Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Асқар Алтай. Құланның ажалы...

10.01.2022 5929

Асқар Алтай. Құланның ажалы 12+

Асқар Алтай. Құланның ажалы - adebiportal.kz

Жоғалған қолжазба еді

«Ең алғашқы жазған прозалық шығармаңыз?» деген сұрақты жазушыларға көп қояды жас оқырман.

Бұл әңгіме соған жауаптай көрінеді. Мектеп қабырғасында жүргенде жазылған еді. Бұдан кейін хатқа түскен кластастарым туралы «Біз әлі кездесеміз» (Отыз беттен астам жазылған романның басы) қолжазбасын біржолата жоғалтып алып ем... Сондай-ақ, кейінірек туындаған «Көз» әңгімемнен де көз жазып қалдым. Ол да табылмай кетті.

Орыс халқында «қолжазба өртке шалынбас» деген тәмсіл бар. Бәлкім, рас болар! Осы жақында ғана інім Алмастың үйіндегі ескі папкалар арасынан «Құланың ажалы» қолжазбасын тауып алдым. Сол кездегі «общая тетрадь» дейтін қалың дәптерге таңбаланған.

Қалың дәптер мұқабасының ішкі жағына:

«Көңілде жүрген кей ойлар

Мазасыз мені тербеді.

Өмірде кейбір бояулар

Белгісіз болды...

Жасарып қайта келмеді.

1978 жыл, Чердояқ (Шірікаяқ) ауылы»- деп, мен тоғызыншы сыныпта оқыған Күршім ауданындағы ауыл аты жазылыпты.

Ал қалың дәптер «Қызбейіт» (Алтай модағайы) деп ат қойған «тырнақалды» қолжазбадан басталыпты. Ол тоғыз парақтан, яғни қолжазбалық он сегіз беттен тұрады екен. Екінші әңгіме – «Құланның ажалы» қолжазбасы болып жалғасыпты.

Бұл «Общая тетрадь» жоғалып кеткен соң «Қызбейіт» әңгімесін Қаз ПИ-ді бітірген жылы жазда – Семей қаласында жүргенімде (Мединституттың жатақханасында) жаңадан жазып шығып едім. Кітаптарыма кіріп жүрген сол нұсқа... Ал қолыма алғаш қалам алып, «бісмілла» деп бастаған мына қолжазбадағы «Қызбейіт» сюжеті де сол соңғы нұсқадан көп ауытқи қоймапты. Әлбетте, жоғары білім алып жазылған нұсқа стилі әлдеқайда сүбелі шыққаны белгілі.

Жасөрен шақта қатқа түскен қолтаңба көзіме оттай басылды; қос қолжазба көкірегіме ыстық қоламта табындай қызу сыйлады... Сондықтан да мәртебелі оқырман, өзіңмен «Құланың ажалы» әңгімесін бөлісуге ұйғардым. Әңгіме стилі мен сюжетіне қол тигізбей, сол алғашқы жазылған қалпында сақталған күйінде бердім. Тек, бала кезімде құла құнан туралы шығарған, есімнен бір сәт те кетпейтін шумақты «эпиграф» ретінде қостым.

Бұл да болса, «қаламгер лабораториясы» дегенге бір табан жақын келер қаламгерлік сыр болар. Бәлкім, осы әңгіме болар, мен үшін тұңғыш жазылған прозалық шығарма.

Құланың ажалы

Әңгіме

Құла құнан дегенде, құла құнан,

Қиығы бар мінер жақ құлағынан.

Құйғытып шапқан кезде айнымайтын

Желдей ескен даланың құланынан.

(Бала кезгі өлең)

– Балам тұр! Тұра ғой, - деген дауыстан көзімді ашып алдым.

Бойымды тіктеп отырдым. Киіз үйдің іші қаңырап тұр екен. Таңғы суықтан бойым тітіреп кетті. Ұйқым шайдай ашылды.

Әкем күндегі әдетінше ерте тұрып, киініп алыпты. Апыл-құпыл киіндім де, төр жаққа көтеріле салынған жер төсектегілерге қарадым. Барлығы да бырдай. Жылы көрпе астына тығылып, бастарына дейін бүркеніп қалыпты.

Маңдайша кигіз түріліпті. Жартылай ашылған сықырлауықтан сібірлеп таң атып келеді. Үй іші алакөлеңке. Үлкен ағаш тостағандағы айранды басыма бірақ көтердім. Сыртқа беттедім.

Алтайдың басы, қарағайдың қасы...

Желібау жанындағы мамағашта күрең бие мен жатаған құла құнан тұр. Әкем құланы айналшықтап жүр. Бұл құланы мамыр туа ағам үйреткен. Ол екі айдай мініп, «басбілгі» қылған соң әкесі жылқы үйіріне қостыртып жіберген. Ал ағасы «оқуға түсуге» қала жаққа кеткен... «Мінезі жуас. Жалқаулау. Ұзаққа сілтейтін жүйірік шығар мал» деп кеше әкесі ат арқандауға барғанда айтқан. Өзінен көп үміт күтетін сияқты. «Биыл күзде шопандар тойына апарам. Құнан бәйгеге қосам. Кермені кесіп өтері кәміл!» деп құрдасы Қазимолдаға айтып отырғанын да құлағым шалған. Соған қарағанда құладан «өнер» шығатын сияқты.

– Асар, кел бермен! Құнанға сен мінетін кез келді, - деп шылбырын шешті. – Байқа! Жаман неме асаусып жүрмесін... Бірақ жаңа ер салғанымда тыныш тұрды. Сонда да сақ бол!

Құнанға мінуге біртүрлі жүрексіндім. Жоқ, асаусып қалған жылқыға мінбеген басым емес, талай үйретілген тарпаңға тақымым тиген... Бүгін таң ет жүрегім дүрсілдеп, аузыма тығылып тұр. Әкемнің айтуынша, «7-ші класты бітірген зіңгіттей жігіттің» тірсегі діріл қағады.

Айналаны қоршаған қарағай сұлбалары қарауытады. Тамыз жаңа туса да жер аппақ қырау жамылып, маңай бозаң тартқан. Шілде қызуы қайтқан кез. Таңғы алагеуім.

«Нар тәуекел!»

Үзеңгіге аяқты сала бере ырғып міндім. Әкем жүгеннен қолын босатпай шылбырды ұстата берді. Шылбырды қасы биік қалмақы ерге тез шешілетіндей ілдім де, тізгінді тарта ұстап, құла құнанның басын кең қолатқа қарай бұрдым. Жануар ерін бауырына алардай, мені сауырына салардай туламады... Жүріп кетті.

Жүрегім әлі де лүп-лүп етеді...

Артымнан күреңмен желдіртіп әкем де жетті. Төрегелді биігіне көтерілдік. Биіктен бәрі алақандағыдай көрінеді. Алыстағы ақиық тау шыңдарына күн де иек арта биік шоқылар мен жалдарға сәулесін шашып келеді екен.

Әкем еңкейіп із кесті...

– Ұлым, ізге қарағанда екі үйірдей жылқы Төрегелді теріскейіне, Тымбай шатына құлапты. Дәу де болса, біздің алдымызда ғана түскен секілді. Олар ескі сүрлеумен қиғаштай тартыпты. Сен мына жалғыз соқпақпен тіке түс. Тез жетесің. – Ат үстінен еңкейіп, қамшы ұшымен жылқы боғын түрткіледі. – Міне, бозқырау үстінде буы бусанып жатыр. Тоя тезек тастапты... Ал қалған қалың жылқы күнгейге беттеген. Көрдің бе, таң қылаң бере Құсжолындай жосылған тұяқ таптауырынын.

– Әке, мен күнгейге барайын ба?

– Күнгейге дейсің бе?

– Иә.

– Жоқ. Онда өзім барайын. Сен мыналардың соңынан түс. Бәлкім, су бойында болар... Құнанды қинама! Қатты шаппа! Раң ет алған жас қой, барлығып қалар. Желе шоқытып жүр. Өрге салма, көкірегіне қақырық тұнбасын!

Әкем өзінің ескертулерін жасап, биіктің күңгей бетіне асып кетті.

Білем, неге күнгейге жібермегенін. Күнгей жақ жазық. Теріскейдей өрлі-ылди емес. Үйірлердің басын қосам деп шапқылап, тұнып тұрған құнанды «қызылмай» қылып құртар деген қаупі ғой... Әйтпесе не көрініпті?! Күн де күрең атпен барып жүрген күнгейі емес пе мұның. Құдай оңғарса, жалпақ жылға табанында сынармын! Құла құнанның әуселесін сонда көрермін!

Тік қия бетті бауырлаған сыңар соқпақпен төмендеп келем. Соқпақтың жан-жағына ақ самырсын мен қызыл қарағай аралас өскен балғын шырша, қызылқат пен қарақат жарыса өскен ұшқат ұйыса қалыпты. Дымқыл тартқан қарақат көзі самсып, пісе бастапты. Қарсы алдымнан сайды өрлеген салқын леп келеді.

Қаракөлеңке шат ішінен бозқырау баяу ұшуда. Бойым мұздап, тоңазып келем. Күн сәулесі шаңқай түсте ғана түсетін Тымбай шатын көкмұнар тұмшалаған. Ылғал мол. Денем тоңазығаннан шіміркеніп, көңіліме белгісіз күдік кіріп, қорқыныш ұялайды.

Төменнен, су бойындағы шілік ішінен сауысқан мазасыздана шықылықтайды. Жақын жерден тоқылдақтың тоңқылы естілді. Оң жағынан қос құр пыр-пыр етіп көтерілгенде селк ете түстім. Құла құнан да оқыс тізгінді жұлқып, үркектей қозғалды. Әлденеден үрейленіп, өз-өзімнен қуыстандым. Жүрек те атқақтап кетті.

Құла құнан да қияда тұяғын тірей басып, шатқа құлар жылға бауырына да ілікті. Жүрегім орнына түскендей болды. Жіпсіп кеткен арқамды кеңге сала бастадым. Енді кішкене жүрсек шатқал табанынан шығамыз.

Соқпақ бауырлай тартты. Қалың жыныс та сирей бастады. Бауырлай созылған соқпақпен соқтырта жөнелдім. Құнан да салдырта желді.

Тура алдымнан қос балапан шырша көрінді. Бұл жолмен бұрын да жылқы айдағам... Қазір соқпақ қарақат түптері қоршаған қос балапан шырша қасынан жалт бұрылады. Сосын тіке құлдилап, шат табанына түседі.

Кенет:

– У-уә-ә-әж!.. А-а!.. - деп егіз шыршаның ар жағынан алып сабалақ атып тұрды.

Қоңыр аюды оқыс көрген құла құнан да аспанға тік шапшып, жан ұшыра кісінеді. Мен де аңдаусызда ерден сыпырылып қала жаздап, жандәрмен жал мен ер қасына жабыстым. Қорқыныштан есім шығып кетті.

Көз алдымнан аузын арандай ашқан сабалақ-сабалақ дәу кетер емес...

Құла құнан алдыңғы аяқтарымен «дупка» бере секірген күйі еңіске қарай бір-ақ қарғыды. Сол қарғыған бойы шауып ала жөнелді. Ер үстінен қарағай бұтағы іліп кетпесе екен деп, жанталаса ат қапталына түстім. Бір тіземді бүгіп, табанымды әкем мен үшін жасаған шағын, темір үзеңгіге тіредім. Ал бір қылтам ердің үстінде қалды.

Сай табанына түскен құнан құтырына шапты. Көр шатқа қарай құлдамай, жылғаны өрлей шапты. Мен де бойымды түзеп, ат жалына жабыса түстім. Өз жүрегімнің ғана дүрсілін естіп келем...

Арт жағымда қалып жатқан аюлы қияға үрке қараймын. Ештеңе көрінбейді. Тек дүрсілдеген тұяқ дауысын естіп, ұршықша айналған жерді көрем. Аю қуып келе жатқандай мойнымды тағы бір рет бұра бергенім сол еді, ат-матыммен омақаса құладым. Еңкейген бойы жерді сүзе домалап-домалап кеттім.

Орнымнан қалай атып тұрғанымды білмеймін?!

Еш жерім ауырмайды. Таудың кісі бойы көк шөбі жапырылып қалыпты. Кілем үстіне құлағандай болдым. «Аттан айырылып қалмайын!» деген ой келді. Құлаға қарасам, ол мойны алдыңғы аяғының астынан келіп жатыр екен. Жер сүзген басы кері қайырылып қалыпты... «Қор-қор» еткен қорқынышты дауыс шығарады.

Алдыңғы оң тізесі теріс айналып кетіпті. Жіліншіктен морт сынғаны көрініп тұр. Көртышқан қазып тастайтын тышқанқорыққа шауып келе жатып, кеседей тұяқты бір-ақ сұғыпты. Жіліншігі жартылай жерге кіріп, ортасынан опырылып қалыпты. Мойны оңбай қайырылған жануар жантәсілім «қыр-қыр» етеді.

Не істерімді білмей шошып кеттім! Аю да ойымнан шығып кеткен... Жан-жағыма жалтақтай қарадым. Жылғаның жоғары жағында сиырлар жайылып, өрлеп барады. Жылға қабырғасынан жалпылдай желіп сиыршы келеді.

Қалай ғана:

– Қази аға-а! – деп, айғайлап жібергенімді білмеймін. – Құла-а!.. Құла-а!..

Қыстығып жылап жібердім...

Құланың көзінен де жас ағып жатыр. Оны аяп тұрғанымды, қорқып тұрғанымды білмеймін. Құла болса «қыр-қыр» етіп, «қор-қор» етіп үрейлі дауыс шығарады. Мен болсам «Құла! Құла! Өлмеші!..» деп өксіп тұрмын.

Тепеңдеп сиыршы Қазимолда да жетті. Жете бере:

– Ойбүй, қарағым-ай! Өзің аманбысың? - деді аттан домалай түсіп.

– Аманмын, аға! Құла!.. Енді қайттім? Әкем... әкеме не деймін?

– Жазым ғой, балам, жазым!.. Байқап шаппадың ба, балам,жұлынына зақым келіпті... Мойны қайырылып кетіпті, жануар!

– Енді қайттік, аға?

– Арам өлтірмейміз... Қап, әттеген-ай! Әкең мал танушы еді, құмай жүйірік шығар еді...

Қазимолда белбеуіне ілінген қыннан кездігін суырды.

– Сенде жазық жоқ, бізде... Тфу! Не деп барам? Жазым ғой, жаратқан ием, адал азық болғай! Бісмілла! - деп құла құнанның басына лөкет пышағымен еңкейе берді.

Қозғала алмай жатқан құлаға сапыны тамақ астынан қорс еткізіп сұғып алды. Алқымнан ора тартпай, «бітеу бауыздады». Жұқа тамақтан тік кірген пышақты ендете енгізіп, былғап-былғап қойды. Суық сапы ұстаған оң қолы қанға жуылды... Көк күреңше қызыл түске боялды.

Жүрегім жылап, сезімім суып кетті...

Көз алдымда пышаққа ілінген құла сирақтары діріл қағады.

***

Құла құнанның басын мүжігеннен кейін әкем көпке дейін үндемей жүрді. Маған да бір ауыз сөз айтпады. Аюмен бетпе-бет келу құланың ажалына көрінгенін білмейді... Әлде, айтсам ба екен? Құмай жүйірік шығар деген үмітін үзіп алдым. Әй, қайдам, аю дегенге сене де қоймас!

1978 жыл, қараша.

Күршім, Шірікаяқ ауылы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар