Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Астанада Шөмішбай Сариевке арналған кеш өтті...

Астанада Шөмішбай Сариевке арналған кеш өтті

13.04.2026

136

Астанада Шөмішбай Сариевке арналған кеш өтті - adebiportal.kz

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының сахнасында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шөмішбай Сариевтің 80 жылдық мерейтойына арналған «Атамекен-ай» атты шығармашылық кеші өтті. 

Әртістерге көрсетілген ерекше құрмет белгісі ретінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан ықылас гүлі табысталды.


Іс-шара барысында ҚР Парламенті сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаттары жеткізілді. Арнайы мерейтойлық кешке ақынның жары Жұмагүл Сариева қатысты.   
Концерттік бағдарламада автордың классикаға айналған таңдаулы шығармаларының ретроспективасы ұсынылды. Кеш қонақтары «Айналдым сенен, атамекен-ай», «Қазақ елі», «Домбыра туралы баллада», «Өмір-өзен», «Сағындым, сағым жылдар», «Аяулым», «Сен мұңыңды бер маған», «Еркеледің сен», «Өкінбе сен» және өзге де жауһар туындыларды тамашалай алды. Сонымен қатар, «ASTANA MUSICAL» мемлекеттік театрының әртістері ақын поэзиясынан тағылымды жырлар оқып, кештің мазмұнын одан әрі тереңдете түсті.


Шөмішбай Сариев сөзіне жазылған, мен орындаған «Аққу арман» әні тыңдарман тарапынан жоғары сұранысқа ие болып, көпшіліктің көңілінен шыққан туындылардың бірі саналады. Ән мәтінінің мазмұны мен идеясы әр буын өкілдеріне жақын әрі түсінікті болуымен ерекшеленеді. Мен Шөмішбай ағамен шығармашылық байланыста болып, бірқатар жобаларды бірге жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болдым. Ол кісі ән авторларымен және орындаушылармен тығыз жұмыс істеуге ерекше мән беретін. Ән мәтініне қатысты ұсыныстар айтылған жағдайда, оны талқылап, орындаушының өтінішін ескеруге әрдайым дайын болатын. Шөмішбай Сариевтің шығармашылық мұрасы өте ауқымды. Ол қазақ музыка өнеріне көптеген танымал әндердің мәтінін сыйлады. Сондықтан да оның жырлары кеңінен орындалып, шығармашылық мұрасы болашақ ұрпаққа жалғасын таба беретініне сенім мол, - деді Нұрлан Өнербаев. 


Іс-шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Нұрлан Өнербаев, Жеңіс Ысқақова, Ұлыпан Жолдасов, Құрмаш Махан, Ерлан Рысқали, Гүлсім Мырзабекова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ерік Жолжақсынов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Бауыржан Исаев, Алтыншаш Мұқатаева, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Аяулым Камажан, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Перизат Тұрарова, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Ербол Тәжібаев, Қуандық Шалқарұлы, Дидар Абдухалық, Жанна Сандыбаева, Ақбөпе Әлібекова, Нұрай Шеру, Дәрия Бекпенбет, Оралхан Алтынбеков, Мұратбек Хайролла, Парасат Отан, Айдын Жұмабаев, «Gulder» ансамблінің балеті, «ASTANA MUSICAL» мемлекеттік театры, Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі, «Gulder» ансамблінің балеті, сондай-ақ танымал композитор, «SAZ&SOUL» тобының негізін қалаушысы әрі көркемдік жетекшісі, мультиаспапшы Әділжан Толықпаев және белгілі композитор, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Шырын Базарқұлова қатысты.  Бас дирижер – Дастан Ибрагимов. 


Шөмішбай Сариев – ақын, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Барыс» және «Парасат» ордендерінің иегері. Шөмішбай Сариев Д. Гулиа, О. Бергольц, И. Абашидзе, С. Викулов, А. Дементьев, Ф. Алиева, Р. Рождественский, Х. Абдуллин, М. Эминеску, Луиш ди Камоэнс сияқты көптеген шетел ақындарының өлеңдерін қазақ тіліне аударды. 1989 жылы «Қайнар» баспасынан «Тамаша, Тамаша, Тамаша» атты кітабы басылып шықты. Қазақ ақындары арасында тұңғыш рет «Ғашықтар жыры», «Бозжорға» атты авторлық бейнетаспасы жарық көрген.
2000 жылы Шөмішбай Сариев Бухарестте «ЮНЕСКО» ұйымдастырған Румынияның ұлы ақыны Михаил Эминескуге арналған бүкіл дүниежүзілік ақындар симпозиумына Қазақстан мен Орта Азиядан жалғыз қатысқан ақын болды. Оның шығармалары орыс, украин, қырғыз, өзбек, тәжік, румын, чех, үнді және француз тілдеріне аударылып, жарияланды.

Суреттер «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымынан алынды

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan