Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Асылбек Байтанұлы. Ұлт зиялысы Сейтен Сауытбеков ...

21.12.2018 4818

Асылбек Байтанұлы. Ұлт зиялысы Сейтен Сауытбеков

Асылбек Байтанұлы. Ұлт зиялысы Сейтен Сауытбеков  - adebiportal.kz

Сейтен Лиманұлы Сауытбеков – шығармашыл ұстаз, шебер ұйымдастырушы басшы, библиограф ғалым. Тоқсан жылдық саналы ғұмырында Хакім Абай айтқанындай, ақырын жүріп анық басып, сан мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, шығармашылықпен, ғылыми жұмыспен шұғылданып, ұлт руханиятына өзіндік үлес қосқан ұлт зиялысы Сейтен Сауытбеков ақсақалдың өмірі мен шығармашылығына тоқталмақпыз.

Сейтен Лиманұлы Сауытбеков 1907 жылы бұрынғы Қызылжар уезі, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы, Төңкеріс ауылында дүниеге келген. Атасы Сауытбек пен әкесі Лимандар – өз заманындағы арабша сауатты адамдар болған. Бұл турасында Сейтен Лиманұлы былай деп жазған екен:

Ұлы атам Сауытбек дейтін кісі

Сауекең атандырған сұсты түсі.

Оң қолдан өнер тамған шебер еді,

Шендескен шетелдікпен қылған ісі.

«Шетелдік» деуінің мәнісі – Сауытбектің сол төңіректегі орыс селоларымен тамырластық орнату арқылы олардың шаруашылық жүргізу ғадеттерін шебер меңгеріп, кәдеге жарата алғандығы болатын.

Халық сүйген әкемнің аты – Лиман,

Таңдағаны тағдырдан – дін мен иман.

«Құдай бір, құран шын, пайғамбар хақ,

Уа, халайық, мүлтіксіз, - деген, - илан»,-

деп әкесінің дін жолын ұстаған жан екендігін айтады. Анасы Сейтен Лиманұлы туралы былай деп жазады:

Тірлігімнің тірегі Зағипа – ана,

Сыйлады ақ сүті мен ақыл – сана.

Мейрімін маған еткен қайтара көр,

Анама, рахымы мол хақ тағала!

ХХ ғасырдың басында қазақ даласының солтүстік қиырындағы ел-жұрттың қаймағы бұзылмаған күйде еді. Тіпті ұлттың күнін жоқтап, атқа қонған білімді азаматтардың көбі-ақ осы өңірден шыққанына тарих куә. Мұның басты себебі – қалай десек те еуропалық білім игеруші ұлттармен қоныстас болуы еді. Әсіресе, мұсылман түркі жұртына білім беретін іргелі оқу орындары орналасқан Қазан, Уфа, Орынбор, Троицк, Қызылжар, Омбы т.б. қалалардың игі әсері болғандығы анық.

Араб, парсы тілдерін еркін меңгерген сауатты әкесі Лиман молда ұлдары Нұрғали мен Сейтенді алғаш өзі сауат ашқызып оқытады. Бұдан кейін өңірге белгілі қари ұстаз Сейдахмет хазіреттің медресесінде оқуын жалғастырады.

Оқыдым жәдитше мен қазақшаны,

Алты жыл оқытты әкем арабшаны.

Атандым он үшімде бала молла,

Намазға имам қылды қазақ шалы, -

деп өзі жазғанындай, сол заманда қазақ даласындағы діни бағытта оқыту саласындағы жаңашыл әдістеме – жәдитше бойынша сабақ алады. Жәдитшенің қадимшеден өзгешелігі – онда араб тіл білімі салалары мен діни канондар ілімінен өзге, заманауи пәндердің кейбірі өтілетін еді.

Жас Сейтеннің бұдан ары қарайғы өмір жолы қым-қуыт төңкерістер мен соғыстар кезеңіне тап келеді. Азаматтық соғыс жүріліп жатқан жылдары оққа ұшып жазым болған адамдарға жаназа оқып, елдің ризашылығын алады.

Төңкеріс аяқталып, азаматтық соғыс тоқтап, Кеңес үкіметінің билігі нығайған соң жер-жерлерде орыс тілінде оқытатын бастауыш мектептер ашыла бастайды. Сейтен Сауытбеков те бір топ ынталы жастармен бірге бастауыш мектепке барады. Бастауыш мектепті жеделдете аяқтаған соң, Шыбықкөл аулында мұғалімдікке жіберіледі. Мұғалім бола жүріп, 1928 жылы Майбалық деген жерде ашылған педагогикалық техникумның дайындық бөлімінде білімін жетілдіреді.

Жоғары білім алуды көксеген Сейтен 1931 жылы Алматыға аттанып, қазақ жеріндегі тұңғыш жоғары оқу орны – Абай атындағы ҚазПИ-дің физика-математика факультетіне оқуға түседі.

Алматыға білім іздеп келген кезде жерлестері, белгілі қаламгерлер Ғабит Мүсірепов пен Сәбит Мұқановтар ақыл-кеңес беріп, жол көрсетеді.

1932-1933 жылдары нәубет ашаршылықтың салдарынан Сейтен оқудан қол үзеді. Елде қалған қарт әке-шешесінің ауыр халін естіп-білген ол еліне қайта оралады.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанға дейін ауылдағы ұжымдастыру мен әкімшілік басқару жұмыстарына араласумен қатар, ұстаздық қызметті де атқарады. Ұлы Отан соғысы басталғанда Сейтен әскери комиссариатқа барып өз еркімен арыз жазып майданға аттанады. Қысқа мерзімді офицерлер дайындайтын арнайы әскери бөлімде әскери борышын өтейді.

Соғыстан кейінгі жылдары мамандық дипломына ие болған соң, өмір бойына ұстаздық, мектепті басқарушылық қызметін атқарады. Қым-қуыт оқу-тәрбие жұмысымен айналыса жүріп, шығармашылықпен шұғылданды:

Елім үшін асыл еңбек етсем деп,

Армандадым сол сертіме жетсем деп.

Елемедім егделіктің еркін де,

Бұл фәниден абыроймен өтсем деп, –

дегеніндей, Сейтен Сауытбеков отыз жыл бойы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданындағы Балуан орта мектебіне басшылық жасады. Елдегі қазақ мектептері жаппай жабылып немесе орыс тілді мектептерге айналдырылып жатқанда Сейтен Сауытбековтың күш-жігерінің арқасында ауылдағы білім мекемесі ана тілінде білім беруін сақтап қалды. Сейтен Суытбековтың жетекшілігіндегі Балуан мектепбі республикадағы озық мектептердің қатарынан көрініп, ғылыми-эксперименттік алаңға айналдырылды. Осы жылдары С.Сауытбеков «Әліппе» оқулығының авторлық жобасын жасау тұрғысында еңбектенді.

Тәрбие барысында ұлттық құндылықтарды басшылыққа алған Сейтен ұстаз мектепте Билер алқасын құрып, тәртіп бұзған оқушылардың жат қылықтарын талқыға салып, жөнге салған дәстүрі – өз тұсында оқушылар тұрмақ ауыл жастарына үлкен әсер еткені үлкен педагогикалық жаңалық болады.

Сонымен қатар, мектеп жанынан «Ауыл зоопаркін» ашады. «Сейтен зоопаркінде» дала және орманды дала зонасында кездесетін хайуанаттар (кірпі, борсық, сарышұнақ, сұр қоян т.б.) мен жабайы құстар (дала үйрегі, қасқалдақ, көкек, суық торғай мен шымшықтар, бұлдырық т.б.) асыралып, оларды оқушылар күтіп-баптады.

Көктем айларында мектептің айналасына жеміс-жидектер мен гүлді-шөптесін өсімдіктер мен ағаштар (қарағай мен қайың) жаппай өсірілген. Осы арқылы оқушыларды табиғатпен етене болуға, өзара ынтымақшылыдыққа, экологиялық тәрбиеге баулиды.

«Қазақ ССР-не еңбегі сіңген мұғалім» атағына ие болған Сейтен ұстаз мамандығы физика мен математика бой»ынша да көптеген жаңашыл әдістемелерді жобалап, оқу үдерісінде қолданысқа енгізеді. Ең бастысы – сегіз қырлы бір сырлы, білімді де тәрбиелі, шығармашыл тұлға тәрбиелеу жолындағы тынымсыз еңбегін ел-жұрты, оның ішінде өз заманының көрнекті тұлғалары бағалап, пікірлерін қалдырған екен. Академик жазушы Сәбит Мұқанов ол туралы «Шын мәніндегі халық мұғалімі, ұстаздың ұстазы», - десе, ҚР Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев: «...Адамды сүйе білуден асқан талант болмас. Ал баланы аялай білу – екі есе адамның басында аса сирек кездесер құбылыс. Міне, осы бала жанының кемел бағбаны, әрі ұлағатты ұстаз, әрі тәлімгер қалам иесі – Сейтен Сауытбеков...», - деп ерекше бағалайды.

Әдебиеттанушы ғалым Тұрсынбек Кәкішұлы «Ұлы мұғалім» атты естелігінде былай деп жазады: «... Сейтен Сауытбековтің атын естігенде, неге екенін анық білмеймін, шын мәніндегі ұлы мұғалімнің келбетін, мінез-құлқын көз алдыма елестетемін. Әрине, әркім өз биігінен көрінеді ғой. Маған Сейтекең бас әріппен жазылатын МҰҒАЛІМ болып көрініп еді, әлі де сол бейнесінде көзіме елестейді. Сәбит Мұқанов екеуі Баймағамбет Ізтөлиннің өлеңдер жинағын 1957 және өзі 1981 жылы шығарғаны есімде. Қазақ әдебиеті оқулықтарында Баймағамбеттің міндетті түрде аталуының ғылыми негізін нығыздай берген дұрыс. Осы салада Сейтекең өз қолынан келген істі адал атқарып кетті. Оны 1986 жылы шыққан «Садақ» атты кітабымда жазғаныммен дәлелдеймін...», - деп Сейтен Сауытбековтың әдебиетіміздің тарихын түгендеудегі зор еңбегінен хабардар етеді.

Сейтен ұстаздан тәлім алған сан мыңдаған шәкірттердің арасынан елге белгілі, танымал адамдар туып шыққаны белгілі. оқушысы, Қазақстанның көрнекті жазушысы Герольд Бельгер өз естелігінде былай деп баяндайды: «...парасаттылық, ізденгіштік, жаңашылдық, ізгілік – міне осы тектес терең де мағыналы ұғымдардан шынайы азамат Сейтен аға Сауытбекұлының адами, қоғами, рухани кескін-келбетін құрастырып, оның әмбебап тұлғасын зерделеуге болады.

Сейтен Лиманұлы Сауытбеков

Секеңнің ұстаздық, әдістемелік өнерінен өскен Есіл өңірінде аңыз қылып айтып отыратын. Бұл оқиғаны тәпіштеп жазып отырғаным – өмірімнің қиын кезеңінде шынайы ұстаз Сейтен Сауытбекұлының маған кезігіп, қол ұшын беріп, парасаттылық, адамгершілік танытқанын еске түсіру. Мұндай ерлік (соғыстан кейінгі саяси жағдайды еске алыңыз) анау-мынау адамның қолынан келмейтіні анық қой. Сол бір тұста Секең маған үлкен демеу, қамқоршы болды, сенім артты, қолдады, ақыл-кеңесін берді. Ондай жақсылықты ұмыту мүмкін емес. Секең кездеспегенде тағдырым қалай болар еді деп кейде ойлап қоямын...». «Қазақтың Герағаңы» атанған танымал жазушының жеке өмірінде Сейтен ұстаздың қандай адамгершілік іс атқарғаны бізге беймәлім. Ең бастысы, алмағайып заманда басын бәйгеге тігіп, саяси сенімсіз ұлттың өкіліне қамқорлық жасағандығын аңғаруға болатындай.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік ке қол жеткізгенде 83 жастағы қария ендігі кезеңде ұлтымыздың тілі мен діліне, діни құндылықтарына деген парасаттылық сүйіспеншілігін арттыру, солғынына нәр беру, өшкенін жандыру тұрғысында өз білгенін, өмірлік тәжірибесін ортаға салып, хал-қадерінше жұмыс істеуді мақсат тұтады. Осы ұмтылыстың нәтижесі іспетті танымдық-тәлімдік маңызы зор көптеген еңбектер жазып мұра етіп қалдырды. «Тағылым – тілден», «Құран сөзі – құдай сөзі», «Теріс мінездерге қарсы ізгілік тағылымдар» және тағы басқа көптеген еңбектер жазады.

Сейтен Сауытбековтің ұлт руханияты жолындағы шығармашылық қызметі Тәуелсіздіктен де бұрын басталған еді. Елдегі ұстаздық қызметін абыроймен аяқтаған соң құрметті демалысқа шықан Сейтен Лиманұлы сол кездегі ел астанасы Алматыға келіп, Ы.Алтынсарин атындағы Қазақтың Білім академиясында және ҚР Мемлекеттік Ұлттық кітапханасында сирек кездесетін қолжазбалар бөлімінде ғылыми жұмыстармен айналысты. Ол заманда қазіргідей араб, парсы, шағатай түрки, төте жазу т.б. білетін мамандар мол емес еді. Қорларда жинақталған араб қарпіндегі кітаптар мен қолжазбаларды ретке келтіріп каталог жасау ісін жүзеге асырады. Сол кезеңдегі ізденушілер арасында «Сейтеннің сары дәптері» атты библиографиялық жинақтама аса танымал болған екен. Осынау қарапайым да еңбекқор қарияның жанкешті еңбегінің арқасында бұрын белгісіз болып жертөлелерде, шаң басқан сөрелер мен бумаларда жатқан қаншама құнды дүниелердің ғылыми айналымға еніп жоғымыз бүтінделіп, кем-кетігіміз бүтінделгені бір жаратқанға ғана аян. Көне жазулар демекші, тың игеру жылдары әуежайға жақын жердегі Уәли хан Абылайұлы зиратының аумағы өртеніп, құлпытасы иен төбенің басында шөп басып жатқан жерінен Көкшетауға әкелініп, жазуын оқуға талпыныс жасалады. Аталған құлпытастағы жазуды алғаш оқып, нақты хандыкі екендігін бекемдеушілердің бірі Сейтен Лиманұлы болғанын көкшетаулықтар жақсы біледі.

Сейтен Сауытбековтің келесі бір қыры – балалар әдебиетінің дамуына үлес қосқан үлкен қаламгерлігі. Бұл – арнайы тоқталуды қажет ететін жеке тақырып. Сейтен Сауытбеков қаламынан көптеген өлеңдер мен поэмалар, ертегілер мен әңгімелер туған. «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, Жамандар жақсымын деп айқайлайды», - деп бекер айтылмаған ғой. Тереңі таяздап, тұнығы лайлана бастаған ана тіліміздің қажеттілігі мен өміршеңдігін шалғай ауылдағы шағын мектептегі сан салалы жұмысы арқылы дәлелдеген; мамандығы басқа болса да Ахаң түзген әліпби сорабында «Әліппе» оқулығын құрастырған; зейнеткерлікке шыққаннан кейін қажыр-қайратын көне әдеби мұраларды түгендеуге арнаған; үлгі-өнеге, ғибратқа толы туындылар жазып қалдырған Сейтен Лиманұлы Сауытбековті расымен де қазақ ұғымындағы қарапайым да биік тұлғалы жақсының көзі де өзі де болған жан десек қателеспеспіз. Қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Мағауиннің: «Сейтен Сауытбеков қазақтың зиялы, білімдар, кемеңгер қарияларының соңғысы сияқты көрінетін», - деген сөзімен мақаламызды түйіндемекпіз.

Асылбек Байтанұлы

Сейтен Лиманұлы Сауытбеков


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар