Архив және болашақ ұрпақ: тарихты танудың жаңа мүмкіндігі

Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» КММ-нің Сарыарқа ауданы әкімшілігі ғимаратында Астана қаласының Мемлекеттік архивінің жас ұрпақтың тарихқа қызығушылығын арттыруға, архив құжаттарын жаңа қырынан танытуға бағытталған «Архив және болашақ ұрпақ» республикалық жоба аясында шығармашылық жұмыстар байқауы өтті.

73

Архив және болашақ ұрпақ: тарихты танудың жаңа мүмкіндігі - adebiportal.kz

Тарих – өткен күннің ғана шежіресі емес, бүгінді түсініп, болашақты бағдарлауға мүмкіндік беретін маңызды құндылық. Ал сол тарихтың нақты деректері қазіргі архив құжаттарында сақтаулы. Сондықтан архивті жас ұрпаққа таныту, тарихи құжаттарды зерттеуге қызықтыру – біз үшін маңызды бағыттардың бірі.

Осы мақсатта ұйымдастырылған байқауға Астана қаласының жалпы білім беретін мектептерінен 9-12 сынып оқушылары қатысқан еді. Жас зерттеушілер архив қорларындағы құжаттар мен фотоматериалдарды пайдаланып, тарихи тақырыптарды өздерінің шығармашылық жұмыстары арқылы жеткізе білді. Қатысушылар тарихи деректерді әртүрлі нұсқада бейнеролик, презентация және заманауи цифрлық контент форматында ұсына білді.

Байқаудың басты ерекшелігі – әр жұмыстың архивтік дереккөздерге негізделуі. Бұл талап жас қатысушыларды дайын ақпаратты пайдаланумен шектелмей, құжатпен жұмыс істеуге, тарихи деректерді іздеуге, оны саралап, өз көзқарасы тұрғысынан таныстыруға мүмкіндік берді. Осы тұрғыдан алғанда, байқау тек шығармашылық сайыс емес, жастардың зерттеушілік қабілетін дамытуға бағытталған танымдық алаңға айналды.

Жұмыстарды бағалау барысында қатысушылардың архив құжаттарын пайдалану деңгейі, тақырыпты ашуы, тарихи деректермен жұмыс істеу шеберлігі, шығармашылық ізденісі және материалды заманауи форматта ұсынуы ескерілді.

Байқау жұмыстарын тамашалап, әділ бағалаған қазылар алқасының құрамына архив, білім, мәдениет және медиа саласының өкілдері енді. Қазылар алқасының төрағасы «Астана қаласы мемлекеттік архиві» мемлекеттік мекемесінің директоры Бимолдин Жангелді Бержанұлы болса, қазылар құрамында Астана халықаралық университетінің Өнер және гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы Ыбырай Саят Баймұратұлы, Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Архив қызметін үйлестіру бөлімінің басшысы Тажина Жангүл Құдабайқызы және Архив ісінің ардегері, архив ісінің үздігі Исахан Ғазиза Тұрмағанбетқызы енді.

Байқау қорытындысы бойынша жас қатысушылар тарихи тақырыптарды шығармашылық тұрғыда ашып, архив құжаттарымен жұмыс істеудегі ізденістері мен ерекше идеяларын таныта білді. Қатысушылар арнайы номинациялар бойынша марапатталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай және бағалы сыйлықтар табысталды.

Байқауға қатысқан барлық оқушыларға шығармашылық ізденістері үшін алғыс білдіреміз. Жастардың тарихқа деген қызығушылығы артып, зерттеушілік жолдағы ізденістері жалғаса берсін! Әр бастамаларына сәттілік, жаңа шығармашылық табыстар мен биік жетістіктер тілейміз! 

«Астана қаласы мемлекеттік архиві» мемлекеттік мекемесінің  баспасөз қызметі

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan