22–26 сәуір аралығында Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Президентінің орталығында (Ә. Бөкейхан көшесі, 1а) «Astana Eurasian Book Fair — 2026» IX Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтеді. Бұл — Орталық Азиядағы ең ауқымды мәдени-ағартушылық шаралардың бірі.
«Astana Eurasian Book Fair – 2026» кітап көрме-жәрмеңкесін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі және Астана қалалық әкімдігінің қолдауымен «Фолиант» баспасы ұйымдастырып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында: «Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Мысалы, көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Мен Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысты қолдаймын. Бірақ оны мазмұнды етіп өткізу қажет. Мысалы, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», – деп атап өткендей, көрменің басты мақсаты — кітап оқуды дәріптеу, оқу мәдениетін қалыптастыру, кітап нарығындағы жаңа өнімдерді көрсету, баспа саласындағы заманауи технологияларды таныстыру және халықаралық әріптестікті дамыту.
«Astana Eurasian Book Fair – 2026» көрмесіне 80-нен астам кітап шығару, танымдық-ғылыми білім беру және полиграфиялық компаниялар қатысады. Соның тең жартысы қазақстандық ұйымдар. Сондай-ақ Қазақстан, Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Моңғолия, Испания, Қытай, Иран, Белоруссия, Португалия, Венесуэла, Ұлыбритания елдерінен көптеген ұйымдар қатысқалы отыр.
«Astana Eurasian Book Fair – 2026» кітап көрме-жәрмеңкесі бес күндік мәдени-іскерлік бағдарламадан тұрады. Көрме аясында жаңа кітаптардың тұсаукесерлері, автормен кездесу, автограф-сессиялар, балалар алаңында арнайы шеберлік сағаттары өткізіледі.
Атап айтқанда, Түркия Мәдениет және туризм министрлігінің қолдауымен жарық көрген «Түрік асханасы» кітабының, Бекарыс Шойбековтің «Айтыстың алтын айдар Бекарысы» айтыстар жинағының, Маржан Ершудің «Жалғыз қол» поэмасының, «Замандастар» сериясымен шыққан «Елдос Сметов. Төзім. Сенім. Жеңіс» кітабының, Ерлан Қожабаевтың «Қазақ оюлары» фотоальбомының, Анжей Сапковскийдің «Мыстангер» фантастикалық шығармасының, Ұларбек Дәлейдің «Бату хан» тарихи романының, Әлішер Рахаттың «Иесіз көлеңке», испан жазушысы Хавьер Мороның «Үміт сапары», Эрнест Хемингуэйдің «Қоңырау кімді жоқтайды», Әзербайжан ақыны Рәсмия Сабирдің «Өлең-әйел», Байыт Қабанұлының «Моңғол-өлең» кітабының, Нұрсұлтан Мықтыбайдың «Ақ Жайықтың көз жасы», сондай-ақ «Түркістан – мәңгілік әрі әрдайым жаңа» және «Димаш Құдайберген. Шексіз музыка» атты кітап-альбомдарының таныстырылымы өтеді деп жоспарланып отыр.
Ұлттық кітап күні мерекесіне орай 23 сәуірде Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған республикалық «Ұлттық кітап» байқауының нәтижесі бойынша жеңімпаз баспаларды марапаттау рәсіміне арналған салтанатты шара өтеді.
Көрменің салтанатты ашылу рәсімі 2026 жылғы 22 сәуір күні сағат 11:00-де өтеді. Оған мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал қаламгерлер мен шетелдік елшілер қатысады.
Көрме уақыты:
📅 2026 жылғы 22–26 сәуір 🕙 10:00–20:00
📍 Астана қ., Ә. Бөкейхан көшесі, 1а (Президенттік орталық)
🎟 Кіру тегін
