Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Аспанымның астында өлең оқып берейін...

09.09.2024 1287

Аспанымның астында өлең оқып берейін

Аспанымның астында өлең оқып берейін - adebiportal.kz

Астанадағы «Қаламгер» аллеясында «Аспанымның астында өлең оқып берейін» деп аталатын поэзия сағаты өтті. 

Күздің лебі білінген шақта ағаштар арасындағы тыныштау жерде, таза ауада өткен поэзия кешінің иесі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Асантемір Қаршығаұлы елордаға биыл қоныс аударып келген еді. 

Ақынның жырын тыңдауға біраз адам жиналды, оның көпшілігі ақындар  болды. Асантемір ақын: 

Иілмейтін болғасын майыспаймын,

Қатулансам көкке ұшып, Ай ұстаймын!

Қабағымнан қар жауып тұрғаныммен, 

Жібісем иі қанған қайыстаймын!

Өзге түгіл өзімді ұға алмаймын,

Сыр ақтарсаң, сыртыма шығармаймын!

Топты көрсем, тыпыршып тұра алмаймын, 

Жыр толғасам жарықтық Жұбандаймын!

деп екпіндетіп өлеңін оқып, көпшіліктің ықыласына бөленді. 

Сондай-ақ Момбекова Шахсана, Теміртаева Гүлзада, Салметова Ақмарал атты өлең сүйетін қыздар да Асантемірдің өлеңдерін оқыды. Есте қаларлық сәттердің бірі, кеш иесі сахнаға әдемі домбыра ала шығып, «Батыс Қазақстандағы домбыра шебері Аслан Серікбаев деген азамат осы домбыраны жасап, маған сыйға тартқан еді, талантты жігіттердің қолында жақсы домбыра жүруі керек, әрі терезенің алдына қойып, анда-санда шерткеннен не болады, өзі жақсы жасалған домбыраны даусы керемет өнерпаз, әнші Өзгеріс Шерікбайдың қолында болсын деп шештім», деп  Өзгеріс Шерікбайға сыйлады. 

 

Жиналған көпшілік Өзгерістің әдемі әнімен қоса, Табыл Досымовтың әндерін ұлы Абылдың орындауында тыңдап бір сергіп қалды. 

Ақын ағалары Ғалым Жайлыбай, Серікзат Дүйсенғазы, Қалқаман Сарин, т.б. Асантемір інілеріне жылы лепес білдіріп, шығармашылық жолына ақ жол тіледі. Оралдан арнайы келген азаматтар да болды, Асантемірдің сыйлас інісі ақын Әділет Орынбасаров өз өлеңдерін оқып, БҚО халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Жұбатов лебізін білдірді.

Айта кетелік, шығармашылық ізденістегі Асантемір Қаршығаұлы «Шынжыр»  атты төртінші жыр жинағын шығарып үлгеріпті. Жаңа жинақтың таныстырылымы алдағы сәтті күні музейде өтеді деп жоспарланып отыр.  

 

Қалалық кітапхана ұйымдастырған іс-шара жайында Асантемірдің өзінен сұрадық: 

- Біраз адамнан сұрастырсам, ашық аспан астында ақынның жеке кездесуі өтуі алғаш рет екен. Көбіне кітапханаларда, театрларда өтеді ғой. Арқа терлетіп Арқаға келгеннен кейін өзімнің бар екенімді білдірейін деп кітапхана басшылығына айтқан едім, олар ойымды құптап өткізіп берді, - деді ол. 

 

 

 

Төменде портал оқырмандары үшін Асантемірдің 2-3 өлеңдерінен жариялап отырмыз.

***

Жат адамдай жатырқайды бас қала,

Ережесі ұқсамайды басқаға!

Әңгіме айтып әсерлену деген жоқ,

Бөтен адам. Бәрі ұмтылған ақшаға!

 

Мен де ұмтылдым, жеткізбеді сорлы сәт,

Көңіліме кірленетін болды шақ,

Аяғымды әлтек-тәлтек басамын,

Уызына жарымаған төл құсап...!

 

Мен де бір күн кетер ме екем бөтен боп,

Бұл қалада бас тірейтін көкем жоқ!

Бесік ойды тербетумен жатырмын,

Қырық шаршы метр жерді мекендеп.

 

Біздікі емес бұл қалада тіл бөтен,

Қазақшамды түсіне алмай тұр көкем!

Әбіш аға мұнда қалай тұрды екен,

Фариза апам қалай өмір сүрді екен?

 

Әй, Бауыржан, соны маған түсіндір,

Қиял-құсым байыз таппай ұшып жүр!

Бас ауырып6 қан-қысымым түсіп жүр,

Әй, Бауыржан соны маған түсіндір! 

***

Сауал қойма сары қыз жайлы маған,

Ол арудан бұл күнде айныды ағаң...

Сары қызға "сау бол" хат жолдағанда, 

Түн түнеріп, аспанда Ай жылаған.

 

Ол жайында айтпашы, қарғам маған,

Сезімімді қайтейін жалғанбаған?

Әдірәм қалды армандар армандаған,

Түсінбей өтеді екен жалғанды адам.

 

Айналайын түсірме есіме оны,

Ол жүректен аулаққа көшіп еді.

Білмеймін жүрек қалай кешіреді,

Айналайын түсірме есіме оны...

***

Құдайға хат

Жаңаөзен!

Қаңтар!

Тасыған суыңа көндік,

Көнбіс қазақты алдаған қуыңа көндік!

 

Бас көтерсем дем жетпей тұншығар жанмын,

Бас бармақты сан мәрте қыршып алғанмын.

Итке таланған бөрінің күйін кешкенде,

Өзіңнен медет болар деп үн шығармадым!

Ананың зары, япырай, азапты күн-ай,

Дәл бұлай қинай бермеші, қазақты, Құдай!

***

Айтылғанмен ақын деп тойда атағым, 

Оңашада ойымды ойнатамын. 

Қиялыммен құс болып қанат қағып, 

Арманымды бұлттарға бойлатамын.

 

Естимін де даламның көмескі үнін,

Ойша шолып қайтамын белес-қырын.

Дос-жаранмен күн сайын кездессем де,

Жырдан басқа жұбатар жоқ ешкімім. 

 

Жалғыз қалып айтқанмен аспан әнін,

Жүрегімді қорғадым, ластамадым.

Мен өзіңе адалмын ей, өлеңім,

Қаламымды қолымнан тастамадым.

Асантемір Қаршығаұлы

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар