Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Астанада Эстония әдебиетінің көрмесі ашылды...

Астанада Эстония әдебиетінің көрмесі ашылды

17.11.2025

3117

Астанада Эстония әдебиетінің көрмесі ашылды - adebiportal.kz

Бүгін Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Эстония кітабы жылы аясында Эстония әдебиеті бұрышы мен комикстер көрмесі ашылды. Шараға Қазақстанға Мемлекеттік іс-сапармен келген Эстония Республикасының Президенті, Жоғары мәртебелі Алар Карис арнайы қатысты. 

Жоба Эстонияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен эстон тіліндегі алғашқы кітаптың жарық көргеніне 500 жыл толуына орайластырылып отыр. Жобаның мақсаты – эстон мәдениетін, тілін және әдеби мұрасын қазақстандық оқырмандар арасында насихаттау.

Ашылу рәсіміне ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, дипломатиялық корпустың өкілдері, әдебиет және ғылым саласының тұлғалары, оқытушылар мен студенттер, кітапхана қонақтары қатысты.

Кітапханадағы Эстония әдебиеті бұрышының ресми ашылуында сөз алған Эстония Республикасының Президенті, Жоғары мәртебелі Алар Карис мырза: 

«Биыл біз эстон жазба тілінің 500 жылдығын атап өтудеміз. Осы маңызды мерейтой аясында 2025 жылды «Эстон кітабы жылы» деп жарияладық. Жыл бойы біз әртүрлі бастамалар арқылы кітап оқудың маңызын айшықтаудамыз. Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасымен бірлесіп, шағын болса да Эстон әдебиеті  көрмесін ашып отырғанымызға қуаныштымыз» - деді өз сөзінде.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы құрметті қонақтарға алғысын білдіре отырып: 

«Бүгін біз тек мәдени ғана емес, терең символдық мәнге ие маңызды оқиғаның куәсі болып отырмыз. Өздеріңіз табалдырығын аттап тұрған Елордадағы руханияттың ошағы - ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Эстония әдебиеті мен эстон қаламгерлері туралы 100-ден астам құнды басылым сақталған. Олардың қатарында эстон әдебиетінің көрнекті өкілдері  Юхан Смуул, Пауль Куусберг, Яан Кросс сынды қаламгерлердің шығармалары да бар» - деп атап өтті.

Жаңа бұрышта Эстонияның классик және қазіргі заман қаламгерлерінің туындылары, балаларға арналған көркемделген кітаптар, сондай-ақ эстон тіліне аударылған қазақ әдебиетінің жауһарлары мен қазақ тіліне тәржімаланған эстон авторларының шығармалары топтастырылған.

Көрмеге жалпы саны 320-ға жуық басылым қойылған. Соның ішінде 200-ден астамы тікелей Эстониядан әкелінсе, қалғаны ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қорындағы эстон әдебиеті мен жазушылары жайлы эстон, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген жинақтар.

Атап айтқанда, жазушы Мұхтар Әуезовтің әлемге әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясының эстон тіліндегі нұсқасы мен Эстонияның белгілі қаламгерлері Антон Хансен Таммсааре, Янн Каплинский, Андрус Кивиряхк сынды авторлардың еңбектері осы бұрыштан орын алған. 

Суреттер Ұлттық академиялық кітапхананың баспасөзінен алынды

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan