Бүгін Астанада «Astana Eurasian Book Fair – 2026» IX Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі ашылды. Бұл – Орталық Азиядағы ең ірі мәдени-ағартушылық алаңдардың бірі.

Көрмені Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі, Астана қалалық әкімдігі және Qazaq Creative қорының қолдауымен Фолиант баспасы ұйымдастырып отыр.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында кітап оқудың маңызына ерекше тоқталып, оқу мәдениетін қоғамда орнықтыру қажеттігін атап өткен болатын. Осы тұрғыда көрменің басты мақсаты – кітап оқуды дәріптеу, жаңа басылымдарды таныстыру, заманауи баспа технологияларын көрсету және халықаралық ынтымақтастықты дамыту.


Көрмені ұйымдастырушы Фолиант баспасының бас редакторы Фарида Тобашалова биылғы шараға 85 ұйым өтінім бергенін жеткізді. Оның ішінде 15 елден келген 35 шетелдік ұйым бар. Көрме аясында баспаның 18 жаңа кітабының тұсаукесері жоспарланған.
Шараға тұрақты қатысушылардың бірі — Түркияның «Дамла» баспа үйінің жетекшісі Мехмет Бахадүр бұл көрмеге алтыншы жыл қатарынан қатысып отырғанын айтып, қазақ және түрік баспалары арасындағы ынтымақтастықтың нығайып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінге дейін екі ел баспалары бірлесіп 100-ге жуық кітапты түрік тілінен қазақ тіліне аударып шығарған.
Сонымен қатар Қазақстан, Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Моңғолия, Испания, Қытай, Иран, Беларусь, Португалия, Венесуэла және Ұлыбритания елдерінен қатысушылар келген.


Бес күнге жоспарланған мәдени-іскерлік бағдарлама аясында жаңа кітаптардың тұсаукесерлері, авторлармен кездесулер, автограф-сессиялар, балаларға арналған шеберлік сағаттары өтеді.


Олардың қатарында Бекарыс Шойбековтің «Айтыстың алтын айдар Бекарысы», Маржан Ершудің «Жалғыз қол», Ұларбек Дәлейдің «Бату хан», Анджей Сапковскийдің «Мыстангер» шығармасы, Эрнест Хемингуэйдің «Қоңырау кімді жоқтайды» романы және басқа да бірқатар еңбектер бар.
Сондай-ақ көрмеге ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұлттық павильоны да бар. Онда Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Жазушылар одағының бірлескен жобасы, «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» аясында жарық көрген жас қаламгерлердің кітаптары қойылған.
Айта кетейік, көрме аясында Ұлттық кітап күніне орай республикалық «Ұлттық кітап» байқауының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар марапатталады.


