлы, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатов, М. Жұмабаев, т.б.), ХХ ғасырдың 60-жылдарындағы (Ж. Молдағалиев, С. Мәуленов, Ғ. Қайырбеков, М. Мақатаев, т.б.) және тәуелсіздік кезеңіндегі (Н. Оразалин, Н. Айтұлы, Т. Әбдікәкімов, Ұ. Есдәулет) ақындар шығармаларындағы көрінісін сипаттайтын өлеңдер жинақталған. 

«Абай архетиптерінің қазақ ақындарындағы жалғастығы» атты антологиялық жинақта Абай өлеңдерінде кездесетін көлеңке, маска, эго, ана, данышпан қарт, персона, т.б. әлемдік архетиптер мен ит, қара қарға, жетім қозы сияқты ұлттық архетиптердің XX ғасыр басынан бүгінгі күнге дейінгі ақындар шығармаларындағы көрінісін сипаттайтын өлеңдер жинақталған. 

Өтетін уақыты: 2022 жылы 23 желтоқсан, сағат 15.00-де 

Өтетін орны: Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кітапханасы, Ақселеу Сейдімбек залы.

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар