Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Асанәлі Әшімов. ...Деген екен№14...

21.08.2015 6008

Асанәлі Әшімов. ...Деген екен№14

Асанәлі Әшімов. ...Деген екен№14 - adebiportal.kz

 

 

Безымянный.jpg


Көрнекті режиссер, әйгілі киноактер Асанәлі Әшімов бірде таксиге мінеді. Асанәлінің жанында баласы Сағи болса керек. Тиісті жерге келіп, есеп айырысқанда 2 сом 18 тиынның орнына Асанәлінің ұсағы болмайды да, 2 сом 15 тиын беріп, шыға береді. Бұған ыңғайсызданған Сағи:

– Өй, әке, мен сіздің орныңызда болсам 3 сом берер едім, – депті. Сонда Асанәлі:

– Әрине, сен 3 сом бере аласың, өйткені сенің әкең бар, ол саған жоқшылықтың не екенін білдірмей өсірді. Ал, мен болсам әкесіз көк жетіммін! – деген екен.

 

 


****

 


«Егемен Қазқстан» газетінің 1994 жылғы 2-маусым күнгі санына ақын Жүрсін Ерманның бір топ өлеңі жарияланады. Бұдан біраз бұрын Жүрсін Жоғарғы Кеңес депутаттығына сайлаудан өте алмай қалған. Осыған орай өкпе-наз ретінде мынандай өлең жазыпты:

 

Болмасам да ең жүйрік, ең дүлдүлің,

Айтамын деп айғайлап елдің мұңын.

Шығып едім ортаға Абай аға,

Ағайыннан таяқ жеп келдім бүгін.

 

Тауым қайтып, не шара, кемісе бақ,

Ала қоймас қазақтың елі сабақ.

Құдай атқан қазақтың баласымыз

Жеткен кеше мұратқа сені сабап.

 

Таң қалмаймыз, деп бабам, сотқар қалай,

Еске аламыз өткенді көп қарғамай.

Біз емес пе жақсымыз құлағында,

Қуанатын шуылдап боқ қарғадай.

 

Біз емес пе қызыл көз арлан қасқыр,

Арлан қасқыр сонарды малданбас құр.

Ақынына көрсету көрешекті –

Бізге ата-бабадан қалған дәстүр.

 

Қазақ қана қазақтың болды аңшысы,

Соны ұғынар тарихты шолған кісі.

Біздің басты жармаса өкінер ек,

Саған тиген қазақтың сол қамшысы.

 

Не болады ел – көңілде кек тұнса бір,

Не болады ел – қастыққа бет бұрса кіл,

Абай жеген таяқты мен де неге,

Жемеймін деп, тоба ғып еттім сабыр!..

 

Осы өлеңді оқыған Асанәлі Әшімов: «Абайды сабаған қазақ Жүрсінге қол былғап қайтсін» – деген екен.

 


****


 

Алматы қаласының әкімі Заманбек Нұрқаділов пен Асанәлі Әшімов кездесіп қалады. Заманбек сөз арасында: «Бұлар жасаған жақсылығыңа рахмет айтуды да білмейді» – деп әзілдейді.

Сонда Асанәлі: «Мен, әдетте, үшінші жақсылықтан кейін рахмет айтушы едім» – деген екен.

 

 


****

 


Бір отырыста ішіңкіреп алған жұрт ананы-мынаны айтып отырыңқырап қалса керек. Сонда Асанәлі дауысын шығарыңқырап: «Данышпан Маркс айтқан екен!» – дейді. Сонсоң, Маркстің даналығына қайран қалғандай үнсіз толғанып отырып қалады. Жұрт «Е, не депті?!» дегендей елеңдеп ошарыла түседі. Сол кезде Асанәлі: «Данышпан Маркс  кез келген отырыс түптің-түбінде әйтеуір бір тарайды депті» – дейді.

Сонда ғана отырғандар орындарынан тұра бастаған екен дейді.

 



****

 



Асанәлі Әшімов пен Кәдірбек Уәлиев бір-бірімен кездескен жерде әзілдесе береді екен. Бірде, Мәдениет министрлігінде істейтін Кәдірбектің бөлмесіне Асанәлі  кіріп келсе, Кәдірбек: «Әй, сақал, неге есікті қақпай кіресің?!» – дейді.

Сонда Асанәлі: «Е, ол не тәртіп, есікті қағып кіретін, сен дәретханада отыр ма едің?!» – деген екен.

 



****

 

 

Бір үйдің кітап сөресіне Махамбеттің, Абайдың,  Олжас Сүлейменовтың суреттері қойылса керек. Мұны көрген Асанәлі Әшімов: «Қазақ халқының басынан өткен орыс экспансиясының нәтижесін танытатын көрнекі құрал сияқты екен» – депті.

 



****

 



Асанәлі Әшімовтың бір танысы арақ ішуді қойып жүргенін айтыпты. Сонда Асанәлі: «Сен шынымен арақты қойсаң, сол үшін ішіп кетуге болады екен» – депті.

 



****

 



Бірде, Қазақстанның бас молласы, мүфти Рәтбек қажы Нысанбайұлы Асанәлі Әшімовпен кездесіп қалады да, дауысын мақамдай созып: «Ассалаумағаләйкүм, Асеке!» – деп қол береді.

Сонда, Рәтбек қажының қолын алған Асанәлі: «Молла бол, шырағым!» – деген екен.

 



****

 



Надир Жиренчеев деген қырғыз шебері қазаққа күйеу, келіншегі қазақтың қызы. Бірде, Надир Асанәлінің бөлмесінде отырған Ақселеу Сейдімбекті іздеп келіп, арнайы жасап әкелген күміс шақша береді. «Жақсыны көрмек үшін» деген, отырғандар қолдан-қолға жүгіртіп, әсем жасалған күміс шақшаны тамашалай бастайды. Ақселеу Надирді таныстырып, оның әрі суретші, әрі зергер, әрі ұста, әрі өрімші екенін, өзінің қазаққа күйеу екенін айтып, риза көңілмен мақтайды.

Шақша Асанәліге де ұнайды, «Біз де осындай шақша ұстасақ артық болмас еді» деп, Надирге қарата айтып, емеурін етеді.

Зерделі, әзілқой Надир: «Асеке, мұндай шақшаңыз болу үшін Ақселеу аға сияқты біраз қамқорлығыңызды көруім керек!» – дейді.

Сонда Асанәлі: «Апыр-ай, бұрынғылар «Екі аяқтыда бажа тату» деуші еді, осы күнгінің бажалары не боп барады!» – дейді. Надир аң-таң болып: «Қалай, Асеке, біз бажамыз ба?» – деп сұрайды. Сонда Асанәлі: «Әрине, бажамыз, білмейсің бе, бажа болғанда қандай – сенің де, менің де әйелдеріміз қазақ емес пе!» – дейді ғой.

Надир риза көңілмен күліп, ертеңіне Асанәліге күміс шақша жасап әкеліп берген екен.



Ел аузынан жинаған: Ақселеу Сейдімбек

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар